Жазушының ең танымал туындысы – 1962 жылы жарық көрген «Тұлбакөл шайқасы» атты тарихи драмасы. Бұл Моңғолия қазақтарының жазба әдебиетінде тарихи тақырыпқа жазылған тұңғыш туынды. Өлке тарихында үлкен орны бар атақты Тұлба көл шайқасын суреттеуге арналған, нақты социалистік реализм дәстүрінде жазылған шығарма. «Халықтан жоғары баға алған бұл пьеса тарихи тақырыпқа қалам тартқан драматург талантының тағы бір қырын ашып, қаламы ұштала түскенін дәлелдеді» , – деп жазады Кәкей Жаңжұңұлы.
Жазушы 1963 жылдан өмірінің соңына дейін аймақтық әдебиет үйірмесінің басшысы әрі әдеби «Жаңа талап» журналының редакторы болып істепті. Осы жылдары жазылған «Жұмыртқадай ақ отау – жиһаздары жаңа отау» немесе «Жұт ала ма, жұрт ала ма?» атты жаңарған ауыл келбетін суреттеген очерктері, малшылар өмірі жайлы жазылған «Тамыр дәрі» атты екі перделі көрінісі сол кездегі ауыл еңбеккерлерінің, әсіресе жастар еңбегінің жарқын жүзін танытқан шығарма болғаны анық.
Мықты қаламгер үшін шағын тақырып, ұсақ жанр болмауға тиіс. Сонау қиянда жатқан ұлы қазақтың бір үзіндісі моңғолиялық ағайынның өткен ғасырдың 60-шы жылдардағы өмір-тіршілігін білгісі келген адам Құрманханның ел өмірі жайлы суреттемелері мен көркем очерктерін оқысын.
Мысалы, жазушының «Жұт ала ма, жұрт ала ма?» атты очеркі жазу шеберлігінің кең диапазондығымен ерекше. Қақаған қыстың ақ қар, көк мұзды жұтына жұпыны жұртты қарсы қояды да, «Жұт ала ма, жұрт ала ма?» деген сауал тастайды. Жазушы екі түрлі «жұртты»: еңбекке қыры жоқ сезімді, қойы қонды, қотаны сәнді, жаңа еңбектің жаршысындай қара жігітті қатар қойып суреттейді.
«...Атадан қалған азын-аулақ дәулетке сеніп» бар дүниеден мақұрым қалған алғашқысы – кетеуі кетіп, күні өтіп бара жатқан керітартпа пейіл жұт алған тоғышарлықтың символы тәрізді. «Көне сырлы кебеже, тозығы жеткен айшықты сандық», «жабығы салбырап, белдеуі босап», «шаңырағы шалқайып, уығы ортаға түскен үй», «...Қарғашаға сүйеніп, белі қайқиып тұрған қайың күрек», «қазан жақта бума қап етіп тұр. Отағасының ой тиянағы сол ғана сияқты, анда-санда ауып бара жатқан күнге қарап, бір есінеп қояды да, солай қарай жалтақтай береді...» – деп ақыл-ойы тамағынан аспаған харекетсіз тоғышарлықты әжуа етеді...
Жазушы жоғарыдағы очерктерінде ұлттық өнер, ескілікті мұраларды сақтап қастерлеу жайлы да проблема көтерген. Сонымен қатар тілдің көркемдік құралдары мен мақал-мәтелдерді орынды да жиі қолданған жазушының тілі шебер. «Екі көңіл табысса, елжіреп жүрек қабысады. Шиырығып тұрған қаракерге, шығынып алған денені қондыра салып, «шуу» деп тарта жөнелу қандай рақат», «Кеудесі зор, мінезі өр қарт Алтай», «Жыртылғанын жамап, қысқарғанын жалғап», «Сынап келіп, сырттан қайтатын жарапазан айтып жүрген жоқсыңдар» сияқты өлеңдік өлшемдер мен төкпе шешендіктің ізі сайрап жатыр немесе «Ескінің үстіне жамалып жаңадан түскен ұлпа қар, ат тұяғымен ілесіп, жібекше созылып барып түседі», «Жолымыз алда, ойымыз артта жортып келеміз» деген тәрізді шағын сурет, штрихтар мен отағасының портреті, батып бара жатқан күннің пейзажы бәрі де жазушы қаламының шеберлігін танытады.
М.Құрманханның әдеби еңбегінің үлкен бір саласы – көркем аударма. Әдебиетінің барлық негізгі жанрларына қалам тартып тек драматург қана емес, ақын әрі прозаик ретінде де танылған Құрманхан Мұхамәдиұлы айтулы аудармашы да болды. 1955-1956 жылдары Д.Нацагдоржының әйгілі «Жұмбақ төбелер» операсының либреттосын және «Ламекеңнің көз жасы», «Құс Қарасұр», «Жылдың басы, көздің жасы» атты әңгімелері мен «Пионер әні», «Кенже қозы», «Алысқа аттанған оқушы», «Менің жерім» тәрізді бір топ өлеңдерін қазақ тіліне аударып, жеке кітап етіп бастырады.
Бұл аударма жинағы – монғолдың реалистік жаңа әдебиетінің негізін қалаған үлкен дарын иесі Д.Нацагдорж шығармаларын қазақ оқырмандарына таныстырумен бірге, Моңғолия қазақтары әдебиетінде аудармашылық өнердің қалыптасуына үлкен әсер еткен елеулі еңбек еді. Осылай аудармамен ауызданған жазушы 1962 жылы Ц.Гайтавтың «Сүхбаатар» поэмасын, 1963 жылы Ч.Лодойдамбаның «Тұнық тамыр» романын қазақ тіліне аударды.
«Аудармашы – шығарманың екінші авторы» дегенді бекем ұстанған ол, өзі аударып отырған автордың стиліне, шығарманың мазмұн, құрылымының берік сақталуына көп мән берді. Құрманхан аудармаларының тілі жатық, қазақ оқырмандарына етене түсінікті, ана тіліндегі туындылардай жылы қабылданады.
Моңғолиялық қазақ әдебиетінің қалыптасу қарсаңына барлық жанрда дерліктей қалам тартып, көбінің үлгілік өлшемдерін көрсетіп, алғашқы соқа ізін салған – Құрманхан Қобда беті қазақтарының әдебиеті тарихында: оның негізін салушыларының бірі, үлкен суреткер ретінде жоғары бағаланып, шығармалары 1970 жылы монғол тілінде жеке кітап болып басылды да күллі оқырмандарының сүйіп оқитын төл туындысына айналды.
Өмірінің соңғы жылдары «Тоғысқан тағдырлар» атты пьеса, «Бөкенжарғақ» атты аңыз-дастан бастаған еді, мезгілсіз ажал бұл шығармаларын аяқтатпады. Өзінің саналы өмірі мен тамаша талантын халыққа қызмет етуге арнаған Құрманхан аға Моңғолия қазақтарының жазба әдебиетінің қалыптасуына аса зор еңбек сіңіріп, жас әдебиетшілерді тәрбиелеуге үнемі көңіл бөліп отырды.
Құрманхан қаламы төселіп, әдеби таланты кемелденген шағында 1964 жыл 3 қыркүйек күні 41 жасында ауыр науқастан қайтыс болды. Ол – Моңғолия Жазушылар одағының мүшесі. Бірнеше рет МХР Ұлы Хуралының депутаты, МХРП Орталық Комитетінің мүшелігіне сайланды. Оның әдебиет майданында сіңірген еңбегі мен қоғамдық қызметі жоғары бағаланып, екі рет «Алтан гадас» орденімен, «Еңбек құрметі», «Жеңіс» және мерекелік медальдармен наградталды.
Ата қазақ «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» дегендей, жазушы-драматург, журналшы-публицист, қоғам қайраткері Құрманхан Мұхамәдиұлының ғасырлық мерейтойы өткен бейсенбі күні елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада аталып өтіп, жазушының өмірбаяны мен шығармашылығына бағышталған тоғыз бөлімнен тұратын һәм жазушының немересі Бота Баманқызының құрастыруымен жарық көрген «Ғұламаның ғұмыры» атты 450 беттен тұратын эссенің тұсауы кесілді.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, журналист