Павлодарда Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің қарындасын ұрлағандар 200 миллион теңге талап еткен, – деп жазады Tengrinews.kz.
Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Павлодар қаласының тұрғыны Гүлфаз Аубанованы ұрлау туралы қылмыстық іс қаралды. Сот алдына фирманың директоры және оның қызметкері келді.
Соттың ақпараты бойынша, сотталушылар ҚР ҚК-нің 24-бабы «Қылмысқа оқталу», ҚР ҚК-нің 194-бабы «Аса ірі мөлшерде қорқытып алушылық», ҚР ҚК-нің 125-бабы «Адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен адамды пайдакүнемдік ниетпен қару қолдану арқылы ұрлау» бойынша айыпталған.
Соттың баспасөз қызметі: «2013-2018 жылдар аралығында ЖШС директоры мен құрылтайшысында 360 миллион теңге сомасындағы несиені өтеуге байланысты қаржылық қиындықтары туындаған. 200 миллион теңге көлемінде ақша бопсалап алу мақсатында ол өз кәсіпорнының күзетшісімен бірге Г.К.Аубанованы ұрлап кеткен», – деп хабарлады.
Сотталушылар 7 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Гүлфаз Кенжетайқызы Аубанова – Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің туған қарындасы. Ол – жеке медициналық ұйымдар желісінің топ-менеджері. Жекеменшік медициналық орталықтың директоры, Павлодар облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы, 2009 жылдан бастап Павлодар облысы бойынша Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің департаментін басқарған.
Еске сала кетейік, 2019 жылы қыркүйекте Павлодар қаласының 61 жастағы тұрғыны ұрланғаны хабарланған болатын. Исиналиев көшесіндегі үйдің ауласында әйел адамға шабуыл жасалған. Жәбірленуші полицияға арызданған, шағымында ол шабуыл күш қолданып жасалғанын көрсеткен.