«Таймас»: жаңа сұрыптан мол өнім аламыз ба?
«Таймас»: жаңа сұрыптан мол өнім аламыз ба?
658
оқылды
Ақмола облысындағы А.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орта­лығында жаздық жұмсақ бидайдың «Таймас» атты жаңа сорты шығарылды. Селекциялық жұмыстар Шортанды ауданының Научный ауылында жүргізілген. Жаңа астық сұрпын шығаруға 12-15 жыл керек Жаңа сұрыптың сапа көрсеткіштері­мен, оны іріктеп алуға үлес қосқан ұжыммен танысу үшін біз ғылыми-өнді­рістік орталыққа барып қайттық. Орта­лықтағы зертхана меңгерушісі Елжас Қа­йыржановтың айтуынша, жаңа бидай сұрпын дүниеге әкелуге ғылымның соңғы жетістіктері қолданылған.
«Әрбір сұрыптың өмірі аналық және аталықты шағылыстыру нәтижесінде алынған бірнеше дәннен басталады. Гибридтеу арқылы алынған дәнді селекция тәлімбақтарында көбейтеді, содан соң олардың өнімділігі жоғары, сапалы, ауруға төзімді, сабағы құлап, дәні шашылып қалмайтынын таңдап алады. Осылайша, селекцияның классикалық әдісімен жаңа сұрыпты дүниеге әкелу үшін кемінде 12-15 жыл кетеді. Заманауи биотехнологиялық әдістерді және өсімдікті тез өсіру әдістерін қолдана отырып осы үрдісті 7-10 жылға дейін қысқартуға болады. Кейін жаңа сұрыпты үлкен аумаққа егіп өндірістік сынау, яғни стандарттау жүргізіледі, оны ғалымдар сұрыпты аудандастыру деп айтады. Дәннің түсімі артқаны дәлелден­ген жағдайда жаңа бидай түрі сұрыптық сынақтан өткізуге ұсынылады», – дейді Елжас Қайыржанов.
Ауыл шаруашылығы дақылдарын сорттық сынау жөніндегі мемлекеттік комиссия сынағының нәтижелері жақсы болып шыққанда жаңа сұрып ҚР Се­лекциялық жетістіктерінің мемлекеттік тізіліміне енгізіледі. Бұдан кейін нақты топырақты-климатты аймақтарға егуге ұсынылады. «Таймас» орташа пісіп-жетілетін сорт­қа жатқызылады. 2022 жылы аталмыш сұрып Селекциялық жетістіктердің мем­лекеттік тізіліміне енгізілді. Сабағы қысқа, орташа ұзындығы – 60-70 см. Сабағы қысқа болғандықтан, өсу функциясы өз­геріп, биологиялық материал астық түсім­ділігіне жұмсалады. Жаңа сорт еліміздің солтүстік өңір­леріне егуге арналған. Астық сапасының технологиялық көрсеткіштеріне қарасақ, ірі дәнді «Таймас» сорты мықты бидай қа­тарына жатқызылады. Шикі желімтегі – 32,3-34,5 %, ақуыз – 15,1-15,7 %. Сорт­тың түсімі өте жоғары, зерттеу жылдарындағы ең жоғарғы көрсеткіші– 38,5 ц/га болды. Орташа түсімділігі – 25,5 пайыз. Яғни, елімізде астық түсімі орташа алғанда гектарына 8-10 центнер екенін ескерсек, бұл – өте жақсы көрсеткіш. Сортты ғалымдар мен мекеме қыз­меткерлерінен құралған ұжым әзірлеп шыққан. Авторлар құрамында Бидай селекциясы бөлімінің меңгерушісі Әділхан Бабкенов, аға ғылыми қызметкер Татьяна Шелаева, жұмсақ бидай селекциясы зертханасының меңгерушісі Елжас Қайыржанов, астық сапасын анықтау зертханасының ғылыми қызметкері Светлана Дашкевич, Марал Өтебаев, өсімдіктер иммунитеті зертханасының меңгерушісі Сандуғаш Бабкенова бар. Елжас Қайыржановтың айтуынша, А.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығында дүние­жү­зіндегі ауыл шаруашылығы басты сортта­рының әлемдік коллекциясы бар. Орталық ғалымдары шетелдердің ең жақсы сорт­тарын будандастыруға пайдаланады. Шетелдік сорттар өнімді, ақуызы көп, ауруларға төзімді және сабағы жапырылып қалмайды. Алайда шетелдік селекция сорты отандық бидай сұрпына қарағанда түсімі және сапасы төмен, басқа топырақ-климат жағдайына арналғандықтан, елімізде егілмейді. Жаңа сұрыпты дүниеге әкелу – ұзақ әрі көп еңбек талап ететін үрдіс. Сорттың тазалығын сақтаудан алғашқы тұқым өсіру жұмысына дейін жоғары білікті селек­ционер-тұқым өсіруші мамандар, арнайы селекциялық тұқым өсіру техникасы мен жабдықтары, сондай-ақ жұмысы жолға қойылған инфрақұрылым қажет. Сорттың атауын ұжым таңдайды Орталық мемлекеттік сортты сынауға жыл сайын жаңа сұрыптарды жіберіп отырады. Қазір «Татьяна», «әл-Фараби», «Қасқарбаев құрметіне» деген сорттар сынаудан өткізіліп жатыр. бидай Айта кетерлігі, «Қасқарбаев құрметіне» сорты осы мекемеде көп жыл жұмыс істеп, еңбек сіңірген ғалым Жексенбай Қас­қарбаевтың құрметіне аталған. Ол еліміз­дің ауыл шаруашылығы ғылымын дамы­туға зор үлес қосқан. Оның басшылығымен ауыл шаруашылығы дәнді-дақылдың 49 сорты әзірленген. Оның ішінде 13-і жаңа жаздық жұмсақ бидай сорты бар.
«Жаңа сортты қалай атау керегін ұжым болып таңдаймыз. Кейде кім көп еңбек сіңірді, соған таңдау берілетін кез болады. Орталықта жұмсақ бидайға «Шортан­дин­ская» деп атау беру дәстүрі қалыптас­қан. Қатты бидайды «Дамса» деп атау қа­лып­тасқан. Өйткені осы екі атаумен көп жыл­дан бері егіліп келе жатқан сорттар желісі бар. Соңғы кездері атауды өзгертіп келеміз. «Татьяна» деген атау аға ғылыми қыз­мет­кердің атымен аталады. Ғалым бидай­дың жаңа сортын өзі будандасты­рып, селек­ция жұмысының басынан аяғына дейін атсалысқан», – дейді Елжас Қайыржанов.
Сондай-ақ 2020 жылы әл-Фарабидің 1 150 жылдық мерейтойына байланысты ұсыныс келіп түскен, сосын жазғы би­дайдың жаңа сұрпына «әл-Фараби» атауы берілген.
«Қазір «Таймас» сортына патент бе­рілген. Оның тұқымы көбейтіліп жатыр. Тұқым көлемі жеткілікті болған кезде элита тұқымдарды сатылымға шығарамыз. Одан ары қарай лицензиялық келісімдер қорытындысына сәйкес авторлық ақы төлене бастайды. Алғашқы будандасты­ру 2006 жылы жүргізілді, сұрыптың алғашқы дәндері алынғаннан будан­дастыруға дейін шамамен 15-16 жыл уақыт кетті», – дейді ғалым.
Сұрыпты сынау жүргізіліп жатқанда оригинатор (өсімдік сортын әзірлеген тұлға не мекеме – авт.) мекеме жаңа сорттың алғашқы тұқымын әзірлейді. Ол кезде көбейтілген тұқым сұрыптық бі­регейлігін, генотипін, пайдалы белгілерін сақтауы тиіс. Бидай сорттары өсімдік ауруына төзімді болуы тиіс Тағы бір қызығы, жаңа сорт қоңыр тат ауруына (P. triticina Eriks.) төзімді, сабағы құлап қалмайды әрі қуаңшылық­қа шыдамды. Молекулярлық талдау нәти­жесінде аталмыш сорттан қоңыр тат ауруына төзімді – Lr19 және Lr37 генде­рі анықталған. Қоңыр тат қоздырғышы егін түсімін күрт төмендетіп, дән сапасын кемітеді. Ол – тат ауруларының ішінде кең таралған және өте зиянды қоз­дыр­ғыштың бірі. Тат аурулары, әсіресе қоңыр тат да­мыған елдерде бидай өнімділігін тежейтін биологиялық фактор саналады. Патоген популяциясының құрамы му­тацияға бейім және ауа арқылы бірнеше жүздеген ша­қырым қашыққа тез таралуға қабілетті. Ғалым Шермахан Шапаловтың осы ауруға қатысты зерттеуіне қарасақ, елі­міздегі егістік алқаптарының барлығынан бидай тат ауруы анықталған. Әсіресе, солтүстік облыстарда ылғал көп болған жылдары жиі байқалады. Ауру салдарынан өсімдіктің бойы, сабағының жуандығы және масақ ұзындығы қысқарады, масақтағы масақша саны, дән саны, дән салмағы кемиді. Ауру өршіген жылдары жаздық бидай өнімі 80 пайызға дейін, ал масақтану кезінде 20-30 пайызға дейін азайып кетеді. Сонымен қатар дән сапасын анықтайтын технологиялық көрсеткіш­терді төмендетеді. Жыл сайын әлемде тұқым өндірісінде бидайдың тат аурулары салдарынан орта есеппен өнім сапасы 10-20%-ға, ал Қазақстанда 10%- дан, аурудың негізгі ошақтарында 50%-ға дейін кемиді. Сондықтан ауруға төзімді сорттарды шығару және өндіріске енгізу әлемдегі басты проблемалардың бірі. Ғалымның тұжырымдауынша, астық дақылдарының егістігінде фитосани­тарлық жағдайдың нашарлауы, климаттың ауру дамуына қолайлы болуы, төзімсіз сорттарды көп егу тат ауруларының өр­шуіне себеп болған. 2021 жылы еліміздің астықты бөлігі – солтүстігінде егілген патенті бар селек­циялық астық сорттары тізіміне қарасақ, отандық сұрыптар көбірек ұсынылғанын көреміз. Оның ішінде біз барып қайтқан орталықтың 6 сорты бар. Алайда ресейлік сұрыптар көп аумаққа егілген бастапқы екі орынға жайғасқан. Яғни, отандық сапалы тұқымға ішкі нарықтың басым бөлігін иемдену үшін әлі де еңбек етуге тура келетінін көреміз. Сонымен қатар отандық астық селекционері үшін сыртқы нарықта да жетістікке жету қажет. Бұл отандық ғалымдар үшін диқан сенім артатын әрі түсімі мол, қазіргі климат өзгерісіне төтеп беретін астық сұрыптарын шығаруды міндеттейді.

Жәнібек АМАНГЕЛДІ