Биыл Қазақ телевизиясына 65 жыл толады. Телевизия – идеологиялық қуатты қару. Сол қаруды кім қалай, қандай мақсатқа пайдаланады? Бар мәселе – осында. Өйткені оның мүмкіндігі орасан. Сондықтан телесаланы ұлттық мүдде тұрғысында пайдаланғандардың ұтары да мол. Қазақ телевизиясына қадам басқаннан хабарларын осы тұрғыда дайындаған журналистің бірі әрі бірегейі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан энциклопедиясының Алтын кітабына енген 100 түрлі мамандықтың 100 түрлі кейіпкерінің бірі – Назгүл Әбутұрапова.– 40 жылға жуық телеселада үздіксіз еңбек еткен мамансыз. Телесаладағы ұзақ жылдарғы қызмет жаттандылыққа ұрындырады деген пікірлерге көзқарасыңыз қандай?
– Телеарна – қайнаған қазан дерсің. Телевизия – дүние дидарындағы өтіп жатқан үлкенді-кішілі құбылыстарды саралап, адам атаулының мақсат-мүддесін бір арнаға тоғыстырып, оның жүзеге асуына үлкен ықпал тудыратын ақпарат құралдарының ішіндегі ең ұшқыр, жүрдек, жедел жететін құрал.
Ал тележурналист дегеніміз – қаламгер, сөз зергері. Егер ол уақыт талабынан қалмай, өзін үнемі жетілдіріп отырса – неге жаттандылыққа ұрынуы керек. Қайта қалыптасып, бекіп, қатаймай ма?! Сөйтіп, өз ісінің шебері болып шықпай ма? Хабар әзірлеу мен кино түсіруді өнер десек те, өндіріс десек те жарасады. Ал оны жасау үшін өз ісінің нағыз маманы, нағыз шебері болуы керек. Ендеше шеберлік те уақыт өткен сайын шыңдалатыны ақиқат.
– Бүгінде эфирден өтіп жатқан сан алуан мазмұн мен форматтағы хабарлар қазақстандық тележурналистиканың беталысының көрсеткіші іспетті. Бірі көрерменнің ықыласына бөленсе, екіншісі көңілді қалдырады. Жалпы, шеберлігі шыңдалған, тәжірибелі, өзін өз саласының патриотымын деп есептейтін журналист қана өткір де өзекті, ұтымды хабар жасауға батыл кірісетін секілді?
– Бұл сауалыңызға жауап ретінде өз басымнан өткен бір оқиғаны мысалға келтірсем деймін. 1987 жылы Қазақ телевизиясында Ақмола облысынан түсірілген «Қазақ мектептері негізсіз неге жабылды?» деген тақырыпта хабар дайындадым. Оған сол өлкенің тумасы, тіл жанашыры, жазушы Алдан Смайыл мырза көп қолдау көрсетті.
Берілген тапсырма – облыс өңірінің жетістігі жайлы позитивті материал дайындау болатын. Менің жұмысым – негативті болып шықты. Сол-ақ екен Орталық комитет мені қыспаққа алды. «Мұндай тақырыпты қозғаудағы мақсатым» үшін түсініктеме талап етті. Қойшы әйтеуір, соңынан Қазақ телевизиясының мұздақты жаңа ғимаратына Орталық комитеттен есімі есімде қалмапты, Марданов деген мырза мен Мырзатай Жолдасбеков ағамыз арнайы келіп, әңгіме өткізді. Мәселе Телерадио комитеті төрағасының орынбасары Сағат Әшімбаевтің кабинетінде қаралды.
Әу дегеннен-ақ біздің бөлімнің Бас редакторы Сара Ахметова мен оның орынбасары Баймұрат Жоламанов бастарын ала қашты: «Бұл қызға сену қиын. Өткенде ғана интернационалдық борышын өтеу жолында Ауғанстанда соғыста мерт болған қазақтың қайсар ұлдары жайлы хабарымызды да дәл осылай бүлдірген. Қайрат деген баланың анасы: «Үкімет пен партияға рақмет, менің қара баламның соғыстағы тырнақтай ерлігін елеп, таудай обелиск орнатқан!» деп, ағынан жарылып тұрса, Назгүл: «Бұл тас мәрмәр болса да, тірі ұлыңыздың тырнағына тұрмайды емес пе?» дегені. Сол-ақ екен апамыз: «Ой-буй, о не дегенің, жаным-ау, қайран құлынымдап...» аңырай жөнелсін. Тікелей эфирді тоқтата жаздадық» деді екеуі екі жақтан.
Талқылау ұзаққа созылды. Әңгіме соңында хабар мүлдем эфирге бармайтыны анық болды. Басқа шешім белгісіз. Сағат Әшімбаев қонақтарды шығарып саларда, бізге бөлмесінде күте тұруды ескертті. Күтіп отырмыз. Екі бастығым «проблема жасағаным» үшін күйіп-пісіп жатыр. Мен болсам: «Кетсем өкінбеймін, өз пікірімді айтып кеттім» деймін ішім алай-дүлей болса да. Олар: «Біз ше, өзіңмен қоса кетірейін деп отырғаныңды ойлаймысың?!» дейді күйініп. Көп кешікпей сырттан Әшімбаев кірді. Төрдегі орнына жайғасар-жайғаспастан айтқаны: «Білесіздер ме, лифтіде Жолдасбековтің не дегенін?» Отырғандар жым-жырт, іштен тынуда.
«Қыздарың мықты» деді Мырзекең. Мұндай сөзді күтпеген екі бастығым жарыса: «Марданов не деді?» деген сауалына аса мән бермеген сыңаймен Сағат Әшімбаев әңгімені қысқа қайырып еді: «Марданов дым демеді. Мырзекең аман болсын... Кассета менде қалады. Бұл саясат та өтер».
Айтқаны келді. Арада жыл жарымдай уақыт өтер-өтпестен сол шулы хабар эфирден көрсетілді.
– Қазақ телевизиясындағы еңбек жолын «Балалар мен жасөспірімдер» редакциясында бастаған сіздің эфир арқылы көтерген мәселелеріңіз тым салмақты, әрі ең өзекті жайттарды сөз етуімен ерекшеленген екен. Әрі ірі тақырыптарды қаузайтын телемарафонды жүргізгеніңізді де көрермен әлі күнге ұмыта қойған жоқ. Жалпы, тікелей эфир – шеберлік шыңдаудың төте жолы емес пе?
– Әрине, тікелей эфир – үлкен мектеп дер едім. Өз басым мұны бағыма бұйырған уақыт сыйы деп бағалаймын. Алғашқы Наурыз мейрамдары, 31 мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға қатысты телемарофондар, сонымен қатар «Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы» кезінде, күніне кешкісін «Армысың, ағайын!» деген атпен бір сағат бойы тікелей эфирде көгілдір экран арқылы көрерменді қандастарымызбен қауыштырған сәт, «Орда» шығармашылық бірлестігіне ауысқан кезде, «Тағылымды тағдырлар тарихы», «Шежіре» айдары бойынша Жалаңтөс, Орбұлақтағы шайқас, Салқам Жәңгір, Маңғыстаудағы 362 әулие туралы және тағы да басқа тарихымыздың беймәлім беттеріне бойлаған хабарлар 90-жылдары көрермен жадының рухани сілкінуіне айтарлықтай үлес қосқаны аян.
Ал 1991 жылғы халықаралық деңгейдегі «Баланың жөні бір бөлек» атты телемарафон – Қазақ телевизиясы тарихындағы ең бірінші халықаралық телемарафон еді.
48 сағатқа созылған бұл акцияны жүргізуге Мәскеуден марқұм Владислав Листьев пен Владимир Мукусев шақырылып, Қазақстан жағынан мен бас жүргізуші болдым. Келесі жылы «Қазақстан бизнесі ауру балаларға көмектеседі», үшінші жылы «Бөбек» деген тақырыпта өтті.
Нәтижесінде, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» деген мемлекеттік наградамен марапатталдым. Әңгіме атақта емес, сол атақтың артында қалып қоймауда. Журналист – мемлекет пен халықты байланыстыратын бірден-бір дәнекер, ал телевизия – киелі мекен. Ел теледидарға «не айтады?» деп телміреді. Айтарың болмаса, шығып әуре болудың қажеті шамалы.
– «Ғұмыр-дария» авторлық бағдарламаңызды Қазақ телевизиясында бастап, Қазақстан Президенті телерадио кешенінің Алматыдағы орталығы жетекшісі қызметіне ауысқаннан кейін де үзбей, одан әрі жалғастырдыңыз. Сол арқылы ұлтымыздың біртуар перзенттері аналарының образының ғажап галереясын жасадыңыз. Идеяңыз алғаш қалай басталған еді?
– Қазір ешкімді ешнәрсемен таңдандыра алмайсың. Өнерің де, өнегелі өмірің де, тіпті өлімің де ешкімді селт еткізбейді. Бұл – мына зымыран заманның көз ілеспес жылдамдығына ере алмай, өкпесі өшіп, өресі тарылып, шаршап-шалдыққан адамдарға екі дүние бір қадам болғандығынан да шығар-ау...
Ендеше мен де осы жобаммен жаңалық аштым дей алмаймын. Жеті қат жер асты зерттелген. Зеңгір аспан алақандағыдай айқын. Мұзды мұхиттардың сырын ашқалы қашан. Бәрі-бәрі туралы хабарлар да, кинолар да жеткілікті. Ал бұл – басқаша... бүгін жасамасақ, ертең кеш болады деген принциппен қолға алынған жоба.
Қазақ аспаны әдебиет пен өнер, ғылым мен білім жұлдыздарына кенде емес. Тағдыр-талайы әр қилы небір тұлғалар даңқ көгіне өз шырақтарын жағып кетті. Олардың есімдері де қазақ даласынан асып, алыс қиырларға тарады. Осындай тұлғалардың бізге белгілі де белгісіз тіршілік-тынысы әркез өзіне тартып, ынтықтырып тұрары сөзсіз ғой. Тағы бір таң қаларлығы – сол тұлғалардың аңызға бергісіз тамаша аналары болғаны.
Ал ананың жолы – айрықша. Себебі қай кезеңде болса да қоғам басына түскен ауыртпалық әуелі аналардың арқасына батқаны. Қазақ халқының тарихи асу жолдарында басынан өткерген елеулі төрт кезеңін де көзімен көріп, бастан ауған ғасырға бастан аяқ куә болған аяулы аналар болды арамызда. Алаш алыптарының артында қалған көзі тірі жалғызы – қыздары қалды арамызда! Мен солар тірі тұрғанда тағылымды тағдырлары мен қызғылықты ғұмыр-дариясы жайлы деректі фильмдер түсіруге бекіндім. Данагөй аналармен дидарласып, олардың өз ғұмырында талай-талай арпалыс толқынын бастан кешкеніне куә болдым. Кешегі өткелең кезеңнен бойтұмардай сақтаған қимастарына қатысты ең маңызды деректерге қанықтым. Қазақ теледидарының қабырғасынан бастау алған сол «Ғұмыр-дарияның» негізінде жазылған осы аттас үш кітабым жарық көрді.
– Қанша фильм түсірілді?
– 40-қа жуық фильм жарық көрді. Мәңгілік не бар дейсіз, сол аналарымыздың қатары қазір тым сиреп барады. Көзі тірісінде таспаға түсіріп, кітапқа енгізіп алғанымыз үлкен олжа болған екен деймін.
– Қазір тележұлдыздар көбейді, алайда оның ішінде телетұлғаға айналғаны жоқтың қасы? Себебі неде деп ойлайсыз?
– Бүгінде сол тұлға, жұлдыз, ұлы деген ұғымдардың қадірін қашырғанымыз соншалық, жербауырлап қалды десе болғандай. Әр кезеңнің тудырған өз тұлғалары, өз жұлдыздары болады. Дарыны көтерген биікке жұлдызын жарқыратып жаға алса. Әрине, олардың арасында кезеңдік құбылыстардан туған «жасанды жұлдыздар» да жеткілікті. Аты жоқ адамға жапсырған атақ жараспайды. Сатып алынған атақ та, даңқ та, қызмет те, түбі сатып кетпей қоймайтыны сияқты. Ал мәңгілік дарынның игілігінен жағылған жұлдыздың ғұмыры ұзақтау. Олардың жарығы да алыстарға жетеді. Сондықтан біз мәңгілік игіліктерді кезеңдік құбылыстардан айыра білуіміз қажет.
Өзім «шекпенінен шыққан» Қазақ телевизиясы біздің тұсымызда эфирді көбіне-көп тікелей тарататын. Қойылатын талап та тым қатал, алайда айрықша әділ еді. Қазақтың керемет деген телемайталмандарымен әріптес болдық. Талайлары жарқырап көрінді, бірақ көкірек керген жоқ! Соншалықты қарапайым еді, кейінгі келгендерге қамқор болды. Өйткені басшылардың өзі біртуар қайталанбас тұлғалар еді ғой, Камал Смайылов, Шерхан Мұртаза, Сағат Әшімбаев сияқты... Басшысы қандай болса – қосшысы соған сай болуға ұмтылады.
Қазір сан түрлі көзқарас қалыптасқан кезең. Әркім өз биігінен қарап, өзіне лайық пікір білдіреді. Бұл – заңдылық. Себебі кей-кейде пікір қайшылығы мен көзқарастың сан алуандығы қоғам динамикасын ілгері жетелейді. Бұның себебі де, салдары да көп. «Короля делает свита» дейді. Кейде тұлғаны тудыратын да қоршаған ортасы, қалыптастыратын да сол қоршаған ортасы. Тек қоршаған қоғамның дауысын тыңдай білсек екен.
– Соңғы жылдары кейбір арналардағы қайсыбір жас журналистер арасында тілін бұрап, қазақша сөздің қадірін қашырып сөйлейтін нашар әдет пайда болған. Одан қалай құтылуға болады?
– «Жоқтаушысы жоқ жерде – алтын да жарқырамайды» дейді. Ендеше ана тіліміздің де жоғын жоқтап, мұңын мұңдау ең әуелі журналистерге жүктелетін міндет деп ойлаймын. Егер ұлттық тіліміздегі басылымдар мен телехабарлар әлсіз, сауатсыз боп жатса – жоқтаушысы емес, нағыз жауы болғанымыз.
Журналистің тілі – өзі көтеріп отырған тақырыбының, әлде хабарының, немесе жасаған фильмінің құрылыс материалы. Сапасы осал құрылыс материалдан қанша күмбездеп қаласаң да дайын болған дүниең ауым-сауым боп тұрады.
Балалар редакциясына келген кезде «Ойнаңдар, ойлаңдар», «Өнерге қанат қаққандар», «Балдырғандар – бал шумақтар» деген хабарлар болды. Бүлдіршіндердің танымын кеңейту үшін қосымша тағы да «Бояулар сөйлейді», «Достық», «Бәрін білгім келеді» деген циклдар аштық. Олар ойнап жүріп ойлайды. Мультфильмдер көрсету үшін «Кел, балалар, көрелік» деген хабар ашып, оған белгілі режиссер, қазақ мультфильмінің негізін қалаушы суреткер Әмен Хайдаров, Болат Омаров, Ерсайын Әбдірахманов, Ғани Қыстауов сынды суретшілерді шақыратынбыз.
Жан дүниемізбен жұмыс істедік. Өзімізді көрсетіп қалу шарт емес, сол тұстағы «Төртінші шығармашылық бірлестік» деп аталатын Қазақ мультипликациясы өндірген дарынды дүниелерді көрсетуге тырыстық. «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Анамның туған күні», «Қожанасыр – сәулетші», «Ақсақ құлан» атты мультфильмдерді қанша қарасаңыз да жалықпайсыз, қараған сайын ләззат аласыз. Ондағы кейіпкерлердің бейнесі қандай көркем, бесік тербетіп отырған ана, шапқан аттар, жабайы аңдар қандай тартымды. Ал енді қазіргі таңдағы эфирде көрсетіліп жатқан мультфильмдердің кейіпкерлері бұған қарама-қайшы. Ешқандай эстетикалық талғамға сай келмейді. Томарды жонып жасай салғандай, тым дөрекі. Өнердің ізі сезілмейді, эстетикадан жұрдай.
– Бұл күндері арналарымыз ең соңғы техникалармен жарақтандырылған. Қандай хабар жасаймын десе де, техникалық мүмкіндік мол. Алайда мазмұнды идея жетіспей жатқандай секілді, себебі қазақстандық арналардың дені дерлік мәні саяз шоу бағдарламалар мен көшірме хабарлар жасаудың алаңына айналып кеткендей әсер қалдырады емес пе?
– Заман ағымына еру дегеніміз – барынша Батысқа, болмаса басқаға еліктеу емес. Бәлкім, техникалық мүмкіндіктеріне орай олардың ақпаратты алу, жинау, іріктеу, ұсыну шапшаңдығы бізден гөрі ілгерілеу шығар. Алайда ғылым, мәдениет, әдебиеттің небір озық үлгілері – шығыстың ғана үлесінде екенін естен шығармауымыз керек!
Ресей телеарналарындағы өнер мен мәдениетке қатысты хабарлар қандай көркем, қандай жарасымды. Біз олардың ең нашар хабарларынан ғана үлгі алып, көшіреміз. Себебі мықты хабардың көшірмесін жасау да оңай емес.
Мәскеу телеарналарынан қандай тақырыптағы хабарларды, деректі фильмдерді алсаңыз да жүзіктің көзінен өткендей көркем, тартымды. Еріксіз баурайды. Әйтсе де, ана тіліңдегі арналар алаңдатпай қоймайды. Олар жалаң патетикаға жүгініп, жан-жақтан қызыл-кеңірдек боп жамырап, керілдеседі де жатады. Үлкені бар, жасы бар, зиялысы бар, қарапайымы бар, біріне-бірі сөз бермей... әңгіме де аяқсыз қалады. Мақсаты түсініксіз. Өз- өзіне риза!? Тек көйлектері мен көркін көрсетуді ғана мақсат ететін сыңайлы. Керемет студия, бай жиһаз, қымбат декорация, тек әңгімелерінің парқы – арзан!
Біз негізі ерекше еліктегіш халықпыз ғой. Қазіргі телебағдарламалар мен көркем фильмдеріміз де сол Батыстың формасы мен идеясының нашар көшірмесі болып тұрғанын аңғару қиын емес. Француз философы Альбер Камю кезінде «Толстой сияқты келістіріп жаза алмаған соң түсініксіз жазуға ұмтылдық» деген екен. Сол айтқандай, түсініксіз жазу, түсініксіз ой айту, түсініксіз сурет салу, түсініксіз кино түсіру, жалпы түсініксіз дүние жасау – көп жауапкершіліктен құтқарады. Ал біздер осының бәріне «абстракт», «модерн», яғни «жаңа стиль» деп қараймыз!?
Ащы да болса айту керек, қазір көрермені жоқ кино, тыңдарманы жоқ ән көбейіп кетті. Туындының өзінен гөрі жарнамасы тартымдырақ шығады.
– Тіршілікте пенде басынан сан алуан жағдайларды өткізеді емес пе? Сондай сәттері кінәні өзгеден бұрын өзіңізден іздеуге қалайсыз? Жалпы, өзіңізге сыни көзбен қарай аласыз ба? Кешірімдісіз бе?
– Сөздерім қатқылдау болған соң көп нәрсені кешіре бермейтін кісі болар дегеніңіз ғой? Өзгеге көп нәрсені кешіруге болады, басты ауыртпай, бірақ жақыныңа басқаша қарау керек.
Ал өзіме өте қатал қараймын. Қандай жағдайда да әуелі кінәні өзімнен іздеймін. Өз жанына көбірек үңілген адам жан-жарасының емін де тезірек тауып, тезірек қалыпқа келеді. Жалпы, кінәні біреуден іздеп, шабуылға шаптығып тұратындардан сақтанам. Себебі күйелі адамның жанына жолаған киелі адам да күйе жұқтырып, қожалақ боп шығады. Өзі таза адам өзгеге күйе жаға алмайды. Күйе жағу үшін де қолы күйелі болу керек қой.
– Жылдар жылжыған сайын көп нәрсеге басқаша қарау, өзіндік ой түю – адамзат баласына тән қасиет болса керек. Бір кездері маңызды дегеніңіз мәнін жойып, мән бермегеніңіз алдыңғы қатарға шығатын секілді. Бұл ретте сіз түйген тұжырым?
– Біз алған тәрбие бөлек болған сыңайлы. Анам үнемі «Үйіңде бір сүйем қазың, бір асым етің қалғанда – аштан өле беру керек» дейтін. Сонда мен: «Соны неге жемеймін аштан өлгенше?» дегенімде, «Ол – құдайы қонақтың асы!» деуші еді. Сол сөздің төркінінде қанша мағына жатқанын қазір салмақтаймын. Ал әкем: «Ешуақытта киімің өзіңнен қымбат болмасын» дегенді ескерте беруші еді. Сөйтсем, дүниенің көлеңкесінде көрінбей қалма, әуелі өзіңді түзе, ісіңді түзе, тірлігіңді түзе дегені екен ғой.
Адамға денсаулықтан кейінгі керегі абырой ғой. Абыройың болмаса, өмірдің де керегі шамалы деп ойлаймын.Тірлік деген – алдамшы, өміріңді білдірмей ұрлайды. Бәрі өтеді екен: қайғы да, қуаныш та, дәурен де... тек өкініш қана қалады. Өмірден өкінбей өткенге не жетсін!
Сондықтан Алладан абырой ғана тілеймін!