Иттің етін сатудан именбеген
Иттің етін сатудан именбеген
745
оқылды
Соңғы кездері Ақмола облысында бұралқы иттерге қатысты мәселелер жиіледі. Біреулер көше кезген қаңғыбас иттерді мүлде жоюды талап етсе, екінші тараптан жануарлар жанашырлары иттерді қорғау керек деп шырылдайды. «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң шыққалы бері еліміздің қай аймағында болмасын қаңғыбас иттер көбейді. Сәйкесінше, жағдайды дереу өз пайдасына жаратқан пысықайлар да табыла кетті. Әлеуметтік желіде елорданың дәмханалары мен мейрамханаларына сиыр, қой еті деп иттің етін жеткізіп жүрген саудагер жайындағы әңгіме желдей ескен. Дереу іске кіріскен тәртіп сақшылары кәсіп­кердің үйінен 750 келіден асатын ит етін тапқан. Бұралқы иттерді әр өңірден атып, елордадағы тамақтану орындарына еш қымсынбастан өткізіп кел­ген ол бұл істі біршама уақыт бұрын жолға қойып алған болып шықты. Яғни, осы уақытқа дейін осы кәсіпкерден ит етін алып келген дәмхана­лардан мың­даған астаналық тұрғын мен қала қо­нағы та­мақ­танғаны сөзсіз. Жаға ұстатар сұмдық жағдайды Inucobo жануар­ларды қорғау ассоциациясы хабарлады. Олардың айтуынша, ит етін сатушының қылмысын анықтау үшін олар итті сатып алушылар ретінде байланысқа шыққан.
– Біз күдіктімен ит етін аса ірі мөлшерде сатып ал­ғысы келген тұтынушы ретінде таныстық. Әңгіме барысында бұл адамдардың Ақмола облысы бойын­ша бұралқы иттерді аулайтыны анықталды. Ол жігіт ешнәрседен де қорықпай, бұл іспен біраз уақыттан бері айналысып келе жатқанын мақтанышпен жет­кізді. Айтуынша, сол сәтте қоймасында 700 келіден артық ет болыпты. Әрі тек ірі партиямен ғана өткізетінін жеткізді. Ит етінде оқ-дәрілердің де болуы мүмкін екен. Сондықтан мұқият әзірлеу керек екенін тәптіштеп түсіндірді. Ол еріктілер және полиция қызметкерлерінің көмегімен қолға түсті. Тінту кезінде шынында оның үйінен 750 келіден астам ит еті тәркіленді. Бірақ тергеуден кейін ешқайда шықпау туралы қолхат алып, оны босатып қоя берді, – дейді Inucobo жануарларды қор­ғау ассоциациясының президенті Лилия Сәр­сенова.
Расында да, әлеуметтік желілерді кезіп кеткен аудиожазбада ер адам Астанадағы дәмханалардың көбін ит етімен қамтамасыз етіп отырғанын әрі оны ешқандай да улы емес екенін ашық айтады. Тіпті, ол өз тауарының дәмін де татып көрген екен. [caption id="attachment_242688" align="aligncenter" width="1653"]ит еті © коллаж: Қуаныш Сапарбаев[/caption] Дәмханалардың бұл етті келушілерге қой яки сиыр еті деп ұсынғаны белгілі. Ал ол бұралқы иттер неше түрлі ауру болуы да әбден мүмкін. Бұл орайда дәмханалар мен мейрамханалар ұсынған тағам­дарының сапасы мен құрамына тексерілмейтіні мәселенің төркіні арыда жатқанын айғақтайды. Өйткені қолданыстағы заңға сәйкес тиісті факті­лермен нақты арыз-шағым түспесе, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет тамақтану орындарын тексере алмайды. Оның үстіне, бизнесті тексеруге мораторий жариялануы жауаптыларға қолбайлау. Ал осыған дейін Алматы облысының Қарасай ауданында да ит етін дәмханаларға саудалауы бұл түйткілдің жүйеленіп бара жатқанын анық аңғар­тады. Біз түйінді мәселе жайлы санитарлық-эпидеми­ологиялық қадағалау саласының қандай құзыреті бар екені жөнінде Ақмола облыстық СЭС депар­таменті басшысынан сұрап көрдік. Облыстың бас санитар дәрігерінің айтуынша, қазіргі уақыт сани­тар­лық қызмет орын саны 50 адамнан асатын та­мақ­тану нысанын ғана жоспарлы түрде тексере алады екен.
«Қалған қоғамдық тамақтану нысандары жоспарлы түрде тексеруге жатпайды. Қоғамдық тамақтанудың барлық нысанына қатысты жоспар­дан тыс тексеріс адам денсаулығына, қоршаған ортаға және заңды және жеке тұлғалардың заңды мүддесіне нақты залал келтіретін, яғни оларды сақ­тамау адамның өмірі мен денсаулығына зақым келтіруге әкеліп соғатыны расталған дәлелдер болған жағдайда жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша жүргізіледі», – дейді Ақмола облысының бас санитар дәрігері Айнагүл Мусина.
Тексеру жүргізген тергеушілер ит етін сатқан кәсіпкердің Шортанды ауданының азаматы екенін анықтаған. Бірақ тергеу амалдарының жүргізілуіне байланысты Астана қаласының Полиция департа­менті әзірге қандай да бір ақпараттың жариялауға жатпайтынын мәлімдеді. Өзекті мәселе жуық арада шешімін табуы да екіталай дүние сияқты. Өйткені бұралқы иттер елдің бар аймағында тым көбейіп жатыр. Сол секілді ортамызда әлі де ұят пен ардан безіп, ит етін сатып пайда тауып жүргендердің болуы мүмкін. Мұ­нымен қоса, жануарлардың жанашырлары мен қаңғыбас иттерді құрту керек деп екіге жарылған қоғамның арасындағы даудың да күшеюі жақсы­лыққа апармайтыны сөзсіз. Сондықтан жауаптылар аталған мәселені толықтай зерттеп-зерделеп заңға да өзгерістер енгізетін уақыт жеткен сияқты.

Ақмола облысы