Әскери полицияның мәртебесі айқындалмақ
Әскери полицияның мәртебесі айқындалмақ
238
оқылды
Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төра­ғалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар күн тәртібіне шығарылған мәселелерді қарап, өздерінің депутаттық сауалын жолдады. Отырыста алғаш қаралған мәселе – «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң. Құ­жат­та кондоминиум нысанын басқарудың жеке үлгісі – тікелей бірлесіп басқаруды қалыптастыру қарастырылған. Сондай-ақ ауылда өз қызметкерлері үшін тұрғын үй салатын жұмыс берушілердің шығынын субсидиялау мәселесі енгізіледі. Бұл норма Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленді. Сенаторлар заңдағы жаңашылдықтарды тұжырымдамалық тұрғыдан қолдай отырып, оның жекелеген ережелеріне бірқатар толық­тырулар енгізуді ұсынды. Осылайша, Сенат депутаттары заңды жаңа редакциясымен мақұлдады. Өз сөзінде Палата Спикері Сенат енгізген негізгі өзгерістерге тоқталып өтті. Бұл қатарда көлік қоятын орындардың және қойма иелерінің мүддесін қор­ғайтын, оларды қолданудың шарттарын айқындайтын нормалар бар. Сонымен бірге бюджет қаражаты есебінен көппәтерлі үйде лифтіні ауыстыруды немесе жөндеуді қаржыландыру ережелері бекітілді. Осы саладағы уәкілетті органның құзыреттері және көппәтерлі тұрғын үйді салушының міндеттері нақтыланды. Сондай-ақ жиналыстың, үй кеңесінің және ревизиялық ко­миссияның мүшелеріне қатысты талаптар белгіленді.
«Бұл заң Парламент депуататтарының бастамашы болуымен әзірленді. Ол тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы бойынша қолданыстағы заңнаманы жетілдіруді көздейді. Жалпы, мақұлданған заң көппәтерлі тұрғын үйлерді қолайлы және тиімді басқару үшін құқықтық негіз қалып­тас­тырады», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар сенаторлар «Әскери полиция орган­дары туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әскери полиция органдары және қорғанысты ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарға бірқатар түзетулер енгізіп, оларды мақұлдады. Бұл заңдар әскери полицияның мәртебесі мен қызметін айқындау үшін әзірленді.
«Осы заңдар арқылы әскери полиция органдарының құзыреті мен өкілеттіктері белгіленеді. Әскери қыз­метшілердің құқықтық жағдайы, оларды қаржылық және материалдық қамтамасыз ету мәселелері де рет­теледі. Алдағы уақытта бұл заңдар қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға, әскери қызметшілердің әлеуметтік-құқықтық қорғалуын қамтамасыз етуге оң әсерін тигізеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Бұдан басқа, отырыс барысында сенаторлар «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Респуб­ликасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқы­лымда мақұлдады. Талқылау кезінде Салық кодексіне енгізілген түзе­тулер қазақстандықтардың өзекті қаржылық мәселелерін шешуге арналғаны айтылды. Палата отырысында бірқатар депутаттық сауал да жолданды.