Қазір түрлі табиғи апаттың алдын алуға жан-жануарлар пайдаланылады. Нақтырақ айтқанда, жан-жануарлар Алматыдағы Төтенше жағдайлар министрлігінің Сейсмология институтына қарасты сейсмобиологиялық зертханасында бақыланады. Зертхана ел аумағындағы жер сілкіністеріне қысқамерзімді сейсмикалық болжам жасайды. Бұл зерттеуде жануарлардың апат алдындағы мінез-құлқы мен іс-әрекетіне назар аударылады.
«Біз геофизикалық және биологиялық параметрлер жиынтығы негізінде сейсмикалық биомониторинг жүйесінде жер сілкінісін қысқамерзімді болжаудың ғылыми негіздерін жасаймыз. Сонымен қатар еліміздегі сейсмикалық қауіпті аймақтардағы жануарлардың белсенді іс-әрекеттерін бақылап, деректерін өңдеу және талдау технологиясын құрамыз. Күшті жер сілкінісіне дайындық кезінде ақпараттық параметрлерді анықтап, олардың классификациясын жасаймыз. Сондай-ақ жиналған деректердің негізінде болжам әзірленеді», – дейді Сейсмобиологиялық зертхана меңгерушісі Наталья Суровцева.Зертханада жер сілкінісін бақылау мен болжау мақсатындағы жануарларға арнайы биополигон құрылған. Мұнда жануарлардың белсенділігі тәулік бойы визуалды және автоматтандырылған әдістермен бақыланады. Алматы облысының аумағында осындай 5 биостационар жұмыс істеп тұр. Олар геофизикалық, геохимиялық, геодезиялық және басқа да әдістерді қамтитын пункттермен біріктірілген. Полигонда табиғи жағдайға жақын және террариум жағдайында өмір сүретін жануарлардың 10 түрі бар. Олардың ішінде жыландардың 2 түрі (шығыс жылан және өрнекті жылан), кесірткелердің 3 түрі (түрлі түсті және жылдам аусыл, тері геккондар), балықтың қапшықты табан түрі кездеседі. Сонымен қатар тотықұстар, көгершіндер, бентам декоративті тауықтар да бақылауда. Сондай-ақ бір дана саққұлақ қоян да мамандарға жер сілкінісін болжауға көмектеседі. Мамандар жануарларды визуалды, автоматтандырылған және аппаратуралық әдістер арқылы бақылайды. Тәулік бойы әрбір 3 сағат сайын дискретті тексеру жолға қойылған. Автоматтандырылған әдістер жануарлардың қозғалыс белсенділігін тіркейді. Ол үшін жануарлардың денесіне арнайы құрылғылар орнатылады. Барлық биостационардан алынған бақылау нәтижелері өңдеу және талдау үшін күн сайын келіп түседі. Сол жерден қорытынды шығарылып, нәтижесінде табиғи апатқа қатысты қысқа және ұзақмерзімді болжамдар жарияланады.
«Мысалы, жер сілкінерден бұрын иттер мен мысықтарда ерекше сақтық пайда болып, олар үйшіктерінен шықпай қалған. Иттер әдеттегіден көбірек үріп, жылқылар үркіп, кісінеп, өздері тұрған қоралардан қашуға тырысқан. Сиырлар үздіксіз мөңіреп, жем жеуден бас тартқан. Тіпті, сауғызбай қояды. Ал момын деген қойдың өзі сыртқа шығуға ұмтылып, тыпыршып бір орында тұрмай кеткен. Сонымен қатар әтештер де тоқтамай шақырып, тауық қоралардан сыртқа қашады», – дейді зертхана меңгерушісі Наталья Владимировна.Зертхана меңгерушісінің айтуынша, мекеме қызметкерлері сейсмобиология саласындағы білімін жетілдіру үшін Қытай Халық Республикасындағы әріптестерімен бірнеше келісім жасаған. Келісімге сай жер сілкінісін болжау саласындағы жетекші ғалымдар мен профессорлар биополигон және биологиялық зерттеулерді ұйымдастыру бойынша оқыту семинарлары мен консультациялар өткізіп тұрады.