Бұл қаржыны ешкім ешкімге төлемейді – Рауан Кенжеханұлы

Бұл қаржыны ешкім ешкімге төлемейді – Рауан Кенжеханұлы

Coursera жобасы төңірегінде әңгіме көп. Біліктілікті арттыратын мұндай жобалар қажет-ақ дерсің. Алайда көпшілікті мазалайтын дүние не? Платформаны қазақша аудару мәселесі ме, әлде оған бөлінетін қаржы ма? Біздің «Ұлттық аударма бюросы» корпоративтік қорының директоры Рауан Кенжеханұлынан білгіміз келгені де осы. Coursera жобасына қатысты әлеуметтік желіде сұрақ көп. Бұл платформаны сатып алудың маңы­зы неде? – Әуелі, Coursera деген не де­ген сұраққа қысқаша жауап бере­йік. Бұл – дүниежүзінің Стэнфорд, Йель сынды ең таңдаулы деген 170 университетінің оқу курстары мен Google, Microsoft, META секілді алпауыт 75 компанияның маман да­йындау және біліктілікті арт­тыру курстары жинақталған білім беру платформасы. Яғни, сапалы білім мен қазіргі өмірге қажет дағ­ды­ларды кең тарату мақсатында әлемнің алдыңғы қатарлы оқу орындары мен технология алып­тарын біріктірген, әлемдегі ең ірі білім беру ұйымы. Қазір бұл платформаны әлем­нің 200 елінде 110 млн адам пайда­ланады. Coursera сол 200-ден аса мемлекетте жоғары халықаралық талаптарды қатаң сақтай отырып жұмыс істейді. Бұл платформамен қазақстан­дықтар бұрыннан таныс. Қазақ­стандағы халықаралық және же­ке­меншік университеттердің мыңдаған студенті көп жылдан бері Coursera курстары арқылы оқып жүр. Алайда олар, негізінен, ағылшын тілінде оқитын сту­денттер, курстардың кең таралып, әсіресе аймақтық оқу орындарына кіруіне кедергі болған сол – тіл мәселесі. Платформа мазмұны мен курстар қазақ тіліне аударыл­маған. Бұл – біздің елдің болашағы, тілдің әлеуеті, білім сапасын көтеру тұрғысынан өте маңызды бастама. Сондықтан Coursera-ға қатысты көп сұрақ қойылып жатқаны түсінікті. Сұрақтардың бәріне жауап беруге дайынбыз. Түсіндіру жұмыстарын да бастап кеттік. – Келісім бойынша қанша курс сатып алынады? Байқауымызша, бұл жобаға 32,7 млн доллар жұм­салатын секілді. Бұл ақша қайдан бөлінеді? – Сіз атаған сома – Coursera-ның қазақ тіліне аударуға рұқ­сат беріп, авторлық құқық­тарын Қазақстанға беруге келіс­кен курстарының құны. Таратып айтайын... Coursera 200 мемле­кеттің әрқайсысы үшін мазмұнды аударып бере алмайды. Бұл мін­дет­ке біз секілді жергілікті серік­тестер жауапты. Платформада бар­лық сала мен бағытты қамти­тын жалпы саны 10 мыңнан аса курс бар. Еліміздегі жоғары оқу орындары барлық курстың ішінен академиялық талаптарға сәйкес 900-ден аса курсты таңдап алды. Бұдан кейін жоғары оқу орын­дарының оқу-әдістемелік бірлес­тігі аударылуы тиіс курс санын 654-ке дейін қысқартты. «Қазақстан халқына» қоры­ның талабы бойынша Coursera біздің университеттер іріктеп ал­ған 654 курстың авторлық құқық­тарын ҚР ЖБҒМ-не беруге келіс­ті. Әр курсты дайындап шығару құны – орташа есеппен алғанда 50 мың доллар. Курстар саны мен оны әзірлеу жұмысының ауқымын ескерсек, Coursera-ның оқыту кон­тенті мен авторлық құқығы жал­пы 32,7 млн долларды құрай­ды. Бұл қаржыны ешкім ешкімге төлемейді. Бұл – Coursera-ның осы жобаға контент және автор­лық құқық түрінде жасаған инвес­тиция­сы. Оны қайтаруға мемлекет міндеттенген жоқ. Оған қоса, Coursera лицензия құнына қатысты қазақстандық университеттерге 40%, ал «Қазақ­стан халқына» қорына 75% жеңіл­дік жасады. Қалыпты лицензия құны жылына 400 доллар тұрады. «Қазақстан халқына» қоры үшін 100 долларға дейін төмен баға қойылды. Дәл мұндай серіктестік талаптары бұрын-соңды өзге мемлекеттермен болмаған. Бұл жоғары білім саласына үлкен өзгеріс әкелетін қадам. Мәселен, «Болашақ» бағдарламасы арқылы 30 жылда 12 мың студент оқыттық. Ал Coursera арқылы сол алдыңғы қатарлы оқу орындарының 650-ден аса курсы қазақ тіліне ауда­рылып, аймақтық оқу орындары­ның 20 мың студенті сол мазмұнға қол жеткізбекші. Coursera курсына «Қазақ­стан Халқына» қорының қатысы қан­дай? – «Қазақстан халқына» қоры Жоғары білім және ғылым министрлігінің ұсынысымен «Coursera қазақ тілінде» жобасын қарастырып, 654 курсты қазақ тіліне аудару және 25 өңірлік жоғары оқу орнының 19 300 сту­дентіне осы курстардан өту мүмкіндігін беруге келісті. Бұл 25 университетте 155 мыңнан аса студент оқиды. Олар лицензияны Coursera-ның өзінен тікелей жы­лына 100 доллар немесе айына 8 долларға алады. Қайталап айта­йын, платформаның әдеттегі лицензиясының біржылдық баға­сы – 400 доллар. Курстарды бір лицензия негізінде бір жылда бір­­неше студент кезекпен оқи ала­ды. Бір лизенция арқылы оқи­тын студенттер саны таңдалған курстарға байланысты болады. Мысалы, курстан өту ұзақтығы 3 ай болса, бір жыл ішінде 4 студент платформаны пайдаланады. Біз, Coursera-ның Қазақстан­дағы жергілікті ресми серіктесі BMG Upskill компаниясы алғаш­қы 50 курсты қазақ және орыс тілдеріне аударуға, сондай-ақ, COURSERA-QAZAQSTAN плат­фор­масын дайындап, өңірлердегі университеттерде Сoursera орта­лық­тарын (компьютерлер мен құрыл­ғы­лар) құруға 475 млн теңге жұм­садық. – Жалпы, еліміздегі аударма мә­се­лесіне көп сын айтылады. Кур­сераның аудармасы қалай болады? Бұл жобаны «Ұлттық аударма» аударған «100 оқулықтың» жалғасы деп есептейміз бе? – Курстарды қазақ тіліне аудару жұмысын Coursera-ның техникалық және әдістемелік қолдауына сүйене отырып жүзеге асырамыз. Аударма жұмысының бағасын мемлекеттік тіл комитеті нарықтағы өзге аударма қызметі­нің балама ұсыныстарын ескере отырып белгіледі. Аударма жұмы­сы видео-лекциялар, оқу мате­риал­дары мен білімді бағалау тапсырмаларын аудару және жергілікті талаптарға бейімдеу сынды міндеттерден тұрады. Лекцияларды аудару, дыбыстау, графика элементтері мен кейбір материалдарды қайта монтаждау қажет. Оған қоса, оқу және бағалау материалдарын аудару әрі жергі­лік­ті білім жүйесіне бейімдеу жұмыстары бар. Жоғарыда атал­ған қызметтерді қоса есептегенде, материалдың бір бет аударма­сының құны 8 550 теңге болады. Сoursera бізді Қазақстандағы серіктесі ретінде таңдаған кезде Ұлттық аударма бюросы мен BMG компаниясының он жылдан бері жасап келе жатқан аударма тә­жірибесін ескерді. Біздің аударма саласындағы тәжірибеміз мол. Өткен жылы Oxford Qazaq Dictionary – ағылшын-қазақ, қазақ-ағыл­шын сөздігін құрастыру сынды ауқымды жобаны аяқта­дық. Бұған дейін «Қазақша Wikipedia», Google Translate аударма қызметіне қазақ тілін қосу, TED лекцияларын аудару және тарату бастамаларын іске асырдық. Бұлардың барлығы еліміздегі оқушылар мен студент­терге арналған ағартушы­лық ба­ғыттағы контент жасаумен бай­ланысты өзара сабақтастығы бар бастама­лар. Сіз сұрап отырған «Жаңа гума­ни­тарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» – өзінше бөлек жоба. Оны абыроймен аяқтадық. Басы ашық қалған сұрақ жоқ. Бәріне жауап бердік. Ол оқулық­тарды университеттер белсенді қолданып жатыр. Кез келген оқу орнына барып, кітапханасындағы оқулықтардың қолданысын қарап көрсеңіздер болады. Бұл қай жағы­нан да сәтті іске асқан жоба болды. Егер аударма сапасына қатысты сын болса, онда сұрақтың нақты болуын сұраймыз. Қандай кітап, кітаптың қай тарауы, қай бетінде қате кетті? Қандай нақты ескерту бар? Себебі әр кітапты аударуға бірнеше адамнан тұратын үлкен топ қатысты. Олар әр қатеге өз атымен, өз беделімен жауап береді. Аударма сапасына сын бар деп жалпылай айта салуға болмай­ды. Бұл – жобаға араласқан 300 адамның үлкен еңбегін жоққа шы­ғару. Сондықтан журналис­терге бұл мәселеге байыппен қарап, нақты болуын сұраймыз.