Ақтауда науқас аурухананың екінші қабатынан құлап кетті
Ақтауда науқас аурухананың екінші қабатынан құлап кетті
279
оқылды
Ақтауда аурухананың екінші қабатынан 54 жастағы емделуші құлап кетті, – деп хабарлайды ҚазАқпарат. Облыстық көпбейінді аурухананың 2-қабатынан құлаған 54 жастағы науқас 6 наурыз күні травмотология бөліміне түскен. Дәрігерлер тексерген кезде сол жақ шынтағының шыққанын анықтап, салып береді. Ал жоспарлы ота бүгінге, яғни 10 наурызға қойылған. Алайда науқас таңертеңгі 07:15-те травмотология бөлімінің терезесін сындырып, 2-қабаттан құлап түседі. Науқастың оң жамбас сүйегі сынып, қазір реанимацияда жатыр. Жағдайы – тұрақты ауыр. Ал ертең сол шынтағы мен оң жамбасына операция жасалады деп жоспарланған.
«Есін біледі, сұрақтарға жауап береді. Бірақ науқас құлауының себебін айтпайды. Қазір жалпы жансақтау бөлімінде жатыр. Ол 3-4 метр биіктіктен құлаған. Кезекші травмотолог, реаниматолог, қосымша дәрігерлер дер кезінде көмек көрсеткен», – дейді Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының травмотология бөлімінің меңгерушісі Есет Шахатбаев.