Наурыз айы ертеден халық үшін ерекше бір сезімге бөлеп, жаңа өмірге серпілтер кезең секілді. Оның тарихын, мәнін қазбалай берсең, таусыла қоймас қазынадай. Соңғы жылдары Наурыз мейрамы түрленіп, маңызы арта түсті. Жыл сайын еліміздің батыс облыстары Наурыз мейрамын тойлауды ертерек бастайтынын білеміз. 14 наурызда өтетін Амал мерекесін меңзеп отырмыз. Бірі білсе, бірі біле бермейтін атаулы мерекенің түп қазығы берік. Түптеп келгенде халыққа ортақ құндылықтардың бастауы. Осылайша, Көрісуден Наурызға дейін кезеңді бір аралап қайтамыз.Күнтізбеден көне дерекке дейін
Әлқисса, бұл мереке туралы ғалымдар пікірі әрқилы екенін жиі естиміз. Көрісу күнін зерттеп, зерделеп жүрген ғалымдардың кейбірі бұл күнді географиялық ерекшеліктермен байланыстырса, кейбірі Наурыз мейрамының алғашқы кіріспесі ретінде қабылдайды. Ал кей ғалымдар бұл дәстүрдің шығу төркінін күнтізбенің ауысуымен байланыстырады. 1918 жылдың 24 қаңтарында Халком кеңесі Григориан күнтізбесін қолданысқа енгізді. Бірақ алдыңғысымен айырмашылығы 13 күн болған. Соған байланысты 1918 жылдың 31 қаңтарында ескі күнтізбені аяқтап, 14 ақпанда келесі айды бастаған. Осы деректі басшылыққа алса 1 наурыз 14 наурызға тап келеді екен. Ол – жылбасы, күнтізбедегі көктемнің алғашқы күні саналған. Дегенмен Көрісудің тарихын күнтізбенің ауысуынан іздеуге негіз жоқ. Көрісу күні, яғни Амал мерекесі Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан өңірлерінде атап өтіледі. Дегенмен тек батыста тойланады деу жаңсақ пікір. Шынында қонақжай қазақ халқына ортақ ежелден келе жатқан көктем мерекесі. Бұған қазір тереңдей түсеміз.
Мерекенің шығу тарихы анық болмағанымен, негізгі мәні көпке аян. Жалпы, бізге жақсы таныс Наурыз мейрамынан бұрын басталатын Көрісуге қатысты түрлі жорамал да жетерлік. Күнтізбені былай қойғанда, «еліміздің батысында ауа райы жылы болғандықтан көктем ерте келеді» деп түсіндіруге тырысатындар бар. Алайда Амал мерекесін ертеден тойлататын Батыс Қазақстан облысының қысы қатты екенін, сәуір өтпей қар кете қоймайтынын ескерсек, бұл мерекенің ерте өту себебін ауа райының әсерінен деп топшылауымыз жаңсақтық.
Көрісу мен Наурыздың байланысын іздегенде алдымыздан «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлi жүйесi» атты энциклопедиясы шықты. Осы кітаптан аталған мейрамдарға қатысты көптеген деректерді кездестіре аласыз. Наурыз – ерте заманда отырықшы иран тілдес халықтарда қалыптасқан, егіншілік ғұрыптарымен байланысты мейрам саналатынын онсыз да көп оқыдық. Күн мен түннің теңелуіне негізделген, яғни, қыс қайтып көктемнің келуі, табиғаттың тірілуімен шендестіріліп, егін егу науқанының басталуымен түсіндіріледі. Уақыт өте келе Наурыз мұсылман түркі елдерінің «Ұлыстың ұлы күні» деген мағынада төл мерекесіне айналғаны жазылған. Көне заманнан бері Наурыз күн мен түннің теңелген уақытында, яғни, жаңаша наурыздың 22-сінде (ескіше наурыздың 9-ы) жыл басы ретінде тойлап келе жатқан айтулы мейрамы.
Бағзы бір замандардан дейтініміз, Наурыз мейрамымен байланысты айтылатын аңыз-әпсаналар, мақал-мәтелдер, бата-тілектер, наным-сенімдер, салт, ырым-жоралғылар атаулы ел ішінде аз кездеспейді. Мұндай тілдік деректердің аса мол болуы Наурыз мейрамының әлеуметтік-мәдени маңызының аса зор болғанын, тарихының өте тереңде екенін көрсетеді. Амалдар наурыз айында басталады. Амал деп отырғанымыз, кәдімгі әрекет, еңбек ету, жұмыс істеу. Жыл аяғында, яғни, наурыз айының 17-21 күндерi аралығында болатын жауынды-шашынды, суық, әрi лайсаң мезгiл бесқонақтан қатты сақтанып отырған. Самарқанның көк тасы жiбитiн күн деп Наурыз айының 22-ін айтатынын жақсы білеміз. Бұл күні Шығыс күнтiзбесi шығыста күн жылып, жер жiбiп, ашық, шуақты мезгiлдер басталатынын хабарлайды. Жаңа айдың туатынына дейінгі бір-екі күн мен «кеміген» айдың аспаннан екі күндік жоқ болып кету мерзімін қазақ өліара атаған. Осы арқылы алдағы айға болжам жасалады. Наурыз айының соңғы күндерiнде жыл құстары да ұшып келе бастайды, аралас қарлы жаңбыр, суық жел тұрады. Мұны ел құс қанаты деп атап тағы сол амалға жатқызған. Міне, осылайша өзара іргелес ұғым күйіне еніп, халық тілінде кейде амалдың атымен айдың атын немесе айдың атымен амалдың атын атай берген.
Наурыз айының әсіресе алғашқы он күні халық тілінде түске дейін мүйіз, түстен кейін киіз; ая мейіз алты күн, қырына алса қатты күн деп сипатталады. Қар күрт еріп, жер лайсаң тартып жатқанмен, артынша-ақ алай-түлей қар борап аласапыран болып кетеді. Наурыз айының 10-15-терінде өтетін бұл амалды халықтық метеорологияда отамалы атайды. «Қара жерге келсем, қар әкелемін, қарға келсем, қар әкетемін» деген отамалының серті бар дейді есепшілер. Сарышұнақ та інінен шығатын күн. Наурызда күн мен түн теңеледі, жұлдыздар теңеседі, яғни, Сүмбіле, Үшарқар-Таразы, Үркер және Сұлу Сары бір түзудің бойында тізіле орналасады. Есепшілер жұлдыздардың теңесуінен күн мен түннің теңелуін байқаған екен. Жаңа күннің жарығы мен жылуы қытымыр қысты ығыстырып, жер бетін жылылық жайлап көк қаулайды. Күн өткен сайын Күн белдеуі жоғарылай түседі. Есепшілер наурыздың келгенін күн мен түннің теңелгенін жан-жануарлардың қылығынан да байқайды-мыс. Қазақтың Батыс өлкесінде Наурыздың 14-інде сарышұнақ інінен шығады, күн суық болса, ін аузынан ұзамайды, күн жылы болса, ұзағырақтау жерге шығады. Ал тасбақа күн мен түн теңелгенде інінен аузына шөп тістеп шығады. Шөптің аты мәриям шөп деп аталады. Оны еппен алған адам бақытты, дәулетті болады деген сенім бар. Егіншілер жағы дән себетін егістік жерін баптап, тоған, арық-атыздарын тазалайды, атыздағы көтермелерін топырақ үйіп жаңартады. Саятшылар құс салмайды, аңшылар аңға шықпайды.
Сегіз күннің сәні
Қазақ тарихындағы айтулы ұлы тұлға, этнограф-ғалым Мәшһүр Жүсіптің Бұхар жұртынан келтірген дерегінде күн мен түн теңелгенде, балық аунап түседі. Кейбір елдерде күн мен түннің теңелгенін осы құбылыстан байқайтын көрінеді. Жиырма тоғыз жасында Бұхарай шәрифте болған Мәшһүр Жүсіп өзі байқаған жайын: «Наурыздама той қылатұғын жұрттың патшалары тірі балықты көп қылып ұстатып алып, бір керсен суға салып, көптің алқасына қойдырады. Отырған көп әлеумет сол балықтарға көздерін тігіп қарап отырады. Бір мезгілде балық біткен бірі қалмай теп-тегіс шалқасынан жата қалады. Қарындары жарқырап, лезде балықтар аунаған жағынан екінші жағына қарай аунап түседі. Сонан соң патшалар барабан соқтырады: «Ескі жыл шықты, жаңа жыл келді!» деп, сегіз күн ұдайымен қол астына қараған жұртқа той, тамаша береді: «Жаңа жыл тойы!» деп жазады. Енді бір сөзге үңілсек, «тура сегіз тойланады» деп жазылған, демек, дәл осы кезең шамалап қарасақ 14-22 наурыз арасындағы санды көрсеткендей.
Дәмге үлкен мән беріп, кие-қасиетін ерекше бағалап қадірлеуге байланысты халықтық түсінік бойынша әр ел арасында бір тайқазан болғаны туралы деректер бар. Мереке, мейрамдардан тыс уақыттарда да қандай да бір ерекше оқиғалар кезінде қазан, тайқазандар жосын-жоралғылық қызмет атқарған. Қазанның наурыз мерекесі кезінде де жосын-жоралғылық мәні арта түседі. Яғни, ілкіде әр үй өзінің 7 түрлі тағам қосып, пісіріп әкелген көжелерін ел игілігі, құт-берекесі саналатын қазанға құяды. Қазаннан қайтадан таратылып, жиналған халық болып бір мезгілде ішіп-жеп, түрлі шараны атап өткен. Ол береке-бірліктің, татулықтың нышаны болып саналатын ғұрыпқа байланысты атқарылатын. Осы дәстүр бойынша бір ауылдың, туысқандардың әкеліп қосқан ортақ дәмінен әзірленген көжесінің тағы бір атауы ретінде «көпкөже» сөзі айтылады.
Ел ішіндегі аса бай, дәулетті адамдардың наурызды той қылып өткізуі наурыздама аталған. Наурыздама тойы бір аптаға созылып, сегізінші күні тойға келгендер тарай бастайды. Арқа еліндегі дәулетті Тәти наурыздама тойын өткізген деп, арғынның атақты биі Едігені жүз кісісімен күткендігі жөнінде Мәшһүр Жүсіп жазбаларында мынадай дерек бар. «Сіз бір жақтан бір жаққа бара жатқан жолаушы емессіз, әдейін наурыздама қылдыра келдіңіз! Ұдайымен сегіз күн қылмаған соң, мұның қылуға не сәндігі бар?!», – деп сегіз күн күтіп, сыйлап, бір күнінен бір күнін асыра беріпті.
Наурыз мейрамында тағы бір маңызды дүние – кешірім сұрау. Мұның өзі жүректі таза ұстау, кір шалдырмаудың халық ұғымында соншалықты маңызды екенін көрсетеді. Біз атаған кітапта Көрісу – Ұлыстың ұлы күні атқарылар салттың бірі аталған. Этикет бойынша жасы кішілер алдымен үлкен шаңыраққа барып, жасы үлкенмен көріседі. Үлкен адамның ұсынған қолын қос қолдап, сыртынан аялап алып, төс қағыстырып амандасады. Әйелдер құшақ жайып амандасады. Қазақ елінің батыс өлкесінде Маңғыстау, Атырау жағында бір үйдегі жандар Ұлыс күнгі таң ата ұйқыдан тұра салысымен бірін-бірі құшақтап көрісетін ғұрып ілкіден бар. Ал алыстағы ағайын, жегжат-жұратымен Наурыз айының ішінде, не болмаса келесі Наурызға қалдырмай, «Көріспесең – жат, бармасаң – ұят» деп көрісуді қатаң ұстанған. Наурызда ақсақалдар бата беріп ізгі тілектерін айтады.
Бұл айдың киелі бағаланғаны сонша, Наурыз мейрамы қарсаңында туған төлді ерекше қастерлеп, наурызтөл атаған. Ол көбінесе қозыға қатысты айтылады. Көшпелі ортада ертеде ерте көктемде алғашқы туған ұрғашы қозылардың арасынан түсі келіскен, енесі өсімтал деп саналатын біреуі көгенбасы ретінде таңдалған. Түптөркіні мал басының көбеюіне байланысты туған бұл жорада наурызтөлдерге таңдау түседі. Өйткені қазақ жерінің табиғи-климаттық ерекшелігіне байланысты көп өңірлерде малдың жаппай төлдеуі күн мен түн теңескен, аяздың беті қайтқан шаққа тұспа-тұс келеді. Қазақы ортада наурызтөлді ерекше күтіп қастерлеп, бөгдеге сатуға, тарту етуге жол берілмеген. Мұндай малды көбінесе өз қызығына бағыттап, тойына, құрбан айт күндерінде сойып, ырым етеді.
Амал деген айымыз
Маңғыстау өңірінде Амал мерекесіне қатысты аңыздар басқаша өрбиді. Бұл мейрамға ерекше құрметпен қарайтын адайлар Маңғыстау түбегіндегі қыстауына қонғанда көктем ерте келіп, дәл осы 14 наурыз күні жайлауға қайтып келген екен делінеді. Жақсылықтың құрметіне балаған жұртшылық содан бері Амал мерекесін тойлап бастапты. Осы секілді көне әңгімелер легін тізе берсек дастан құрауға тұрарлық. Дегенмен Амал мерекесін ел болып тойлауда этнограф мамандардың пікірі құндырақ.
– Жалпы, Наурыз мейрамы дегенде «Әз Наурыз» сөзінің төркініне үңілгеніміз жөн. «Әз» сөзі қазақта адамға қарата айтылғанда сыйлы, мәртебелі деген мағына береді. Сондай-ақ «Әз амалы» деген сөз де бар. Күн мен түн теңелгенде Әз күні болды дейміз. Батыс өңірлерде 14 наурыз – Әз амалы болып есептеледі. Ежелгі Нұқ пайғамбар заманындағы риуаяттарда 14 наурыз бен 24 наурыз аралығы көктің есігі ашылып, көктем келетіні жазылған. Осы күндер аралығында қазақ халқы әр үйді Қыдыр ата (бақ) аралап жүреді деп иланған. Наурыз көжемізді ол заманда «Тілеу көже» деп атаған. Ауыл адамдары әр үйге қонаққа барып, төс қағыстырып, бір-біріне тілек айтқан. Сондықтан 14 наурызда Амал мерекесін тойлатудың артығы жоқ. Көктем мезгілі қонақтай бастайтын сәт дәл осы күн болып тұр, – деді этнограф Болат Бопайұлы.
Мифологиялық таным мәні
Бұл тұстағы Қыдыр ата мен наурыз көженің өзінен бөлек тақырыптың ұшын шығаруға болады. «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлi жүйесi» атты энциклопедияда екі ұғымның тығыз байланысты екені жазылған. Қыдыр ата – халықтың байырғы мифологиялық танымында адамға ырыс, құт дарытатын, көксеген тілегін орындайтын, қысылып-қиналғанда дем беретін, қауіп-қатерден құтқаратын әулие ретінде түсіндіріледі. Ел түсінігінде Қыдыр ата елеусіз жанның, қарт адамның, мүсәпір жанның, арып-ашқан жолаушының кейпінде көрінуі мүмкін.
Содан Қыдыр ата шырақ жаққан жерге келеді деп, Ұлыстың ұлы күні Наурызда жұп шырақ жағатын болған. Ондағысы, бақ қонып, Қыдырдың назары дарысын деген пайымдаудан. Ұлыстың ұлы күні Наурызда ақсақалдардың қол жайып, «Бөденедей жорғалап, Қырғауылдай қарғалап, Қыдыр келсін қасыңа. Осы тұрған боз үйге, Қыдыр ата дарысын!» деп айтатыны да бекер емес. Ел ішіне таралған аңыздардың бірінде Қыдыр ата төрт түліктің берекесін беруші бейнеде де көрінеді. Аңызда «Ертеде жыртық үйлі бір кемпір-шалдың үйіне қонған Қыдыр ата «ертең күнбатыстан күншығысқа қарай қалың мал шұбап өтеді. Сол малдарға шамаларың келгенше ен салып алыңдар. Ен салған малдың бәрі сендердікі болады, ал ен салынбаған мал айдалаға кете береді» деген екен деседі. Енді бір аңызда Қыдыр ата егіншіге Диқан баба бейнесінде ұшырасатын көрінеді. Жаз жауынды болмай, құрғақшылыққа ұшыраған егін жөнді шықпаған диқанның қырманы тым қораш болып, үйелменінің жылдық азығына жетпейтіндіктен көңілсіз күйде отырады. Сол кезде сонау жерден келе жатқан ақсақалды, ақ таяқты бір қарт кетіп бара жатып, Қырман қызылды болсын, Қыдыр дарысын деп, таяғымен нұқиды. Егінші «қырманның түбі көрініп жатқанда, несіне дарысын?» дейді екен. Әлден кейін қараса, қырманы қызылға толып, мол астықтың астында қалады. Қырмандағы қызылды әлгі егінші ауылдастарымен бөлісіп, ауыл аймағы аштықтан аман қалыпты. Содан бері егіншілер жерге дән сепкенде, «Менің қолым емес, Қыдыр бабаның қолы» дейді. Яғни, Қыдыр ата түсінігі кез келген жерде бақтың, ырыс-несібе мен молшылықтың, сәттіліктің иесі саналады. Бұдан не ұғамыз? Наурыз жыл басы деп отырмыз, демек, адамдар келген жылдан жақсылық күтетінін осы арқылы ымдаған тәрізді.
Ұлыстың ұлы күнгі Қыдыр түні қара қазанның түбі бос болмасын деп, май тамызып, үйдегі ыдыстарға сүті бар, айраны мен уызы бар, ағарған атаулыны құйып қояды. Қайсыбір ыдысқа бидай, арпа, сұлы толтырып, бақырға бұлақ суын толтырады. Бұл жоралғы жыл бойы молшылық болсын деген тілеуді аңғартады. Наурыздың 21-інен 22-сіне қараған түні молшылықтың жоралғысы ретінде әрбір шаңырақта міндетті түрде қазан толы наурыз көже әзірленеді. Дәстүр бойынша наурыз көже қыстан арнайы сақталған соғым еті, оған бидай, тары, арпа дақылдары қосылады. Наурыз көже кем дегенде жеті дәмнен жасалады. Су, тұзды да дәмге қосады. Наурыз көже құрамы жеті түрлі дәмнен артық та болады. Бір анығы, дәм тақ сан түрінде болуы тиіс. Өйткені наурыз «береке, бірлік» идеясын білдіреді де, тақ бөлінбейтін, «бірлік саны» ретінде ұғынылады. Қыстан қалған, наурызға деп қап түбінде сақталған соғым еті қыстың дәмі деп ұғынылса, ал ең соңында наурыз көжеге қосылатын ағарған келер жаздың дәмі саналады. Жасы үлкен ауыл, ел, әулет, әулет қарияларының кейбірінің аты Наурыз, Наурызбай болса, келіндер жағы эвфемизммен көпкөже, тілеукөже деп атайды.
Наурыздың негізіндегі құндылық
Сонымен, Көрісуіміз бар, Наурызымыз бар, осы бір амал кезеңі атайтын болсақ, қазір осы күндердің бізге берері не? Алдымен Наурыз мейрамы халықтың санасына маңызды дата есебінде сіңісіп үлгерді, өзге атаулы күндердің ешбірінен кем тойланбайтынын айтқан жөн. Ендігі мейрамның мәні жалпыхалықтық сипатқа ауып, біз көп айтатын бірлік пен берекенің негізін қалаушысына айналуы тиіс. Ол үшін тағы да маңызын арттырар қосымша мән жүктеген дұрыс тәрізді. Бұл тұста бірнеше дүниені алға шығаруға болады. Мәселен, біріншісін жақындастыру деп алайық. Қазір ел-жұрт көрші мен туыстың арасы бұрынғыдай жақын емесін айтып жатады. Бұл күні ертедегі көшпенділер ескі киім-кешек пен көнерген заттарын өртейтін болған. Үй ішін әсемдеп, алдағы мен арттағы, оң жағы мен сол беткейде отырған қырық үйге дейін бас сұққан. Дастарқанға төрт түрлі дәнді дақыл қойылып, ел ырысы тасығанын тілеген. Енді қараңыз, осы жерден екінші құндылық шығады. Жаңағы суреттеуімізге үңілсек, құдды қазір біз тойлатып жүрген жаңа жыл мейрамы іспетті. Әлемде датасы бөлек өзіндік жаңа жылдарын тойлайтын елдер бар. Қазіргіні кері теппесіміз белгілі, бірақ екеуінің де өзіндік мәнін сақтауға болатындай. Бұл пікірді құптаушылар жетерлік. Мысалы, этнограф Жамбыл Артықбаев түбі қазақтың жаңа жылы наурыз айында тойлану керегін біраз бері айтып жүр.
– Наурыз мерекесі неолит дәуірінде, яғни тас дәуірінде, біздің заманымызға дейінгі 7-6 мыңжылдықтардан бері бар. Бұл мереке жайлы қажет десеңіз көне адамзат аңыздарында, Інжілдегі Нұқ пайғамбардың оқиғасында да айтылады. Діни мейрам дегені желеу ғана, Кеңес Одағы заманында ұлттық болмысқа қарсы күрес қатты жүрді. Сол себепті дінді сылтау етіп ұлттық болмыстан айырды. Наурыз – салт-дәстүрді түгендеу емес, тірілту. Бұрын да айтып келдік. Амал мерекесін өз басым құптаймын. Бұл тұста батыс өңірін бөлудің қажеті жоқ. Амал – қазаққа ортақ той. 14 наурыз бен 22 наурыз арасы – көктем қонақтайтын шақ. Яғни, жер дүниенің жаңарар сәті. «Наурыздың келгенін судағы балық та сезеді» деген сөз бар. Самарқанның көк тасы жаңа жылда жібиді деген – осы, – дейді тарихшы-этнограф.
Қалай алсаңыз да, амал айымыз халықтың жаңа тынысын ашып, серпілуіне рухани тұрғыдан дем беретін кезең. Бірлікке ұйытар мерекенің көптігінен керегеміз нығаймаса, құлап қалмасы анық. Аңғарғанымыздай, Көрісу мерекесі мен Наурыз мейрамы – екі бөлек қуаныш, әйтсе де ұйытар игі ісі мен айтары бір. Алғашқысы, байырғы бабалар иланып, көне аңыз айғақтаған жаңа жыл болса, екіншісі күн мен түн теңескен, жер жібіген киелі шақ.