Ақмола облысындағы А.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығында жаздық жұмсақ бидайдың «Таймас» атты жаңа сорты шығарылды. Селекциялық жұмыстар Шортанды ауданының Научный ауылында жүргізілген. Жаңа астық сұрпын шығаруға 12-15 жыл керек Жаңа сұрыптың сапа көрсеткіштерімен, оны іріктеп алуға үлес қосқан ұжыммен танысу үшін біз ғылыми-өндірістік орталыққа барып қайттық. Орталықтағы зертхана меңгерушісі Елжас Қайыржановтың айтуынша, жаңа бидай сұрпын дүниеге әкелуге ғылымның соңғы жетістіктері қолданылған.
«Әрбір сұрыптың өмірі аналық және аталықты шағылыстыру нәтижесінде алынған бірнеше дәннен басталады. Гибридтеу арқылы алынған дәнді селекция тәлімбақтарында көбейтеді, содан соң олардың өнімділігі жоғары, сапалы, ауруға төзімді, сабағы құлап, дәні шашылып қалмайтынын таңдап алады. Осылайша, селекцияның классикалық әдісімен жаңа сұрыпты дүниеге әкелу үшін кемінде 12-15 жыл кетеді. Заманауи биотехнологиялық әдістерді және өсімдікті тез өсіру әдістерін қолдана отырып осы үрдісті 7-10 жылға дейін қысқартуға болады. Кейін жаңа сұрыпты үлкен аумаққа егіп өндірістік сынау, яғни стандарттау жүргізіледі, оны ғалымдар сұрыпты аудандастыру деп айтады. Дәннің түсімі артқаны дәлелденген жағдайда жаңа бидай түрі сұрыптық сынақтан өткізуге ұсынылады», – дейді Елжас Қайыржанов.Ауыл шаруашылығы дақылдарын сорттық сынау жөніндегі мемлекеттік комиссия сынағының нәтижелері жақсы болып шыққанда жаңа сұрып ҚР Селекциялық жетістіктерінің мемлекеттік тізіліміне енгізіледі. Бұдан кейін нақты топырақты-климатты аймақтарға егуге ұсынылады. «Таймас» орташа пісіп-жетілетін сортқа жатқызылады. 2022 жылы аталмыш сұрып Селекциялық жетістіктердің мемлекеттік тізіліміне енгізілді. Сабағы қысқа, орташа ұзындығы – 60-70 см. Сабағы қысқа болғандықтан, өсу функциясы өзгеріп, биологиялық материал астық түсімділігіне жұмсалады. Жаңа сорт еліміздің солтүстік өңірлеріне егуге арналған. Астық сапасының технологиялық көрсеткіштеріне қарасақ, ірі дәнді «Таймас» сорты мықты бидай қатарына жатқызылады. Шикі желімтегі – 32,3-34,5 %, ақуыз – 15,1-15,7 %. Сорттың түсімі өте жоғары, зерттеу жылдарындағы ең жоғарғы көрсеткіші– 38,5 ц/га болды. Орташа түсімділігі – 25,5 пайыз. Яғни, елімізде астық түсімі орташа алғанда гектарына 8-10 центнер екенін ескерсек, бұл – өте жақсы көрсеткіш. Сортты ғалымдар мен мекеме қызметкерлерінен құралған ұжым әзірлеп шыққан. Авторлар құрамында Бидай селекциясы бөлімінің меңгерушісі Әділхан Бабкенов, аға ғылыми қызметкер Татьяна Шелаева, жұмсақ бидай селекциясы зертханасының меңгерушісі Елжас Қайыржанов, астық сапасын анықтау зертханасының ғылыми қызметкері Светлана Дашкевич, Марал Өтебаев, өсімдіктер иммунитеті зертханасының меңгерушісі Сандуғаш Бабкенова бар. Елжас Қайыржановтың айтуынша, А.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығында дүниежүзіндегі ауыл шаруашылығы басты сорттарының әлемдік коллекциясы бар. Орталық ғалымдары шетелдердің ең жақсы сорттарын будандастыруға пайдаланады. Шетелдік сорттар өнімді, ақуызы көп, ауруларға төзімді және сабағы жапырылып қалмайды. Алайда шетелдік селекция сорты отандық бидай сұрпына қарағанда түсімі және сапасы төмен, басқа топырақ-климат жағдайына арналғандықтан, елімізде егілмейді. Жаңа сұрыпты дүниеге әкелу – ұзақ әрі көп еңбек талап ететін үрдіс. Сорттың тазалығын сақтаудан алғашқы тұқым өсіру жұмысына дейін жоғары білікті селекционер-тұқым өсіруші мамандар, арнайы селекциялық тұқым өсіру техникасы мен жабдықтары, сондай-ақ жұмысы жолға қойылған инфрақұрылым қажет. Сорттың атауын ұжым таңдайды Орталық мемлекеттік сортты сынауға жыл сайын жаңа сұрыптарды жіберіп отырады. Қазір «Татьяна», «әл-Фараби», «Қасқарбаев құрметіне» деген сорттар сынаудан өткізіліп жатыр.
«Жаңа сортты қалай атау керегін ұжым болып таңдаймыз. Кейде кім көп еңбек сіңірді, соған таңдау берілетін кез болады. Орталықта жұмсақ бидайға «Шортандинская» деп атау беру дәстүрі қалыптасқан. Қатты бидайды «Дамса» деп атау қалыптасқан. Өйткені осы екі атаумен көп жылдан бері егіліп келе жатқан сорттар желісі бар. Соңғы кездері атауды өзгертіп келеміз. «Татьяна» деген атау аға ғылыми қызметкердің атымен аталады. Ғалым бидайдың жаңа сортын өзі будандастырып, селекция жұмысының басынан аяғына дейін атсалысқан», – дейді Елжас Қайыржанов.Сондай-ақ 2020 жылы әл-Фарабидің 1 150 жылдық мерейтойына байланысты ұсыныс келіп түскен, сосын жазғы бидайдың жаңа сұрпына «әл-Фараби» атауы берілген.
«Қазір «Таймас» сортына патент берілген. Оның тұқымы көбейтіліп жатыр. Тұқым көлемі жеткілікті болған кезде элита тұқымдарды сатылымға шығарамыз. Одан ары қарай лицензиялық келісімдер қорытындысына сәйкес авторлық ақы төлене бастайды. Алғашқы будандастыру 2006 жылы жүргізілді, сұрыптың алғашқы дәндері алынғаннан будандастыруға дейін шамамен 15-16 жыл уақыт кетті», – дейді ғалым.Сұрыпты сынау жүргізіліп жатқанда оригинатор (өсімдік сортын әзірлеген тұлға не мекеме – авт.) мекеме жаңа сорттың алғашқы тұқымын әзірлейді. Ол кезде көбейтілген тұқым сұрыптық бірегейлігін, генотипін, пайдалы белгілерін сақтауы тиіс. Бидай сорттары өсімдік ауруына төзімді болуы тиіс Тағы бір қызығы, жаңа сорт қоңыр тат ауруына (P. triticina Eriks.) төзімді, сабағы құлап қалмайды әрі қуаңшылыққа шыдамды. Молекулярлық талдау нәтижесінде аталмыш сорттан қоңыр тат ауруына төзімді – Lr19 және Lr37 гендері анықталған. Қоңыр тат қоздырғышы егін түсімін күрт төмендетіп, дән сапасын кемітеді. Ол – тат ауруларының ішінде кең таралған және өте зиянды қоздырғыштың бірі. Тат аурулары, әсіресе қоңыр тат дамыған елдерде бидай өнімділігін тежейтін биологиялық фактор саналады. Патоген популяциясының құрамы мутацияға бейім және ауа арқылы бірнеше жүздеген шақырым қашыққа тез таралуға қабілетті. Ғалым Шермахан Шапаловтың осы ауруға қатысты зерттеуіне қарасақ, еліміздегі егістік алқаптарының барлығынан бидай тат ауруы анықталған. Әсіресе, солтүстік облыстарда ылғал көп болған жылдары жиі байқалады. Ауру салдарынан өсімдіктің бойы, сабағының жуандығы және масақ ұзындығы қысқарады, масақтағы масақша саны, дән саны, дән салмағы кемиді. Ауру өршіген жылдары жаздық бидай өнімі 80 пайызға дейін, ал масақтану кезінде 20-30 пайызға дейін азайып кетеді. Сонымен қатар дән сапасын анықтайтын технологиялық көрсеткіштерді төмендетеді. Жыл сайын әлемде тұқым өндірісінде бидайдың тат аурулары салдарынан орта есеппен өнім сапасы 10-20%-ға, ал Қазақстанда 10%- дан, аурудың негізгі ошақтарында 50%-ға дейін кемиді. Сондықтан ауруға төзімді сорттарды шығару және өндіріске енгізу әлемдегі басты проблемалардың бірі. Ғалымның тұжырымдауынша, астық дақылдарының егістігінде фитосанитарлық жағдайдың нашарлауы, климаттың ауру дамуына қолайлы болуы, төзімсіз сорттарды көп егу тат ауруларының өршуіне себеп болған. 2021 жылы еліміздің астықты бөлігі – солтүстігінде егілген патенті бар селекциялық астық сорттары тізіміне қарасақ, отандық сұрыптар көбірек ұсынылғанын көреміз. Оның ішінде біз барып қайтқан орталықтың 6 сорты бар. Алайда ресейлік сұрыптар көп аумаққа егілген бастапқы екі орынға жайғасқан. Яғни, отандық сапалы тұқымға ішкі нарықтың басым бөлігін иемдену үшін әлі де еңбек етуге тура келетінін көреміз. Сонымен қатар отандық астық селекционері үшін сыртқы нарықта да жетістікке жету қажет. Бұл отандық ғалымдар үшін диқан сенім артатын әрі түсімі мол, қазіргі климат өзгерісіне төтеп беретін астық сұрыптарын шығаруды міндеттейді.
Жәнібек АМАНГЕЛДІ