Балам тойғанын білмейді – ақтөбелік ана бес жасар ұлының жағдайын айтты
Балам тойғанын білмейді – ақтөбелік ана бес жасар ұлының жағдайын айтты
5,300
оқылды
Ақтөбелік Мейрамгүл Жүсіпова аутизм дертіне шалдыққан бес жастағы ұлы Жанның еміне жұмада елден көмек сұрайды. Оның айтуынша, бала өзінің тойғанын білмейді, бір жерде тыныш отыра алмайды, құлағанда денесі ауырсынғанын сезбейді. Ананың арманы – ортаншы ұлын мектепке барғанша қатарға қосу. Үш бала тәрбиелеп отырған ата-ана дүниеге сап-сау келген ұлының бұл дертке аяқасты шалдыққанын айтады. Жан Қонысбек 2018 жылы шілде айында дүниеге келген. Мейрамгүлдің сөзінше, Жан – олардың тұңғыш қызынан кейін көптен күткен ұлы. «Төрт жыл мектепте жұмыс істедім. 2015 жылы басымызға бір қиын сынақ түсті,  баспана мәселесі бойынша біреулерге алданып қалдық. Оның кредитін 4-5 жыл төлейміз деп жүріп, басымызға екінші сынақ келді. Ұлымызға аутизм диагнозы қойылды. Сап-сау болып дүниеге келген балам мұндай жағдайға қалай тап болғанын өзіміз де білмей қалдық. Алланың сынағы шығар. Балам сары болып туды. Бірақ дәрігерлердің салғырттығынан ба, білмедім, баламның қанындағы билирубинін тексермеген бе, алғашқы екпені салған. Кейін баламның қызуы көтеріліп, құрыспасы ұстады», – дейді ол. Анасының айтуынша, Жан өздігінен қасық ұстап тамақ ішпейтін, бір жерде тыным тауып отыра алмайтын. Ал қазір тойынғанын білмейді екен.
«Тынымсыз, ұйқы дегенді білмейтінбіз. Ақтөбе қаласында ауруханада жатқан кезде ұлым ол жерді басына көтерді. Қазір тойғанын білмейді. Күні-түні тоңазытқышты аңдумен жүреді. Құласа денесінің ауырсынғанын сезбейді», – дейді ана.
Жан Қонысбек екі жылдан соң мектепке баруы керек. Анасының арманы соған дейін ұлын емдетіп, өз қатарына қосу.
«Баланың емі үзілмеуі керек, біз әзірге 3 млн теңге қажет деп отырмыз. Ол 10 айлық түзету сабақтары мен нутрициологке, сондай-ақ биологиялық белсенді қоспаларға қажет қаражат. Әрі қарай не болады, оның бәрі бір Алланың қолында», – дейді Мейрамгүл.