Ресми мәлімет бойынша, бүгінде Қазақстанда 4,7 миллион автокөлік тіркелген екен. Әрі олардың саны күн санап көбейіп келеді. Кейбір жанұяда бірнеше автокөліктен бар. Әрине, қуанарлық жағдай. Бірақ көліктің көбеюі жол апаттарының артуына әсер ететінін ұмытпауымыз керек. Бұл – таяқтың екінші ұшы. Статистикаға күмән көп Біздегі жол апаттарынан жыл сайын орта есеппен 2 -2,5 мың адам қаза тауып, 20 мыңнан астам адам әртүрлі дене жарақатын алады екен. Статистикалық деректер соңғы 5 жылда жол-көлік оқиғаларының саны азаймай келе жатқанын көрсетеді. Тек былтырдың өзінде 14 мың 834 апат болған. Алдыңғы жылмен салыстырғанда жол апаты мен жарақат алғандар саны 6, қайтыс болғандар саны 7 пайызға көбейген. Жол апаттарының 95 пайызы жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің, велосипед, скутер, самокат жүргізушілерінің жол ережелерін бұзуынан болады. Жол оқиғаларының 75 пайызы елді мекендерде болса, адам өліміне себепкер болатын жол апаттарының жартысы қала, елді мекендер сыртындағы жолдарда тіркеледі. Ең бастысы, желікке ерген жүргізуші мен ережеге жүрдім-бардым қарайтын жолаушылардың кесірінен болған апаттан жақынынан айырылғандардың қайғы-қасіретін, моральдық шығынын еш нәрсемен өлшеуге келмейді. Сонда мұны қарусыз соғыстан басқа неге теңеуге болады? Жауапты мекемелер өз есептерінде жол оқиғаларының басты себебі ретінде жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің саналы түрде жолда жүру тәртібін бұзды деп көрсетеді. Бұл тұжырымға кейбір азаматтардың көшеде, жолда жүру мәдениетінің төмендігін, жүргізушілерді дайындаудағы үлкен кемшіліктерді, жол қозғалыстарының дұрыс ұйымдастырылмауы мен сала мамандарының кәсібилігінің төмендігін де қосуға болады. Кейбір халықаралық сарапшылар жол апатынан келетін шығынның салмағы ел экономикасының 3 пайыздық жоғалтуын құрайтынын мысал етеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, Қазақстан әлем бойынша жол апаты көп тіркелетін 5 елдің бірі, жол апатының әсерлік салмағы жөнінен де ТОП-5-тікке кіреді екен. Жол апатындағы өлім коэффициенті 100 мың адамға шаққанда 10,4 адам және бұл көрсеткіш Еуропа елдерімен салыстырған 11 есе жоғары. Оның үстіне, бізде жол апаттарының статистикасы мен одан келетін залал-зардапқа есеп жүргізуде көптеген олқылық байқалады. Мысалы, жол апатынан жарақат алып, сол жарақатынан 1 айдан 1 күн асқаннан кейін қайтыс болса, ол қаза болғандар емес, жарақат алғандардың статистикасына кіріп кетеді. Ал тәжірибе көптеген адамның жол апатынан алған жарақатынан бір немесе бірнеше айдан кейін өмірімен қоштасатынын көрсетеді. Десе де, оның есебі бөлек жүргізілмейді. Есесіне, бұл жол қауіпсіздігіне жауап беретін органдардың жауапкершіліктен қашу үшін таптырмас тәсіл. Алайда жол апаттарының жалпы саны, оның салдары жайындағы статистика дұрыс түзілмегендіктен, оның алдын алу шараларының да нәтижелі болуы екіталай. Бүгінде жол апатының саны көбейіп, мыңдаған адамның өліміне себепші болып жатса да өңірлерде жол қауіпсіздігіне жауапты мекеме басшыларының жауапқа тартылғанын, олардың мәселелерінің арнаулы комиссияда қаралып, тиісті шешім қабылданғанын естіген жоқпыз. Әділін айту керек, жол апатының алдын алу бағытында қолға алынған шаралар да жетерлік. Қыруар қаржы бөлініп, бейнебақылау камералары қойылып, жолайрықтары салынып, заманауи техникалармен жабдықталған бекеттер, патрульдік автокөліктер қолданылып-ақ жатыр. Алайда нәтиже көңіл көншітейді. Үкімет басшысының бірінші орынбасары Р.Скляр өткен жылы республикадағы жолдарда орнатылған 18 мың дана автоматтандырылған қондырғы жол ережесін бұзудың 5 миллион фактісін анықтап, жүргізушілеріне 33 млрд теңге айыппұл салынғанын айтты. Бірақ одан жол бойындағы қайғылы оқиғалар азайған жоқ. Президенттің ІІМ жеке құрамымен кездесуде осы мәселе баса назар аударып, шенділер шұғыл шешім шығаруды тапсырса да ешқандай өзгеріс байқалмайды. Осыдан барып, қолға алынған шаруалардың жеткіліксіздігін, сала мамандарының кәсіби деңгейінің төмендігін сын тезіне алуға болады. Ереженің ескерер тұсы жеткілікті Бүгінде жол апатының алдын алу мәселесі тек қана полицияға ғана міндетіне жүктелген. Осы іске жоғары, арнаулы оқу орындарын, түрлі мекемелерді, қоғамдық ұйымдарды тартуды қолға алғандар байқалмайды. Жол инфрақұрылымын салу, қозғалысты ұйымдастыру, стандарттарды, «Жол қозғалысы туралы» заң мен жол ережесінің сақталуын қадағалау тек арнаулы техникалық білімі бар мамандардың қолында, мамандандырылған мекемелердің құзырында болуы керек. Өкінішке қарай, бізде олай болмай тұр. Жол қозғалысын ұйымдастыруға, стандарттарды қалыптастыруға ғылыми тұжырымдарды пайдаланған жөн. Жол ережесінде көптеген мәселе нақтыланбаған және жол апатына себеп болмайтын ұсақ талаптар көп. Мысалы, таулы, үнемі тұман өлкелерде жарықты күндіз жағып жүру қажет. Дұрыс-ақ. Ал жарықты күндіз қала, ауыл ішінде жағып жүрмеу жол апатына негіз болмайды. Бұл тек біреуі ғана. Амалсыздан (жолда кедергі кездескенде немесе басқа да жағдайларда) жол ережесін бұзуға, жол сызықтарын еріксіз басуға, жол белгісінің талабын бұзуға тура келген жағдайларда жүргізушіге рұқсат берілетін шаралар берілмеген. Осыдан жүргізуші мен полиция арасында түсініспеушілік туындайды. Соңында жүргізуші жан-жақты нақтыланбаған ереже үшін кінәлі болады, жазаланады. Заң тұрғысынан алса, полицияның талабы дұрыс, ал адамгершілік тұрғыдан қарағанда жүргізуші ол қателікті амалсыздан жасаған. Бұл да нақтыланатын мәселелердің бірі. Айналмалы жол қиылыстарындағы қозғалыстың да түсініксіз жерлері бар. Ресей осынау мәселені 1 наурыздан бастап нақтылауға көшпек. Халық арасында жол қозғалысына байланысты істерді қараудағы сот шешімдеріне наразылық көп. Сотта жол заңдылықтарын бұзғандар мен жол апаттарын жасағандардың әкімшілік даулы істерін қарағанда көптеген жағдайларда сараптама немесе қосымша тексерістер тағайындалмай, полиция жасақтаған хаттама негізінде біржақты шешім қабылданып жатады. Жол қозғалысы заңдылығын бұзушылардың істерін қарайтын судьяға заңгерлік біліммен қатар жол ережесінің сан қилы техникалық стандарттары мен ереженің әр тармағына терең талдау жүргізе білгені жөн. Өкінішке қарай, осындай тәжірибенің жетіспеуінен әділ шешім қабылданбай, халықтың сотқа деген сенімсіздікгі туындап жатады. Жол апаттарынан балалардың жарақат алу фактісі де азаяр емес. Соңғы 5 жылда 7 мыңға жуық бала жол апатының құрбаны болды. Балалар бір жағынан, жол қозғалысының қатысушы, екінші жағынан – болашақта автокөлік жүргізушілері. Демек, оларды балабақша, орта мектептерден бастап жол ережесіне үйретуіміз қажет. Бірақ осы мәселеге көңіл бөлінбей-ақ қойды. Мектеп оқушыларының көбі жол ережесінен хабарсыз. Жүргізушінің дайындығы жүйелі жүргізілуі керек Мол жауапкершілік жүктелген жүргізушілерді дайындау мектептеріне бармай, өздігінен дайындалып, жүргізуші куәлігін алуына жол беру қате шешім деп есептеуге болады. Себебі жол қозғалысы әрбір қатынасушыдан үлкен біліктілікті талап етеді. Жол ережесі кішкене ғана кітапшаға сыйғанмен, оның баптары, жол белгілері мен жолақтарының маңызы ұзақ талқылауды талап етеді. Сондықтан жол қозғалысына қатынасушыларды дайындау ісіне жеңіл қарауға болмайды. Қазақстанда жүргізушілер дайындайтын мектептерді лицензиялау 2012 жылы тоқтатылып, мемлекеттік бақылау жойылды. 2016 жылдан бастап жүргізушіге үміткерлердің өздігінен дайындалып, емтихан тапсырып, жүргізуші куәлігін алуға рұқсат берілді. Көптеген автомектепте автодром жоқ, автодром болса, тиісті категорияға сәйкес оқу автокөлігінің тапшылығы байқалады. Сондай автомектептерде оқыған, оның үстіне өздігінен дайындалған адамдарға қалай көлікті басқартуға болады? Жол инфрақұрылымын салу жобасына ғылыми, кәсіби тұрғыда сараптама жасап, болашақ жол құрылысында тікелей жол қиылыстарын азайтып, айырық түріне көшіру, қозғалыстың қарсы бағытқа шығу мүмкіндігін шектеу, жаяу жүргіншілер өткелдерінің басым бөлігін жолмен қиылыстырмайтын әдістеріне көшіру шараларын бастайтын уақыт жеткен тәрізді. Жол апаттарының қайғылы аяқталуын алғашқы медициналық көмек көрсету сапасының сын көтермейтіндігімен де байланыстыруға болады. Республикалық маңызы бар автожолдың бойында медициналық қорғау нысандарының саны аз. Автокөлік жүргізушілері де жарақат алғандарға алғашқы медициналық көмек көрсету әдістерінен хабарсыз. Негізінен, біздегі жол көлік оқиғаларында бұзылатын дәстүрлі баптар бар. Атап айтқанда, автокөлікті мас күйінде басқару, жылдамдықты асыру, жол қиылысынан өту, басып озу, қарсы бағытқа шығу мен маневрлер жасау, қозғалыс кезінде телефонмен сөйлесу фактілері жиі тіркеледі. Оларды қатаң жазалаған жөн. Халықты жол ережесін сақтау мәдениетіне де дағдыландырған жөн. Бізде түсіндіруден гөрі қателескенін күтіп, жазалауға әуестік басым. Жазалаумен тәртіп орнамайды. Ұсақ-түйек құқықбұзушыларды дереу жазаламай ескерту жасап, түсіндіру жұмыстарын жүргізсе дұрыс болар еді. Қысқасы, біздегі жол қозғалысы туралы заңға, жол ережесіне сараптама жасап, өзгерістер енгізу қажет-ақ. Сонымен қатар жүргізушілердің өздігінен дайындалып, куәлік алу әдісін тоқтатқан жөн. Жол бойында адам өмірінің қиылуына тосқауыл қою туралы осы маңызды мәселеге Үкімет мүшелері мен халық қалаулылары назар аударады деп үміттемін.
Дүйсенбек ГАЙСИН, Ішкі істер министрлігінің құрметті ардагері, отставкадағы полиция подполковнигі