Телевизия қайнаған қазан секілді...
Телевизия қайнаған қазан секілді...
819
оқылды
Биыл Қазақ телевизиясына 65 жыл толады. Телевизия – идеологиялық қуатты қару. Сол қаруды кім қалай, қандай мақсатқа пайдаланады? Бар мәселе – осында. Өйткені оның мүмкіндігі орасан. Сондықтан телесаланы ұлттық мүдде тұрғысында пайдаланғандардың ұтары да мол. Қазақ телевизиясына қадам басқаннан хабарларын осы тұрғыда дайындаған журналистің бірі әрі бірегейі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан энциклопедиясының Алтын кітабына енген 100 түрлі мамандықтың 100 түрлі кейіпкерінің бірі – Назгүл Әбутұрапова. – 40 жылға жуық телеселада үздіксіз еңбек еткен мамансыз. Телесаладағы ұзақ жылдарғы қызмет жаттандылыққа ұрын­дырады деген пікірлерге көзқарасыңыз қандай? – Телеарна – қайнаған қазан дерсің. Телевизия – дүние дидарындағы өтіп жатқан үлкенді-кішілі құбылыстарды саралап, адам атаулының мақсат-мүддесін бір арнаға тоғыстырып, оның жүзеге асуына үлкен ықпал тудыратын ақпарат құралдарының ішіндегі ең ұшқыр, жүрдек, жедел жететін құрал. Ал тележурналист дегеніміз – қа­ламгер, сөз зергері. Егер ол уақыт тала­бынан қалмай, өзін үнемі жетілдіріп отырса – неге жаттандылыққа ұрынуы керек. Қайта қалыптасып, бекіп, қатаймай ма?! Сөйтіп, өз ісінің шебері болып шық­пай ма? Хабар әзірлеу мен кино түсіруді өнер десек те, өндіріс десек те жарасады. Ал оны жасау үшін өз ісінің нағыз маманы, нағыз шебері болуы керек. Ендеше ше­берлік те уақыт өткен сайын шыңдалатыны ақиқат. – Бүгінде эфирден өтіп жатқан сан алуан мазмұн мен форматтағы ха­барлар қазақстандық тележурналистиканың бета­лысының көрсеткіші іспетті. Бірі көрер­меннің ықыласына бөленсе, екіншісі көңілді қалдырады. Жалпы, шеберлігі шыңдалған, тәжірибелі, өзін өз саласының патриотымын деп есептейтін журналист қана өткір де өзекті, ұтымды хабар жасауға батыл кірісетін секілді? – Бұл сауалыңызға жауап ретінде өз басымнан өткен бір оқиғаны мысалға келтірсем деймін. 1987 жылы Қазақ теле­визиясында Ақмола облысынан түсірілген «Қазақ мектептері негізсіз неге жабылды?» деген тақырыпта хабар дайындадым. Оған сол өлкенің тумасы, тіл жанашыры, жазушы Алдан Смайыл мырза көп қолдау көрсетті. Берілген тапсырма – облыс өңірінің жетістігі жайлы позитивті материал дайындау болатын. Менің жұмысым – негативті болып шықты. Сол-ақ екен Орталық комитет мені қыспаққа алды. «Мұндай тақырыпты қозғаудағы мақ­сатым» үшін түсініктеме талап етті. Қойшы әйтеуір, соңынан Қазақ телеви­зиясының мұздақты жаңа ғимаратына Орталық комитеттен есімі есімде қал­мапты, Марданов деген мырза мен Мырзатай Жолдасбеков ағамыз арнайы келіп, әңгіме өткізді. Мәселе Телерадио комитеті төрағасының орынбасары Сағат Әшімбаевтің кабинетінде қаралды. Әу дегеннен-ақ біздің бөлімнің Бас редакторы Сара Ахметова мен оның орын­басары Баймұрат Жоламанов бас­тарын ала қашты: «Бұл қызға сену қиын. Өткенде ғана интернационалдық боры­шын өтеу жолында Ауғанстанда соғыста мерт болған қазақтың қайсар ұлдары жайлы хабарымызды да дәл осылай бүл­дірген. Қайрат деген баланың анасы: «Үкімет пен партияға рақмет, менің қара баламның соғыстағы тырнақтай ерлігін елеп, таудай обелиск орнатқан!» деп, ағынан жарылып тұрса, Назгүл: «Бұл тас мәрмәр болса да, тірі ұлыңыздың тыр­нағына тұрмайды емес пе?» дегені. Сол-ақ екен апамыз: «Ой-буй, о не дегенің, жаным-ау, қайран құлынымдап...» аңырай жөнелсін. Тікелей эфирді тоқтата жаз­дадық» деді екеуі екі жақтан. Талқылау ұзаққа созылды. Әңгіме соңында хабар мүлдем эфирге бар­майтыны анық болды. Басқа шешім белгісіз. Сағат Әшімбаев қонақтарды шығарып саларда, бізге бөлмесінде күте тұруды ескертті. Күтіп отырмыз. Екі бас­тығым «проблема жасағаным» үшін күйіп-пісіп жатыр. Мен болсам: «Кетсем өкінбеймін, өз пікірімді айтып кеттім» деймін ішім алай-дүлей болса да. Олар: «Біз ше, өзіңмен қоса кетірейін деп отыр­ғаныңды ойлаймысың?!» дейді күйініп. Көп кешікпей сырттан Әшімбаев кірді. Төрдегі орнына жайғасар-жайғаспастан айтқаны: «Білесіздер ме, лифтіде Жол­дасбековтің не дегенін?» Отырғандар жым-жырт, іштен тынуда. «Қыздарың мықты» деді Мырзекең. Мұндай сөзді күтпеген екі бастығым жарыса: «Марданов не деді?» деген сауалына аса мән бермеген сыңаймен Сағат Әшімбаев әңгімені қысқа қайырып еді: «Марданов дым демеді. Мырзекең аман болсын... Кассета менде қалады. Бұл саясат та өтер». Айтқаны келді. Арада жыл жарымдай уақыт өтер-өтпестен сол шулы хабар эфирден көрсетілді. – Қазақ телевизиясындағы еңбек жолын «Балалар мен жасөспірімдер» редак­циясында бастаған сіздің эфир арқылы көтерген мәселелеріңіз тым салмақты, әрі ең өзекті жайттарды сөз етуімен ерекше­ленген екен. Әрі ірі тақырыптарды қаузай­тын телемарафонды жүргізгеніңізді де көрермен әлі күнге ұмыта қойған жоқ. Жал­пы, тікелей эфир – шеберлік шыңдау­дың төте жолы емес пе? – Әрине, тікелей эфир – үлкен мектеп дер едім. Өз басым мұны бағыма бұйырған уақыт сыйы деп бағалаймын. Алғашқы Наурыз мейрамдары, 31 мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға қатысты телемарофондар, сонымен қатар «Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы» кезінде, күніне кешкісін «Армысың, ағайын!» деген атпен бір сағат бойы тікелей эфирде көгілдір экран арқылы көрерменді қандастарымызбен қауыштырған сәт, «Орда» шығармашылық бірлестігіне ауысқан кезде, «Тағылымды тағдырлар тарихы», «Шежіре» айдары бойынша Жалаңтөс, Орбұлақтағы шайқас, Салқам Жәңгір, Маңғыстаудағы 362 әулие туралы және тағы да басқа тари­хымыздың беймәлім беттеріне бойлаған хабарлар 90-жылдары көрермен жадының рухани сілкінуіне айтарлықтай үлес қосқаны аян. Ал 1991 жылғы халықаралық дең­гейдегі «Баланың жөні бір бөлек» атты телемарафон – Қазақ телевизиясы та­рихын­дағы ең бірінші халықаралық телемарафон еді. 48 сағатқа созылған бұл акцияны жүргізуге Мәскеуден марқұм Владислав Листьев пен Владимир Мукусев шақы­рылып, Қазақстан жағынан мен бас жүр­гізуші болдым. Келесі жылы «Қазақстан бизнесі ауру балаларға көмектеседі», үшін­ші жылы «Бөбек» деген тақырыпта өтті. Нәтижесінде, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» деген мемлекеттік наградамен марапатталдым. Әңгіме атақта емес, сол атақтың артында қалып қоймауда. Журналист – мемлекет пен халықты байланыстыратын бірден-бір дәнекер, ал телевизия – киелі мекен. Ел теледидарға «не айтады?» деп телміреді. Айтарың болмаса, шығып әуре болудың қажеті шамалы. – «Ғұмыр-дария» авторлық бағдар­ламаңызды Қазақ телевизиясында бастап, Қазақстан Президенті телерадио кеше­нінің Алматыдағы орталығы жетекшісі қызметіне ауысқаннан кейін де үзбей, одан әрі жал­ғас­тырдыңыз. Сол арқылы ұлтымыздың бір­туар перзенттері анала­рының образы­ның ғажап галереясын жасадыңыз. Идея­ңыз алғаш қалай басталған еді? – Қазір ешкімді ешнәрсемен таңдан­дыра алмайсың. Өнерің де, өнегелі өмірің де, тіпті өлімің де ешкімді селт еткізбейді. Бұл – мына зымыран заманның көз ілеспес жылдамдығына ере алмай, өкпесі өшіп, өресі тарылып, шаршап-шалдыққан адамдарға екі дүние бір қадам болған­дығынан да шығар-ау... Ендеше мен де осы жобаммен жаңа­лық аштым дей алмаймын. Жеті қат жер асты зерттелген. Зеңгір аспан алақан­да­ғыдай айқын. Мұзды мұхиттардың сырын ашқалы қашан. Бәрі-бәрі туралы хабарлар да, кинолар да жеткілікті. Ал бұл – бас­қаша... бүгін жасамасақ, ертең кеш бола­ды деген принциппен қолға алынған жоба. Қазақ аспаны әдебиет пен өнер, ғылым мен білім жұлдыздарына кенде емес. Тағдыр-талайы әр қилы небір тұлғалар даңқ көгіне өз шырақтарын жағып кетті. Олардың есімдері де қазақ даласынан асып, алыс қиырларға тарады. Осындай тұлғалардың бізге белгілі де белгісіз тіршілік-тынысы әркез өзіне тартып, ынтықтырып тұрары сөзсіз ғой. Тағы бір таң қаларлығы – сол тұлғалардың аңызға бергісіз тамаша аналары болғаны. Ал ананың жолы – айрықша. Себебі қай кезеңде болса да қоғам басына түскен ауыртпалық әуелі аналардың арқасына батқаны. Қазақ халқының тарихи асу жолдарында басынан өткерген елеулі төрт кезеңін де көзімен көріп, бастан ауған ға­сырға бастан аяқ куә болған аяулы аналар болды арамызда. Алаш алыпта­рының артында қалған көзі тірі жалғызы – қыздары қалды арамызда! Мен солар тірі тұрғанда тағылымды тағдырлары мен қызғылықты ғұмыр-дариясы жайлы де­рек­ті фильмдер түсіруге бекіндім. Данагөй аналармен дидарласып, олардың өз ғұ­мырында талай-талай арпалыс толқынын бастан кешкеніне куә болдым. Кешегі өткелең кезеңнен бойтұмардай сақтаған қимастарына қатысты ең маңызды де­ректерге қанықтым. Қазақ теледидарының қабырғасынан бастау алған сол «Ғұмыр-дарияның» негізінде жазылған осы аттас үш кітабым жарық көрді. – Қанша фильм түсірілді? – 40-қа жуық фильм жарық көрді. Мәң­гілік не бар дейсіз, сол аналарымыз­дың қатары қазір тым сиреп барады. Көзі тірісінде таспаға түсіріп, кітапқа енгізіп алғанымыз үлкен олжа болған екен деймін. – Қазір тележұлдыздар көбейді, алай­да оның ішінде телетұлғаға айналғаны жоқтың қасы? Себебі неде деп ойлайсыз? – Бүгінде сол тұлға, жұлдыз, ұлы деген ұғымдардың қадірін қашырғанымыз сон­шалық, жербауырлап қалды десе бол­ғандай. Әр кезеңнің тудырған өз тұл­ғалары, өз жұлдыздары болады. Дарыны көтерген биікке жұлдызын жарқыратып жаға алса. Әрине, олардың арасында кезеңдік құбылыстардан туған «жасанды жұлдыздар» да жеткілікті. Аты жоқ адамға жапсырған атақ жараспайды. Сатып алынған атақ та, даңқ та, қызмет те, түбі сатып кетпей қоймайтыны сияқты. Ал мәңгілік дарынның игілігінен жағылған жұлдыздың ғұмыры ұзақтау. Олардың жарығы да алыстарға жетеді. Сондықтан біз мәңгілік игіліктерді кезеңдік құбы­лыстардан айыра білуіміз қажет. оператор Өзім «шекпенінен шыққан» Қазақ телевизиясы біздің тұсымызда эфирді көбіне-көп тікелей тарататын. Қойылатын талап та тым қатал, алайда айрықша әділ еді. Қазақтың керемет деген телемайтал­мандарымен әріптес болдық. Талайлары жарқырап көрінді, бірақ көкірек керген жоқ! Соншалықты қарапайым еді, кейінгі келгендерге қамқор болды. Өйткені бас­шылардың өзі біртуар қайталанбас тұл­ғалар еді ғой, Камал Смайылов, Шерхан Мұртаза, Сағат Әшімбаев сияқты... Басшысы қандай болса – қосшысы соған сай болуға ұмтылады. Қазір сан түрлі көзқарас қалыптасқан кезең. Әркім өз биігінен қарап, өзіне лайық пікір білдіреді. Бұл – заңдылық. Себебі кей-кейде пікір қайшылығы мен көзқарастың сан алуандығы қоғам динамикасын ілгері жетелейді. Бұның себебі де, салдары да көп. «Короля делает свита» дейді. Кейде тұлғаны тудыратын да қоршаған ортасы, қалыптастыратын да сол қоршаған ортасы. Тек қоршаған қоғамның дауысын тыңдай білсек екен.  – Соңғы жылдары кейбір арналардағы қайсыбір жас журналистер арасында тілін бұрап, қазақша сөздің қадірін қашырып сөйлейтін нашар әдет пайда болған. Одан қалай құтылуға болады? – «Жоқтаушысы жоқ жерде – алтын да жарқырамайды» дейді. Ендеше ана тіліміздің де жоғын жоқтап, мұңын мұңдау ең әуелі журналистерге жүктелетін міндет деп ойлаймын. Егер ұлттық тіліміздегі басылымдар мен телехабарлар әлсіз, сауатсыз боп жатса – жоқтаушысы емес, нағыз жауы болғанымыз. Журналистің тілі – өзі көтеріп отырған тақырыбының, әлде хабарының, немесе жасаған фильмінің құрылыс материалы. Сапасы осал құрылыс материалдан қанша күмбездеп қаласаң да дайын болған дүниең ауым-сауым боп тұрады. Балалар редакциясына келген кезде «Ойнаңдар, ойлаңдар», «Өнерге қанат қақ­қандар», «Балдырғандар – бал шу­мақтар» деген хабарлар болды. Бүлдір­шіндердің танымын кеңейту үшін қосым­ша тағы да «Бояулар сөйлейді», «Достық», «Бәрін білгім келеді» деген циклдар аштық. Олар ойнап жүріп ойлайды. Мульт­фильмдер көрсету үшін «Кел, бала­лар, көрелік» деген хабар ашып, оған белгілі режиссер, қазақ мультфильмінің негізін қалаушы суреткер Әмен Хайдаров, Болат Омаров, Ерсайын Әбдірахманов, Ғани Қыстауов сынды суретшілерді шақыратынбыз. Жан дүниемізбен жұмыс істедік. Өзі­мізді көрсетіп қалу шарт емес, сол тұстағы «Төртінші шығармашылық бірлестік» деп аталатын Қазақ мультипликациясы өн­дірген дарынды дүниелерді көрсетуге ты­рыстық. «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Анамның туған күні», «Қожа­насыр – сәулетші», «Ақсақ құлан» атты мульт­фильмдерді қанша қарасаңыз да жа­лық­­пайсыз, қараған сайын ләззат ала­сыз. Ондағы кейіпкерлердің бейнесі қан­дай көркем, бесік тербетіп отырған ана, шапқан аттар, жабайы аңдар қандай тар­тымды. Ал енді қазіргі таңдағы эфирде көр­­сетіліп жатқан мультфильмдердің кейіп­­керлері бұған қарама-қайшы. Ешқан­дай эстети­калық талғамға сай кел­мейді. Томарды жонып жасай салғандай, тым дөрекі. Өнердің ізі сезілмейді, эстети­кадан жұрдай. – Бұл күндері арналарымыз ең соңғы техникалармен жарақтандырылған. Қандай хабар жасаймын десе де, тех­никалық мүмкіндік мол. Алайда мазмұнды идея жетіспей жатқандай секілді, себебі қа­зақстандық арналардың дені дерлік мәні саяз шоу бағдарламалар мен көшірме хабарлар жасаудың алаңына айналып кеткендей әсер қалдырады емес пе? – Заман ағымына еру дегеніміз – барынша Батысқа, болмаса басқаға елік­теу емес. Бәлкім, техникалық мүмкіндік­теріне орай олардың ақпаратты алу, жинау, іріктеу, ұсыну шапшаңдығы бізден гөрі ілгерілеу шығар. Алайда ғылым, мә­дениет, әдебиеттің небір озық үлгілері – шығыстың ғана үлесінде екенін естен шығармауымыз керек! Ресей телеарналарындағы өнер мен мәдениетке қатысты хабарлар қандай көркем, қандай жарасымды. Біз олардың ең нашар хабарларынан ғана үлгі алып, көшіреміз. Себебі мықты хабардың көшірмесін жасау да оңай емес. Мәскеу телеарналарынан қандай тақырыптағы хабарларды, деректі фильм­дерді алсаңыз да жүзіктің көзінен өткен­дей көркем, тартымды. Еріксіз баурайды. Әйтсе де, ана тіліңдегі арналар алаңдатпай қоймайды. Олар жалаң патетикаға жү­гініп, жан-жақтан қызыл-кеңірдек боп жамырап, керілдеседі де жатады. Үлкені бар, жасы бар, зиялысы бар, қарапайымы бар, біріне-бірі сөз бермей... әңгіме де аяқсыз қалады. Мақсаты түсініксіз. Өз- өзіне риза!? Тек көйлектері мен көркін көрсетуді ғана мақсат ететін сыңайлы. Ке­ремет студия, бай жиһаз, қымбат деко­ра­ция, тек әңгімелерінің парқы – арзан! Біз негізі ерекше еліктегіш халықпыз ғой. Қазіргі телебағдарламалар мен көр­кем фильмдеріміз де сол Батыстың фор­масы мен идеясының нашар көшірмесі болып тұрғанын аңғару қиын емес. Француз философы Альбер Камю кезінде «Толстой сияқ­ты келістіріп жаза алмаған соң түсі­ніксіз жазуға ұмтылдық» деген екен. Сол айтқандай, түсініксіз жазу, түсі­нік­сіз ой айту, түсініксіз сурет салу, тү­сінік­сіз кино түсіру, жалпы түсініксіз дү­ние жасау – көп жауапкершіліктен құт­қарады. Ал біздер осының бәріне «абстракт», «модерн», яғни «жаңа стиль» деп қараймыз!? Ащы да болса айту керек, қазір көрер­мені жоқ кино, тыңдарманы жоқ ән кө­бейіп кетті. Туындының өзінен гөрі жар­намасы тартымдырақ шығады. – Тіршілікте пенде басынан сан алуан жағдайларды өткізеді емес пе? Сондай сәт­тері кінәні өзгеден бұрын өзіңізден іздеуге қалайсыз? Жалпы, өзіңізге сыни көзбен қарай аласыз ба? Кешірімдісіз бе? – Сөздерім қатқылдау болған соң көп нәрсені кешіре бермейтін кісі болар дегеніңіз ғой? Өзгеге көп нәрсені кешіруге болады, басты ауыртпай, бірақ жақыныңа басқаша қарау керек. Ал өзіме өте қатал қараймын. Қандай жағдайда да әуелі кінәні өзімнен іздеймін. Өз жанына көбірек үңілген адам жан-жарасының емін де тезірек тауып, тезірек қалыпқа келеді. Жалпы, кінәні біреуден іздеп, шабуылға шаптығып тұратындардан сақтанам. Се­бебі күйелі адамның жанына жолаған киелі адам да күйе жұқтырып, қожалақ боп шығады. Өзі таза адам өзгеге күйе жаға алмайды. Күйе жағу үшін де қолы күйелі болу керек қой. – Жылдар жылжыған сайын көп нәр­сеге басқаша қарау, өзіндік ой түю – адамзат баласына тән қасиет болса керек. Бір кездері маңызды дегеніңіз мәнін жойып, мән бермегеніңіз алдыңғы қатарға шығатын секілді. Бұл ретте сіз түйген тұжырым? – Біз алған тәрбие бөлек болған сыңайлы. Анам үнемі «Үйіңде бір сүйем қазың, бір асым етің қалғанда – аштан өле беру керек» дейтін. Сонда мен: «Соны неге жемеймін аштан өлгенше?» дегенім­де, «Ол – құдайы қонақтың асы!» деуші еді. Сол сөздің төркінінде қанша мағына жатқанын қазір салмақтаймын. Ал әкем: «Ешуақытта киімің өзіңнен қымбат болмасын» дегенді ескерте беруші еді. Сөйтсем, дүниенің көлеңкесінде көрін­бей қалма, әуелі өзіңді түзе, ісіңді түзе, тірлігіңді түзе дегені екен ғой. Адамға денсаулықтан кейінгі керегі абырой ғой. Абыройың болмаса, өмірдің де керегі шамалы деп ойлаймын.Тірлік деген – алдамшы, өміріңді білдірмей ұрлайды. Бәрі өтеді екен: қайғы да, қуа­ныш та, дәурен де... тек өкініш қана қала­ды. Өмірден өкінбей өткенге не жетсін! Сондықтан Алладан абырой ғана тілеймін!

Сұхбаттасқан Ұлбосын АЙТӨЛЕН