Астанаға да өлкетану мұражайы керек
Астанаға да өлкетану мұражайы керек
621
оқылды
Астана қаласының тарихы, қалыптасуы кезеңдерінен нақты мәлімет беретін, өткені және бүгіні туралы сыр шертетін қалалық өлкетану музейі ашылса деген бастама көтерілді. Осы тұста біз «қалаға жеке мұражай қажет пе?» деген сауалға жауап іздеп, осы саланың мамандарының пікіріне құлақ түрген болатынбыз. Сөздің басы... Таяуда Астана туризм қауым­дастығының өкілі Татьяна Вер­ниц­кая елорда әкім орынбасарымен кездесу барысында қалалық му­зейді қайта ашу жөнінде бастама көтерді. Осы тұста «шаһардағы қа­зір жұмыс істеп тұрған мұра­жай­лар сұранысты өтей алмай ма?» деген сауал туындайды. Өйткені қалада бірнеше музей бар. Солар­дың ең үлкені әрі бірегейі – Ұлттық музей. Ол 2014 жылы ашылған. 74 мың шаршы метр аумақты алып жатқан мұражайда 14 зал бар. Со­ның бірі – Астана залы. Онда көне дәуірден бастап, бүгінге дейін­гі чсқала тарихымен танысуға болады. Бұдан кейінгі қала тарихы ту­ралы мағлұмат беретін мекеме ол – Сәкен Сейфуллин атындағы мұ­ражай. Ол 1988 жылы 21 ақпанда Ақмола қаласында (қазіргі Астана) облыстық өлкетану музейінің бір бөлімі ретінде ашылған. Бөренеден салған екі үйдің бірінде Сәкен Сей­фуллиннің өзі бір кездері жұмыс істеген. Ал мұражайға қойылған же­ке заттар мен кітаптар ақын Сә­кен жайлы және 1920-30 жылда­рын­дағы Ақмола қаласының өмірі жайлы мәлімет береді. Қаладан қашықтау тұрған Сая­си қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемо­риалды-мұражай кешені бар. Онда да қала тарихына қатысты экспо­наттар жеткілікті. Оның қоры то­лығуы мүмкін. Бұл жайында кейі­нірек тоқталамыз. Біз үшін осыншама мұражай туристерге және қала тұрғы­н­да­рының сұранысы үшін жеткілікті секілді көрінді. Алайда маман­дардың пікірі бұған керісінше болып шықты. Біз сөзге тартқан тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев бірден қаланың жеке музейінің ашылуын қолдайтынын мәлімдеді. Тарихшы тіпті туризм саласының өкілдеріне осындай ақыл-кеңес­ті өзі айтқанын, қалалық музей ашылып жатса, оның шаруасына белсене атсалысып, ақыл-кеңес беруге әзір екенін жеткізді.
«Тарихи-мәдени игіліктердің барлығын Ұлттық музейге жинай беру дұрыс емес. Ұлттық музейдің өзінің атқаратын функциясы, қызметі бар. Ал енді қаланың та­рихына арналған жеке музей мін­детті түрде керек. Өйткені бұл қа­ланың тарихы мыңдаған жыл­дарға кетеді. Әуелгі аты – Қараөткел. Кәдімгі өзен өткелі, қаладағы Кенесары көшесі сол өткелден бас­талады. Мекеннің аты да сол өт­келге байланысты қойылған. Кейін орыстар келгенде 1830 жылдардан бастап Ақмола аталды. Одан соң Целиноград, Ақмола, Астана, Нұр-Сұлтан, соңында қайтадан Астана деп аталды. Сол тарихтың барлы­ғын көрсететін, қаланың өз өл­кетану музейі болуы керек», – деді Жамбыл Артықбаев.
Туристер қаланың нақты та­рихын көргісі келеді. Сондықтан осы тақырыпты тамашалайтын жандарға жүйелеп ұсыну керек. Мұндай пікірді біз тілдескен Ас­тана қаласының Бірлескен мұра­жайлар дирекциясы директорының міндетін атқарушы Самат Тер­гембаев айтты.
«Орталық музейде қала тари­хына қатысты бөлімдер бар. Алайда оны аралаған адамның ойы ша­шы­рап кетеді. Өйткені онда еліміздің тарихына қатысты өте көп ақпарат ұсынылады. Алайда туристер қала­ның нақты тарихын көргісі келеді. Ұлттық музейге қарағанда бұл тақырыптық болып, жеке берілсе тартымды болады», – дейді ол.
Ал PhD доктор, археолог Айбар Қасеналин Ұлттық музейдегі Ас­тана залында қала тарихы жақсы көрсетілгенін, алайда бір зал бүкіл қаланың тарихын аша алмайтынын айтады.
«Үлкен астаналарда ұлттық музейден бөлек, қала тарихы деген музей болуы керек. Ол жерде қа­ланың толық тарихымен танысуға, бұрынғы кезеңдерін білуге жағдай жасалуы тиіс», – деді маман.
Бірнеше маманның пікіріне құлақ түре отырып, біз қалалық музейге сұраныстың бар екеніне, оны ашатын уақыттың келгеніне көз жеткіздік. Біз сөзге тартқан сарапшылар мұндай мекеме өзін өзі қаржылық тұрғысынан ақ­тайтынын айтып отыр. Алайда оның жұмысын тартымды етіп ұйымдастыру мәселесі әлі де ше­шілмеген сыңайлы.
«Туристерді мәдени ошақтарға тартуда логистикалық бағдарлау дамымаған. Қай жерде қандай мә­дени мекеме орналасқанын біл­мейміз. Шаһарда туристер түгілі өзіміз таба алмай, адасамыз. Шет­елдерге шықсаңыз, мысалы Түр­кияны алсаңыз, халыққа көрсеткісі келген тарихи-мәдени нысан­дарына баратын сызбаны үлкен етіп іліп қояды. Бізде ол жазылса да өте кішкентай әріппен көзге оңай түспейді. Туристік елдерге жетеміз деп бағыт ұстанғаннан ке­йін осы жұмысты үйлестіретін ме­кеме керек. Бәрі осыдан бас­та­лады», – дейді Самат Тергембаев.
Маман музейлер санын арт­тыруды ұсынып, туристер тартуда Өзбекстан тәжірибесін ескеру керектігін айтып өтті.
«Жақында Алматыда туризм саласында тәжірибе алмасу үшін ұйымдастырған үлкен конферен­цияға қатыстым. Оған Франция, Өзбекстан және Қазақстан қа­тыс­ты. Өзбекстанның туризм саласы бойынша, музейлер жұмысын ұйымдастыруда бізден ондаған жылға алға кетіп қалғанына көз жеткіздік. Онда үкімет тарапынан туризм саласына өте үлкен қолдау көрсетілген. Оларға көне ғима­раттарды алып беруге көмектескен. Өйткені КСРО ыдырап, эконо­миканың құлдырауы кезінде олар жекеменшікке өтіп кетті ғой. Өзбек ағайын туризмді дамыту үшін әр­түрлі бағыттағы музейлерді көптеп ашқан. Олар туризмнен өте көп табыс табады», – дейді Самат Тергембаев.
[caption id="attachment_241770" align="aligncenter" width="1388"]өлкетану мұражайы © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Оның айтуынша, елімізді Еу­ропа, Балтық жағалауы елдерімен салыстырмай, тек көрші Ресей, Украина, Өзбекстанмен салыстыра қарасақ, елімізде музей саны өте аз екен. Жәдігерлер жеткілікті, ғимарат та табылады Археолог Айбар Қасеналин жаңа мұражай ашылса, онда нақты қаланың тарихына қатысты мағ­лұматтар алуға мүмкіндік туатыны жеткізді.
«Мұражайдың ішкі экспо­зи­циялық мәселесіне тереңірек мән беру керек. Мәселен бір залда Ас­тананың бұрынғы тарихы деп аш­сақ болады. Қоныстың бастауы қайдан басталды соны көрсету керек. Өйткені қала бір күнде пай­да болған жоқ қой. Оның түрлі тарихи кезеңдері бар. Қазір бұл туралы еш жерде айтылмайды. Айталық, Көкшетау қаласында Ақ­мола об­лысының тарихи өлке­тану музейі бар. Ол жерде тек жал­пылама мәліметтер беріледі», – дейді ол.
Жамбыл Артықбаевтың ай­туынша, Ақмоладағы алғашқы му­зейді 1923 жылы Леонид Се­ме­нов деген өлкетанушы ашқан. Ол өлкенің тарихи зерттеуіне қолға алып, тіпті ежелгі Бозоқ қаласының сызбасын да жасаған. Өлкетану музейі алғашқыда «Халық үйі» деп аталатын ғимараттың бірнеше бөлмесінде орналасқан. Қазір үш қабатты бұл ғимарат ҰҚК есебінде. Алайда аяқасты 1941 жылы соғыс басталып Л.Семенов жинаған жә­дігерлер талан-таражға салынады. Өйткені сол кезде музей ғимараты болған ғимаратқа әскери госпиталь орналастырылыпты. Қолда болған жәдігерлердің ішінде Әбілмәмбет сұлтанның қылышы секілді қазақ үшін өте құнды көптеген дүниелер болған.
«Соғыстан кейін қаланың му­зейі Кенесары көшесіндегі «Ас­тана» деген дүкен ғимаратында ашылды. Ол жерде Кубрин кө­пес­тің тұратын үйі, киім дүкені болған. Сол жерде өлкентану музейі бер­тінге дейін жұмыс істеді. Кейін мемлекеттің астанасы орталыққа көшіп келген соң, ол музей жа­бы­лып қалды. Музейдің экспонаттары Президенттің мәдениет орталығы­на көшірілді, онда қазір әскери музей орналасқан. Жәдігерлердің бір бөлігі Көкшетауға көшірілді. Оның ішінде материалдық құнды­лықтардан бөлек, үлкен кітаби-ар­хивтік деректер бар еді. Оның бар­лығының қазір қайда екені белгісіз», – деп Жамбыл Артықбаев алаңдаушылық білдірді.
Осы сауалға Самат Тергембаев жауап берді. Оның айтуынша, Көкшетауға жіберілмеген экспо­наттар мен архив құжаттары қалада сақталып келген.
«Бізде қаланың тарихына қа­тысты жәдігерлер жетерлік. Бұл – бұрынғы музейдің экспонаттары. Қалалық музей жабылған соң оның жәдігерлерін Тәуелсіздік сара­йын­да бір бөлім ашылып, сол жаққа жөнелткен. Ол жақта жәдігерлерде көпшілік назарына ұсынуға мүм­кіндік болмаған соң біздің дирек­цияға беріп жатыр. Қалаға қатысты алған жәдігерлердің 40 пайызы бізге беріледі. Өзімізге қажетті де­генін аламыз. Қалғанын қорға сақ­тап қоямыз», – дейді ол.
Самат Тергембаевтың ай­туын­ша, Ақмола қаласының тарихына байланысты мұражай ашылса, оны толтыратын экспонаттар бар және түрлі мекемелерде жүргендерін жинап алуға мүмкіндік жеткілікті.
«Қалаға қатысты архивтерді қарасаңыз құжаттар өте көп. Бұл ескі қала ғой. Ондағы мағлұматтар туристер үшін қызықты болаты­нына сенімдімін. Қаланың астана мәртебесі бар болғандықтан соған сай өзіндік мұражайы болуы тиіс. Мысал ретінде айтар болсақ, Ал­маты қаласында осындай мекеме бар», – дейді ол.
Жамбыл Артықбаевтың мәлім­деуінше, әлемдік өркениет ереже­сіне сәйкес қала тарихынан сыр шертетін мұражай шаһардағы ең ескі ғимаратта орналасуы керек.
«Астанадағы ең ескі құрылыс – Sine Tempore сауда үйі. «Музейге бір құрылысты береміз» десе осы­ны таңдау керек. Ол нысан Кеңес заманында Орталық әмбе­бап дүкен (ЦУМ) еді. Патша за­ма­нында «Гос­тинный дворь» аталды. Орыс кел­генге дейін ол жерде керуен сарайы орналасқан. Ғимараттың орнында қазба жұмысын жүргізсе бірнеше мыңжылдықтың тарихының беті ашылар еді», – дейді тарихшы.
Сөз соңында оқырмандарға айтарымыз, қалалық музей ашу пі­сіп-жетілген мәселе екеніне көзі­міз жетті. Қоғамда ғалымдар пікі­рін қуаттауы мүмкін. Соңғы мәсе­ле – әкімшіліктің шешім қабыл­дауға батылы жете ме, жетсе оған қандай ғимарат берілуі мүмкін де­ген оқиғалар тізбегі ғана болып қалмақ. Алайда мұның барлығы уа­қыт еншісінде.

Жәнібек АМАНГЕЛДІ