Күл-қож қалдықтарын қайта пайдалану – өзекті мәселе
Күл-қож қалдықтарын қайта пайдалану – өзекті мәселе
Фото: Интернеттен алынды
1,592
оқылды
Алматы қалалық экология департаментінің ұйымдастыруымен «ЖЭС-2 жұмысы нәтижесінде пайда болатын күл-қож қалдықтарын қайта пайдалану мәселесі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Шараға Алматы қаласы мен облыс аумағындағы жол құрылысымен айналысатын барлық ұйымдардың өкілдері қатысты. «ҚазжолҒЗИ» АҚ вице-президенті Ербол Айтбаев слайд арқылы әлемдік тәжірибеге негіздей отырып, күл-қож қалдықтарын пайдалану мүмкіндігі мен оларды қайта өңдеу туралы жүйелі ақпарат берді. Ұшпа күлдердің құрамдарын іріктеу мен қалдықтарды зертханалық жағдайда сынақтан өткізу бойынша қойылған сауалдарға жол құрылымдары және жаңа материалдар бөлімінің бастығы Айдос Елшібаев жауап берді. Тақырып әлемді алаңдатып отырған көкейтесті мәселе екені жасырын емес. Мәселен, Батыс Еуропада ЖЭС (жылу электр стансасы) қалдықтарын жол құрылысына қолдану проблемасын шешуде анағұрлым прогрессивті жұмыс атқарылуда. Францияда осы қалдықтарды «құрғақтай» бөлу арқылы пайдаланса, АҚШ-та ұшпа күл мен гидрожою күлі құрылыста қолданылады. Оңтүстік Африкада ұшпа күл түрлі цемент түрлерімен күшейтіліп, жол құрылысына арналған топырақты тұрақтандырғыш ретінде кәдеге жаратылады. Әлемдік тәжірибеге сенсек, көзін тауып, дұрыс пайдалана білген жағдайда, отын-энергетика кешенінің қалдықтары өнеркәсіптің әртүрлі салаларында әмбебап материал ретінде қолдануға болады екен. Өндірісте күл-қождарды пайдалану – күл-қалдық үйінділерінің санын азайтып, олардың көптеп қордалануының алдын алады. Дөңгелек үстел аясында жылуэнергетикалық өнеркәсіптің көп көлемді қалдықтарын кәдеге жарату мәселелері қарастырылды. Мәселен, түрлі кәсіпорындарда күл-қож қалдықтарын пайдалану жөнінде жасалған сараптама талқыланды. Күл-қож қалдықтары жаһандық мәселеге айналып,  қоршаған ортаға ғаламдық деңгейде қауіп төндіріп отырғандығы құпия емес. Бұл проблемамен күресу қажет. Әлем ғалымдары осы бағытта зерттеулер жүргізіп, қалдықтан арылу мәселесіне назар аударуы тиіс. Жер шарын қоқыс полигонына айналдырмай, жаңа технологияларды пайдалана отырып, мәселені шешуде жұмыла жұмыс істейтін уақыт жетті. Мұхамед ӘМІРЖАН