Тауда асылып өлді деген сарбаздың ісі: прокурор кабинетіне бақсы шақырып, бал аштырған
Тауда асылып өлді деген сарбаздың ісі: прокурор кабинетіне бақсы шақырып, бал аштырған
Фото: news.myseldon.com
Жамбыл облысы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің «Андас батыр» бөлімінде әскери борышын өтеп жүрген жерінен жоғалып кетіп, арада 39 күн өткен соң Қырғыз тауларында асылып өлген жерінен табылған сарбаз Ұлықбек Бердішевтің ісіне қатысты тың мәлімет шықты, – деп хабарлайды Azattyq Ruhy. Адвокат Айман Омарованың айтуынша, бұл әскери бөлім қызметкерлері сарбаз жоғалған кезде оны іздеуге аса құлық танытпаған. Ал ұлын өзі іздеуге келген анасы Орынгүл Бердішеваны әскери бөлімнен шығарып жіберу үшін неше түрлі айлаға барған.
«Ұлықбек Бердішев әскери аяқкиімін скотчпен орап алып жүргенін бәріңіз білетін шығарсыздар. Оның бұл суретін мен де әлеуметтік желіге салғамын. Бүгін мен сол Ұлықбек Бердішевтің өліміне қатысты бір мәлімет айтқым келеді. Жамбыл облысындағы басқа әскери бөлімде қаза тапқан сарбаз Бекбол Мираш сияқты, бұл баланың өлімінде де күдік тудыратын жағдайлар бар», – дейді Айман Омарова іске қатысты өткізген тікелей эфир кезінде.
Омарованың айтуынша, сарбаз жоғалғаннан кейін командирлерінің бірі ата-анасына телефон соғып, «Балаңыз хабарласпады ма?» деп сұраған. Осы қоңыраудан кейін көңілі алаңдаған ана бірден «Андас батыр» әскери бөліміне дереу жеткен.
«Анасы Орынгүлдің айтуынша, сарбазды іздеу кезінде әскери полиция болмаған, ол өзі дауыс күшейткіш аппаратпен ұлын іздеп, шарқ ұрған. Содан тымағын тауып алып, әскери бөлімдегілерге «Міне, тымағы, иісшіл иттеріңізді шығарып іздейік, балам жақын маңда шығар» деп жалынған. Әскери бөлім өкілдері ит тек есірткі іздеуге арналғанын айтып, бас тартқан. Ал одан кейін тіпті адам сенгісіз жағдай болған», – дейді адвокат Айман Омарова.