Тұтас Қазақ елінің тарихында ақтаңдақ болып күні бүгінге дейін нақты ақиқаты анықталмай келе жатқан қасіретті зұлматты репрессия ел көкейінен өшпек емес. Халықтың маңдайалды білімді азаматтарын түгелдей қырып, қуғын-сүргінге ұшыратқан сол бір аса ауыр кезеңде ақмолалық Жанайдар Сәдуақасов та болған еді. Күні кеше 125 жылдық мерейтойына орай «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешенінде өткен дөңгелек үстел барысында қайраткер тұлғаның өзі киген кеудешесі музейге аса құнды жәдігер ретінде тапсырылған. Азапқа толы сол күндердің үнсіз куәгеріне айналған киімнің ғасырдан астам тарихы бар болып шықты...
Жанайдар Сәдуақасов 1898 жылы Ақмола губерниясының Ақмола уезінің Сарысу болысында (қазіргі Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданы Түгіскен ауылы) дүниеге келген. Жастайынан білімі мен ұйымдастырушылық қабілеті елден ерек болған азамат қазақ жастары ұйымының жетекшілерінің бірі болған. 1916-1918 жылдары – «Бірлік», 1918 жылы – «Жас қазақ», 1918-1919 жылдары – «Қазақ жастарының демократиялық кеңестері» ұйымдарына жетекшілік еткен. Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырында жас та болса зор жауапкершілікті мойнына алып, халық комиссары, республика прокуроры, ҚАССР ОАК жауапты хатшысы ХҚК төрағасының бірінші орынбасары, «Жас қазақ», «Социалистік Қазақстан» газетінің бас редакторы қызметтерін абыроймен атқарған. Елдің білім, мәдениет және заңнама саласын дамытуға зор үлесін қосқан арда азамат Кеңес заманындағы озбыр саясаттың құрбанына айналды.
Өмірінің соңына дейін халқына қалтқысыз қызмет еткен азаматтың киген кеудешесі ұрпақтарымен ғасырдан астам уақыт бойы көздің қарашығындай сақталып келіпті. Бүгінде «АЛЖИР» мемориалдық-мұражай кешенінің төрінен орын алған Алаш қайраткерінің кеудешесінің де тарихы тереңге кеткен болып шықты. Жанайдар Сәдуақасұлынан қалған жалғыз мұраның атадан-балаға, ұрпақтан-ұрпаққа тапсырылып, киімнің ғасырдан астам уақыт бойы өңін бұзбай сақталғанын немересі Перизат Құрманқызы көпшілік алдында майын тамызып тұрып айтып берді.
Перизат апайдың айтуынша, кеудешенің тарихы сонау 1935 жылы Жанайдар Сәдуақасовтың жалғыз ұлы Рүстемнің дүниеге келген күнінен басталған. Қуғын-сүргінге ұшыраған Жанайдар Сәдуақас кеудешесін немересін көруге келген әкесіне сыйлық ретінде ұсыныпты.
– 1935 жылы Жанайдар Сәдуақасовтың жалғыз ұлы Рүстем дүниеге келеді. Қуанышты хабарды естіген Жанайдардың әкесі Сәдуақас Жалмақанұлы Арқадан Алматыға барады. Тұңғыш немересін көріп, мауқын басқан Сәдуақас 1-2 күннен соң қайтуға оқталғанда баласы Жанайдар үстіне киіп отырған құрым кеудешесін әкесіне сыйға тартады. «Әке, мына кеудешемді енді Сіз киіңіз. Суық өткізбейтін жақсы киім. Кішкентай немереңіздің қуанышына келген құрметіңізге сыйлаймын», – деп иығына жапқан екен, – дейді Перизат Құрманқызы.
Ауылға келген соң Сәдуақас ұлы сыйға тартқан киімді көпшілікке көрсетеді. «Баламның берген сыйын Сізге сыйлаймын. Сіз осыны киіңіз», – деп кеудешені Түсей деген құдасына сыйға тартыпты.
Құдай қосқан құдасы ұсынған киімді қуана қабыл алған Түсей кеудешені киіп, біршама уақыт қолданады. Бірақ көп ұзамай, 1937 жылы Сталиндік репрессия басталып, қазақ зиялыларын тұтастай қамауға алу, жазалау шаралары басталады. «Халық жауы» деген жаламен Жанайдар да, оның әкесі Сәдуақас та қамауға алынып, ату жазасына кесіледі.
«Балапан басына, тұрымтай тұсына» кеткен аласапыран заманның кейпінен қатты қорыққан Түсей ақсақал кеудешені Сәдуақастың отбасына қайта әкеліп тапсырыпты.
Замана ызғарының жайын жүрегімен сезген Сәдуақастың жұбайы Сара Матайқызы: «Шырақтарым, мына әкелеріңнің көзіндей болған киімге ие болыңдар, өздерің киіңдер», – деп кеудешені есейіп қалған ұлдары Сағынай мен Ырзыханға табыстайды.
Кейін Сәдуақастың кенже ұлы Құрман есейген кезде оны ағасы Ырзыхан шақырып: «Бұл әкеміз Сәдуақастың ағамыз Жанайдардың үйінен алған сый – құрметі еді. Әкеміз бен ағамыздан айрылдық. Қазір мен мұны жұмысқа киіп жүрмін. Енді бұл киім өмірімнің соңына дейін менде болады. Егер мен өмірден озып кетсем, осы киімге өзің ие бол! Оны сақта, оның тарихын бала-шағаңа айтып отыр, ол ең қымбат ескерткіш, әкеміз бен ағамыздың көзі!», – деген екен.
1994 жылы Ырзыхан Сәдуақасұлы 84 жасында қайтыс болады. Содан кейін Құрман Сәдуақасұлы ағасының өсиетіне сәйкес кеудешені алып кетіп, бүгінгі күнге дейін өз үйінде көздің қарашығындай сақтап келіпті.
2023 жылы 21 ақпанда Ж.Сәдуақасовтың 125 жылдығына арналған «Ғибратты ғұмыр» атты мерейтойлық шарада кеудеше алғаш рет көрмеге қойылып, оны Құрман Сәдуақасұлы «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешенінің қорына салтанатты түрде табыс етілді. Қазіргі уақытта Жанайдар Сәдуақасовтың кеудешесі музей төріндегі аса құнды жәдігерлердің біріне айналған.
Бүгінде «АЛЖИР» мұражайының қорында он тоғыз мыңнан астам жәдігер бар. Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Грузия, Израиль және Беларусь елдерінің қалалары бойынша зерттеу іс-сапарларында жинақталған материалдардың ішінде түпнұсқа мұрағаттық құжаттар мен фотосуреттер, «АЛЖИР» тұтқындары Әзиза Рысқұлованың, Роза Цыпкинаның, Клара Бронның, Софья Зильбербергтардың балаларына жазған хаттары мен өлеңдері, балалардың жазған естеліктері, басқа да заттай тарихи маңызы бар құнды жәдігерлер сақталған. Аталған тарихи құндылықтардың қатарына Жанайдар Сәдуақасұлының да көзі болған киімнің қосылуы ұрпақ үшін мол ұлағат болары сөзсіз...