Жылқы мен қазақты байланыстыратын ерекшелік көп. Оның көбін біз біле бермейміз. Қылқұйрықтыны қолға үйретіп, тізгінмен басқару – адамзат өркениетіне қосқан үлесіміз деп жүрміз. Осы орайда жылқының қазақтың, күллі адамзат өміріндегі рөлі турасында белгілі этнограф-ғалым, тарих ғылымдарының докторы Ахмет Тоқтабаймен сұхбаттасқан едік.– Ахмет Уәлханұлы, ежелгі қазақ даласында жылқының қандай тұқымдары қолға үйретілген?
– Жалпы, қазақ жылқысы бірнеше тұқымға бөлінеді. Еліміздің жер көлемі барынша үлкен болуына қарай жылқының да сан алуан тұқымы болған. Бірақ осы айтып отырған бірнеше аймаққа ортақ бір жылқы түрі бар. Ол – жабы жылқысы. Қазақ даласындағы жабы жылқыны дүниежүзіндегі жылқылардың анасы деуге болады. Ботай қонысындағы қазба жұмыстары кезінде табылған жылқылардың сүйегі мен тұрпаты осы жабы жылқысына барын-ша келеді. Менің ойымша, «жабы» деген сөздің өзі «жабайы» деген сөзден шыққан болуы керек. Осы ұғымның өзі жылқыны біздің бабаларымыз қолға үйреткенге дейін жабайы, тағы жануар болғанынан хабар береді. Кейін келе ауызекі тілде айтуға ыңғайланып, лексикологиялық өзгеріске ұшырап жабы атанып кеткен. Жылқының бұл түрі өзі мойымайтын шыдамды. Құйрық жалы барынша қалың ұйысқан сырт қарағанда көзге қораштау көрінеді.
Кейін осы жабы жылқылар басқа тұқымдағы жылқылармен будандастырылды. Әсіресе, араб-парсы жылқыларымен көп будандастырылған. Олардың атаулары да әртүрлі болды. Тіпті, ру атауларына ұқсас жылқы тұқымдары болған. Мысалы, бізге дейін жеткен Адай жылқысын айтуға болады. Бұл жылқының тұқымы қалай пайда болды дейсіз ғой? 1725 жылы қазақтың Адай руы Маңғыстау түбегінің бір бөлігін түркімендерден босатқанын тарихтан білеміз. Сол кезде түркімендер қазақ даласына бір сұлу қыз бен бір жарамды ай-ғыр тастап кеткен деген аңыз бар. Сол айғырмен жергілікті жабы жылқының будандастырылуынан Адай жылқысы пайда болған. Бірақ бұл көп жылғы селекцияның арқасында пайда болған тұқым.
Одан бөлек, орыс ғалымдары өз еңбектерінде біздің даламызда ертеректе Шекті, Жағалбайлы, Найман жылқыларының да болғанын нақты деректермен жазады. Өкінішке қарай, түрлі тарихи географиялық өзгерістерге байланысты мұның барлығы жоғалып кетті.
Жалпы, жылқының әрбір жаңа селекциясын алу үшін орта есеппен жиырма жылдай уақыт кетеді.
– Қазақ шашасына шаң жұқтырмайтын жылқыға қарата «Арғымақ» деп айтып жатады. Осы Арғымақ қайдан шыққан? Ол өз алдына бөлек тұқым ба?
– Жоғарыда айтқанымдай, бірнеше тұқымдас жылқылардың бәрінің өз арғымақтары болады. Мәселен, Адай жылқысының ішінен шыққан арғымақтары кезінде түркімен жылқыларымен шағылысуынан кейінгі екінші немесе үшінші ұрпағынан пайда болған. Яғни, қан жергілікті табиғатқа бейімделіп біркелкі толық тазарған кезде пайда болады. Арғымақтан кейін барып Қазанат туылады. Мәселен, бұл туралы Махамбет Өтемісұлының жыр жолдарынан:
«Арғымақтан туған Қазанат,Қазанаттан туған Қазмойын» дегенді кезіктіруге болады. Қазанат көбіне әскери жылқы ретінде пайдаланылған. Ата-бабамыз жаугершілікпен ғұмыр кешкен. Сондықтан соғыс даласына барынша ыңғайлы, жауға кіргенде түрлі әдіс-тәсілдер жасауға епті жылқыны мінген. Бұларды өз уақытысында арнайы бөлек ұстап, баптайтын болған.
– Бұлардан басқа, біз білмейтін тағы қандай атаулы жылқылар бар?
– Қазақ жылқыны түрлі кәсіпке икемдеп баптаған. Мәселен, Қазанат жылқысы соғыс жағдайына бейімделген. Одан бөлек, Берік, Жүрдек, Сәйгүлік деген де жылқылар болған. Мәселен, Берік жылқыларды аты айтып тұрғандай, алыс жолға мойымайтын көлік ретінде мінген. Олар 200-300 шақырымға дейінгі жолды жүруге қауқарлы. Ал Жүрдек деген түрі бұл өзі аяңшыл сондай сұлу жүрісті болып келген. Одан кейін Сәйгүлікті екі ел арасында жүретін тек елшілер қазіргі тілмен айтқанда дипломатиялық қызметтегі адамдар мінген.
– Жылқы жайлы зерттеулеріңізде қандай ғылым саласы мамандарына жүгінесіз? Мәселен, археологтар кейде криологтар қызметін де пайдаланады.
– Кез келген зерттеуші бұл қызметтерді пайдалануы керек. Онсыз ғылыми жаңалық жан-жақты ашылмай қалады. Мәселен, өткен ғасырдың 50-60 жылдары қазіргі Алтайдағы жылқылар көмілген қазбаларды зерттеу жұмыстары басталды. Сол кезде Владимир Оскарович Вид деген ұлты неміс жылқы маманы арнайы шақыртумен келіп қатысқан. Ол кісі бұған дейін дүниежүзіндегі осындай бірнеше қазба жұмысына қатысқан. Өзі зоология, археологиямен қатар, сүйек қаңқаларын зерттейтін остеология ғылымын да бірдей меңгерген ғалым. Ол осы Алтай даласынан шыққан жылқылардың қаңқа сүйектеріне қарап отырып, бұған дейінгі қазбалардан дәл осындай биік, сұңғақ аттар кездестірмегенін айтады. Кейін ғалымдар, сол Алтайда тек арғымақ аттар ұстайтын шаруашылық болғанын анықтады. Мысалы, бәріміз білетін Ботай жылқыларын қазу кезінде экспедияция құрамында Макарова, Нурумов деген зоолог ғалымдар болды. Сонымен қатар Америкада жылқы тарихын зерттеу инс-титутының директоры Девид Ентини, одан бөлек Кембридж университетінен органикалық заттарды зерттейтін Алан Уолтрн деген ғалым қатысты. Дәл осы Уолтрн сол қазба кезінде шыққан үлкен құмыралардың түбінде қалып кеткен органикалық заттың қалдығын зерттеп, біз ішіп жүрген қымыздың осыдан алты мың жыл бұрын пайда болғанын дәлелдеп берді. Ал оған дейін біз қымызды Герадот жазбаларына сүйеніп, 2500 жыл бұрын ғана іше бастағанбыз деп келдік.
– Бір жазбаңызда орыс тіліндегі «Лошадь» сөзінің «Алаш» және «Ат» деген сөздерінің қосылуынан шыққан деген тұжырым айтыпсыз. Бұл нұсқаны қандай деректерге сүйеніп айттыңыз?
– Бұл мен ашқан жаңалық емес. Өткен ғасырда-ақ дәлелденіп қойған. Оны алғаш атақты лексикограф ғалым Владимир Даль айтқан. Ол кісі орыс тілі сөздігінің төрт томдығын жазып шыққан. Сол еңбегінде «Алаш» және «Ат» деген сөздердің лексикологиялық қосындысынан осы «Лошадь» сөзі шыққан деп нақты жазады. Одан кейін Турбачов деген тағы бір орыс ғалымы да жазады. Бұл кісі 1950 жылдары жазған.
Енді олар бұл тұжырымға қалай кел-ді дейсіз ғой? Біздің көне атымыз – Алаш. Бұрынғы орыс княздары жылқыны біле бермеген екен. Кейін келе Қыпшақ қыздары орыс княздарына күйеуге шыға бастаған. Осы кезде олар бізбен аралас-құралас болған соң ғана жылқыны тани бастаған. Латын зерттеушілері орыстар осы кезде қазақтардан ат ала бастады дейді. Жоғарыда айтқан Турбачов орыстардың: «Мынау – Алаш, мынау – соның аты» деген сөзінен кейін барып, «Лошадь» атап кеткен деген тұжырым жасайды.
– Біз осыған дейін 5 500 жылдай бұрын жылқы алғаш рет қазақ даласында қолға үйретілгенін, оған Ботай қонысындағы қазба жұмыстарын дәлел ретінде айтып келдік. Бірақ соңғы кезде кейбір ғалымдар Еуропада осыдан 7 мың жылдай бұрын жылқы малы қолға үйретілген деген деректерді айтып жүр. Осыған қатысты не дейсіз? Осы таласқа қатысты көзқарасыңыз қандай?
– Бұл өзі дауласуға да тұрмайтын нәрсе. Өйткені қандай зерттеуді алсақ та әзірге Ботай қонысынан бұрын жылқы ұстау мәдениеті туралы нақты дерек жоқ. Ал әлгінде айтылған Еуропаға қатысты соңғы дерек те оны жоққа шығара алмайды. Себебі ол қазбалардан жекелеген бір немесе екі жылқының ғана сүйегі табылып отыр. Ондай сүйектер көп жерлерден табыла береді. Мүмкін ол сол жерге біреу мініп барып, өліп қалған жылқының сүйегі болар. Бірақ ол сол аймақта жылқы үйретілген деуге негіз жоқ. Ал басқа бірде-бір жерден біздің Ботайдағыдай 100 мың жылқының сүйегі табылмады.
Ол аздай сол заманда шымнан салынған үйлерінің беріктігі үшін жылқының ұзын-ұзын қабырғаларын қазір-гі тілмен айтқанда, арматура ретінде пайдаланғандығы анықталды. Бұл да жылқы жануарының қазақ даласында өте көп мөлшерде болғандығына дәлел бола алады.
– Біз өзіміздің ежелгі әдет-ғұрып, салт-дәстүр мен тұрмыс-тіршілігін зерттеп жүрген этнограф ғалымдарды біле-міз. Бүгінде солардың ғылыми еңбектері қаншалықты әлемдік деңгейде мойындалып жатыр. Мәселен, өзіңіздің нақты қандай ғылыми жаңалығыңыз халықаралық ғылыми қауымдастық алдында мойындалды?
– Бізде өзім білетін жылқы малына қатысты оның қан айналым жүйесі, анатомиялық дамуы немесе экономикалық тиімділігі жағын зерттеген еңбектер көп болды. Бірақ ондай еңбектерді жалпы халық оқи бермейді. Ал енді жылқының мәдени-тарихи этнографиялық ерекшеліктері туралы зерттеп жүрген ғалымдар жоқтың қасы деуге болады.
Өз басым жылқы жануарын зерттеуге бала кезімнен қызықтым. Өйткені әкем 50 жыл малшы болды. Оның ішінде 20 жылдай жылқы бақты. Мен сол ортада өстім. Ақын Төлеген Айбергенов:
«Бала кезден ұстап өссең ат жалын,Онда сенің көкірегің от жалын», – деп жырлайды ғой. Сол айтпақшы, мен де жылқының жалына жармасып ер жеттім.
Кейін студент кезімде конференцияларда баяндамалар жасап жүрдім. Оқу бітірген соң ескерткіштерді қорғау саласында еңбек еттім. Бірақ жылқыны ұмыта алмадым. Сол кезде де жылқыға қатысты деректерді тірнектеп жинай бердім. Он шақты жылдан соң жылқы тақырыбына оралдым.
Менің біраз ғылыми мақалам көптеген шетелдің беделді журналында басылды. Әлі де басылып жүр. Осыдан шамалы уақыт бұрын маған Кембридж университетінен Наталья Библа деген ғалым келді. Ол менің «Қазақ жылқы-сы» деген кітабымды оқып шығыпты. Ішінен өзіне қажетті біраз жерін ағылшын тіліне аударып алған. Сол ғалым маған аталған кітапты ағылшын тіліне аударуға кеңес берді. Оның айтуынша, жылқы мәдениеті мен этнографиясына қатысты мұндай көлемді маңызды еңбек жоқ екен.
Соңғы алты жылда осы кітаптың аудармасымен айналыстым. Кітап өткен жылдың аяғында Раушан Байғожаева деген аудармашының көмегімен ағылышын тілінде басылып шықты.
– Аударма кезінде жылқыға қатысты кейбір сөздерді аударуда қиындықтар болған жоқ па?
– Болды. Мысалы, бәйге кезінде қолданатын «Даяшы» деген сөз болған. Оны қазір орыс тілінде «официант» де жүрміз ғой. Ал мен айтып отырған даяшының мағынасы мен атқаратын міндеті мүлдем бөлек. Ертеректе аламан бәйгелерде мәренің басында тұрып, жеңіске жеткен аттарға тиесілі сый-сияпатты үлестіріп беруші қызметін атқарған адамды «даяшы» деп атаған. Одан кейін «барлаушы» деген де бар. Ол қазіргі «разведчик» емес. Оның қызметі жүз немесе елу шақырымдық ұзақ бәйгелерде аттардың шабыс жолынан шығып қалғанын немесе белгілі бір жерлерден өзге аттардың қосылып кетпеуін барлап қарап, қадағалап отыратын адамдар.
– Сіздің бір ғана жылқының түсіне қатысты 400-ге жуық сөз жинақтағаныңызды естіп едім. Осы туралы кеңірек айтып беріңізші?
– Нақты санын айтар болсам, жылқы түстеріне қатысты барлығы 380 сөз жинадым. Мәселен, бәріміз білетін торы, жирен, күрең, шабдар, құла деген атаулар бар. Одан бөлек, туынды түстер бар. Олар керторы, құлажирен, құлагер деген сияқты. Тіпті, адам есімдері мен жер атауларына да қатысты түстер болған. Мысалы, Сайқанторы, Шұбалаңкері деген секілді. Әлемде бірде-бір елде мұндай феномендік тіл байлығы жоқ. Мен мұны қазақтың әлемдік өркениетке қосқан үлесі деп санаймын.
Бір қызық мысал айтайын. 1960 жылдары бір неміс жазушысы роман-герман тіліндегі жылқы түстерінің сөздерін жинапты. Сонда бүкіл Еуропадағы жиырмадай елден бар болғаны алпыс қана түстің атауын тапқан. Одан кейін арабтардан француздық Дюма деген генерал жинаған. Сол үшін араб даласында он жылдай жүрген дейді. Нәтижесінде, 30-дай сөз таба алған.
Бір қызығы, мен тапқан 400-ге жуық түстік атауларға қатысты қазақ даласының қай бұрышында да диалектикалық қиыншылық кездеспейді.
– Елімізге, біршама шетелге танымал белгілі ғалым ретінде отандық ғылымның қазіргі аяқ алысына қандай баға бересіз?
– Жалпы, қазақ ғылымы Кеңес Одағы кезінің өзінде мойындалған ғылым еді. Әрине, оның басында Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан секілді нар тұлғалар тұрды. Одан кейін заман өзгеріп, барлық нәрсе нарыққа қарай ыңғайланып кеткен тұста ғылым да, онымен айналысып жүрген жанкешті ғалым да ешкімге керек болмай, жетім баланың күйін кешті. Сол кездерде ертеден келе жатқан ғылымдағы ұрпақ сабақтастығы үзіліп қалғаны рас.
Осы біраз жылдардан кейінгі үзілістен кейін соңғы бір-екі жылда ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелелей қамқорлығымен ғылымға көңіл бөліне бастағанын көріп отырмыз. Сол кісінің пәрменімен Ғылым Академиясының құрылымы бұрынғы қалпына келтірілді. Оның ішіндегі ғалымдар мемлекеттен жоғары жалақы ала бастады. Осы қарқынмен жүре берсек, біраз уақыт кенже қалып қойған қазақ ғылымы өзінің бір кездегі биігіне қайта шығады деп сенемін. Бізде талантты, дарынды жас ғалымдар өте көп. Тек оларға мемлекет тарапынан дұрыс қолдау ғана жетіспей келді.