Мектеп директорлары "Болашақпен" шетелде білімдерін жетілдіре алады
Мектеп директорлары "Болашақпен" шетелде білімдерін жетілдіре алады
1,171
оқылды
Мектеп директорларының кадрлық резерві жасақталады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Алматы педагогтерімен кездесуде айтты. Ғани Бейсембаев білім беру жүйесінің сапалы дамуына және педагог мәртебесін одан әрі дамыту қажеттілігіне ерекше тоқталды. Оқу-ағарту министрінің айтуынша, Жол картасы білім беру сапасын арттыруға бағытталған 80-нен аса іс-шараны қамтиды. Оның ішінде тәрбиешілерді оқыту және аттестаттау, жаңа модель бойынша даярлық курстарының мазмұнын жаңғырту ұйымдастырылады.
«Орта білім берудегі өзекті мәселе – білім мазмұны мен білім сапасы. 2020-2021 оқу жылында мектептердің жаңартылған бағдарламаларға көшуі толық аяқталып, білім беруді критериалды бағалау жүйесі енгізілді. Бұл өте маңызды өзгеріс болды. Алайда мониторинг  зерттеулеріне сәйкес, жекелеген пәндер бойынша оқу бағдарламалары жетілдіруді қажет етеді. Сонымен қатар «Білім беру ұйымдары басшыларының республикалық кадрлық резерві» жасақталады. Резервтегі менеджерлерді «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелде тағылымдамадан өткізу көзделген. Бұдан басқа, еліміздің озық тәжірибелі педагогтерінің республикалық базасы құрылады»,–  деді Ғани Бейсембаев.
Кездесу барысында арнайы білім беру, тәрбие жұмысы, балалардың қауіпсіздігі және инфрақұрылымды дамыту мәселелері талқыланды. Жұмыс сапары аясында Ғани Бейсембаев Абай атындағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын дарынды балаларға арналған республикалық орта мектеп-интернатының жұмысымен танысты. Сонымен қатар бірқатар білім мекемелеріне барып балалар қауіпсіздігінің қамтамасыз етілуі барысымен танысты.