Уақытты жоспарлау жайында жиі естиміз. Ресурс, өз уақытым, кайдзен жайлы күнделікті естісек те тереңіне бойламаймыз. Осы орайда Назым Исмағанбет тайм-менеджменттің орасан күшке ие екенін айтады. Егер саңылауын тапсаң, тәуліктің 25 сағаты сенікі болуы мүмкін.
Тайм менеджмент дегеніміз – уақытты басқару емес, өз ісіңді ұйымдастыра алу. Яғни, сіз бен бізде 24 сағат бар. Уақыт тоқтаусыз өтіп жатыр. Сондықтан оны басқара алмаймыз. Ал нені басқаруға қауқар жетеді? Әрине, өзімізді. Нақтырақ айтқанда, тәулік ішінде өнімді жұмыс істеп, қалаған нәтижеге жететіндей уақытты жіктеуге болады. Біріншіден, «менің басты қалауым не?» дейтін сұраққа жауап іздеңіз. Қателігіміз, басты қалауымызға мән бермей, қым-қуыт тіршіліктің қазанында қайнап жатырмыз. Мәселен, біреу наурыз айында денсаулығын түзеуге мақсат қояды. Бірақ ол мақсатына қадам жасамай, керісінше күнделікті ұсақ-түйекке уақытын өткізіп алады. Одан неге дәрігерге бармағанын сұрасаң, қолы тимегенін айтады. Шын мәнінде, уақыт жоқ емес, бар. Барлық ресурспен салыстырғанда уақыттың күші басым. Ақшам жоқ немесе күшім жоқ деп айтпаймыз, уақыт жоқ деп айтамыз. Керісінше, бізде ақша, күшке қарағанда үнемі уақыт бар. Сондықтан бұл жерде уақытты басқармаймыз, дұрыс пайдаланамыз.
Арман мен мақсатты ажыратып үйренейік
Алдымен үлкен мақсат қойып үйрену керек. Жылға, сосын айға мақсатыңызды жіктейсіз. Көпшілік жіберетін қателік осы. Тайм-менедженттің құны да осы жерден білінеді. Мәселен, тайм-менеджмент қолданбайтын жандар өмірін кейінге қалдырып жатқанын түсінбейді. Қазақта «Құдай қаласа, болады», «мынаны бітіріп алсам», «жаз шыққанда», «жөндеу жұмысын бітіріп, үлкен үйге көшкенде» дейтін бітпейтін сылтау бар. Ал неге кейінге шегерген жаман? Өйткені қалауың орындалмаған кезде өзіңді бақытсыз сезінесің. Тайм-менеджменттің көздегені – адамды бақытты ету. Яғни, өзіңе анализ жасау арқылы діттегеніңе жету. Тарқатып айтсам, «наурызда мынаны бітіруім керек, сәуірде мына нәрсе күтіп тұр» деп саналы түрде әрекет етесіз. Бақытты өмірге ұмтыласыз. Екіншіден, алға қойған үлкен мақсатыңызды кіші бөлікке бөлесіз. Мысалы, қазір айына 100 мың теңге тауып жүрген жанға «миллион табамын» деп мақсат қою қорқынышты. 2023 жылдың желтоқсанына дейін миллион теңге табамын десе, онда қаңтардан бастап айлық табысын екі жүз мыңға көтеруі керек. Осындайда қазақтың соғымы жақсы үлгі. Мысалы, жылқыны соғымға сойсаңыз, бірден жемей, жіліктеп бөлесіз. Тайм-менеджменттің бір принципіне ұқсайды. Сонымен қатар тайм-менеджмент приоритет қоюда жетекші рөл ойнайды. Сіз үшін не маңызды екеніне назар аударуға көмектеседі. Содан кейін мақсат пен арманды ажырата алмайтындар қаншама?! Үй алғыңыз келетінін айту – арман. Ал Астана қаласынан осындай шағынауданнан үш бөлмелі пәтер алғым келеді дейтін болсаңыз, бұл – мақсат. Яғни, SMART жүйесі бойынша мақсат құру. Мақсат қоюдың да өзінше принциптері бар.
Жалпы, тайм-менеджментті батыстық және шығыстық деп екіге бөлуге болады. Классикалық тайм-менеджмент батысқа тән дүние. Ал кайдзен шығысқа тән. Айырмасы қандай? Классикалық тайм-менеджмент аз уақытта көп нәрсе істеуге бағытталады. Мысалы, бір сағаттың ішінде жиырмаға жуық іс тындыруға акцент қояды. Шығыстың тайм-менеджментінде аз нәрсе жасасаң да нәтижеге жету маңызды. Байқасаңыз, батыс киносында көбіне сағатына дейін жазып қойған, оятқышы шырылдағаннан бастап, рет-ретімен жүреді. Ал шығыс тайм-менеджменті адамды баланста ұстауға үйретеді. Мәселен, жұмыс, отбасы, бос уақыт, жеке өмірді баланста ұстауға шақырады. Егер күніңді жоспарлай алсаң, онда өміріңді баланста ұстай аласың деген сөз. Яғни, батыстың тайм-менеджменті өнімділікке, шығыстыкі тиімділікке көңіл бөледі.
Принцип бойынша алға үлкен мақсат қойып, оны тоқсанға, айға, күнге бөле алу керек. Мәселен, үлкен масштабтағы дүниеге жету үшін командамен жұмыс істейміз. Адам өзі көп нәрсеге жете алмайды, жетсе де ресурсы шектеулі. Осы сәтте «бөліп беру» режимін қосамыз. Жеңілдету тәсіліне келсек, мұны үй тірлігі бойынша түсіндірейік. Мысалы, үйде отырған әйелдің кір жууға уақыты көп кетеді делік. Егер кір жуатын машина алса, жеңілдету режимін іске қосқаны. Яғни, бизнесте кассаны қолмен есептеу көп уақыт алатыннан, мұны жеңілдету жолын қарастырса бизнесмен ресурсын үнемдейді. Келесісі – дедлайн. Жоспар болған жерде уақыт шектеуі қажет. Сонда бір жүйе қалыптасады.
Өзіне уақыт арнайтындар аз
Бәрімізде 24 сағат бар. Бірақ үнемі өзімізге уақыт таппаймыз. Сол тұрғыда тәулік ішіндегі тірлікті дұрыс жоспарлай алсаң, өзіңе бір сағат артық уақыт табылады. Шынымен, қазір «өз уақытым» түсінігі танымал. Блогерлер болсын, басқасы болсын «өзіммен кездесуге келдім» деп жазба жариялап жатады. Аталған дүниенің болуы заңды. Біраз уақытқа дейін ер адам болсын, әйел заты болсын өз қажетін кейінге ысырып келді. Әрине, мұның өзіндік себебі бар. Мәселен, ашаршылық, соғыс, колхоз тарауы, 90-жылдар сияқты қиын-қыстау кезеңде ми мен психика өзіне қажет дүниеге энергия құртпайды. Мұндай кезеңде тек өмір сүру режимі қосылады да, адамдар қажетін кейінге қалдырды. Мысалы, «балам үшін, ата-анам үшін» деген сайын өзіне шектеу қояды. Ал қазір шекарасын қорғайтын, өзіне уақыт бөлуге тырысатындардың қатары көбейді. Бірақ әлі де аз. Біріншіден, қоғамдағы тенденция үнемі осы жайында айтатын блогерлердің арқасы. Екіншіден, психологтердің кабинетінен шығып, әлеуметтік желіге келді. Олардың адам қажетін қанағаттандырған кезде өзін бақытты сезінетінін жазғанының әсері тиіп жатыр. Содан адамдар өзіне уақыт арнауды үйреніп жүр. Әрине, адамның өз уақыты болуы керек. Ішкі дауысқа құлақ аспасақ, кейін «не істедім, мен қалаған өмір қашан болады» деп өкінуіміз мүмкін. Дәл қазір не қалайтыныңызға фокус қойып, соны орындауға уақыт бөлу – жақсы әдет.
Жазып алған Айзат АЙДАРҚЫЗЫ