– Күн электрстансамыз тұрып, жарыққа жарымай отырғанымыз ұят-ақ! Жағдайымызды айтып бармаған жеріміз, баспаған табалдырық, қақпаған есігіміз қалмады. Бұрындары «Жасаймыз, қатырамыз» деген жауап алатын едік. Қазір кейбір мекеме басшылары есігін тарс жауып, кіргізбеуге тырысады. Оны қойшы, бізді анадайдан көрсе, «жау көргендей» жасырына қалатын жағдайға жеттік. Діңкеміз құрып, төзіміміз таусылды, – дейді ауыл тұрғыны Абдұл Хунчеев.Ауыл тұрғындарының айтуынша, Қазақстан мен Кореяның ынтымақтастығы аясында бой көтерген, әлемдік деңгейдегі күн электрстансасы осы күнге дейін ешбір мекеменің балансына алынбапты. Іс жүзінде иесіз деуге негіз бар. Ал қожайыны жоқ дүниеге ешкімнің жаны ашып, басы ауырмасы анық. «Күн электрстансасын 2016 жылы қайта жаңғыртуға 10 млн теңге қаржы жұмсалыпты» дейді тұрғындар. Сонда қомақты қаржыны ешбір мекеменің балансында болмаған нысанға қайдан, қалай қарастырды, ол қаншалықты игерілді деген сауалдар өзінен өзі пайда болады. Сондықтан бұл мәселеге Жетісу облыстық прокуратурасы мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті назар аударғаны жөн-ау... Сарыбұлақ ауылдық округінің әкімі Еркебұлан Жармұхамбетұлының айтуынша, мүмкіндіктері жеткенше мәселелерді реттеудің жолдарын іздестіруде. Сарыбұлақ ауылдық округі халық санының аз болуына байланысты өңірлерді дамыту бағдарламасына кіргізілмеген, сондықтан газ желісіне қосу қарастырылмаған және экономикалық тұрғыдан да тиімсіз. Ал күн электрстансасының қуат өндіруін қамтамасыз ететін 200 дана аккумуляторлық батареяның жұмыс істеу мерзімі өтіп кетіпті. Облыстық бюджеттен Сарыбұлақ ауылына 10 кВт электр жеткізу желісінің құрылыс нысанына жобалау-сметалық құжаттама 10287,0 мың теңге қаражат бөлініп, мемлекеттік сатып алу өткізіліп, келісімшарт жасалыпты. Жоба мемлекеттік сараптамадан өткізіліп, құрылыс-монтаж жұмысын жүргізу үшін облыстық басқармаға берілген бюджеттік өтінім нәтижесінде Сарыбұлақ ауылын электр желісімен қамтамасыз ету үшін ВЛ-кВ электр желісінің құрылыс жұмысына 251 млн 481 мың теңге бөлініп, қазіргі кезде мемлекеттік сатып алу жұмысы жүргізілуде. Алдағы уақытта тендерді ұтқан мекеме ауылды электр энергиясы және ауызсумен қамтамасыз ететін болады.
Болат АБАҒАН, Жетісу облысы