Шымкент қаласында былтыр Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті тарапынан 116 қылмыс тіркелсе, оның 23-і мәдениет саласына қатысты болған. Бұл туралы департамент басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев мәдениет ұйымдарының басшыларымен кездесуде хабарлады. Мәдениет басқармасының лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық істер алаяқтық, сеніп тапсырылған мемлекеттік мүлікті ысырап ету және салғырттық фактілері бойынша тіркелген. Есебінен жаңылған есепшілер
Сонымен бірге Шымкент қаласындағы Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Әбсаттар Шахидинов те өткен жылдың қорытындысы бойынша өткізген брифингте осынау салаға қатысты шулы істердің көп болғанын еске салды. Мемлекет қаржысын аса ірі мөлшерде жымқыру, яғни 609 млн теңге лауазымды тұлғалардың қалтасына кеткен. «Негізінен, біз қаржы жымқыру бойынша істерді қарамаймыз. Бірақ Қылмыстық кодекстің 24-бап 3-бөлігі мен 367 баптың 4-бөлігі, яғни аса ірі мөлшерде пара беруге оқталу бойынша іс болғандықтан, бізге тапсырылды», – дейді Әбсаттар Әбдіхалықұлы.609 миллион теңгеге қатысты сотты болғандардың қатарында Шымкент қалалық Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының бөлім басшысы-бас есепшісі Асанбекова, мәдениет үйінің бас есепшісі Баймашева, есепші Дәуренова және жеке кәсіпкер Әмірқұлова бар. Аталған қызметкерлер қазына қаржысын талан-таражға салғанымен қоймай, істі жасыру үшін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің лауазымды тұлғаларына ірі көлемде пара бермекші де болған. Одан бөлек, қызметіне салғырт қарап, мемлекетті осынау үлкен шығынға батыруға үлес қосқандардың бірі 2016-2019 жылдары кәсіпорын директоры қызметін атқарған Есболов пен 2019 жылы директордың міндетін уақытша атқарған Аманқұловтың да ісі қылмыстық сотта қаралған. Сот жауаптылық пен жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды ескере отырып, басқарманың бас есепшісі Асанбековаға – 8 жыл, мәдениет үйінің бас есепшісі Баймашеваға – 7 жыл 6 ай, есепші Дәуреноваға – 7 жыл (шартты түрде) және жеке кәсіпкер Әмірқұловаға 7 жыл бас бостандығын айыру жазасын айыру үкімін шығарды. Олар мемлекеттік қызметте, өзге де уәкілетті органында жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылды. Ал абайсызда от басқан бұрынғы директорлар жауаптылыққа тарту мерзімі ескіргендіктен босатылған. Зорлау фактілері көбейді
Бұдан бөлек, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Әбсаттар Шахидинов өткен жылдың қорытындысы бойынша өткізген брифингте былтыр өндірісте болған 86 азаматқа қатысты қылмыстық істің 70-іне түбегейлі шешім қабылданғанын атап өтті. Бұл келіп түскен істің 77 пайызын құрайды. «Бізге аса ауыр қылмыстық істер келіп түседі. Жүктеме өте жоғары. Әрбір судьяға шаққанда сотта аяқталған істер бойынша орташа айлық жүктеме көрсеткіші 2021 жылы 1,7 істі құраса, 2022 жылы 3,5 істі құрап отыр. Себебі былтыр жыл бойы бар-жоғы 2-і судья жұмыс істедік. Жуырда ғана келісімшарт негізінде отставкадағы судья қабылданды», – дейді Ә. Шахидинов. Қаралған істердің басым бөлігі, яғни 35 пайызы қасақана адам өлтіру болса, 28 пайызы кәмелетке толмағандарға жасалған сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері болып тұр. Елімізде 14 жасқа дейінгі балаларға зорлық көрсету бойынша заң қатайғаны белгілі. Алайда соған қарамастан мегаполисте жыныстық зорлық-зомбылық әрекеттері жылдан-жылға көбейіп келеді. Былтыр жыл бойына осындай әрекетке барғандарға қатысты 20 үкім шыққан. Алдыңғы жылы 1 қылмыскер өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына кесілсе, былтыр 4 педофилге химиялық кастрация қолданған. «Біз педофилдің барлығына мұндай жаза қолдана алмаймыз. Сот-медициналық сараптама қорытындысын негізге ала отырып, ауруы бар деп танылғандарға осындай үкім шығарамыз», – дейді Әбсаттар Әбдіхалықұлы. Сот төрағасының айтуынша, бұл мәселенің туындауының түрлі себебі бар. Жас қыздардың әлеуметтік желі арқылы жасырын танысуының соңы зорлыққа ұласып жатады. Сонымен қатар мұндай жағдайлар өгей әкелердің зорлық жасау деректері де жиі кездесетінін айтып өтті. «Бұл – үлкен трагедия, ата-ана, мектеп бала өміріне жауапты. Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар да жұмысын жауапкершілікпен атқаруы тиіс», – дейді судья.Былтыр шулы болған істердің бірі – Қызылорда облысы Экология департаменті басшысының орынбасарының пара алу бойынша жасаған қылмысы. 2021 жылдың қыркүйек айында мұнай қалдықтарын өңдеу саласындағы қызметіне қолдау көрсеткені үшін алдында келісілген 100 миллион теңгенің 50 миллион теңгесі көлемінде пара алды деген күдікпен ұсталған ол Шымкенттегі тергеу изоляторына қамалған. Қылмыстық істің тергеп-тексеру шаралары бір жылға жуық созылып, өткен жылдың шілде айында қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен департамент басшысының орынбасары 10 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Ә. Шахидиновтың төрағалымен қаралған бұл іс өңірдегі ең даулы әрі өткен жылғы сыбайластық бойынша ең ұзақ мерзімді жаза. Брифингте алқа билерге қатысты да сөз қозғалды. Бұрын олардың қатары 13 болса, енді 33-ке көбейген. Сот төрағасы алқа билердің заңнан хабары бар, қоғамдық жұмыста тәжірибесі мол, жауапкершілікті сезінетін азаматтар болғаны дұрыс деп санайды. Келер жылдан бастап алқабилер аса ауыр қылмыстарды ғана емес, қылмыстық құқықбұзушылықтың тағы бірнеше бабы бойынша істерге қатыса алады. Мәселен, азаптау, кәмелетке толмағандарды сату, адам ұрлау және тағы басқа істерді алқабилердің қатысуымен қарау мүмкіндігі тумақ.
Шымкент қаласы