Coursera жобасы төңірегінде әңгіме көп. Біліктілікті арттыратын мұндай жобалар қажет-ақ дерсің. Алайда көпшілікті мазалайтын дүние не? Платформаны қазақша аудару мәселесі ме, әлде оған бөлінетін қаржы ма? Біздің «Ұлттық аударма бюросы» корпоративтік қорының директоры Рауан Кенжеханұлынан білгіміз келгені де осы. – Coursera жобасына қатысты әлеуметтік желіде сұрақ көп. Бұл платформаны сатып алудың маңызы неде?
– Әуелі, Coursera деген не деген сұраққа қысқаша жауап берейік. Бұл – дүниежүзінің Стэнфорд, Йель сынды ең таңдаулы деген 170 университетінің оқу курстары мен Google, Microsoft, META секілді алпауыт 75 компанияның маман дайындау және біліктілікті арттыру курстары жинақталған білім беру платформасы. Яғни, сапалы білім мен қазіргі өмірге қажет дағдыларды кең тарату мақсатында әлемнің алдыңғы қатарлы оқу орындары мен технология алыптарын біріктірген, әлемдегі ең ірі білім беру ұйымы.
Қазір бұл платформаны әлемнің 200 елінде 110 млн адам пайдаланады. Coursera сол 200-ден аса мемлекетте жоғары халықаралық талаптарды қатаң сақтай отырып жұмыс істейді.
Бұл платформамен қазақстандықтар бұрыннан таныс. Қазақстандағы халықаралық және жекеменшік университеттердің мыңдаған студенті көп жылдан бері Coursera курстары арқылы оқып жүр. Алайда олар, негізінен, ағылшын тілінде оқитын студенттер, курстардың кең таралып, әсіресе аймақтық оқу орындарына кіруіне кедергі болған сол – тіл мәселесі. Платформа мазмұны мен курстар қазақ тіліне аударылмаған.
Бұл – біздің елдің болашағы, тілдің әлеуеті, білім сапасын көтеру тұрғысынан өте маңызды бастама. Сондықтан Coursera-ға қатысты көп сұрақ қойылып жатқаны түсінікті. Сұрақтардың бәріне жауап беруге дайынбыз. Түсіндіру жұмыстарын да бастап кеттік.
– Келісім бойынша қанша курс сатып алынады? Байқауымызша, бұл жобаға 32,7 млн доллар жұмсалатын секілді. Бұл ақша қайдан бөлінеді?
– Сіз атаған сома – Coursera-ның қазақ тіліне аударуға рұқсат беріп, авторлық құқықтарын Қазақстанға беруге келіскен курстарының құны. Таратып айтайын... Coursera 200 мемлекеттің әрқайсысы үшін мазмұнды аударып бере алмайды. Бұл міндетке біз секілді жергілікті серіктестер жауапты. Платформада барлық сала мен бағытты қамтитын жалпы саны 10 мыңнан аса курс бар. Еліміздегі жоғары оқу орындары барлық курстың ішінен академиялық талаптарға сәйкес 900-ден аса курсты таңдап алды. Бұдан кейін жоғары оқу орындарының оқу-әдістемелік бірлестігі аударылуы тиіс курс санын 654-ке дейін қысқартты.
«Қазақстан халқына» қорының талабы бойынша Coursera біздің университеттер іріктеп алған 654 курстың авторлық құқықтарын ҚР ЖБҒМ-не беруге келісті. Әр курсты дайындап шығару құны – орташа есеппен алғанда 50 мың доллар. Курстар саны мен оны әзірлеу жұмысының ауқымын ескерсек, Coursera-ның оқыту контенті мен авторлық құқығы жалпы 32,7 млн долларды құрайды. Бұл қаржыны ешкім ешкімге төлемейді. Бұл – Coursera-ның осы жобаға контент және авторлық құқық түрінде жасаған инвестициясы. Оны қайтаруға мемлекет міндеттенген жоқ.
Оған қоса, Coursera лицензия құнына қатысты қазақстандық университеттерге 40%, ал «Қазақстан халқына» қорына 75% жеңілдік жасады. Қалыпты лицензия құны жылына 400 доллар тұрады. «Қазақстан халқына» қоры үшін 100 долларға дейін төмен баға қойылды. Дәл мұндай серіктестік талаптары бұрын-соңды өзге мемлекеттермен болмаған. Бұл жоғары білім саласына үлкен өзгеріс әкелетін қадам. Мәселен, «Болашақ» бағдарламасы арқылы 30 жылда 12 мың студент оқыттық. Ал Coursera арқылы сол алдыңғы қатарлы оқу орындарының 650-ден аса курсы қазақ тіліне аударылып, аймақтық оқу орындарының 20 мың студенті сол мазмұнға қол жеткізбекші.
– Coursera курсына «Қазақстан Халқына» қорының қатысы қандай?
– «Қазақстан халқына» қоры Жоғары білім және ғылым министрлігінің ұсынысымен «Coursera қазақ тілінде» жобасын қарастырып, 654 курсты қазақ тіліне аудару және 25 өңірлік жоғары оқу орнының 19 300 студентіне осы курстардан өту мүмкіндігін беруге келісті. Бұл 25 университетте 155 мыңнан аса студент оқиды. Олар лицензияны Coursera-ның өзінен тікелей жылына 100 доллар немесе айына 8 долларға алады. Қайталап айтайын, платформаның әдеттегі лицензиясының біржылдық бағасы – 400 доллар. Курстарды бір лицензия негізінде бір жылда бірнеше студент кезекпен оқи алады. Бір лизенция арқылы оқитын студенттер саны таңдалған курстарға байланысты болады. Мысалы, курстан өту ұзақтығы 3 ай болса, бір жыл ішінде 4 студент платформаны пайдаланады.
Біз, Coursera-ның Қазақстандағы жергілікті ресми серіктесі BMG Upskill компаниясы алғашқы 50 курсты қазақ және орыс тілдеріне аударуға, сондай-ақ, COURSERA-QAZAQSTAN платформасын дайындап, өңірлердегі университеттерде Сoursera орталықтарын (компьютерлер мен құрылғылар) құруға 475 млн теңге жұмсадық.
– Жалпы, еліміздегі аударма мәселесіне көп сын айтылады. Курсераның аудармасы қалай болады? Бұл жобаны «Ұлттық аударма» аударған «100 оқулықтың» жалғасы деп есептейміз бе?
– Курстарды қазақ тіліне аудару жұмысын Coursera-ның техникалық және әдістемелік қолдауына сүйене отырып жүзеге асырамыз. Аударма жұмысының бағасын мемлекеттік тіл комитеті нарықтағы өзге аударма қызметінің балама ұсыныстарын ескере отырып белгіледі. Аударма жұмысы видео-лекциялар, оқу материалдары мен білімді бағалау тапсырмаларын аудару және жергілікті талаптарға бейімдеу сынды міндеттерден тұрады. Лекцияларды аудару, дыбыстау, графика элементтері мен кейбір материалдарды қайта монтаждау қажет. Оған қоса, оқу және бағалау материалдарын аудару әрі жергілікті білім жүйесіне бейімдеу жұмыстары бар. Жоғарыда аталған қызметтерді қоса есептегенде, материалдың бір бет аудармасының құны 8 550 теңге болады.
Сoursera бізді Қазақстандағы серіктесі ретінде таңдаған кезде Ұлттық аударма бюросы мен BMG компаниясының он жылдан бері жасап келе жатқан аударма тәжірибесін ескерді. Біздің аударма саласындағы тәжірибеміз мол. Өткен жылы Oxford Qazaq Dictionary – ағылшын-қазақ, қазақ-ағылшын сөздігін құрастыру сынды ауқымды жобаны аяқтадық. Бұған дейін «Қазақша Wikipedia», Google Translate аударма қызметіне қазақ тілін қосу, TED лекцияларын аудару және тарату бастамаларын іске асырдық. Бұлардың барлығы еліміздегі оқушылар мен студенттерге арналған ағартушылық бағыттағы контент жасаумен байланысты өзара сабақтастығы бар бастамалар.
Сіз сұрап отырған «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» – өзінше бөлек жоба. Оны абыроймен аяқтадық. Басы ашық қалған сұрақ жоқ. Бәріне жауап бердік. Ол оқулықтарды университеттер белсенді қолданып жатыр. Кез келген оқу орнына барып, кітапханасындағы оқулықтардың қолданысын қарап көрсеңіздер болады. Бұл қай жағынан да сәтті іске асқан жоба болды.
Егер аударма сапасына қатысты сын болса, онда сұрақтың нақты болуын сұраймыз. Қандай кітап, кітаптың қай тарауы, қай бетінде қате кетті? Қандай нақты ескерту бар? Себебі әр кітапты аударуға бірнеше адамнан тұратын үлкен топ қатысты. Олар әр қатеге өз атымен, өз беделімен жауап береді. Аударма сапасына сын бар деп жалпылай айта салуға болмайды. Бұл – жобаға араласқан 300 адамның үлкен еңбегін жоққа шығару. Сондықтан журналистерге бұл мәселеге байыппен қарап, нақты болуын сұраймыз.