Қазақстан Халық партиясы үгіт-насихат жұмысын бастады
Қазақстан Халық партиясы үгіт-насихат жұмысын бастады
©halykpartiyasy.kz
752
оқылды
Қазақстан Халық партиясының төрағасы Ермұхамет Ертісбаев сайлауалды үгіт-насихат науқанының басталуына орай республикалық сайлауалды штабтың отырысын өткізді. Жиынға ҚХП атынан партиялық тізіммен Мәжіліс және бір мандатты округтар бойынша мәслихат депутаттығына кандидат ретінде тіркелген 66 үміткер мен өңірлік филиалдардың басшылары онлайн қатысты. Ресми түрде үгіт-насихат науқанын жүргізуге бүгін сағат 18-00-де рұқсат берілді. Ізінше партия өкілдері еліміздің түкпір-түкпірінде сайлауалды үгіт-насихат жұмысына кірісті. Бұған дейін сайлаушылармен кездесудің кестесі жасалып, түрлі іс-шаралардың жоспары құрылған болатын. – Республикалық және өңірлік сайлауалды штабтардың алдында маңызды әрі жауапты міндет тұр, – деп атап өтті ҚХП төрағасының орынбасары Наиль Сайфуллин. – Біз әрбір сайлаушының жүрегіне жол табуымыз керек. Республикалық сайлауалды штабтың отырысында партияның сайлауалды бағдарламасы таныстырылды. Партия төрағасы саяси ұйымның негізгі идеяларын баяндады. Айта кетейік, еліміздің барлық өңірлерінде сайлауалды штаб құрылған. Партия филиалдарының төрағалары жетекшілік ететін сайлауалды штабтар саяси сайыстың көрігін қыздыруға сақадай сай. Партия 89 қала мен 29 кенттегі және 6 мыңға жуық ауылдағы сайлаушылардың сеніміне ие болуды көздеп отыр. Саяси ұйым Facebook, Telegram, Instagram, YouTube әлеуметтік желілерінде сайлауалды платформасын ілгерілету бойынша ауқымды жұмыс атқарып жатыр. Қазақстан Халық партиясы – социалистік идеология мен солшыл идеяларды қолдайтын қоғамдық бірлестік. Оның қызметі еңбек адамының құқығын қорғауға бағытталған. Партия қарапайым адамдардың мүддесі үшін күреседі. Қазақстан Халық партиясының сайлауалды бағдарламасы «БИЛІК – ХАЛЫҚҚА!» «БАЙ АЗАМАТТАР – БАЙ МЕМЛЕКЕТ!» «ӘР ОТБАСЫНА – МЕМЛЕКЕТТІҢ ҚАМҚОРЛЫҒЫ!» деген 3 бөлімнен тұрады. Партия ел билігі мен байлығы Қазақстан халқына тиесілі болатын әділетті қоғам құруды көздейді және «Әділ Президент – Ықпалды Парламент – Халықтық Үкімет» деген ұстанымды темірқазық тұтады. Партияның саяси құжатында мемлекеттік басқару тетігін жетілдіру, әкімдерді сайлау, стратегиялық кәсіпорындарды мемлекет меншігіне қайтару, жаңа Еңбек кодексі мен Жастарға арналған тұрғын үй бағғдарламасын қабылдау, сән-салтанат салығын енгізу, зейнет жасын төмендету, білім беру мен медициналық көмек көрсетудің қолжетімділігін арттыру сынды әлеуметтік маңызы зор мәселелер жан-жақты қамтылған.