Шертпе күй жайлы кітап
Шертпе күй жайлы кітап
941
оқылды
Қазақ ұлттық өнер университетінің құрылғанына 25 жыл толуына орай, көрнекті өнертанушы ғалым, шертпе күй шебері Базаралы Мүптекеевтың «Жетісудың оңтүстік-шығысындағы күйшілік дәстүр» атты ғылыми монографиясы мен күй жинағының тұсаукесері өтті. «Жетісудың оңтүстік-шы­ғысын­дағы күйшілік дәстүр» атты ғылыми монография күйші­лік өнердің аймақтық сипат­тарын айқындаумен, сонымен қатар, Жетісу күйлерінің шығу тегі мен осы өңірге ғана тән домбыра­шылық - күйшілік өнер ерекше­ліктерінің теориялық таным тұжырымдарының негіз­делуімен маңызды. Бұл кітапта жария­ланып отырған зерттеу нәтиже­лерін әдебиеттану, өнер­тану, тарих, этнография, эсте­тика, пе­дагогика және басқа да ар­наулы салаларында пайда­лануға, сонымен қатар, арнаулы орта, жоғары музыка оқу орын­дарында көмекші құрал ретінде қолдануға болады. Ал «Күй ша­қыртқы» атты екі нұсқадағы күй жинақта Базаралы Мүпте­кеевтің орында­ған күйлері жинақталған. Базаралы Мүптекеев – орын­даушылық өнерде артына жар­қын із қалдырған күйші әрі көре­ген зерттеуші. Ол – Жетісу күй­ші­лік мектебін қайта жаң­ғыртқан тұңғыш фольклор­танушы, осы тақырып аясында диссертация қорғаған һәм хрестоматиялық күй жинақтарын жазған ғалым. Саналы ғұ­мы­рында Жеті­су­мен қатар Арқа, Қаратау, Ал­тай, Іле, Байөлке аймақтарының күйшілік мұра­сын жинақтаумен айналысты, оларды жүйеледі, кәсіби мектеп түзіп ғылыми айналымға енуіне тер төкті. Жинақтың тұсауын ҚР Мем­ле­кеттік сыйлығының лауреаты, профессор Қайрат Байбосынов, өнертану ғылымдарының док­торы Пернебек Шегебаев, өнер­тану ғылымдарының докторы Раушан Малдыбаева және PhD докторы Ардаби Мәулет кесті. Ал кітаптың құрастырушы автор­лары Мақсат Медеубек, Бауыр­жан Бекмұханбет. Жоба жетек­шісі – профессор Әлия Сабы­рова. Алғысөз, пікір жазғандар – Жан­ғали Жүзбай мен Сағатбек Медеубек.
– Осы шараның өтуіне мұ­рын­дық болған Дәстүрлі музыка өнері факультеті мен домбыра кафедрасы. Бүгін екі кітап пен бір күйтабақтың тұсауы кесілді. «Жетісудың оңтүстік-шығысын­дағы күйшілік дәстүр» атты ғы­лыми монография қазақ және орыс тіл­дерінде жарық көрді. «Күй шақыртқы» атты күй жина­ғында Базаралы Мүптекеевтің орын­даған күйлерін топтастыр­дық. Осыдан бөлек 25 күй ен­гізілген аудио нұсқасын шығар­дық. Бұл шертпе күй шебері Базаралы Мүптекеев еңбектері­нің жастарға берері мол, құнды жинақ,– дейді белгілі күйші Жанғали Жүзбай.