Тәрбиенің түрі көп
Тәрбиенің түрі көп
986
оқылды
Бүгінде медиада аналарға қатысты «жолбарыс», «дельфин», «медуза», тіпті керек десеңіз, «тікұшақ» деген теңеулерді кезіктіре аласыз. Әкелер де осы теңеулерге сай келіп жатады. Әдетте бұлай жіктеу бір немесе бірнеше тәрбиелеу стилін ұстана отырып, баласының болашағына ықпал етуге тырысатын ата-аналарды айқындайды. Баланы жастан... Пенсильвания университетін «Жоғары білім беру» мамандығы бойынша тәмамдап шыққан отыз екі жастағы Гүлнұр Көкенова – бес баланың анасы. Бес жылдан бері АҚШ-та тұратын отанда­сымыз өзі студент бола жүріп, алды – жасөспірім, кенжелері – егіз сәбилерді бағып-қағуға қа­лай үлгеретініне еріксіз таңға­ласыз. Үлкен ұлы Байжан кітап жазып, оны Amazon интернет-дү­кенінде сатты, сабағын үздік оқи­ды, жақында ғана Құрама Штат­тардағы ең үздік 10 мектептің қа­тарына кіретін Masterman High School-ға қабылданды. Қызы Баян да ағасынан қалыспайды: сегіз жасынан бастап торт пісіріп, оны интернет дүкен арқылы са­тып, филадельфиялықтардың ал­ғысын алып жүр. Баланы осын­дай сегіз қырлы, бір сырлы етіп өсіру үшін қандай тәрбие құрал­дарын пайдалану керектігін Гүл­нұрдан сұрадық.
«Балаларға жоспарланған графикпен жүру өте маңызды. Кішкентайында ол – күнде бір уақытта ояну, тамағын ішу, жуыну. Бәрі күнде бірқалыпты орын­дал­са, бала мазасыз күйге түспей, жа­ңа заттарды зерттеуге құмар­тады. Сондай-ақ балаға кішкен­тайынан өз-өзіне қызмет жасап үйрету маңызды. Ас үйде қолы же­тетін сөреге оның қолданатын ыдысын қойып қойса, бала тәй-тәйлап жүре бастағанынан-ақ дастарқан жаюға көмектесіп, өсе келе әдет болып қалыптасып кетеді», – дейді ол.
Гүлнұрдың пікірінше, кейбір кезде баланың іші пысып, өз-өзімен болуы да маңызды. Ол кез­де баланың қиялы іске қосы­лып, өзі-өзіне ойын ойлап тапса, миында жаңа нейрон байланыс­тары түзіледі. Сондай-ақ кейіпкеріміз «ба­ланың мазасын алмау» деген әдіс­ті де берік ұстанатынын айтты.
«Қазақстанда жүргенде көбіне ата-анадан бөлек, жан-жақтағы адамдардың бала тәрбиелеу ісіне жиі араласатынын, анасының тәрбиелеу стилін «менсінбей», ба­лаға анасы рұқсат етпеген зат­тарды жасырып беретінін бай­қай­тынмын. Меніңше, бұлайша ананың да, баланың да мазасын алуға болмайды», – дейді Гүлнұр.
Шектеу мен өбектеудің арасы Йель университетінің про­фессоры Эмми Чуаның Battle Hymn of the Tiger Mother атты атышулы кітабынан соң Tiger Mother, яғни «жолбарыс» ана тер­мині танымал болып кетті. Кі­табында автор өзінің осындай ана болғанын, соның нәтижесінде қыздары әртүрлі салада керемет жетістікке жеткенін айтады. «Жол­барыс» ана өте қатал, ол ба­ласының табысқа жетуіне кез келген жолмен көмектесуге әзір. Балаларынан күтер үміті көп, ол үшін тәртіп пен баласының мек­тептегі бағасы маңызды. Эмми балаларына достарының үйіне қонуға, мектептегі қоғамдық ша­раларға қатысуға және қатыспай қалдым деп өкпелеуге, теледидар көруге, компьютер ойнауға, дене шынықтырудан басқа пәндерден төмен баға алуға, мектептегі қосымша пәндерді өз бетінше таңдауға тыйым салған. Автор мұндай қатал тәрбиені Қытайда бәсекенің тым жоғары болуымен түсіндіреді. «Піл» аналар да болады екен. «Піл» ана – сіз бұрын-соңды көрген адамдардың ішіндегі ең мейірімдісі. Оған баланың мек­тептегі бағасынан гөрі эмоциясы мен көңіл күйі әлдеқайда ма­ңыздырақ. Еlephant mother тер­мині өз баласымен өте көп уақыт өткізетін пілдермен ассоциация нәтижесінде пайда болған. «Медуза» аналар ертегідегі немесе Дисней фильмдеріндегі аналарға ұқсайды: ол балала­ры­ның ешқашан бетін қайтармай­ды, баласының браузерін тек­сермейді, баласы сұранған кез келген жерге жібереді. «Білгеніңді істе» деген сөз оның аузынан пассив агрессия ретінде емес, рұқсат есебінде естіледі. Әдетте медузалар тым жұмсақ, белгілі бір пішіні жоқ, былқ-сылқ келеді. Термин де осыны меңзесе керек. «Дельфин» аналар қатал, бірақ шектен шықпайды, баласын барынша түсінуге тырысады. Ол балаға еркіндік бере отырып, белгілі бір ережелерді ұстанады. Достарымен ойнағысы келсе, әуелі ертеңгі сабағын орындап тастағанына көз жеткізеді. Бірақ баласы ауырыңқырап, мазасы болмай тұрса, сабаққа жібермейді. «Дельфин» ана терминін Гарвард университетінің түлегі, психиатр Шими Кан енгізген. Оның ойын­ша, «дельфин» ата-ана – тым қатал «жолбарыс» ата-ана мен баланы бақылаусыз қалдыратын «медуза» ата-ананың ортасындағы баланс. «Дельфин» аналар бірте-бірте балалардың бойындағы дербестік қасиетін дамытады. Оларға қателесуге, өз қатесінен сабақ алуға мүмкіндік береді, сондай-ақ түсініксіз жағдайда қалай әрекет етуді үйретеді.
«Тікұшақ» ата-ана болу стилі де бар. Бұл – баланы шектен тыс өбектеу. Мұндай ата-ана баласы­ның кіммен сөйлесетінін, қайда екенін, қандай сайтқа кіретінін үнемі бақылап жүреді, баласының конфликтілерін өздері шешеді, қателесуіне мүмкіндік бермейді, балаға барынша жақын жүруге тырысады. «Тікұшақ» ата-ана тер­мині тұңғыш рет 1969 жылы пси­холог Хаим Гиноттың еңбегінде кездеседі: онда баланың «анам тікұшақ тәрізді төбемде қалықтап жүреді» деген сөзі келтірілген.
Тыюдан – құлаққа құюға дейін Әртүрлі тәрбиелеу стильдері расында баланың қандай болып өсуіне ықпал ететіні жайлы ғы­лыми-зерттеулер жетерлік. Сү­леймен Демирел университетінің адъюнкт-профессоры Жаңыл Әбілбек бүгінде балалар психо­логиясында қолданылатын үш негізгі ата-ана стилі – беделді, авторитарлы және либерал ата-ана болудың салдарлары әртүрлі екенін айтады.
«Америкалық психолог Диа­на Баумринд зерттеу барысында беделді ата-ана бастамашыл, көпшіл, мейірімді бала өсіріп шығатыны белгілі болды. Ата-ана тарапынан бақылаудың жоғары деңгейі, балаларға өсе келе дер­бестік беру және олармен жылы қарым-қатынаста болудың нә­тижесінде балалар әлеуметтік бейімделген, өз-өзіне сенімді, өзін-өзі басқара алатындай болып өседі. Авторитарлы ата-ана шам­данғыш, конфликтіге бейім ба­лаларды өсіріп шығарады. Мұн­дай ата-ана өз талаптарының бұлжымастан орындалғанын құп көреді, баласымен сирек сөйле­седі, қатаң ережелер бекітіп, оны баламен талқылауды жөн деп са­намайды. Либерал ата-ананың ба­ласы қызба әрі агрессивті бо­лып келеді. Мұндай ата-ана ба­ласын онша бақыламайды, жы­лы қарым-қатынас қалыптас­ты­рады, бірақ коммуникацияның басым бағы­ты – «ата-анадан ба­лаға» емес, «баладан ата-анаға». Баумринд­тің пікірінше, ата-ана балаға өзі­нің «шартсыз махаб­батын» көр­сеткісі келгені сон­ша­лық, балаға шектеу қоюды ұмы­тып кетеді. Олар­дың балалары сөз тыңда­май­ды, оғаш қылықтары көп, өз-өзіне талабы төмен, кей­бір жағ­дайда шығармашыл адам бо­лып өседі», – дейді Жаңыл Әбілбек.
Ал балалар психологі Жансая Қуатбекқызы қандай жағдайда да әр баланы бөлек тұлға есебінде көріп, соған сай әрекет еткен дұрыс деген тұжырым айтады.
«Балаға белгілі бір талаптар қою, тәртіпке баулу дұрыс, бірақ баланың тұлғасын, индиви­дуал­дығын ысырып қойып, тек өз мақсатыңды көздеу дұрыс емес. Кейбір ата-аналар өз орындал­маған амбицияларына балалары арқылы қол жеткізуге тырысады. Баланың өз қалауынша өткізе алатын уақыты болмауы баланы шаршатады, қажытады, мұның соңы мазасыздыққа, одан кейін неврозға соқтыруы мүмкін. Ба­ладан тек үздік баға мен жетіс­тіктерді талап ету ондағы маңызды әлеуметтену процестерінің, эм­патияның, жетістікке жету үшін қажетті эмоциялық интеллекті­нің дұрыс қалыптаспауына әке­леді», – дейді психолог.
Ардагер-ұстаз Оспан Сү­лей­менұлынан осы турасындағы пі­кірін сұрағанымызда, ол тәрбиені ең әуелі ата-ана өзінен бастауы қажеттігін алға тартты. «Балаға ақыл айтпас бұрын өзің үлгі бол. Сөзбен емес, ісіңмен көрсет. Бала бәрібір саған еліктейді. Сен сал­ған соқпаққа түседі», – дейді тә­жі­рибелі педагог. Шынында, ең қиыны да, біздің көбірек назар аударуымыз керек тұс та осы сияқты...