Дәл осы теңеуді қолдануға себеп көп. Өйткені елімізде қысқы спорттың кенже қалғаны рас. Тау-шаңғы базасы, мұз сарайы мен алаңқай болғанымен, бірізділік жоқ. Тіпті кей қысқы спорт түрімен айналысатын спортшылар жаттығу жиынына бару үшін елден көмек жинап, өз бетімен демеуші іздеп жүр. Осындайда Еуропа мен Америкада мемлекет тарапынан спортқа қолдау жоғын алға тартарсыз. Алайда футбол мен боксқа жылына бірнеше миллиард бөліп отырған мемлекеттік компания мен әкімдік бары тағы бар. Қысқы спорт қымбат па? Кейіпкеріміз Шыңғыс Ракпаров – шаңғы қоссайысынан ел чемпионы әрі 2022 жылғы Олимпиада қатысушысы. Иә, ол – ел атынан аталған спорт түрі бойынша тұңғыш Олимпиада жолдамасын жеңіп алған спортшы. Оның айтуынша, бұл спорт түріне қолдау аз әрі жыл бюджеті де белгісіз.
«Дұрыс айтасыз, шаңғы қоссайысына мүлдем көңіл бөлмейді. Кейінгі 6-7 жыл бойы жарыстарға сервисмендерсіз бардық. Ал командада сервисмен болмаса, шаңғы спортында нәтиже көрсетіп жарытпайсың. Жеңістің 50-60 пайызы аталғандарға байланысты. Сол үшін жетекшілер мұны түсінуі керек. Тіпті, 2022 жылғы ақ Олимпиадаға да сервисменсіз қатысып қайттық. Одан бөлек, қазір бізде команда да жоқ. Бюджет, спортшылар мен жаттықтырушылар құрамын да бекіткен жоқ. Елімізде танымал емес спорт түрлерінің шет қалатыны рас», – дейді Шыңғыс Ракпаров.Жоғарыдағыдай ала-құла кезеңде ол мойымай, өзін дамытудың басқа жолын іздеген. Осылайша, шетелден демеуші тауып, жетпеген ақшасын халықтан сұрап, Норвегияға жолға шыққан. Шаңғы спорты отанына барып, Норвегия құрамасымен жаттығу жиынына қатысып жүр. Сол жақтағы жаттықтырушы жалақысының жартысын, инвентарь құралдардың, бес ай бойы Норвегияда тұру ақысын, медициналық сақтандыру мен ұшақ билетін еуропалық демеуші көтеріп алған. Ал еліміздің шаңғы ассоциациясы жаттықтырушы ақысының қалған бөлігін төлеуге уәде берген. Алайда қалған шығынға демеуші таба алмаған соң ел ішінен қолдау сұраған. Сөйтіп, халық екі күннің ішінде оған 3 миллион теңгеге жуық қаражат жинап берген. Мұны аталған аралықта тамақ пен ішкі әуе қатынасына жұмсайды.
«Мұндай қолдау күтпедім. Мен үшін күтпеген жаңалық болды. Жалпы, Норвегиядағы жаттығу жиыны ойдағыдай өтіп жатыр. Нәтижем жаман емес. Кеше ғана Рена қаласында өткен Еуропа кубогында тұғырдан секіру бойынша 7-орын, шаңғымен жарысу бойынша 24-орын алдым. Қысқа уақыт ішінде топ-30-ға кіруім алға жылжу барын көрсетеді», – дейді ол.Байқап қарасаңыз, Ракпаров Олимпиада кезінде тұғырдан секіру бойынша 38-орын алған. Жалпы алғанда, белгілі бір нәтиже көрсету үшін біршама уақыт пен қолдау қажет. Өйткені қысқы спорт түрі қымбат. Инвентарь құралдарды сатып алудың өзі біршама қаражат. Мысалы, Ақмола облысы спорт және денешынықтыру басқармасы биыл биатлоншыларға төрт мылтық сатып алғанын, оның әрқайсысы 4,5 миллион теңге тұратынын атап өтті.
«Қысқы спорт түрінен кенжелеп қалдық. Соның ішінде – шаңғы спортынан. Аталған спорт түрі солтүстікте дамыған. Насихат жұмысы да нашар. Бұған БАҚ өкілдері де кінәлі. Содан таңдап келіп жатқан жастар аз. Оның үстіне, қысқы спорт түрі қымбат. Сондықтан мемлекеттен қомақты қаражат бөлінбейді. Ең бірінші, спорт интернатында қысқы спорт түрлері секцияларын ашып, мектеп бағдарламасына енгізу керек. Бұл жасөспірімдердің спортқа ынтасын ашады. Осылайша, балалардың қарым-қабілетін байқап, одан сайын алға жылжуына жол ашамыз. Сол үшін селекция жұмысын бастап, нәтиже шығару қажет», – дейді спорт журналисі Ришад Тұрғанбаев.Оған қоса журналист қоғамда қысқы спорт түріне қазақ балаларына қарағанда өзге ұлт өкілдері бейім дейтін түсінік барын айтады. Оның айтуынша, бұлай деу қате. Өйткені өңірлерде талантты балалар көп. Бәрі айналып келгенде спорт интернаттарындағы секция мен жағдай жасауға келіп тіреледі. Медаль алу маңызды ма? Расымен, елімізде медаль мәселесі – актуал тақырып. Жүлде алып келген соң ғана қолдау көрсететініміз тағы бар. Мысалы, Дмитрий Баландин 2018 жылы Рио Олимпидасында суда жүзуден алтын алған соң, қала мен аймақта бассейннің қатары көбейді. Фристайлдың могул түрі Галышеваның арқасында табандап тұр. Ольга Рыпакова ұзақ жыл бойы жеңіл атлетиканы иығына салып келгенін білеміз.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ