Жол апатын шектеудің жолы қайсы?
Жол апатын шектеудің жолы қайсы?
© коллаж: Әсел Балтақызы
1,308
оқылды
Ресми мәлімет бойынша, бүгінде Қазақстанда 4,7 миллион автокөлік тіркелген екен. Әрі олардың саны күн санап көбейіп келеді. Кейбір жанұяда бірнеше авто­көліктен бар. Әрине, қуанарлық жағдай. Бірақ көліктің көбеюі жол апаттарының артуына әсер ететінін ұмыт­пауымыз керек. Бұл – таяқтың екінші ұшы. Статистикаға күмән көп Біздегі жол апаттарынан жыл сайын орта есеппен 2 -2,5 мың адам қаза тауып, 20 мыңнан астам адам әртүрлі дене жарақатын ала­ды екен. Статистикалық деректер соңғы 5 жылда жол-көлік оқиға­ларының са­ны азаймай келе жат­қанын көр­сетеді. Тек былтыр­дың өзінде 14 мың 834 апат болған. Алдыңғы жыл­мен салыстырғанда жол апаты мен жарақат алғандар саны 6, қайтыс болғандар саны 7 пайызға көбейген. Жол апаттарының 95 пайызы жүргізушілер мен жаяу жүргін­шілердің, велосипед, скутер, само­кат жүргізушілерінің жол ере­же­лерін бұзуынан болады. Жол оқи­ғаларының 75 пайызы елді ме­кен­дерде болса, адам өліміне се­беп­кер болатын жол апатта­ры­ның жар­тысы қала, елді мекендер сыр­тындағы жолдарда тіркеледі. Ең бастысы, желікке ерген жүргізуші мен ережеге жүрдім-бар­дым қарайтын жолаушылардың кесірінен болған апаттан жақы­нынан айырылғандардың қайғы-қасіретін, моральдық шығынын еш нәрсемен өлшеуге келмейді. Сонда мұны қарусыз соғыстан бас­қа неге теңеуге болады? Жауапты мекемелер өз есеп­терінде жол оқиғаларының басты себебі ретінде жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің саналы түрде жол­да жүру тәртібін бұзды деп көр­се­теді. Бұл тұжырымға кейбір аза­маттар­дың көшеде, жолда жүру мәдение­тінің төмендігін, жүргі­зу­шілерді да­йындаудағы үлкен кем­шіліктерді, жол қозғалыс­та­рының дұрыс ұйымдасты­рыл­мауы мен сала ма­мандарының кәсі­билігінің тө­мен­дігін де қосуға болады. Кейбір халықаралық сарап­шылар жол апатынан келетін шы­ғынның салмағы ел эконо­мика­сының 3 пайыздық жоғалтуын құ­райтынын мысал етеді. Дү­ние­жүзілік денсаулық сақтау ұйы­мының мәліметтері бойынша, Қа­зақстан әлем бойынша жол апаты көп тіркелетін 5 елдің бірі, жол апатының әсерлік салмағы жөнінен де ТОП-5-тікке кіреді екен. Жол апатындағы өлім коэф­фициенті 100 мың адамға шаққанда 10,4 адам және бұл көрсеткіш Еуропа ел­дерімен салыстырған 11 есе жоға­ры. Оның үстіне, бізде жол апат­тарының статистикасы мен одан келетін залал-зардапқа есеп жүр­гізуде көптеген олқылық бай­қа­лады. Мысалы, жол апаты­нан жа­рақат алып, сол жарақа­тынан 1 айдан 1 күн асқаннан ке­йін қай­тыс болса, ол қаза бол­ғандар емес, жа­рақат алғандардың статистика­сы­на кіріп кетеді. Ал тә­жірибе көп­теген адамның жол апатынан алған жарақатынан бір немесе бірнеше айдан кейін өмірімен қоштасаты­нын көрсетеді. Десе де, оның есебі бөлек жүр­гі­зілмейді. Есесіне, бұл жол қа­уіп­сіздігіне жауап беретін органдар­дың жауапкершіліктен қашу үшін таптырмас тәсіл. Алайда жол апат­тарының жалпы саны, оның сал­дары жайындағы статис­тика дұрыс түзілмегендіктен, оның ал­дын алу шараларының да нәти­желі болуы екіталай. Бүгінде жол апатының саны көбейіп, мыңдаған адамның өлі­міне себепші болып жатса да өңір­лерде жол қауіпсіздігіне жауапты мекеме басшыларының жауапқа тартыл­ғанын, олардың мәселеле­рінің ар­наулы комиссияда қара­лып, тиіс­ті шешім қабылданғанын естіген жоқпыз. Әділін айту керек, жол апаты­ның алдын алу бағытында қолға алынған шаралар да жетерлік. Қыруар қаржы бөлініп, бейне­бақылау камералары қойылып, жол­айрықтары салынып, заманауи техникалармен жабдықталған бе­кеттер, патрульдік автокөліктер қол­данылып-ақ жатыр. Алайда нә­тиже көңіл көншітейді. Үкімет басшысының бірінші орынбасары Р.Скляр өткен жылы республикадағы жолдарда орна­тылған 18 мың дана автоматтанды­рылған қондырғы жол ережесін бұзудың 5 миллион фактісін анық­тап, жүргізушілеріне 33 млрд теңге айып­пұл салынғанын айтты. Бірақ одан жол бойындағы қайғылы оқиғалар азайған жоқ. Президенттің ІІМ жеке құрамымен кездесуде осы мәселе баса назар аударып, шенділер шұғыл шешім шығаруды тапсырса да ешқандай өзгеріс байқалмайды. Осыдан ба­рып, қолға алынған шаруалар­дың жеткіліксіздігін, сала маман­да­ры­ның кәсіби деңгейінің тө­мендігін сын тезіне алуға болады. Ереженің ескерер тұсы жеткілікті Бүгінде жол апатының алдын алу мәселесі тек қана полицияға ғана міндетіне жүктелген. Осы іске жоғары, арнаулы оқу орындарын, түрлі мекемелерді, қоғамдық ұйым­дарды тартуды қолға алғандар бай­қалмайды. Жол инфрақұрылымын салу, қозғалысты ұйымдастыру, стан­дарттарды, «Жол қозғалысы тура­лы» заң мен жол ережесінің сақ­талуын қадағалау тек арнаулы техникалық білімі бар мамандардың қолында, мамандандырылған ме­кемелердің құзырында болуы керек. Өкінішке қарай, бізде олай болмай тұр. Жол қозғалысын ұйымдас­тыруға, стандарттарды қалыптас­тыруға ғылыми тұжырымдарды пайдаланған жөн. Жол ережесінде көптеген мәселе нақтыланбаған және жол апатына себеп болмайтын ұсақ талаптар көп. Мысалы, таулы, үнемі тұман өлкелерде жарықты күндіз жағып жүру қажет. Дұрыс-ақ. Ал жарықты күндіз қала, ауыл ішінде жағып жүрмеу жол апатына негіз болмайды. Бұл тек біреуі ғана. Амалсыздан (жолда кедергі кездес­кенде немесе басқа да жағдайларда) жол ережесін бұзуға, жол сызық­тарын еріксіз басуға, жол белгісінің талабын бұзуға тура келген жағ­дайларда жүргізушіге рұқсат бе­рілетін шаралар берілмеген. Осыдан жүргізуші мен полиция арасында түсініспеушілік туындайды. Со­ңында жүргізуші жан-жақты нақ­тыланбаған ереже үшін кінәлі болады, жазаланады. Заң тұрғы­сынан алса, полицияның талабы дұрыс, ал адамгершілік тұрғыдан қарағанда жүргізуші ол қателікті амалсыздан жасаған. Бұл да нақты­ланатын мәселелердің бірі. Айнал­малы жол қиылыстарындағы қоз­ғалыстың да түсініксіз жерлері бар. Ресей осынау мәселені 1 наурыздан бастап нақтылауға көшпек. Халық арасында жол қозға­лысына байланысты істерді қа­раудағы сот шешімдеріне наразы­лық көп. Сотта жол заңдылықта­рын бұзғандар мен жол апаттарын жа­сағандардың әкімшілік даулы іс­терін қарағанда көптеген жағдай­ларда сараптама немесе қосымша тексерістер тағайындалмай, по­лиция жасақтаған хаттама негізін­де біржақты шешім қабылданып жатады. Жол қозғалысы заңды­лы­ғын бұзушылардың істерін қа­райтын судьяға заңгерлік біліммен қатар жол ережесінің сан қилы техникалық стандарттары мен ереженің әр тармағына терең талдау жүргізе білгені жөн. Өкінішке қарай, осындай тәжірибенің же­тіспеуінен әділ шешім қабылдан­бай, халықтың сотқа деген сенім­сіздікгі туындап жатады. Жол апаттарынан балалардың жарақат алу фактісі де азаяр емес. Соңғы 5 жылда 7 мыңға жуық бала жол апатының құрбаны болды. Балалар бір жағынан, жол қозға­лысының қатысушы, екінші жа­ғынан – болашақта автокөлік жүргізушілері. Демек, оларды ба­лабақша, орта мектептерден бастап жол ережесіне үйретуіміз қажет. Бірақ осы мәселеге көңіл бөлінбей-ақ қойды. Мектеп оқушыларының көбі жол ережесінен хабарсыз. Жүргізушінің дайындығы жүйелі жүргізілуі керек Мол жауапкершілік жүктелген жүргізушілерді дайындау мек­теп­теріне бармай, өздігінен дайын­далып, жүргізуші куәлігін алуына жол беру қате шешім деп есептеуге болады. Себебі жол қозғалысы әрбір қатынасушыдан үлкен біліктілікті талап етеді. Жол ережесі кішкене ғана кітапшаға сыйғанмен, оның баптары, жол белгілері мен жо­лақтарының маңызы ұзақ талқы­лауды талап етеді. Сондықтан жол қозғалысына қатынасушыларды да­йындау ісіне жеңіл қарауға бол­майды. Қазақстанда жүргізушілер дайындайтын мектептерді лицен­зиялау 2012 жылы тоқтатылып, мемлекеттік бақылау жойылды. 2016 жылдан бастап жүргізушіге үміткерлердің өздігінен дайын­далып, емтихан тапсырып, жүргізу­ші куәлігін алуға рұқсат берілді. Көптеген автомектепте авто­дром жоқ, автодром болса, тиісті катего­рияға сәйкес оқу автокөлігінің тап­шылығы байқалады. Сондай авто­мектептерде оқыған, оның үс­тіне өздігінен дайындалған адам­дарға қалай көлікті басқартуға болады? Жол инфрақұрылымын салу жобасына ғылыми, кәсіби тұрғыда сараптама жасап, болашақ жол құрылысында тікелей жол қиылыс­тарын азайтып, айырық түріне көшіру, қозғалыстың қарсы бағытқа шығу мүмкіндігін шектеу, жаяу жүргіншілер өткелдерінің басым бөлігін жолмен қиылыстырмайтын әдістеріне көшіру шараларын бас­тайтын уақыт жеткен тәрізді. Жол апаттарының қайғылы аяқталуын алғашқы медициналық көмек көрсету сапасының сын кө­термейтіндігімен де байла­ныс­тыруға болады. Республикалық маңызы бар автожолдың бойында медициналық қорғау нысанда­ры­ның саны аз. Автокөлік жүргізуші­лері де жарақат алғандарға алғашқы медициналық көмек көрсету әдіс­тері­нен хабарсыз. Негізінен, біздегі жол көлік оқиғаларында бұзылатын дәстүрлі баптар бар. Атап айтқанда, авто­көлікті мас күйінде басқару, жыл­дамдықты асыру, жол қиылысынан өту, басып озу, қарсы бағытқа шығу мен маневрлер жасау, қозғалыс ке­зінде телефонмен сөйлесу фактілері жиі тіркеледі. Оларды қатаң жаза­лаған жөн. Халықты жол ережесін сақтау мәдениетіне де дағдыландырған жөн. Бізде түсіндіруден гөрі қа­телескенін күтіп, жазалауға әуестік басым. Жазалаумен тәртіп орна­майды. Ұсақ-түйек құқықбұзу­шы­ларды дереу жазаламай ескерту жасап, түсіндіру жұмыстарын жүр­гізсе дұрыс болар еді. Қысқасы, біздегі жол қозғалысы туралы заңға, жол ережесіне сарап­тама жасап, өзгерістер енгізу қажет-ақ. Сонымен қатар жүргізушілердің өздігінен дайындалып, куәлік алу әдісін тоқтатқан жөн. Жол бойында адам өмірінің қиы­луына тосқауыл қою туралы осы маңызды мәселеге Үкімет мүшелері мен халық қалаулылары назар ауда­рады деп үміттемін.

 Дүйсенбек ГАЙСИН, Ішкі істер министрлігінің құрметті ардагері, отставкадағы полиция подполковнигі