Соңғы жылдары әлем елдерін алаңдатқан жаһандық проблема елімізді де айналып өткен жоқ. Қазір су ресурстарын үнемдеу жайы кез келген елді алаңдатады. Қазақстанда өзендердің сарқылуы жайлы жиі айтылады. Бұған егістіктердегі су тұтыну көлемінің көптігі себеп. Соның әсерінен экологиялық жағдай қиындай түсуде. Демек, егінге кететін су мөлшерін азайту қажет. Бірақ бұл мақсатты жақын арада орындай алмайтын тәріздіміз.Шаруалар неден шет қалды?
Елде суармалы егіншілікті дамытуға басымдық беріліп келе жатыр. Билік суды үнемдеу мақсатында жаңа технологияларды агроөнеркәсіп кешеніне енгізуді бағыт етіп алды. Сол себепті мемелекет тарапынан су үнемдейтін технологияларға субсидия көбірек бөлінеді. Мұндай қолдау шаруалардың жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, өнімнің сапасына да оң әсер ететін еді. Су үнемдеу технологияларына қаржыландыру тәртібі 50/50 әдісімен беріледі. Яғни, су үнемдейтін технологияға көшкісі келген шаруаға су құрылғысына кететін шығынның жартысын мемлекет өтеп береді. Әсіресе, жаңбырлатып суару мен тамшылатып суару жүйесі танымал. Алайда екінші бір мәселе жол тосады. Мысалы, егіншілікте мол өнім беретін аймақ ретінде еліміздің оңтүстігі маңызға ие. Соған орай суды ең көп тұтынатын да осы аймақ. Өкінішке қарай, мұндағы шаруалардың көбі әлі күнге дәстүрлі суару тәсілдерін қолданады. Бұрынғыдай арық қазып, одан қалса, біраз су жерге сіңіп, текке кетеді. Соның кесірінен трансшекаралық өзендерге салмақ түседі.
Дегенмен мамандар шаруалардың көбі мемлекет бөлетін субсидиядан бейхабар деп болжаған екен. Былтыр Ауыл шаруашылығы министрлігі осы бағдарламаға 8,2 миллиард теңге инвестиция салуды көздеген. Субсидияларды есепке алғанда, 6-7 пайыздық жеңілдікпен берілетін несиелер де қарастырылыпты. Алайда жергілікті әкімдіктерге небәрі 300 миллион теңгеге ғана өтінім түскен. Сондықтан мемлекет бұл салада сұраныс жоқ деп есептеп, қаржыны басқа салаға құяды.
Жалпы, елімізде 1,41 млн гектар суармалы егістік алқабы бар, бүкіл егіс алқабының 6,8 пайызы ғана. Бірақ осы жерден түсетін өнім құны 850 млрд теңгені құрайды. Бұл – өсімдік шаруашылығы өнімінен түсетін табыстың 45 пайызы. Демек, суармалы технологиялар жүйесін қолданатын шағын ғана алқаптар елдегі бүкіл алқаптан жиналатын өнімнің тең жартысына жуық өсім береді. Суармалы технологияларды пайдалану тиімді, үнемді һәм жемісті екені жалған емес. Қазақстанда бүгінде 600 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіру жұмысы жүріп жатыр. Ал 2025-2030 жылдар аралығында 800 мың гектар жаңа суармалы жер айналымға енгізіледі деп жоспарланған. Осылайша, жалпы суармалы жер көлемі 2030 жылға қарай 3 млн гектарға жеткізілмек. Мәселен, биылдан бастап Қазақстан қант өнеркәсібін дамытуға баса назар аудара бастады. Алдағы уақытта Ауыл шаруашылығы министрлігі қызылша алқаптарын жыл сайын 6,5 мың гектарға ұлғайтып, 2026 жылға қарай 38 мың гектарға жеткізуді көздепті. Не керек, жөнді бағыт бар, дегенмен түсіндіру жағы ақсап тұр. Бұл тұста шаруаларды жаңа үрдіске баули алмаған министрліктің де айыбы бар секілді. Бұлай жалғаса берсе, су тапшылығы жыл сайын қатты сезіле бермек. Ал «мәселенің алдын алу үшін» деп салынған су қоймаларынан пайда бар ма?
Су қоймаларының септігі тимеуде
Ең әуелі су технологияларын айтпастан бұрын су қоймалары мен су ресурстарының жағдайына егжей-тегжей көз жүгірткен абзал. Қазақстандағы су қорының көлемі 90-100 текше шақырым, оның 50,8 текше шақырымын жергілікті ағын су құраса, 39,2 текше шақырымы трансшекаралық өзендер арқылы Қытай, Орталық Азия елдері және Ресейден келеді. Ал жер асты суларының қоры 15,5 текше шақырымды құрайды. Қазіргі көрсеткіштің деңгейі осындай. Мамандар 2030 жылға қарай су тапшылығы 23,2 текше шақырымды құрап, 2040 жылға қарай елімізді сумен қамтамасыз ету жағдайы нашарлауы мүмкін екенін болжайды. Оған бірінші кезекте экологиялық жағдай себеп. Екіншіден, бізде және суы ортақ көрші елдерде егістік алқаптарының көбеюіне әсер етеді. Яғни, су тұтыну артқан сайын тапшы бола түспек. Мемлекет бұл мәселені шешу үшін арнайы іс-шаралар атқарып жатыр. Мәселен, 2025 жылға қарай агроөнеркәсіп кешенін дамытудың ұлттық жобасына сәйкес, суды үнемдейтін технологиялармен қамтылған аумақты 450 мың гектарға дейін арттыру жоспарланған. Бұл өз кезегінде жыл сайын 1,5 текше шақырым суды үнемдеуге мүмкіндік бермек екен. Әйтсе де, тіршілік көзін үнемдеуге бұл жеткіліксіз секілді. Мәселе 1 ғана шарамен шешілмейді. Инженер-гидрогеолог Анар Тілеулесова жауапты органдар бірнеше маңызды дүниені ескермей отырғанын айтады.
«Расымен, су үнемдегіміз келсе, салаға жаңа технологиялар көптеп енгізілуі қажет. Қазір технологиялардың белсенді түрде енгізіліп жатқанын көріп отырған жоқпыз. Суды көп мөлшерде пайдаланатын шаруашылықтан бастап мекемелерде, кәсіпорындарда, жылу-электр орталықтарында суды үнемдеп, қайта пайдалану технологиясын енгізу керек. Бүгінде ел аумағында су қорының нақты қанша екенін дәл болжаудың өзі қиын. Себебі оны білу үшін аймақтарда ылғи бүкіл процесті бақылап отыратын гидрологиялық посттар болуы керек еді. Бізде ондай посттар жоқ», – дейді маман.
Бірер жыл бұрын Экология және табиғи ресурстары министрі болып тұрғанда Серікқали Брекешев 2025 жылға дейін еліміздің 6 аймағында 9 жаңа су қоймасын салу жоспарланғанын айтқан еді. Тіпті, қыруар қаржының шет жағасын құлаққағыс еткендей болды. Оның алдында Мағзұм Мырзағалиев құрылыстар 115 миллиард теңге сұраған. Ведомство таяуда бұл жұмыстың әлі жалғасып жатқанын жеткізген.
«Елімізде қосымша су көлемін қамтамасыз ету үшін жинақтау көлемі 1,7 текше шақырымды құрайтын 9 жаңа су қоймасының жобасын іске асыру жоспарланған. Ақмола, Алматы, Қызылорда, Түркістан облыстарының әрқайсысында бір су қомасы, Жамбылда – 3, Батыс Қазақстанда 2 су қоймасы салынуы керек. Бұл жоба өз кезегінде 20 елді мекенге (70 мың адам) су тасқыны қаупін азайтуға, 195,3 мың гектар жаңа суармалы жерлерді айналымға енгізуге, ауыл шаруашылығында 20 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді», – деп мәлімдеген минстрлік.
Енді қараңыз, онсыз да ел аумағында 300-ден астам су қоймасы бар. Дегенмен солардың арқасында егістік жерлер суға «жарыды» дегенді естімедік. Одан бөлек, тағы бір қаупі бар. Су қоймаларына жақын тұрған елді мекендерге қауіп көп, кез келген сәтте су тасуы мүмкін. Бұл – бір. Екіншіден, су қоймалары табиғи процестерді бұзады. Яғни, сол арқылы құрғақшылыққа себепші. Бұл жайында бізге кезінде техника ғылымының докторы, профессор Мәлік Бөрлібаев та айтқан болатын.
«Су қоймаларын сала беру адамдардың табиғи процеске араласуын көрсетеді. Су қоймасындағы температураның тік стратификациясына барлық өзен-көлдің экожүйесі жаңылысып кетеді. Көктемдегі су тасқыны жылдық ағынның 80 пайызын құрайды. Ол ағын экожүйелерді сақтап отырады. Біз оны су қоймалары арқылы тежейміз. Енді өзен-көлдердің тартылуына әсер еттік», – деген еді.
Қайтқен күнде де су тақырыбы алдағы кезеңде мүлде өзектілігін жоймайды. Керісінше, күрделене бермек. Сондықтан салаға жауапты басшылардың бас ауыртар, су үнемдеудің түрлі жолын қарастырар уағы әлдеқашан жетті. Мұны шаруалар да ұғынса игі еді.