Орда бұздық, мінекей!
Орда бұздық, мінекей!
350
оқылды
«Отызында орда бұзды» деп жатады. Көнекөз қариялардың сөзі ғой. Жігіттің нағыз бабына келіп, кемеріне толатын кезі. Шынтуайтында, 30 жыл аз уақыт емес. Осы межені «Астана» телеарнасы да бағындырып отыр. 1993 жылы 1 наурызда алғаш хабар тарата бастаған ұжым қазір елдегі ең беделді телеарнаның біріне айналды. Әу бастағы атауы «Цесна» еді. Кейін «АС ТВ» болды. Қазір көзі қарақты көрермен үзбей көретін «Астанаға» түрленіп сала берді. Телеарна қазақ тілді бағдарламаларға басымдық береді. Әртүрлі жанрдағы жобалар бар. Елде көрсетілуге міндетті телеарналардың қатарына кірген. Дубляж студиясы жұмыс істейді. Шетелдік телехикаяларды қазақ тіліне аударып, сапалы дыбыстап, көрерменге ұсынып отыр. Бұл арнада елге есімі таныс талай маман талмай еңбек еткен. Қазір солар әртүрлі салада лауазымды қызмет атқарып жатыр. Сондықтан «Астана» телеарнасын «мықтыларды дайындайтын шеберхана» дейтіндер көп. «Астана» – жас тілшілердің қарымын ұштап, қабілетін шыңдап жатыр. Барлық өңірде тілшілер қосыны бар. Аймақтағы журналистер қал-қадірі жеткенше маңызды деген ақпаратты елге жедел ұсынуда. 30 жылда жасалған жұмысты жіпке тізу әсте мүмкін емес. Анығы – осы аралықта телеарнаның көрермені көбейді. Ақпарат кеңістігінде ойып тұрып орын алды. Біз үшін көрермен ықыласы қымбат. «Астана» телеарнасына адалдық танытып келе жатқан барша қауымға алғыс айтамыз!