Даланың даңғыл жаршысы
Даланың даңғыл жаршысы
877
оқылды
Биыл Моңғолия қазақтарының жазба әдебиетінің негізін қалаушы­лардың бірі – мемлекет және қоғам қайраткері, ағартушы, жазушы-дра­матург Құрманхан Мұқамәдиұлының туғанына 100 жыл толып отыр. Жа­рықтық 1923 жылы Алтай тауының теріскейі Қарадүргінде туған екен. Бұл жер қытай – моңғол шекарасын бөліп жатқан әрі қыраттап өскен қа­рағайы қалың, тамаша бір шұрайлы өлке. Сондықтан да болар, бай-өлкелік ту­ған­дар арасынан шыққан дарынды ақын – әдебиетші Кәкей Жаңжұңұлы естелігінде: «Құрманханның шығармашылық қуаты – өзі туған әсем табиғаттан нәр алған әрі ұлт­тық таным пен заманауи үрдісті қатар та­ныған, сонымен қатар барлық әдеби жанр­ларға қалам тартқан тұлға. Сонымен қа­тар моңғолиялық қазақ әдебиетінің не­гізін қалаушылардың басында тұрған заман­ның даңғыл жаршысы» деген екен. Бұл пайымға алып-қосарымыз жоқ. Осы орайда, Құрманхан Мұхамәдиұлы жай­лы жазылған ресми дерекке көз жүгірт­сек, әдеттегідей кедей таптың өкілі делініп­ті. Оны­мен қоймай, бала күнінде тұрмыс ауырт­пашылығын тартып, ауқаттылардың ма­лының соңынан ерді. Бірақ жастайынан еңсесін басқан ауыр еңбек өлең-жыр десе елеңдеп тұратын пысық та алғыр баланы жа­сытпады. Отты да өршіл жас сананы оя­тып, заман тынысын сезінісімен, өнер-білім қууға құштарланады. Жалғыз ұлының талабын байқаған әке 1938 жылы оны Ұланқұс бастауыш мектебіне оқуға береді. Мектеп табалдырығын 15 жасында аттаған Құрманхан оқуға ынталана кірісті. Зерек­тігімен көзге түскен ол, екі жылдан соң Қоб­­­да қаласындағы мұғалімдер даярлайтын курсқа жіберіліп, оны 1942 жылы үздік ба­ға­мен бітіріп шығады. Осы екі жылдық курста оқып жүргенде оның әдеби сауаты ашылып, табиғи таланты бүршік жарды, делініпті. Расында, солай болған шығар. Біз білетін бір дерек – бұл тұлғаның өсіп-өніп ержетуі мен Қобда беті қазақ­тарының жаңа заманға бейімделу үрдісі қатар жүрді. Сондықтан да шығармасында халық төңкерісінің табысы мен социалистік құрылыс негізін қалауға көшкен қоғам кел­беті көп жазылды. Бұл кісінің алғаш жа­зылған «Октябрь тойына» (1941), «Қыс» (1941), «Құттықтау» (1942) тәрізді алғашқы өлең­дері сөзімізге дәлел. Бұл туындылары ал­ғаш рет 1942 жылы латын әрпімен ба­сыл­ған «Өлеңдер жинағы» атты кітапшада жарық көрді. Құрманхан Мұхамәдиұлы 1942-1943 жыл­дары Баяннұр бастауыш мектебінде мұ­ғалім, одан кейін 1943-1948 жылдары Ішкі істер министрлігінің аймақтық бө­лімше­сінде жауапты қызмет атқарады. 1948-1950 жылдары Мәскеудегі чекистер мектебінде оқиды. Өзінің естеліктерінде «Кеңес Одағы астанасында өткен екі жы­лым» өмірімдегі ең елеулі кезеңдер депті. Яғни, осы жылдары сая­си сауаты жоғарлап, теориялық терең бі­лім алған һәм орыс тілін ден қоя үйреніп, орыс әдебиеті мен әлем әдебиетінің үздік туын­дыларын оқып, та­нысуына мүмкіндік туады. Оқуын аяқтап келген соң 1950-1955 жыл­­дары Ішкі істер министрлігі Бай-Өлке ай­­мақ­тық бөлімшесінің орынбасары, ай­мақ­тық атқару әкімшілігінің жауапты хатшысы және төрағасы, аймақтық пар­тия комитетінің бірінші хатшысы қа­тар­лы басшылық қызметтер атқарады. Мем­лекеттік қызметтерді атқара жүріп, шы­­ғар­машылықтан да қол үзбейді. Жазу­шы­ның творчествалық еңбегін зерт­теу­ші­лер қаламгердің әдеби жұмы­сы­ның негізгі кезеңі 1955 жылдан басталған. Бұған 1955 жылдың аяғында аймақ ор­та­лығында әдебиет үйірмесінің құрылуы және 1956 жылдың көктемінде Монғолия Жазушылар одағының бас хатшысы, қай­раткер ақын-жазушы Д.Сэнгээ аймақ ор­та­лығына келіп, шығармашылық адам­дар­дың басын қосып, жаңа тұрпатты Моңғо­лия қазақтары әдебиетін өркендету жай­­лы айтқан сөзі мен қолдауы әсер еткен көрінеді. Құрманхан Мұхамәдиұлы мемлекеттік жауапты қызметтен бас тартып, өзінің шы­ғармашылық жолға түбегейлі бет бұруына үлкен жазушы Д.Сэнгээнің әсері болғанын жасырмайды. Әсіресе, бұл кісімен бірге он шақты күн ел аралап, бірге жүріп, кеңесіп, сыр­­ласқаннан кейін әдебиетпен шындап ай­налысуға, көлемді туындылар жазуға құл­шына кіріскені жайлы айтқан екен. Сөйтіп, алғашқы көлемді туындысы – «Кезең үстінде» пьесасы дүниеге келеді. Мон­ғолияның қоғамдық өміріндегі маңы­зы аса зор ұжымдастыру қимылының алғашқы кезеңдерін көрсеткен бұл туынды М.Құрманханның ғана емес, Қобда беті қазақтары жазба әдебиетінің үлкен табысы һәм драматургия жанрының беташар қар­лығаштарының бірі болды. Баян-Өлгейде 1956 жылы шаңырақ көтерген ұлт­тық театр­дың сахнасы осы пьесамен ашылды. Құрманхан Мұхамәдиұлы 1958-1962 жыл­дары аймақтық баспа өндірісінің бас­тығы, Моңғолия Министрлер Кеңесі қа­сын­дағы баспасөз бен әдебиетті басқару ор­­нының аймақтағы өкілі және аймақтық кәсіподақ кеңесінің бастығы қызметтерін атқарады. Осы жылдары «Тау қойнында жеке-дара» (1957) атты өлеңдер топтамасы, «Қарға-қарғаның көзін шоқымайды» (1957) атты сыни көркем туындылары, ауыл өмірі жай­лы жазылған «Жасыл дөң» (1959) пьеса­сы өмірге келген екен. Бұл дү­ниелердің бар­лы­ғы сол заманды бейне­лей­тін үздік шы­ғармалар қатарында. ақын-әдебиетші Жазушының ең танымал туындысы – 1962 жылы жарық көрген «Тұлбакөл шай­қасы» атты тарихи драмасы. Бұл Моң­ғолия қазақтарының жазба әдебиетінде та­рихи тақырыпқа жазылған тұңғыш туын­ды. Өлке тарихында үлкен орны бар атақты Тұлба көл шайқасын суреттеуге арналған, нақты социалистік реализм дәстүрінде жа­зылған шығарма. «Халықтан жоғары ба­ға алған бұл пьеса тарихи тақырыпқа қалам тартқан драматург талантының тағы бір қырын ашып, қаламы ұштала түскенін дәлелдеді» , – деп жазады Кәкей Жаңжұңұлы. Жазушы 1963 жылдан өмірінің соңына дейін аймақтық әдебиет үйірмесінің бас­шысы әрі әдеби «Жаңа талап» журналының ре­дакторы болып істепті. Осы жылдары жа­зылған «Жұмыртқадай ақ отау – жиһаз­дары жаңа отау» немесе «Жұт ала ма, жұрт ала ма?» атты жаңарған ауыл келбетін сурет­теген очерктері, малшылар өмірі жай­лы жа­зылған «Тамыр дәрі» атты екі перделі көрі­нісі сол кездегі ауыл еңбеккерлерінің, әсіресе жастар еңбегінің жарқын жүзін танытқан шығарма болғаны анық. Мықты қаламгер үшін шағын тақырып, ұсақ жанр болмауға тиіс. Сонау қиянда жат­қан ұлы қазақтың бір үзіндісі моң­ғолиялық ағайынның өткен ғасырдың 60-шы жыл­дар­дағы өмір-тіршілігін білгісі келген адам Құрманханның ел өмірі жайлы суреттемелері мен көркем очерктерін оқысын. Мысалы, жазушының «Жұт ала ма, жұрт ала ма?» атты очеркі жазу шеберлігінің кең диапазондығымен ерекше. Қақаған қыс­тың ақ қар, көк мұзды жұтына жұ­пыны жұртты қар­сы қояды да, «Жұт ала ма, жұрт ала ма?» де­­ген сауал тастайды. Жазушы екі түрлі «жұртты»: ең­бекке қыры жоқ сезімді, қойы қон­­ды, қотаны сәнді, жаңа ең­бектің жар­шы­­сындай қара жігіт­ті қатар қойып суреттейді. «...Атадан қалған азын-аулақ дәулетке сеніп» бар дүниеден мақұрым қалған ал­ғаш­қысы – кетеуі кетіп, күні өтіп бара жатқан керітартпа пейіл жұт алған то­ғышар­лық­тың символы тәрізді. «Кө­не сырлы кебеже, то­зығы жеткен ай­шық­ты сандық», «жабығы сал­бырап, белдеуі босап», «шаңы­ра­ғы шал­­­­­қайып, уығы ортаға түскен үй», «...Қар­­ғашаға сүйеніп, белі қайқиып тұрған қайың күрек», «қазан жақта бума қап етіп тұр. Отағасының ой тиянағы сол ғана сияқ­ты, анда-санда ауып бара жатқан күнге қа­рап, бір есінеп қояды да, солай қарай жал­тақ­тай бере­ді...» – деп ақыл-ойы тама­ғынан аспаған харекетсіз тоғышарлықты әжуа етеді... Жазушы жоғарыдағы очерктерінде ұлт­тық өнер, ескілікті мұраларды сақтап қас­терлеу жайлы да проблема көтерген. Соны­мен қатар тілдің көркемдік құралдары мен мақал-мәтелдерді орынды да жиі қолданған жазушының тілі шебер. «Екі көңіл та­бысса, елжіреп жүрек қабысады. Шиыры­ғып тұрған қаракерге, шығынып алған де­­нені қондыра салып, «шуу» деп тарта жө­нелу қандай рақат», «Кеудесі зор, мінезі өр қарт Алтай», «Жыртылғанын жамап, қыс­қарғанын жалғап», «Сынап келіп, сырттан қайтатын жарапазан айтып жүрген жоқ­сың­дар» сияқты өлеңдік өлшемдер мен төкпе ше­шендіктің ізі сайрап жатыр не­месе «Ескі­нің үстіне жамалып жаңадан түс­кен ұлпа қар, ат тұяғымен ілесіп, жібек­ше созылып барып түседі», «Жолымыз алда, ойымыз артта жортып келеміз» деген тәрізді шағын сурет, штрихтар мен ота­ғасының портреті, батып бара жатқан күннің пейзажы бәрі де жазушы қаламының шеберлігін танытады. М.Құрманханның әдеби еңбегінің үлкен бір саласы – көркем аударма. Әдебиетінің барлық негізгі жанрларына қалам тартып тек драматург қана емес, ақын әрі прозаик ретінде де танылған Құрманхан Мұхамә­диұлы айтулы аудармашы да болды. 1955-1956 жылдары Д.Нацагдоржының әйгілі «Жұмбақ төбелер» операсының либрет­тосын және «Ламекеңнің көз жасы», «Құс Қарасұр», «Жылдың басы, көздің жасы» атты әңгімелері мен «Пионер әні», «Кенже қозы», «Алысқа аттанған оқушы», «Менің жерім» тәрізді бір топ өлеңдерін қазақ тіліне аударып, жеке кітап етіп бастырады. Бұл аударма жинағы – монғолдың реалистік жаңа әдебиетінің негізін қалаған үлкен дарын иесі Д.Нацагдорж шығарма­ларын қазақ оқырмандарына таныстырумен бірге, Моңғолия қазақтары әдебиетінде аудармашылық өнердің қалыптасуына үлкен әсер еткен елеулі еңбек еді. Осылай ау­дармамен ауызданған жазушы 1962 жылы Ц.Гайтавтың «Сүхбаатар» поэмасын, 1963 жылы Ч.Лодойдамбаның «Тұнық тамыр» романын қазақ тіліне аударды. «Аудармашы – шығарманың екінші авторы» дегенді бекем ұстанған ол, өзі ау­дарып отырған автордың стиліне, шығарма­ның мазмұн, құрылымының берік сақта­луына көп мән берді. Құрманхан аударма­ларының тілі жатық, қазақ оқырмандарына етене түсінікті, ана тіліндегі туындылардай жылы қабылданады. Моңғолиялық қазақ әдебиетінің қалып­тасу қарсаңына барлық жанрда дерліктей қалам тартып, көбінің үлгілік өлшемдерін көрсетіп, алғашқы соқа ізін салған – Құрманхан Қобда беті қазақтарының әде­биеті тарихында: оның негізін салушылары­ның бірі, үлкен суреткер ретінде жоғары ба­ға­ланып, шығармалары 1970 жылы мон­ғол тілінде жеке кітап болып басылды да күллі оқырмандарының сүйіп оқитын төл туындысына айналды. Өмірінің соңғы жылдары «Тоғысқан тағ­дырлар» атты пьеса, «Бөкенжарғақ» атты аңыз-дастан бастаған еді, мезгілсіз ажал бұл шығармаларын аяқтатпады. Өзінің саналы өмірі мен тамаша талантын халыққа қызмет етуге арнаған Құрманхан аға Моңғолия қазақтарының жазба әдебиетінің қалып­тасуына аса зор еңбек сіңіріп, жас әдебиет­ші­­лерді тәрбиелеуге үнемі көңіл бөліп отырды. Құрманхан қаламы төселіп, әдеби талан­ты кемелденген шағында 1964 жыл 3 қыркүйек күні 41 жасында ауыр науқастан қайтыс болды. Ол – Моңғолия Жазушылар одағының мүшесі. Бірнеше рет МХР Ұлы Хуралының депутаты, МХРП Орталық Комитетінің мүшелігіне сайланды. Оның әдебиет майданында сіңірген еңбегі мен қоғамдық қызметі жоғары бағаланып, екі рет «Алтан гадас» орденімен, «Еңбек құр­меті», «Жеңіс» және мерекелік медальдармен наградталды. Ата қазақ «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» дегендей, жазушы-драматург, журналшы-публицист, қоғам қайраткері Құрманхан Мұхамәдиұлының ғасырлық мерейтойы өткен бейсенбі күні елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада аталып өтіп, жазушының өмірбаяны мен шығармашылығына бағышталған тоғыз бөлімнен тұратын һәм жазушының немересі Бота Баманқызының құрастыруымен жарық көрген «Ғұламаның ғұмыры» атты 450 беттен тұратын эссенің тұсауы кесілді.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, журналист