Қызылордада заңсыз ойын бизнесі өршіп тұр
Қызылордада заңсыз ойын бизнесі өршіп тұр
© croisieres-marseille-calanques.com
419
оқылды
Бүгінгі қоғамда заңсыз ойын бизнесі тыйылмай тұр. Күн санап құмар ойынның құрығына іліккендер қатары да артып отыр. Бұл тұрғыда Қызылорда облысының үлесі көңілге кірбің ұялатады. Жалпы,  елімізде лудомания дерті қоғам қасіретіне айналып тұр. Құмар ойынның салдарынан талай отбасы ойрандалып, көптеген жастың ажал құшқаны ащы да болса шындық.  Психологтер қасіретке айналған заңсыз ойын бизнесімен қоғам болып күресу қажет екенін алға тартады. Өткен жылдың өзінде Қызылорда облысында құмар ойынның құрығына іліккендер саны екі есеге артқан. Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мәлімдеуінше, 2022 жылы аймақта Қазақстан   Қылмыстық кодексінің 307-бабы 1-бөлігімен 18 қылмыстық істің беті ашылған. Нәтижесінде, 18 ойын орны жабылып, 17 қылмыстық іс аяқталып, сотқа жолданған және сот шешімі шыққан.
«Өткен жылы заңсыз ойын бизнесінің өршуі анықталды. Бұл тұрғыда қылмыстық атқарылған істер бойынша заңсыз айналымнан 1 ойын рулеткасы, 1 ноутбук құрылғысы, 103 монитор, 123 процессор, 6 телевизор тәркіленді. Сондай-ақ 14 кассалық аппарат, 10 терминал, 6 бейнежазғыш және 795 920 теңге ақша алынды. Осы орайда жалға берілген ғимарат пен пәтер иелеріне заңсыздыққа жол бермеу қажеттігі түсіндірілді.  Бұдан әрі «заңсыз ойын қызметіне үй-жайларын берген жағдайда» қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны туралы ескерту берілді. Алдағы уақытта да облыс көлемінде заңсыз ойын бизнесінің көрсеткішін азайту және азаматтардың өз әрекетіне құқықтық баға бере алуы назардан тыс қалмайды.   Азаматтардың құқықтық сауаттылығын көтеру мақсатында  алдын алу шаралары тұрақты жүргізіледі», – деп мәлімдеді бұл жөнінде облыс бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті  басшысының орынбасары Медеу Таубай.
Жалпы, облыс бойынша 2023 жылы 2 заңсыз ойын бизнесі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сот үкімі шыққан. Алғашқысы бойынша Алматы қаласының тұрғыны Қызылорда қаласында интернет-казино ашып, ойын бизнесін бастаған. Ол үшін 2022 жылдың мамыр айында Қазыбек би көшесінің бойындағы көпқабатты үйден жалға пәтер алып, 8 дербес компьютер арқылы интернет желісіне қосылған. Қасына екі танысын жұмысқа тартқан. Қылмыстық іс бойынша сот сараптамасы көрсеткендей, компьютерлерге  Superomatic  бағдарламасын қосу арқылы онлайн ойындар сайтына қолжетімділікті қамтамасыз еткен. Сот барысында заңсыз ойын ұйымдастырған азаматша өз кінәсін толықтай мойындау туралы процессуалдық келісімге қол қойған. Нәтижесінде, оған Қызылорда қалалық №2 сотының үкімімен, ҚР ҚК-нің 307-бабы 2-бөлігі 3-тармағымен қарастырылған қылмыстық әрекеті үшін 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Барлық мерзімге пробациялық бақылау және жыл сайын  100 сағатқа мәжбүрлі еңбекке тарту тағайындалды. Кезекті іс бойынша Қызылорда қаласының тұрғыны өткен жылдың қаңтар айында заңсыз бизнес ашу мақсатында Қызылорда қаласындағы Панфилов көшесі бойынан келісімшарт негізінде жалға ғимарат алған. Бұл ғимаратқа компьютерлік құрылғылар орнатып, бәс тігу мөлшерлемелерін қабылдауға және төлем төлеуге қажетті «Зенит» бағдарламасын орнатып, букмекерлік кеңсенің кассасын ашқан. Осы арқылы 2022 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында қолма-қол ақшаға бәс тігу мөлшерлемелерін қабылдау арқылы ұтыс төлеу бойынша жұмыс істеген. 2022 жылдың қазан айында әшкереленген бұл заңсыз әрекетке сот компьютер-технологиялық сараптамасының қорытындысы  шығарылған. Салдарынан  заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған тұлғаның   берген жауабымен, жасырын бақыланатын сатып алуды жүргізу хаттамасымен, беттестіру хаттамаларымен дәлелденді.
«Жалпы, заңсыз ойын бизнесін ашқандардың жазасы да жеңіл болмайды. Жыл басынан осындай заңбұзушылық анықталып, тиісті жазасын алды. Алғашқы іс бойынша оңай ақшаға кенелгісі келген тұлғаның заңсыз әрекеті Қызылорда облысы бойынша ЭТД қызметкерлерімен әшкере болды. Оның ойын орнынан 8 компьютерлік жүйе мониторымен,  Huawei,  TP-Link, Altel модельді 3 модем,  Ezviz  бейнекамерасы, 1  желілік хап және кассадағы 23 000 теңге ақша тәркіленді. Заңсыз бизнестің жұмыс істеген айларындағы барлық кіріс-шығыс есеп құжаттарына «бухгалтерлік және қаржы бюджеттік зерттеу» сот сараптамалары жүргізілді. Сарапшы маманның қорытындысына сәйкес, заңсыз қызметтен түскен табыс көлемі 8 млн 190 мың теңгені құрады. Бұл ірі мөлшерге жатады. Соған екі жылға бас бостандығынан шектеу жазасы қойылды. Келесі іс бойынша Қызылорда  қалалық №2 сотының шешімімен, ойын мекемесін заңсыз ашып, заңсыз бизнес ұйымдастырған азамат та өз кінәсін толық мойындады. Ол  Қылмыстық кодексінің 307-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 200 (екі жүз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни  612 600 (алты жүз он екі мың алты жүз) теңге айыппұлға тартылды», – дейді Тергеу басқармасының аға тергеушісі Досмұрат Шобдыр.
Қалай дегенде де қаншама қылмыс әшкере болса да, заңсыз ойын бизнесін күнкөріс қамына айналдырушылар қатары азаяр емес  Интернетте құмар ойынның ашықтан ашық жарнамалануы да оған күрес жүргізуде қиындықтар туғызуда.  Мамандар заңсыз ойынға қатысты қылмыстар экономикаға орасан залал келтіретінін айтады.  Бұл бүгінгі қоғамды әлеуметтік мәселесінің біріне  айналып отыр.