«Біз сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің сызбасын нақтыладық. Оған негізінен білім, денсаулық сақтау және жер қатынастары салалары енеді. Біздің мақсат – бас салып, жазалау емес, бірінші кезекте жемқорлықтың алдын алу», – дейді департамент басшысы.Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті прокуратураның үйлестіруімен жүргізілген шара барысында фармацевтикалық бақылау саласындағы лауазымды тұлғалардың жемқорлықтарын анықтап, кезекті парақорлық әрекеттің алдын алды. Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаментінің бөлім басшысы міндетін атқарушы мен жетекшісі өз лауазымын оңай олжа табудың көзіне айналдырып, жүйелі түрде пара алып келген. Фармацевтикалық бақылауды ұйымдастыруға жауаптылар фармацевтикалық қызметті жүзеге асыруға берілетін бас лицензиялар мен олардың қосымшаларын беру үшін олардан жалпы сомасы 850 мың теңге болатын «сыйақы» сұраған. Алматы облысында заңсыз коммерциялық қызметпен айналысатындар да бар. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі облыстық департамент ағын су жүйесіне мониторинг жүргізіп, бірқатар ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің каналдарды пайдалану құқығының жоқтығына, табиғи монополиялар тізіліміне енгізілмегеніне қарамастан, ағын суды арзанға алып, шаруаларға бірнеше есе қымбатқа сатып, пайда тапқанын анықтаған. Су сатуды кәсіп қылғандар ағын суды Д. Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналынан «Қазсушар»-дың өңірлік филиалымен бекітілген тарифке сәйкестеліп отырған. Соған қарамастан шаруалар амалдарының жоқтығынан канал мен екі арадағы «делдал» кооперативтерден текше метрі 70 тиын болатын судың бір текше метріне орташа есеппен 2 теңгеден төлеуге мәжбүр болған. Сонымен бірге екі ортада сауда жасап, пайда тауып жүрген 24 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің екеуінің ғана каналдарды сенімді басқаруға келісімшарты бар болып шыққан. Мәселеге антикор араласып, ағын суды пайдаланудағы пайдакүнемдердің схемасы әшкере болғаннан кейін фермерлер суармалы суды тікелей Үлкен Алматы каналынан алатын болыпты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ұсынысымен Еңбекшіқазақ ауданы, Қаратұрық ауылдық округіндегі 272 шаруа қожалығының Үлкен Алматы каналымен 1 текше метр суды 50 тиыннан алатындығы жөнінде келісімшарт жасау мәселесі шешімін тапты. Соның арқасында бір ғана ауылдық округтегі жергілікті фермерлер бір маусымда 42 миллион теңге үнемдеуге мүмкіндік алған. Алдағы уақытта басқа ауылдық округтердегі ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің де осындай тікелей келісімшарттарға отыруына қатысты мәселелер реттелмек. Қазір жоғарыда айтылған 24 кооперативтің бесеуі ғана монополияға қарсы заңнамаға сәйкес өздерінің тарифтерін Алматы облыстық табиғи монополияларды реттеу комитеті департаментімен бекітіпті.
Болат АБАҒАН, Алматы облысы