Биыл Рейхстагқа бірінші болып Жеңіс туын тіккен қазақ батыры Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына – 100 жыл. Ол туралы алғаш мақала жазып, Қазақстан жұртшылығына таныстырған қайраткер қаламгер Кәкімжан Қазыбаевтың туғанына 95 жыл толып отыр. Шерағаң айтпақшы, осы «кіндіктес» болған үш тұлғаның көзін көріп, әңгімесін тыңдаған жанның бірі – белгілі педагог, Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы Орынша Қарабалина-Қазыбаева. Осы жылы 92 жасқа келіп отырған апамызды сұхбатқа тартып, әңгімесін жазып алғанды жөн көрдік.
– Орынша апа, сіз Кәкімжан Қазыбаевқа жар болдыңыз, Бауыржан Момышұлы мен Рақымжан Қошқарбаев секілді қаһарман тұлғалардың келіні атандыңыз. Бауыржан Момышұлының Кәкімжан ағаға көрсеткен ағалық қамқорлығы, екеуінің жақындығы жайында көпшілік хабардар ғой, Рақымжан Қошқарбаевпен таныстығы қалай болып еді?
– Баукең Кәкімжанды «қара балам» деп атайтын. Содан 1958 жылдың қаңтар айы болса керек, «қара баласына» телефон шалып, «үйге келіп кеткін» деп шақырды. Баукең бекерден бекер іздемейді. Сонымен, Кәкеңнің сөзімен айтайын, «келдім, есік ашық тұр екен. Кірдім. Баукеңнің есіктен төрге қарай кетіп бара жатқанын байқадым. Кері қарай, төрден есікке қарай жүрген кезде мені көріп, «Қалшиып, неғып тұрсың!» деп айғай салды. «Отыр!» деді. Отырдым. «Неге шақырдым, білесің бе?» деді. «Білмедім, Бауке». «Білмесең мен саған айтайын, жаңа бір әзірде осы жерге сәлем берем деп жас жігіт келді. Ол жас жігіт – Рейхстагқа ту тіккен қазақ. Білесің бе, сен оны?» «Білмедім, Бауке». «Неге білмейсің? Жеңісті тойлағанымызға 13 жыл болды. Содан бері сендер, журналистер не көріп жүрсіңдер? Сен кімсің, жауап бер?!» деп айғайлаған ғой Кәкеңе. Кәкең күліп, «өзіңіз білесіз ғой» демей ме? «Сен кімсің, соны айт әуелі» деп қайта сұрайды. «Мен – журналистпін, дипломым бар» депті. «Журналистке диплом ғана емес, сезгіш жүрек, көргіш көз керек. Он – исторический человек! Мен де соғыста төрт жыл жүрдім. Дивизия басқардым, барлық қиындықтардан өттім. Бірақ Берлинді алардағы соғыс, Рейхстагқа ту тігердегі соғыс ол – жойқын соғыс. Ол – тозақ. Сол тозақ отына түсіп, аман шыққанның бірі – Рақымжан Қошқарбаев. Оның сол күннен бастап өмірбаяны отпен жазылды. Кім үшін отқа түсті ол? Сен үшін, мен үшін, келер ұрпақ үшін түсті!» Содан кейін бір тілдей қағаз беріп, «ана Қойшығұлов Ахметжанның қарамағанда істейді екен. Сен оны тап!» деген.
Кәкең сол қағазда жазылған мекенжай бойынша Қойшығұловтың жұмыс орнына барады. Ол уақыт Қытайдағы қазақтардың келіп жатқан кезі. Рақаң сол жұмыстармен Жаркентте іссапарда екен. Ол кісі Алматыға оралғанша Кәкең деректер іздестіре бастады. Жұмыстан кейін кітапханада отырады. Бір күні «майдангер журналист әрі фотограф, кинооператор Роман Кармен түсірген Рақымжан Қошқарбаевтың фотосы мен сөзін таптым» деп келді. Р.Кармен Совет әскері Берлинді алғанда алдыңғы шепте болып, Рейхстагқа ту тіккен батырларды сол күні түсіріп алған ғой. 1945 жылы 3 мамырда «Воин Родины» газетінің тілшісі Василий Субботиннің мақаласын, сосын жазушы Борис Горбатовтың 1948 жылы жазған материалын тауып алды. Бір күні Рахаң Алматыға келді, екеуі кездесіп, танысты сол жолы. «Аңқылдаған, ақжарқын, жап-жас жігіт екен. Рейхсагқа қалай ту тіккенін айтып берді. Енді соны жазамын» деді. Содан жазып, Баукеңе көрсетіп алуға апарды. Баукең оқып шығып, «сен өз газетіңе бер» депті. Ол кезде Кәкімжан Қазыбаев қазіргі «Жас Алаш» бұрынғы «Лениншіл жастың» жауапты хатшысы болатын. Осылайша, 1958 жылы 21 ақпанда «Рейхстагқа ту тіккен қазақ» деген очеркі басылды. Сол күннен бастап Кәкең үйге қуанып келетін-ді. Редакцияға хат жауып кеткен ғой. Рақымжанның жүзін көріп, қолын алғысы келетін оқырмандар хат жазады, телефонға тыным жоқ.
– Бұл хабарды сол кездегі республика басшылығы қалай қабылдады?
– Кәкең сол 1958 жылғы алғашқы очеркінен кейін Рахаң жайлы орысша-қазақша бірнеше материал жазды. Олардың барлығы сол кездегі газет-журналдарда басылып жатты. Оның барлығын Баукең бақылап, оқып отырған. Бір күні «қара баласына» тағы да тапсырма берді. «Сен көп жұмыс істедің. Енді бұл еңбек далада қалып қоймасын. Мұны біз Қазақстанның басшыларына жеткізейік, Мәскеуге жеткізейік. Рақымжанға қайткен күнде де батыр атағын әперуіміз керек. Сондықтан сен справка жаз» депті Баукең. Кәкеңнің қалың папкасында бірнеше құжат жиналып қалған еді. Солардың негізінде нақты деректерді негізге ала отырып, көлемді анықтама дайындады. Алдымен Баукеңе тексертуге апарды, ол кісі ресми іс-қағаздарға өте шебер болатын. «Баукең мақұлдады, соңына бір абзацты өзі қосты» деп келді. Баукеңнің кеңесімен ол анықтамаға, белгілі жазушылар Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Иван Шухов және Әбділдә Тәжібаевтың қолдарын қойдырып алды. Бұл – 1964 жылдың 15 шілдесі.
– Яғни, Жеңістің 20 жылдығын тойлаудың қарсаңында ғой?
– Иә, Жеңістің 20 жылдығына дайындық ерте басталды. Елдің есін жия бастаған кезі ғой. Бәлкім, Орталықтан тапсырма келді ме екен. Әйтеуір, 1965 жылға әзірлік ерекше болды. Екі-үш жылдай бұрын қозғалған. Сол қарбалас күндердің бірінде, 1963 жылы болу керек, Баукең Кәкімжанды шақырып алып, тапсырма береді. «Енді сен Рақымжан Қошқарбаевтың соғыстағы ерлігін тұтас қамтып, ол туралы повесть жаз», – депті. Кәкең ол кезде «Жетісу» газеті бас редакторының бірінші орынбасары. Жұмысы ауыр. Аптасына бес рет шығатын газет. Нөмірді әзірлеп, түнгі сағат 2-3-терде жететін үйге. Бірақ Баукеңнің тапсырмасы – заң. Осылайша, «Кернеген кек» атты повесін жазып шықты. Рахаң ол шығармаға ерекше разы болды. «Менің көңіл күйімді лаулатып, халқымның сүйікті ұлы, батыры дегізген, ұмытылған ерлігімді халқыма танытқан Бәукең мен Кәкетайым» деп көзіне жас алғаны дәл бүгінгідей есімде. Дегенмен ол повеске Кәкеңнің өзінің көңілі толмай жүрді. «Кернеген кек» асығыс жазылды, Рахаңды барлық қырынан толық көрсете алмадым, қайтадан жазамын, оған жетерлік материал жиналды» деп жүретін. Ол мақсатына жете алмады.
– Кәкімжан ағамыз, сол кітабында Рақымжан Қошқарбаевтың Берлиндегі ерлігін дәлелдеуге неміс журналисі Карл Кокошконың да септігі тигенін жазыпты...
– Дұрыс айтасың, соғыс тақырыбын жазуға кірісерде қатты қиналды. Өйткені майданға бармаған ғой, соғыс аяқталған жылы Кәкең – 16-ға енді толған бозбала. Берлинге бармаған, Рейхстагты көрмеген. Сөйтіп жүргенде, 1963 жылдың жазында Шығыс Германиядан журналист Карл Кокошко келді. Өзі 1929 жылы туған, біздің Кәкеңмен түйдей құрдас болып шықты. Карлдың әкесі кезінде фашизмге қарсы шыққан жан екен. Гитлерге қарсы болғандықтан концлагерьге қамап, 1944 жылы фашистер асып өлтіреді. Содан бала кезінен «фашизм жеңілсе екен, әлемде бейбітшілік орнаса екен» деп өсіп, гитлерлік жүйеге кегі кеткен ғой. Осындай арманмен журналист болыпты. Бір көңіл аударарлық жайт, 1945 жылы 3 мамырда «Войн Родины» газетіне Рейхстагқа ту тіккен батырлардың фотосы жарияланады, сол материалды фашизмге қарсы азаматтар неміс тіліне аударып, жергілікті халықтың ішіне листовка қылып таратыпты. Ол фото бала Карлдың қолына түседі. Солардың ішінен «осы азиатты тауып алып, сөйлесуім керек» деп өзіне серт беріпті. Кейіннен, журналист атанған соң іздеуге кіріскен. Бірнеше жыл іздейді. Орталық Азиядағы республикаларға барып, музейлерін аралайды, фотоны көрсетеді. Ешкім танымайды. 1963 жылы Алматыға келіп, 28-панфиловшылар саябағындағы музейді аралап жүргенде сурет көзіне оттай басылады ғой. «Қуанғанымнан дауыстап айғайлап жібердім» дейді өзі. Содан музей қызметкерлері Кәкімжан Қазыбаеқа шығады: «осындай журналист келіпті, сіз дерегін білесіз ғой» деп. Рахаңды шақырып, бәрі сол саябақтың ішінде кездесіп, жөн сұрасады. Карлдың тәп-тәуір үйренген орысшасы бар екен, неміс мақамымен сөйлейді. Сол жолы біздің үйде де, Рахаңның үйінде де қонақ еттік. Содан бастап Карл Кокошқа Шығыс Германияда Рақымжанды насихаттады. Кәкең өмірінің соңына дейін сол Карлмен хат алысып, бір-біріне барып жүрді. Берлин туралы, ондағы ғимараттар жайлы ақпараттарды білді, бір-бірімен материал алмасты. Кәкең неміс әріптесіне ұзын саны 100-ге тарта материалды көрсетті ғой, ана байғұс «маған енді ешқандай архивке отырып қажеті жоқ» деп қуанып кетті. Берлинге жеткен соң өзінде бар мәліметтерді Кәкеңе жіберді. Бұл жерде Рахаңды танытуға септескен Карл Кокошконың да үлкен еңбегін оқырман білсін деп айтып отырмын.
– Рақымжан Қошқарбаев 1965 жылы Мәскеуде «Голубой огонек» бағдарламасының Жеңістің 20 жылдығына арналған мерекелік шығарылымына қатысыпты. Ол туралы хабарыңыз бар ма?
– Неге болмасын! Ол жолы Мәскеуге баруына да Карл Кокошко мен Кәкімжан Қазыбаев себепкер болды ғой. Карл Германияға барған соң Рахаң жайлы көптеген материалдар жариялаған. 1965 жылы Совет Одағы Ұлы Жеңістің 20 жылдығы деп тойлап жатқанда, оларда Шығыс Германия күні мерекесі деп аталатын. Содан Карл Кокошко Кәкеңе хабарласып, 8 мамыр күнгі өтетін мерекелік шараға Рақымжан Қошқарбаевты шақырғысы келетінін айтты. Барлық жол шығыны, жатын орны өзімізден депті. Сонымен, Кәкең жан-жаққа телефон соғып, Рақымжан ағасын жолға дайындады. Ол кезде Рахаң қалалық моншаны басқаратын. Кәкең шауып отырып Баукеңе барады ғой, «осылай да осылай Рахаң Берлинге шақырту алды, дайындап жатырмыз» деп. Кеңесе келе, Баукең Кәкімжанды Алматы қалалық атқару комитетінің төрағасы Есен Дүйсеновке жібереді. «Рақымжан Қошқарбаев Берлинге барғанда моншаның бастығымын деп айта ма? Бұл қалай?» деп. Дүйсенов жағдайды бірден түсініп, екі-ақ күннің ішінде Рахаңды қалалық коммуналдық мекеме бастығының орынбасары қызметіне тағайындаған.
Осылайша, 1965 жылы 2 мамыр күні Алматыдан Мәскеуге ұшты. Тікелей рейс жоқ, жолдың барлығы Мәскеу арқылы ғой. «Міне, ұшып кетті деп Василий Субботинге телефон соқты. Субботин дегеніңіз – баяғы Рейхстагқа ту тікті деп алғаш жазатын журналист. Ол кісі «күтіп аламын» деді. Сәлден соң тағы хабарласып, 5 мамыр күні «Голубой огонек» бағдарламасының мерекелік саны түсіріледі. Рақымжан Қошқарбаевты соған қатыстырайық, барлық майдангер қатысады» деп. Сол жолы Рахаң жаңағы өзің айтқан мерекелік бағдарламаға қатысты, сөз сөйлеп, естелік айтқан.
– Ол бағдарлама youtube желісінде бар екен. Ұзақтығы – 2 сағат 49 минут. Бірақ ол бағдарламаны қарап, Рақымжан атамызды таппадым.
– Ол туралы мен де естідім, өз көзіммен көргенім жоқ. Менің білетінім, Рахаң сол жолы аса қуанып келді. Бағдарламаны жазушы «Брест қамалы» кітабының авторы Сергей Смирнов жүргізіпті. «Кожедуб, Покрышкин, Маресьев, Сабуров секілді атақтылардың қасында отырдым, маған сөз берді, Жеңіс туын қадаған сәтімізді айтып бердім» деп келді. Енді ол жерін кесіп, монтаждап тастаса, онда соны жасаған, тапсырма берген адамдардың ар-ұятына қалдырайық...
Ең бастысы, Рахаң сол жолы соғыста өзі бағындырып, Жеңіс туын қадаған Рейхстагына тағы бір барып көрді. Ол кісі Берлиннен көңілді оралды. Сол жақтағы бір мектептің пионер отряды Рақымжан Қошқарбаев есімін иеленіпті. Арада үш ай өткенде сондағы кеме жасайтын верфтегі бір бригадаға Рахаңның аты берілді.
– Рақымжан Қошқарбаевқа Кеңес Одағының Батыры атағын әперуге Жұмабек Тәшенов те атсалысыпты. Сол туралы айтыңызшы...
– Айтайын. Сонымен, Жеңістің 20 жылдығы Одақ көлемінде дүрелдетіп тойланды. Бірақ Рахаңа атақ берілмеді. Мәскеу тағы үнсіз қалды. Содан бір күні Баукең Кәкімжанды Ілияс Омаровқа жұмсайды. Ілияс Омаров ол кезде Қазақ КСР Мемлекеттік жоспарлау комитеті төрағасының бірінші орынбасары. Ілекең Кәкімжанды жақсы қарсы алыпты, «үлкен жұмыс істеп жүр екенсің, қарағым. Қолымнан келгенше көмектесемін, мына құжаттарыңның көшірмесін тастап кет» депті. Содан ол кісі Жұмабек Тәшеновке өтініш айтады. Тәшенов өзің білетіндей, Жоғарғы Кеңес Президумының төрағасы ғой. Жұмекең Мәскеуге барған бір сапарында Бас штабтың бастығы, маршал С.Коневты шақырып алып, қолындағы құжаттарды көрсетеді. «Неге әділетсіз шешім қабылдап отырсыңдар?» деп қаттырақ сөйлеген. Қысқасы не керек, Орталықтағы басшыларды мәмілеге келтіре алмаған. Ол кезде олармен сөйлесу де мүмкін емес қой. Баукең бір сөзінде: «Жұмабек те мен секілді қызба ғой. Екеумізді құртып жүрген мінез» деп айтып қалыпты Кәкеңе. Бұл оқиға Кәкеңнің «Найзағайдай жарқылдап» деген очеркінде кеңірек жазылған. Осылайша, тағы бір талпыныстың тауы шағылды. Дегенмен халықтың құрметі одан сайын арта түскендей болды. Рахаңды қуантқан нәрсе, кейінірек Ілияс Омаровтан келген хат болды. «Қалқам, Рақымжан!» деп басталған хатын үйіне барғанда қуанып оқып берді. Ілекең жарықтық керемет көшелі, ақылды адам еді ғой. «Әңгіме атақта емес, адамзаттың бақытына қосқан үлесте ғой. Сен бізге істеген ерлігіңнің мән-мазмұнымен қымбаттысың» деп жазыпты хатында. Рахаң сол сөзден жұбаныш тауып, мерейленіп жүрді.
Енді баршаға мәлім Мәскеу билігі Отан соғысына Орталық Азиядан қатысқандарды екінші ұлт деп қабылдады, төмен санады. Әйгілі Момышұлы Баукеңнің өзіне атақ бермеді ғой. Тіптен, ұсынылып тұрған атақты бермей қойды.
Кәкең кейінгі жазған анықтамаларында Баукеңе айтпай, ол кісінің де есімін қосып, Батыр атағын әперу туралы ұсынысқа қосып жүрді. Оны Баукең білген жоқ. Жеңістің 25, 30, 35 жылдығы қарсаңында үздіксіз хаттар жазылды. Сөйтіп жүргенде, 1982 жылы Алматыға Леонид Ильич Брежнев келетін болды. «Иә, сәт!» деп тақым қысып отырмыз. Сол жолы Рахаңа батыр атағын беру туралы өтініш Д.Қонаевтың аузымен айтылды. Бірақ Брежнев «тарихты қайта қарап қажеті не?» деген сыңайда жауап берген. Сонымен, ол ұсыныс мүлдем тоқтатылды. Бірақ Кәкең «ерте ме, кеш пе шындық жеңеді» деген сенімде жүретін.
Бір нәрсені ашық айту керек. Жалпы, республика басшылығының, жеке Димаш Ахметұлының да ол кісіге деген құрметі жоғары болды. 1969 жылы «Алматы» қонақүйі пайдалануға берілген кезде, оны басқару тізгіні Рақымжан Қошқарбаевқа берілді. Ол кезде астанамыздағы беткеұстар жалғыз қонақүй сол еді. Рахаң өмірінің соңына дейін сол қонақүйді басқарды. Мысал ретінде айтайын, 1973 жылы күзде жазушы Сергей Смирнов Алматыға келді. Азия мен Африка жазушылары бас қосқан үлкен жиын өтіп жатқан. Шетелдік сыйлы меймандар ол кезде «Алматы» қонақүйіне түседі. Сонда Смирновтың айтқан сөз ғой. «Мынандай тамаша қонақүйді батырына басқартып отырған республика басшылығына рахмет және оны батыры қандай абыроймен басқарып отыр» деп разы болды.
– Рақымжан аға өмірде қандай жан еді? Ол кісіні алғаш қашан көрдіңіз?
– Рахаңның артында Әлия деген жалғыз қызы қалды. Әлі есімде, бір күні Кәкең айтты. «Рахаңның Әлия деген қызы өмірге келді» деді. Біраз уақыт өткен соң «бізді сәбиді қырқынан шығару отырысына шақырып жатыр» деді, сол күні мен алғаш ағамыздың шаңырағында қонақта болдым. Рахаң деген келісті адам екен, жігіттің төресі деп айтуға тұрарлық жан. Шашының алды бұйраланып тұратын, үстіне кір жуытпайтын, сері адам еді. Мені алғаш көргеннен «Онша» деп атады. «Оншам айналайын, мен сенің қайнағаң болам, мені біліп жүрсің ғой» деп қарсы алды. Сол күннен бастап үй-ішімізбен араластық, балаларымыз бірге өсті. Біздің екінші ұлымыз Батырдың есімін Рахаңның өзі қойған. Рақымжан ағаның зайыбы Рахила Ауыл шаруашылығы институтында ұзақ жыл еңбек етіп, доцент, профессор дәрежесіне көтерілді. Рахаң аса бір көңілі шалқып отырған кездері «Мен осы Әлиямның көрер жарығы, Рахиламның бақыты үшін аман қалғанмын» деп әзілдеп отыратын-ды. Ол кісінің үйі күнде думан. Қонақ үзілмейді. Өзі ұнатқанның барлығын үйіне шақыратын. Сол Рахаңның көзі – Әлиямыз қазір міне 50-ден асты. Алматыдағы Күләш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған музыка мектебінде орыс әдебиетінен сабақ береді. Бүгінде ұлағатты ұстаз атанды.
– Рақымжан аға мандолин аспабында жақсы ойнаған екен, ондай өнерін өзіңіз көрдіңіз бе?
– Ол Рахаңның балалар үйінен үйреніп шыққан өнері ғой. Жасынан ширақ, белсенді болып өсіпті. Үйінде қонақта отырғанымызда да түрлі әуендерді орындап беретін. Музыкаға өте жақын болды. Рахаң өнер жұлдыздарына да көп қолғабыс етті. Әнші Жәнібек Кәрменовке көмектесті. Бірде үйіне шақырды. «Бұл Жәнібек Кәрменов деген балам Семейден келді. Әнші екен. Өзі Абайдың Ербол деген досы бар ғой «Абай жолы» романында, сол Ерболға жақын екен. Соның әнін тыңдаңдар» деп таныстырды. Үйінде актер Құдайберген Сұлтанбаев пен Набат Ойнарова деген жыршы қыз да жүр екен, ол кезде Набат пен Құдайберген ерлі-зайыпты. Кілең өнерлі жастар, думандатып, көңілді отырыс жасады.
Енді бірде барғанымызда айтты: «Оншам, Кәкімжан жұмысбасты ғой, ұмытып кетпесін, Жәнібектің тойын жасаймын, үйленгелі жатыр. Өзіміздің «Алматы» қонақүйінде өткіземіз» деді. Тойында болдық. Ғафу Қайырбеков секілді бірқатар белгілі адамдар келді. Рахаңның ондағы мақсаты – ана жастар үлкендердің көзіне түссін, еленсін дегені. Ғабит Мүсірепов Жәнібекті алғаш көріп, әнін естігенде «апырай, мынандай бала бар екен ғой, мынау «находка» ғой» деп таңдай қағыпты.
Рахаң кейіннен Кәкімжанға айтып жүріп, әнші Қайрат Байбосыновқа үй әперткізді. «Егер Қайратқа кеңірек үй әпермесеңдер, Қонаев екеуің жүретін жолға матрасымды апарып жатып аламын» деп әзілдейтін.
– Кәкімжан аға Рақымжан Қошқарбаев туралы жинастырған материалдардың барлығын әріптес-інісі, белгілі журналист Жанболат Аупбаевқа тапсырып кетіпті деп естідік.
– Жанболат Аупбаевты «Лениншіл жаста» жүргенінен сырттай білетін, оның жазғандарын көріп қуанып жүретін, «мына жігіттен жақсы маман шығады» деп. Кейін Кәкең өзі басқаратын журналына сұрап алды. Содан кейін сол қайтыс болар алдында 7 ай бұрын деді ғой. Маған оны Кәкең айтпады, Аупбаевтың өзі айтты. «7 ай бұрын аға бүкіл Рахаң жөніндегі материалдың барлығын маған тапсырды, саған аманат деді» деп. «Сол аманатын орындадым» деп мақала жазды ғой, Аупбаевқа рахмет! 1999 жылы «Халық ала алмаған қамал» деген мақаласы қоғамда үлкен мәселе қозғап, ақыры «Халық қаһарманы» тағы берілді. Бірақ ол кезде Рахаң өмірде жоқ. Баукең де, Кәкең де көрмеді. Кейінгі ұрпақ көрді.
Рахаң өмірден өтер кезде ауырыңқырап жүрді. Бір күні Кәкең: «Рахаңды үйге шақырайық, кішкене көңілін көтеріп, сөйлесейік» деді. Келді үйге. Біраз отырған соң «Кәкімжан, менде туған іні жоқ, менде туған аға жоқ. Мен бұл өмірден кетемін. Сенен басқа ешкімім жоқ. Мені Бауыржан Момышұлының саясына қой. Сонда жатайын» деді. Баукең 1982 жылы қайтыс болғанда, Кәкең жерді өзі барып алған. Ол кезде Орталық Комитетте хатшылық қызметте ғой. Иә, Кәкең Рақымжан ағасының аманатын орындап, Бауыржанның саясына қойды. Енді мына құдыретке қараңызшы, Кәкең Рахаңның қырқын өткізді, жылын өткізді. Рахаңның туған күні 19 қазан болатын. Сол жылын өткізген 1989 жылы 19 қазанда маған қоңырау шалып: «сен Рахаңның үйіне бара бер, жеңгейді қуантып қайтайық. Мен жұмыстан шығып, кешірек жетермін» деді. Содан Рахила жеңгеймен әңгімелесіп отырғанда, Кәкең тағы хабарласты. «Қорықпа, мен ауруханаға түсіп қалдым. Бірақ бір қуанышты жаңалығым бар. Рахаңның атына көше, мектеп беруді сұрадық қой. Тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатуға өтініш бердім. Бүгін Орталық партия комитетінен шықтым, барлығы орындалатын болды» деді. «Енді Рахилаға бер» деді. Жеңгесімен телефонмен сөйлесіп жатты, Рахила жылап жіберді. «Қорықпаңыздар, бәрі жақсы болады» деді. Не керек, Кәкең ертесі 20-нан 21-не қараған түні о дүниелік болып кетті. Қос бірдей батыр ағасы Баукең мен Рахаңның жанына қойдық. Міне, өмір деген осылай екен.
Президентімізге рахмет! Биыл Рахаңның тойы мемлекет деңгейінде аталып өтпек. «Айбын» орденіне есімін бергізіп жатыр. Бұл да болса, халықтың батыр ұлына деген үлкен құрметі деп білемін.
Біздің жас ұрпақ Баукең, Рахаң, Кәкімжан Қазыбаев үшеуінің осындай үлгілі өнегесінен, сыйластығынан өздеріне қажетін алса екен деймін. Бұлар үшеуі де әр өңірде дүниеге келгенімен бірімен бірі бауырлас, көзқарасы жарасқан күрескер адамдар болды. Мұндай жандардың өмірін жиі насихаттап, жастарға айтып отырған жөн.
– Әңгімеңізге рақмет, апа!
Сұхбаттасқан
Бауыржан БАЗАР