Жемқорлар жасасын!

Жемқорлар жасасын!

Біздің елде жемқорларға тыныштық бермейді ғой. Тыныштық бермейді. Сәл жымқырса болды, көре алмайды. Дереу құрықтап, түрмеге қамайды. Жемқорсыз ел ел ме? Оларды құрметтеуіміз керек қой. Жемқорлар болмаса, өмір де түк қызық емес сияқты. Біз оларға құрмет тақтасын орнатып, суретін іліп қойғанымыз керек, сонда немересі әкесімен келе жатып, құрмет тақтасына қарайды. – Әке, атамның суретін іліп қойыпты! – Иә, жемқорлар аллеясымен келе жатырмыз, балам. – Менің атам да жемқор болған ба? –деп сұрайды баласы. – Иә, атақты жемқор болған. – Қандай тамаша! Менің атам жемқор, менің атам жемқор! – Айқайлама. – Атам сонда не жеген, әке? – Атаң ба? – Иә. – Атаң бәрін жей берген. Ананы да жеген, мынаны да жеген. Еш тоймаған. Тоймай кетті. – Қарны жарылып кеткен бе сонда? – Жоқ. Жегені желкесінен шықты. – Желкесінде тағы бір ауызы болды ма? – Жоқ, құсты. – Не жеп еді? – Вагондарды жүгімен, түйені түгімен. – Атам жалмауыз болған екен ғой? – Жалмауыздың жалмауызы еді. – Қазір қайда? – Жарылып өлді. – Түйені жесе, жарылғанда қандай. – Жай сөйле деймін. – Мен атаммен мақтанамын! Атам жалмауыз, жалмауыз. – Айқайлама деймін. – Өскенде мен де жалмауыз боламын. – Жетісерсің. – Онда неге суретін іліп қойды? – Білмеймін, балам. Біздің елде жемқорларды құрметтемейді. Оларға ескерткіш орнатып, көше атын беру керек. Атасы немересімен келе жатыр дейік. – Ата, мына көшеге әкемнің атын жазып қойыпты! – Иә, Жегішбай Құлқынбаев көшесімен келеміз. – Әкем атақты адам болған екен ғой? – Атақты жемқор. – Жемқор деген не? – Жемқор деген жалмауыз. – Жалмауыз деген не? – Жалмауыз деген жемқор. – Әкем қазір қайда? – Түрмеде қонақта. – Қашан келеді? – Өлгенде келеді. – Өліп қалса, қалай келеді? – Еңбектеп, сүйретіліп келеді.. – Әкемді сағындым, ата. Жемқорларды құрметтеуіміз керек. Оларды түрмеге отырғызғаны үшін халық көшеге, бейбіт шеруге шықса. – Жемқорларға бостандық берілсін! – Жемқорлар жасасын! – Жемқорларға жағдай жасалсын! Жә, жарайды, жемқорларды қатты «құрметтеп», армандап кеттік қой деймін? Құқық бұзғандарды басына ұрады, әділетсіздікке қарсы тұрады дейтін полицейлердің өзі жемқор, парақор болып шықса, тақыр басыңды тырнап, тыр-тыр қасығың келеді екен. Мәселен, ШҚО-да жемқорлықпен айналысқан 21 полицей құрықталды. Ал 2019-2020 жылдары ШҚО-да Ішкі істер министрлігіне қарасты лауазымды тұлғалардың 70 күдіктісіне қылмыстық іс қозғалды. Мақтанарлық емес пе? Біз осындай жемқорларымызбен мақтанамыз. Олар сыбайлас жемқорлыққа барынша бейім болып отыр. Олар қылмыстық істерді заңсыз тоқтатқаны, әкімшілік жауапкершіліктен босатқаны үшін пара алып, мұртын майлап отырған. Еліміздің педагогтері да парақорлықты жандандырып, қуанышымызды тасытып, бірақ желкемсізді қасытып, қағынып келеді. Қызылорда облысында сегіз мектеп директоры мен есепшісі үстінен қылмыстық іс қозғалып, көсегемізді көгертіп келді. Олар 446 миллион залал келтіріп, мәртебемізді көкке көтерді. Не деген мақтаныш! Бюджеттің бүйірін теспей сорған педагогтер жасасын! Жемқорлар жасасын! Ура!

Мұхтар ШЕРІМ