«Инфосыған» серенадасы
«Инфосыған» серенадасы
852
оқылды
Тілі тәтті, екпіні қатты, бұл – кім? Қиыннан қиыстыра, төтеден төге сөйлеп, түкке тұрғысыз нәрсені түйенің құнына өткізіп жіберетін, ауадан ақша жасайтын кім? «Инфосығандар»! Осы эпидемияның елді жаулап алғанына біраз болды. Бауырына кіріп, жүрегін майдай еріткен соларға сеніп, кредит алып, борышқа батқандар жетерлік. Алданып, құқық қорғаушылар мен құқық қорғау органдарынан араша іздегендер арыздарының легі толассыз тасқындайды. Содан бірде-бір «инфосыған» жазаға тартылмаған. Неге? Олардың арбауына түсіп қалғандар неге шағымданады? Шынайы коучты «инфосығаннан» қалай ажыратуға болады? «Инфосыған» деген кім? «Инфосыған» көше сығанына мүлдем ұқсамайды. Керісінше, әрдайым мейма­насы асып, байлығы тасып, деміне нан пісіп, үлде мен бүлдеге оранып жүреді. «Мен былайша байыдым, сізге де баю жолын үйретемін!» – бұл олардың клиент­ті қызықтырып, өзіне тартатын басты фишкасы, тиімді құралының бірі. «Инфосығандар» деп – түрлі курсты, тренингтерді, гайдтарды, check-list-терді, вебинарларды және басқа да оқыту, үйрету қызметтерін сатумен айналысатындарды айтады. Нағыз коуч, жаттық­тырушы­лардан, инфобизнесмендерден айырма­шылығы сол, бұлардың оқу материал­да­рының өмірде қажетке жарар мәні, құны болмайды. Олар сөзге жүйрік, ақылға шабан: тақырыпты үстірт меңгерген, ұсынатын ақпаратының басым көпшілігі өзектілігін жойған немесе интернетте, ашық дереккөздерде бар мәліметтер болып шығады. Олар өз білімін көрсету үшін сөзін мақал-мәтелмен тұздықтап, даналардың ойынан цитата жасауға құмар болып келеді. Әлеуметтік желідегі, мессенд­жерлер­дегі өз жарнамасында олар төл курсын бітіргендердің қанаттанып, жасырын жатқан әлеуеттерінің қайнар бұлағын аша­тынына, өз бизнесін құруға шабыт­тана­тынына, бай, бақытты немесе әлем­дегі ең табысты адамға айнала алатыны­на уәде етеді. Шынында, сазға отырғызып, аузын аңқайтып кетеді. Интернет маркетолог Ақтоты Арын­ға­зинаның айтуынша, «инфосығандар» нарық сұранысына тез бейімделгіш келеді, ахуалдың өзгеруіне қарай олар да «мамандығын» тез өзгертіп отырады. Бұл жөнінен олар тіпті хамелеонды шаң қап­тырып кетеді. Мысалы, кеше ғана олар жетістік пен сәттілік әкелетін, бойдағы бар ауруды жазатын түрлі бойтұмар-амулет, жанартау тастарын, қызыл жіп­терді сатып, «арман марафондарын» өт­кізсе, енді олар шетінен криптовалюта, қар­жы мен инвестиция саласының ма­мандарына, диетологқа, психологке, педагогке айналып шыға келді. Қазіргі сайлау науқанын пайдаланып, имиджмейкер, пиар-менеджер, политтех­нолог терісін жамылып, додаға түскен­дерді жағалап, сайлау қорларындағы миллиондарға қол салып жүргендері қаншама? Иә, айтпақшы бұлардың бәрі блогер. Себебі құлақтан кіріп, бойды алған әуезді үнімен, қызыл тілімен миллиондаған оқырманды өзіне телміртіп, аудиториясын тағы бір сауын сиырға айналдырады, жарнамадан мол табыс табады. Дегенмен осы блогерлердің біразы ақшаның соңына түсіп жүріп елді алдау мен арбаудың арасындағы жіңішке ғана шекарадан өтіп кетіп жатады. Мысалы, 2022 жылдың ақпанында вайнерлер Мейіржан Төребаевқа, Мейірхан Шерниязов пен Азизжан Саидбаевқа қаржы пирамидасын құрып, басшылық етті деген айып тағылғаны туралы ақпарат тарады. Astex, Mudarabah Capital және ACD Technology пирамидалары арқылы 200 адамның 5 миллиард теңгеге дейін ақшасын алдап алған деген күдікпен жалпы саны 12 адам істі болды. Соның ішінде М.Төребаев тек жарнамалаумен айналысқанын, өзі де алдаудың құрбаны болғанын мәлімдеді, биылғы қаңтарда сот оны үй қамағына ауыстырды. А.Саидбаев­қа іздеу жарияланды. Басқалары темір торда отыр. Алматыда сот процесі жал­ғасуда. Сазға отырғандар түрлі қадамға барды. 2022 жылдың 11 сәуірінде аталған қаржы пирамидасына 20 млн теңгеден астам қаражатын салып, алданып қалған әйел елордадағы ІІМ ғимараты алдында өзін-өзі өртеді. Осылай «биені түгімен, түйені жүгі­мен» жұтпағанымен, өзге блогерлердің, басқаларының алаяқтыққа баруы жиіле­генге ұқсайды. Уәдесі – көл, нәтижесі – нөл Д.есімді әйел Instagramда отырып, Сымбат есімді өз ортасында белгілі бло­гердің жарнамасын көрген. «Ол интернет арқылы табыс табуға үйрететінін айтып, онлайн курстар жүр­гізеді. Сымбат өзінің курсын аяқтағандар аптасына 1 млн теңгеден көп ақша таба алатынын сеніммен айтқан. Оның жарна­масына сеніп, 2022 жылғы маусымда оның курсы үшін 600 мың теңге аудардым. Менде сонша қаржы болмады. Курс ақысын банктен несие алып төлеген едім. Оқу белгіленген күннен кеш басталды. Бірнеше сабақ өткен соң Сымбаттың мені алдағанын түсіндім. Сабақтары алдын ала жіберген бағдарламасына еш сәйкес келмеді. Оның курсқа қатысушыларға таратқан материалдарында іліп аларлық ешнәрсе жоқ, интернеттен алған мате­риал­дар. Содан дауласып, тиісті орын­дарға шағымданатынымды жеткізген соң ол 480 мың теңгемді ғана қайтара ала­тынын, қалғанын банк ұстағанын мә­лім­деді. Содан бері қаншама ай өтті, ақшаны қайтармады», – деп өкінеді Д. Ол құзырлы органдарға жүгініпті, нә­тиже шықпаған екен. Тек Талдықорған қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы 2023 жылғы 5 қаңтарда Сым­баттың кәсіпкерлікпен қаншалықты заң­ды айналысып жүргеніне қатысты каме­рал­дық бақылау жүргізді. Қорытын­дысында табылған бұзушылықтарды жою жөнінде хабарлама жіберген. Ведомство дерегінше, Сымбат оны бір ай ішінде орындаған. «Ал Д.К. шағымында келтірілген өзге дәлелдер олардың арасында азаматтық-құқықтық қатынастарға қатысты түсі­ніспеушіліктің бар екенін көрсетеді. Ен­деше ол мәселелер Азаматтық кодекстің 7, 9-баптарына сәйкес азаматтық сот өндірісі тәртібінде шешілуі қажет», – деген түсініктеме берді Мемлекеттік кірістер комитеті. Д. амалсыз, блогерді сотқа берген. Сол арқылы қаржысын қайтарып алуға ниетті. Ақша қайтқан күннің өзінде не­сиені үстемеақымен төлеуге тура келеді. Жаңагүл де әлеуметтік желіде «Мил­лион на таргете» деген курсқа қызығыпты. Курс бітіруші жетістікке жете алмаса, салған қаражаты кері қайтарылатыны туралы шарт ұнапты. Яғни, ешқандай тәуе­кел жоқ сияқты. Содан ол да несие алып, 245 мың теңгедей қаржыға курсты сатып алады. инфосыған «Алайда курстан еш­қан­дай нәтиже шығара ал­май­тынымды ә дегеннен тү­сініп, алдымен ұйымдас­тырушы­лардың Мария есімді өкіліне, кейіннен ком­па­нияның менеджерлеріне хабар­лас­тым. Ақшамды қайтарып беруді сұрадым. Курсты ұйым­дастырушы жеке кә­сіпкер толыққанды қызмет көрсетпегеніне қа­рамас­тан, төлемді қай­тарудан бас тартып отыр. Мен олар­дан курсты өт­кізу үшін қажетті құжат­тарын, білік­тілігін рас­тайтын ди­плом, сертифи­каттарын сұ­раттым, оны да ұсынбады. Мен сияқты тағы 100 адам түсініксіз оқу­ларын жалғастырып жатыр. Олардан 20 миллион теңгеден астам қаржы жинап алған. Біздің құқығымызды заң толық қорғай алмайтын болып шықты», – деп өкінеді Жаңагүл. Жалпы, шағымданушыларға құ­зырлы органдардың жол­дайтын жауаптары ұқсас. Тіпті, олардың «инфосығандар» үс­тінен жазған арыздарын поли­ция қабылдамай жа­тады екен. Себебі қыл­мыстық құрам жоқ. Жар­намада үйіп-төгіп уәде бергенімен, келісім­шарт­тарда оның бірі бол­майды, тек қатысушаларға оқу материалдары тараты­ла­тыны, қандай да бір са­лада ақпарат берілетіні, кеңес берумен шектелетіні көр­сетіледі. Жалған курстардан аулақ болған жөн Заңгер Руслан Қуатбеков ел арасында «инфосығандар» деп аталатындарды жауапкершілікке тарту күрделі екенін айтты. Тіпті, жазалағанның өзінде олар негізінен айыппұлмен құ­тылады. «Барлық судья алаяқтықтың міндетті бір белгісіне назар аударады: кінәлі адам о бастан бөтеннің мүлкін, соның ішінде қаржысын өз меншігіне алуды, өз пайда­сына не басқа адамдардың пайдасына құқыққа қарсы түрде, өтеусіз айналдыру­ды мақсат тұтуы қажет. Айыптау актісін және сот үкімін шығарарда, судья жасал­ған қылмыстық іс-әрекеттің объективті және субъективті жақтарын ескереді. Тілге тиек етіліп отырған жағдайда курсты ұйымдастырушылар клиентпен арада бекітілетін шарттарды сауатты құрады. «Курсты аяқтаған соң жұмысқа орналасасыз, мұнша табыс табасыз» демейді, жай ғана сол мақсатыңызға жету үшін бағыт береміз, ақпарат ұсынамыз, кеңес береміз дейді. Олардың бәрі дерлік жеке кәсіпкер ретін­де тіркеліп, азын-аулақ салық төлейді. Ол жағы заңды», – деді Р.Қуатбеков. Жәбірленуші жақ үмітінің ақталмағанын айтып жатады, ал заң­намада үмітті ақтамау үшін темір торға отырғы­за­тын норма жоқ. Сарапшы халықтың қаржылық сауатты болғаны маңызды екенін анық­тады. Ең басты қорғаныс та осы. Яғни, әрбір адам өзінің әрбір теңгесін орынды жұмсай білгені жөн. «Сіз мысалы, көркем фильм көру үшін кинотеатрға барасыз, ол туынды көңіліңізден шықпайды, сіз бірнеше саға­тыңызды босқа өткіздіңіз, билет алып, шығындалдым деп есептейсіз. Сол үшін киностудияны сотқа бер­мейсіз. Дамыған елдерде тіпті мил­лиардерлер де өзімен жүздесіп, бірге түскі ас ішу мүмкіндігін аукционға қойып, сатып жатады. Әрине, сол кез­десуді қымбатқа сатып алған адам­ға ол барлық құпиясын жайып салмайды. Бұл көбіне табынушылардың өз ку­мирімен бетпе-бет отырып, сырласуы сипатында өтеді. Батыста фанаттар осы мақсатта супертанымал блогерлердің, жұлдыз­дардың курсын сатып алады, өйт­кені курс аяқталған соң жұлдыз қатысу­шылармен кездесуі, сұрақтарына жауап беруі мүмкін. Әйтпесе, «инфо­сы­ған­дардың» курсын бітіріп, байығандар байқалмайды», – деді сарапшы. Ол азаматтарға мемлекеттік бағдар­ламалар аясында ұйымдастырылатын кәсіпкерлік негіздеріне үйрету курстарын оқуға кеңес берді. Олардан да нәтиже шықпауы мүмкін, дегенмен оқу ақысыз. Доктор Фокстың «ізбасарлары» Маркетолог Ақтоты Арынғазина «ин­фосығандарды» сыртқы «жылтырағынан» оңай тануға болатынын айтады: олар өзге адамдарды бақытты өмірімен, қымбат заттарымен, көліктерімен, саяхаттарымен, круизбен қызықтырады. Бақ-дәулеті шал­қығандай әсер береді. Жеме-жемге кел­генде, онысы жалған, қойылым немесе фотошоп болып жатады. «Инфосыған» деген шартты атау, онымен кез келген адамды атауға болады. Бұлар негізінен, курстарды, тренингтерді, өздері жазған әлдебір кітаптарды, оқу материалдарын, табыс әкеледі деп уағыздалатын өнімдерді сатады, шынында олардың салмақты құны жоқ. Олар өз­дерін инфобизнесмен, бизнес жаттық­тырушы, коуч, мотиватор, инвестор ретінде таныстырады. Тіпті, Apple, Tesla, Google компанияларының бірер ак­циясын сатып алып, өзін кремний ал­қабының инвесторы деп таныстырып жүргендер бар. Сөйтіп, табысты көрінгісі келеді. Мұнысы – көзбояушылық. Ал ауыр тұрмыстан шаршаған, еңбекақысы аз адамдар соларға имандай сенеді. Жол, жөн көрсетіп жіберсе, соған қолы жетеді деп үміттенеді», – деді маркетолог. ауадан ақша жасайтындар «Инфосығандар» кәдімгі сыған сияқты батыл, табанды, тіпті агрессивті әрекет етеді. Басты бір әдісі – әлеуметтік желідегі таргеттелген, нысаналы жарнама. Олар интернетте сізге желімдей жабысып, қайта-қайта достық ұсынады. Қабыл­дасаңыз болды, тез баюды үйрететін курс­тарына жазылуға шақыра бастайды. Сарапшылардың айтуынша, бұл психологиялық феноменді ғалымдар «доктор Фокс эффекті» деп атайды екен. Өкінішке қарай, нақты курстарды өткізіп, нағыз мамандар даярлайтын оқу орын­дары жарнама мен тартымдылық жағынан көзбояушыларға қатты ұтылады. Ин­фосығандар мәнсіз, еш пайдасы жоқ қыз­меттерін өткізу үшін клиенттің іші-бауырына кіріп кетеді, харизма, экс­прессивтілік, тіпті мейірімділік пен қамқорлық танытады. 1970 жылы Оңтүстік Калифорния университетінің медицина факультеті қызықты нәтиже әкелген тосын бір сынақ жүргізді. Зерттеушілер Дональд Нафтулин, Джон Уэр және Франк Дон­нелли студенттер оқытушылардың бойын­дағы қандай қасиеттерін бәрінен жоғары бағалайтынын білуге бекінеді. Оны тексеру үшін бірегей эксперимент ойлап тапты. Болашақ медицина ма­мандары алдында екі дәріскер бір та­қырыпта лекция оқыды. Біріншісі – шынайы доктор, өз ісінің жілігін шағып, майын ішкен майталман маман болған. Екінші лектор рөлін ма­мандықтан хабары шамалы, терминдерді бір күн жаттап, қысқа уақытта даярланған актер Майкл Фокс сомдайды. Ол түрін өзгертіп, ғылым докторы Майрон Фоксқа айналады. Студенттер оның жиырма минуттық дәрісін ұйып тыңдаған. Фокс сенімді көріну үшін бар өнерін салды, ым-ишара және басқа актерлік шеберлігін жете қолданды. Сөзін түсініксіз тер­миндерге, неологизмдерге, өзгелердің ци­таталарына, тақырыпқа қатысы жоқ, жалпылама қанатты сөздерге толтырды. Ақыр соңында басында айтқандарына қайшы келетін, қисыны шамалы қоры­тындылар жасаған. Лекциядан соң тыңдаушылардан дәріскерлер туралы сауалнамаға жауап беру сұралыпты. Сынақты ұйымдас­тырушылар аудиторияның әдеттегі ауанмен дәріс оқыған, білікті профессорға қарағанда, жалған доктордың жоғары баға алғанын біліп, қайран қалған. Тіпті, өзін доктор Фокстың табынушысы санай­тындар, бұрын оның ғылыми еңбектерімен танысқанын сенімді түрде айтқандар табылыпты. Сол лекцияның видеожазбасымен интернеттен танысуға болады. Зерт­теушілер сынақ нәтижесін Scientific American журналында жариялады (Naftulin, Ware, Donnelly, 1973). Онда оқу үдерісінде арбау, еліктіру тә­сілдерінің көбірек нәтиже беретіні жөнінде байлам жасалады. Содан бері бұл құбылыс «доктор Фокс эффекті» деген атауға ие болды. Сынақ тілі тәтті, өз сүйкімді, ал сөзінде салмағы жоқ за­манауи «Алдар көселердің» арбауына көзі ашық, білімді адамдар да түсіп қалатынын паш етті. Сорақысы сол, «инфосығандарға» жем болғандардың басым көпшілігі алданғанын сезбейді. Қаптап кеткен мотиваторлардың дәрісін тыңдаған жандар одан жұмысқа, өмірге пайдалы мәлімет алмағанын, ешқандай машық, дағды игермегенін білмейді. Себебі психологтердің пікірінше, ол адамдар әлденеге үйренгендей әсерде болады, иллюзия құшағында қалады. Позитивті эмоция алғанын қанағат тұтады. Немесе өзін ештеңе үйренбейтін нақұрыс, қор сезінгісі келмейді. Сөйтіп, құзырлы органдарға шағымданбайды. «Инфосығандардың» кәсіп бойынша білімі терең болмауы мүмкін, бірақ олар психологиялық манипуляцияда асқан шебер. Әлеуметтік-психологиялық тығырыққа тірелгендер, тұрмысы құлдырап, кедейшілік шыңырауынан шығу жолын іздегендер көбейген сайын бұл көзбояушылардың да тасы өрге домалай беретінге ұқсайды.