Астана қаласының тарихы, қалыптасуы кезеңдерінен нақты мәлімет беретін, өткені және бүгіні туралы сыр шертетін қалалық өлкетану музейі ашылса деген бастама көтерілді. Осы тұста біз «қалаға жеке мұражай қажет пе?» деген сауалға жауап іздеп, осы саланың мамандарының пікіріне құлақ түрген болатынбыз. Сөздің басы... Таяуда Астана туризм қауымдастығының өкілі Татьяна Верницкая елорда әкім орынбасарымен кездесу барысында қалалық музейді қайта ашу жөнінде бастама көтерді. Осы тұста «шаһардағы қазір жұмыс істеп тұрған мұражайлар сұранысты өтей алмай ма?» деген сауал туындайды. Өйткені қалада бірнеше музей бар. Солардың ең үлкені әрі бірегейі – Ұлттық музей. Ол 2014 жылы ашылған. 74 мың шаршы метр аумақты алып жатқан мұражайда 14 зал бар. Соның бірі – Астана залы. Онда көне дәуірден бастап, бүгінге дейінгі чсқала тарихымен танысуға болады. Бұдан кейінгі қала тарихы туралы мағлұмат беретін мекеме ол – Сәкен Сейфуллин атындағы мұражай. Ол 1988 жылы 21 ақпанда Ақмола қаласында (қазіргі Астана) облыстық өлкетану музейінің бір бөлімі ретінде ашылған. Бөренеден салған екі үйдің бірінде Сәкен Сейфуллиннің өзі бір кездері жұмыс істеген. Ал мұражайға қойылған жеке заттар мен кітаптар ақын Сәкен жайлы және 1920-30 жылдарындағы Ақмола қаласының өмірі жайлы мәлімет береді. Қаладан қашықтау тұрған Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешені бар. Онда да қала тарихына қатысты экспонаттар жеткілікті. Оның қоры толығуы мүмкін. Бұл жайында кейінірек тоқталамыз. Біз үшін осыншама мұражай туристерге және қала тұрғындарының сұранысы үшін жеткілікті секілді көрінді. Алайда мамандардың пікірі бұған керісінше болып шықты. Біз сөзге тартқан тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев бірден қаланың жеке музейінің ашылуын қолдайтынын мәлімдеді. Тарихшы тіпті туризм саласының өкілдеріне осындай ақыл-кеңесті өзі айтқанын, қалалық музей ашылып жатса, оның шаруасына белсене атсалысып, ақыл-кеңес беруге әзір екенін жеткізді.
«Тарихи-мәдени игіліктердің барлығын Ұлттық музейге жинай беру дұрыс емес. Ұлттық музейдің өзінің атқаратын функциясы, қызметі бар. Ал енді қаланың тарихына арналған жеке музей міндетті түрде керек. Өйткені бұл қаланың тарихы мыңдаған жылдарға кетеді. Әуелгі аты – Қараөткел. Кәдімгі өзен өткелі, қаладағы Кенесары көшесі сол өткелден басталады. Мекеннің аты да сол өткелге байланысты қойылған. Кейін орыстар келгенде 1830 жылдардан бастап Ақмола аталды. Одан соң Целиноград, Ақмола, Астана, Нұр-Сұлтан, соңында қайтадан Астана деп аталды. Сол тарихтың барлығын көрсететін, қаланың өз өлкетану музейі болуы керек», – деді Жамбыл Артықбаев.Туристер қаланың нақты тарихын көргісі келеді. Сондықтан осы тақырыпты тамашалайтын жандарға жүйелеп ұсыну керек. Мұндай пікірді біз тілдескен Астана қаласының Бірлескен мұражайлар дирекциясы директорының міндетін атқарушы Самат Тергембаев айтты.
«Орталық музейде қала тарихына қатысты бөлімдер бар. Алайда оны аралаған адамның ойы шашырап кетеді. Өйткені онда еліміздің тарихына қатысты өте көп ақпарат ұсынылады. Алайда туристер қаланың нақты тарихын көргісі келеді. Ұлттық музейге қарағанда бұл тақырыптық болып, жеке берілсе тартымды болады», – дейді ол.Ал PhD доктор, археолог Айбар Қасеналин Ұлттық музейдегі Астана залында қала тарихы жақсы көрсетілгенін, алайда бір зал бүкіл қаланың тарихын аша алмайтынын айтады.
«Үлкен астаналарда ұлттық музейден бөлек, қала тарихы деген музей болуы керек. Ол жерде қаланың толық тарихымен танысуға, бұрынғы кезеңдерін білуге жағдай жасалуы тиіс», – деді маман.Бірнеше маманның пікіріне құлақ түре отырып, біз қалалық музейге сұраныстың бар екеніне, оны ашатын уақыттың келгеніне көз жеткіздік. Біз сөзге тартқан сарапшылар мұндай мекеме өзін өзі қаржылық тұрғысынан ақтайтынын айтып отыр. Алайда оның жұмысын тартымды етіп ұйымдастыру мәселесі әлі де шешілмеген сыңайлы.
«Туристерді мәдени ошақтарға тартуда логистикалық бағдарлау дамымаған. Қай жерде қандай мәдени мекеме орналасқанын білмейміз. Шаһарда туристер түгілі өзіміз таба алмай, адасамыз. Шетелдерге шықсаңыз, мысалы Түркияны алсаңыз, халыққа көрсеткісі келген тарихи-мәдени нысандарына баратын сызбаны үлкен етіп іліп қояды. Бізде ол жазылса да өте кішкентай әріппен көзге оңай түспейді. Туристік елдерге жетеміз деп бағыт ұстанғаннан кейін осы жұмысты үйлестіретін мекеме керек. Бәрі осыдан басталады», – дейді Самат Тергембаев.Маман музейлер санын арттыруды ұсынып, туристер тартуда Өзбекстан тәжірибесін ескеру керектігін айтып өтті.
«Жақында Алматыда туризм саласында тәжірибе алмасу үшін ұйымдастырған үлкен конференцияға қатыстым. Оған Франция, Өзбекстан және Қазақстан қатысты. Өзбекстанның туризм саласы бойынша, музейлер жұмысын ұйымдастыруда бізден ондаған жылға алға кетіп қалғанына көз жеткіздік. Онда үкімет тарапынан туризм саласына өте үлкен қолдау көрсетілген. Оларға көне ғимараттарды алып беруге көмектескен. Өйткені КСРО ыдырап, экономиканың құлдырауы кезінде олар жекеменшікке өтіп кетті ғой. Өзбек ағайын туризмді дамыту үшін әртүрлі бағыттағы музейлерді көптеп ашқан. Олар туризмнен өте көп табыс табады», – дейді Самат Тергембаев.[caption id="attachment_241770" align="aligncenter" > © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Оның айтуынша, елімізді Еуропа, Балтық жағалауы елдерімен салыстырмай, тек көрші Ресей, Украина, Өзбекстанмен салыстыра қарасақ, елімізде музей саны өте аз екен. Жәдігерлер жеткілікті, ғимарат та табылады Археолог Айбар Қасеналин жаңа мұражай ашылса, онда нақты қаланың тарихына қатысты мағлұматтар алуға мүмкіндік туатыны жеткізді.
«Мұражайдың ішкі экспозициялық мәселесіне тереңірек мән беру керек. Мәселен бір залда Астананың бұрынғы тарихы деп ашсақ болады. Қоныстың бастауы қайдан басталды соны көрсету керек. Өйткені қала бір күнде пайда болған жоқ қой. Оның түрлі тарихи кезеңдері бар. Қазір бұл туралы еш жерде айтылмайды. Айталық, Көкшетау қаласында Ақмола облысының тарихи өлкетану музейі бар. Ол жерде тек жалпылама мәліметтер беріледі», – дейді ол.Жамбыл Артықбаевтың айтуынша, Ақмоладағы алғашқы музейді 1923 жылы Леонид Семенов деген өлкетанушы ашқан. Ол өлкенің тарихи зерттеуіне қолға алып, тіпті ежелгі Бозоқ қаласының сызбасын да жасаған. Өлкетану музейі алғашқыда «Халық үйі» деп аталатын ғимараттың бірнеше бөлмесінде орналасқан. Қазір үш қабатты бұл ғимарат ҰҚК есебінде. Алайда аяқасты 1941 жылы соғыс басталып Л.Семенов жинаған жәдігерлер талан-таражға салынады. Өйткені сол кезде музей ғимараты болған ғимаратқа әскери госпиталь орналастырылыпты. Қолда болған жәдігерлердің ішінде Әбілмәмбет сұлтанның қылышы секілді қазақ үшін өте құнды көптеген дүниелер болған.
«Соғыстан кейін қаланың музейі Кенесары көшесіндегі «Астана» деген дүкен ғимаратында ашылды. Ол жерде Кубрин көпестің тұратын үйі, киім дүкені болған. Сол жерде өлкентану музейі бертінге дейін жұмыс істеді. Кейін мемлекеттің астанасы орталыққа көшіп келген соң, ол музей жабылып қалды. Музейдің экспонаттары Президенттің мәдениет орталығына көшірілді, онда қазір әскери музей орналасқан. Жәдігерлердің бір бөлігі Көкшетауға көшірілді. Оның ішінде материалдық құндылықтардан бөлек, үлкен кітаби-архивтік деректер бар еді. Оның барлығының қазір қайда екені белгісіз», – деп Жамбыл Артықбаев алаңдаушылық білдірді.Осы сауалға Самат Тергембаев жауап берді. Оның айтуынша, Көкшетауға жіберілмеген экспонаттар мен архив құжаттары қалада сақталып келген.
«Бізде қаланың тарихына қатысты жәдігерлер жетерлік. Бұл – бұрынғы музейдің экспонаттары. Қалалық музей жабылған соң оның жәдігерлерін Тәуелсіздік сарайында бір бөлім ашылып, сол жаққа жөнелткен. Ол жақта жәдігерлерде көпшілік назарына ұсынуға мүмкіндік болмаған соң біздің дирекцияға беріп жатыр. Қалаға қатысты алған жәдігерлердің 40 пайызы бізге беріледі. Өзімізге қажетті дегенін аламыз. Қалғанын қорға сақтап қоямыз», – дейді ол.Самат Тергембаевтың айтуынша, Ақмола қаласының тарихына байланысты мұражай ашылса, оны толтыратын экспонаттар бар және түрлі мекемелерде жүргендерін жинап алуға мүмкіндік жеткілікті.
«Қалаға қатысты архивтерді қарасаңыз құжаттар өте көп. Бұл ескі қала ғой. Ондағы мағлұматтар туристер үшін қызықты болатынына сенімдімін. Қаланың астана мәртебесі бар болғандықтан соған сай өзіндік мұражайы болуы тиіс. Мысал ретінде айтар болсақ, Алматы қаласында осындай мекеме бар», – дейді ол.Жамбыл Артықбаевтың мәлімдеуінше, әлемдік өркениет ережесіне сәйкес қала тарихынан сыр шертетін мұражай шаһардағы ең ескі ғимаратта орналасуы керек.
«Астанадағы ең ескі құрылыс – Sine Tempore сауда үйі. «Музейге бір құрылысты береміз» десе осыны таңдау керек. Ол нысан Кеңес заманында Орталық әмбебап дүкен (ЦУМ) еді. Патша заманында «Гостинный дворь» аталды. Орыс келгенге дейін ол жерде керуен сарайы орналасқан. Ғимараттың орнында қазба жұмысын жүргізсе бірнеше мыңжылдықтың тарихының беті ашылар еді», – дейді тарихшы.Сөз соңында оқырмандарға айтарымыз, қалалық музей ашу пісіп-жетілген мәселе екеніне көзіміз жетті. Қоғамда ғалымдар пікірін қуаттауы мүмкін. Соңғы мәселе – әкімшіліктің шешім қабылдауға батылы жете ме, жетсе оған қандай ғимарат берілуі мүмкін деген оқиғалар тізбегі ғана болып қалмақ. Алайда мұның барлығы уақыт еншісінде.
Жәнібек АМАНГЕЛДІ