Бабын білгенге балық та байлық

Бабын білгенге балық та байлық

ХХ ғасырда Қазақстандағы өзен-көлдерге жоспарлы және жоспарсыз түрде өте көп балықты бейімдеу, жерсіндіру жүргізілді. Арада 60-80 жыл өткенде бұл балық түрлері жергілікті экожүйеге толық сіңісті деп саналады. Алайда олар кейбір жергілікті балық түрін ортадан ығыстырып, жойып жіберді. Мамандар экологиялық салдардың бар екенін жасырмайды, алайда олар елімізде кәсіптік балық саны көбейіп, ауланатын түрдің артқанын алға тартады. Кеңес Одағы тұсындағы жоспарлы жерсіндіру шалағайлықпен жүргізілген. Кәсіптік балықтар арасында жеуге жарамайтын, құнсыз саналатын, тіпті жергілікті балыққа қауіп төндіретін жыртқыш түрлері де араласып кеткен. Экожүйе осы соққыдан көп уақыт өтсе де, әлі есін жиған жоқ. Тәуелсіздік жылдары балықты жос­парлы жерсіндіру немесе бейімдеу жүргізілмеді. Алайда жатжерлік балықтар елдегі су қоймаларына әлі де келіп жатыр. Ихтиофаунаны мониторингтеу барысын­да соңғы 20 жылда елімізде жоқ қара табан ба­лық, пелядь, тиляпия, медака, вьюн, гор­чак секілді балықтар тіркелген. Мұның кө­бі шекаралық өзендер арқылы келген ин­вазивті түрлер. Оған Қазақстан 2000 жылы мақұл­даған «Шекарааралық су арналары мен халықаралық көлдерді қорғау және пай­далану туралы» Хельсинки конвен­ция­сы да кедергі келтіре алмай жатыр. Өйткені құжатты көршілес Орталық Азия елдері ма­құлдамаған. Мысалы, Іле өзеніне қытай ке­кіре балығы, қытай шырма балығы, жапон медакасы ҚХР тоған шаруа­шы­лы­ғынан келіп түскен. Сондықтан мамандар Қы­таймен бөтен түрлердің таралып кетуі­нің алдын алу және бақылау жөнінде екі­жақты келісім жасауды ұсынады. Осыған қо­сымша шекарааралық өзен-көлдердегі ба­лық қорын бірлесіп реттеу және пай­далану туралы екіжақты келісім әзірлеу және оны мақұлдау қажет екен. Біз сөзге тартқан биология ғылым­дары­ның кандидаты Гүлназ Бари­но­ва­ның айтуынша, Қазақстандағы 156 ба­лық түрінің үшеуі инвазиялық жолмен та­ралған. Мамандар ихтиофаунаның ішін­де 26 бөгде түр бар деп есептейді. Олардың көбі жоспарлы түрде, балық өнімділігін арт­тыру саясатымен Кеңес Одағы кезінде жер­гілікті табиғатқа қолдан бейімделіп, жер­сіндірілген. Бастапқыда еліміздің басқа ай­мақтарында тіршілік ететін кәсіптік маңызы бар көксерке, жайын, бекіре ба­лық­тары таратылды. Одан кейін солтүстік өңірлерге ақ­са­ха, еуропалық көкшұбар, пелядь ба­лығы әкелінді. Аралға Балтық майша­ба­ғы, Сырдария мен Балқаш бассейндеріне – ақ амур, ақ дөңмаңдай, амур бұзаубасы жер­сін­дірілді. Осылардың шабағының арасында Амур жалған теңге балығы, атерина, көп­қабыршақты анабарилиус, үш ерінді балық та араласып кеткен. Оны кездейсоқ тарал­ды деп жүр. Жыланбас, қырлықұрсақ ба­лық, теңбілкекіре, Амур шабағы, қытай элеот­рисі Өзбекстанға осылай таралып, кейін Сырдариямен бізге келіп жетті. Шығыс Қазақстан су қоймаларына кәсіптік ихтиофаунаны мақсат­ты түрде қалыптастыру үшін сазан, тыран, көк­серке және рипус, байқал омулы, пе-ля­дь, чир, муксун, тұқы, ханбалық, ақ амур, дөңмаңдайлар жерсіндірілген. Балқаш–Алакөл бассейніне өте көп балық жерсіндірілген Балқаш–Алакөл бассейніндегі аула­натын балықтың көбі мақсатты түр­де жерсіндірілген. Сондықтан біз оған же­ке тоқталып отырмыз. Балқаш көліндегі б­алық түрінің 50 пайыздан астамы жос­парсыз келген қоныстанушылар. Гүлназ Баринованың айтуынша, Бал­қаш көлінде бастапқыда 5 ба­лық қана болған. Бұл – Балқаш алабұғасы, өзен салпы еріні, талма, Балқаш және Іле шар­майы. «Осыншама ірі көлде бес балық түрі де­ген өте аз. Жерсіндіру арқылы қазір Бал­қашта 25-тен астам балық түрі бар. Або­ри­ген, эндемик түрлері жойыла бастаса да, кә­­­сіптік түрде ауланатын балық түрі кө­бей­ді. Қазақстанда ауланатын балықтың 25 пайызы Іле–Балқаш су алабынан алынады. Қап­шағай, Іле, Балқаштан сазан, ақмарқа, жайын, көксерке, алабұға, мөңке, табан, тыран кәсіптік балықтар ауланады», – дей­ді ол. Алайда сырттан әкелінген ірі жыртқыш ба­лықтар ұсақ абориген балықтарды жеп тауыс­ты немесе көлден ығыстырып шығар­ды. Жетісу және кәдімгі гольян, талма ба­лық, бір түсті талма балық сиреп кет­кен­діктен, Қызыл кітапқа алынды. Сонымен қатар Іле қарабалығы, Балқаш алабұғасы, шармай да жойылып бара жатқан түр ретінде Қызыл кітапқа енгізілген. «Бұлардың сиреп кетуі жерсіндіру жұ­мысының салдарынан. Әкелінген ба­лық­тар эндемиктердің қорегіне бәсекелес бол­ды, тұқымын өсірмей, шабағын жеп қой­ды», – дейді Гүлназ Баринова. Балқаш алабұғасы – Балқаш–Алакөл су бассейнінің эндемигі. Тұрқы шағын сал­­­­мағы 1,5 келіден аспайды. 1961 жылға дейін Балқашта жылына 2 300 тонна ала­бұға ауланып келген. Қазір саны күрт азайып, еліміздің ғана емес, халықаралық Қы­зыл кітапқа енгізілді. Мамандар ала­бұға­ның азаюын тұрқы ірі көксерке, жайын, ақмарқа секілді жыртқыш балық­тарды жерсіндіруден көреді. Сондай-ақ судың гидрологиялық құрамының өзгеруі де жағдайды нашарлатып жіберген. «1940 жылдары өнімділікті көбейту үшін Қазақстанның басқа су қоймаларынан табан, көксерке, қарагөз (вобла) әкеліп бейімделді. Ихтиофауна көбейіп, балық аулау көлемі артты. Шаруашылық жағынан пайдалы болды. Алайда абориген жергілікті балықтың жағдайы қиындап кетті. Жер­сіндірілген балықтар ішінде жоспардан тыс тарап кеткен балық түрлері де бар. Қиыр Шығыстан ақ амур, дөңмаңдай әке­лінді. Олар кәсіптік емес, құнсыз балықтар. Олар да жерсінді, көбейді. Экожүйеге енді, қазір қорек тізбегіне қосылды», – дейді Зоология институтының Биоценология жә­не аңшытанушылық зертханасының аға ғы­лыми қызметкері Александр Линник. Жыртқыш жыланбас балықтан сақтану қажет Еліміздегі инвазиялық түрге жата­тын, жергілікті экожүйеге қауіп төндіретін балықтың бірі ол – жыланбас. Өткен ғасырдың 50-60-жылдары Амур су қой­масынан Арал–Сырдария бассейніне кә­сіптік балықтарды жерсіндіру кезінде кез­дейсоқ бізге келіп, еліміздің көп бөлі­гіне таралып кеткен. Тағы бір таралу тар­ма­ғы – Қытайдан балық өсіру шаруа­шы­лықтарынан Іле өзеніне түсіп, Іле–Балқаш су алабына жетті. Қапшағай су қоймасында пайда болып, Балқаш көлінде көбейді. Ол уылдырықты көп салмайды, алайда оны күзе­теді, қорғайды. Жыланбастың ерекше қа­сиеті ауамен тыныс алады. Жанкешті. Су тартылып, не құрғап қалса, ол балшық ас­тында су келгенше ұзақ жата алады. Тіп­ті, құрлыққа шығып, келесі су қоймасына құр­ғақ жермен жете алады. Өте қомағай. Ба­лық, шабақ, құс, су тышқаны, ондатр, ба­қаны жей береді. Ихтиолог Александр Лин­никтің пікірінше, жыланбастың шаруа­шылық тұрғысынан пайдасы жоқ емес. Өйткені ол ауланатын кәсіптік түрге ай­­­налған. Соңғы кездері әуесқой балықшылар жыланбасты солтүстік өңірде «Есіл, Нұра өзендерінен кезіктірдік» деп отыр. Гүлназ Баринова осы өзендерге та­ралуы мүмкін екенін жоққа шығармады. «Есіл өзеніне жыланбас Нұра каналы та­ралуы мүмкін. Өйткені арнаның Бал­қаш­пен түйісетін тұсы бар. Қорғалжын қо­ры­ғындағы көлдерді де осы балық кез­десті деген мәлімет бар», – дейді ол. Ғалымның айтуынша, жергілікті балық түрлеріне қауіп төндіретін жы­ланбас Америкаға үлкен проблемаға ай­налған. «Бізде оны кәсіптік балық ретін­де аулауға лимит қойылып отыр», – деп қын­жылды Гүлназ Баринова. Алайда Александр Линниктің айтуын­ша, жыл соңына қарай өткен ведомст­воа­ра­­лық комиссия жиынында осы кем­ші­лік­тің орны толтырылған. «Жыланбас балығы «Жануарлардың ха­лықтың денсаулығын сақтау, ауыл шаруа­шылығы және басқа да үй жануар­ларын аурудан алдын ала қорғау, қоршаған ортаға зиян келтіруді болдырмау, ауыл шаруашылығы қызметіне айтарлықтай зия­н келтіру қаупінің алдын алу мақсатын­да саны реттелуге тиіс түрлерінің тізбесіне» енгізілген», – дейді ихтиолог. Сондай-ақ қазір ғалымдар жыртқыш балықтың санын рет­теуді ойлас­ты­рып жатыр. Балық шаруашылығы ғы­лыми-өндірістік орталығының Ихтиология зертханасы меңгерушісі Ербол Сансыз­баевтың айтуынша, қазір 47,5 тонна жы­ланбас балығын аулауға лимит берілген. «Жаңылмасам, оны аулауға 2013 жыл­дан аздап лимит белгіленіп келді. Алайда бұл дұрыс емес еді. Өйткені оны толық аулап, санын барынша азайту керек. Бұл түр ел аумағында өте жылдам таралып бара­ды. Біздің орталық осы шектеулерді алып, барынша еркін қимылға рұқсат беру мақ­сатында жұмыс істеп жатыр. Жыланбас су қоймасында шамамен 100 тонна деп есептесек, соның барлығын аулауға лимит берілмек. Бұл да – күрестің бір түрі. Қазір ведомствоаралық комиссия отырысында кішкентай шабағына дейін аулау жөнінде ұсыным бердік», – дейді маман. Сонымен қатар орталық Балық комитетіне жылан­басты аулағанда Салық кодексіндегі ақы төлеу жөніндегі тұсын да алып тастау жө­нінде ұсыным берген. Яғни, балықшылар кә­сіптік балықтың осы түрін шектеусіз, те­гін аулап азайтуына мүмкіндік беру ұсы­нылып отыр. Осы тұста Александр Линник сол­түстік өңірлердегі өзен-көлдерге бейімделу мүмкіндігі жоғары, тағы бір қауіп­ті балықтың түрі көбейіп келе жатқа­нын алға тартты. Бұл – ротан балығы. Қиыр Шығыста Амур өзенінде тіршілік етеді. «Солтүстік Қазақстан облысында Есіл өзе­нінде, Павлодарда Ертісте таралып кет­ті. Бұл агрессивті жыртқыш түрі. Бәрін жей береді. Жанкешті. Жоғарыда айтыл­ған, жыланбас балық солтүстік су қойма­ла­рына таралса, қаупі артады деп ойлай­мыз. Алайда ол кәсіптік балық, жеуге жа­рамды, аулауға болады, шаруашылық жа­ғынан пайдалы. Ал ротан тұрқы шағын, жеуге жарамайтын, құнсыз балық сана­лады. Ол таралып, саны көбейсе, жергілікті ихтиофауна үлкен залал келтіруі ықтимал» деген қаупі барын атап өтті ғалым. Балық шаруашылығы мен балықтандыруда сақтық керек Қазір елімізде балық шаруашылығын дамытуға мемлекет мән беріп отыр. Балық өнімдерін көбейтіп, ішкі сұранысты қа­на­ғаттандыру көзделген. Тоғандарда кәсіп­тік, тауарлық балық өсіру қолға алынып жатыр. Осы тұста Қытайдан келетін ба­лық­тың жат түрлері осы тоғанда өсіріліп, су қоймаларына түсіп кеткен балықтар екені еске түседі. Балық шаруашылығы ғы­лыми-өндірістік орталығы Ихтиология зерт­ханасының меңгерушісі Ербол Сан­сызбаев балық шаруашылығы қарқын алғанда қолда өсірілетін жатжерлік балық­тардың өзен-көлдерге таралып, бейімделу ықти­малдығы барын жоққа шығармады. «Елімізде әлі де болса да балық өсіру ак­вамәдениеті жолға қойылмаған. Алматы облысы маңында балық шаруашылығы көп. Тоғандағы балықтар өзендерге кетіп қалып жатыр. Мысалы, қазір өзендерде пелядь кездеседі. Әзірге олар залал тигізіп жат­қан жоқ. Бірақ мұндай қауіп бар. Өйт­кені балық шаруашылығы көбейе түскен сайын осындай ықтимал қауіпті жоққа шы­ғара алмаймыз», – дейді Ербол Сансыз­баев. Осы тұста тағы бір ескере кетер жайт ол – өзен-көлдерді балықтандыру ке­зінде басқа түрдің табиғи ортаға «кез­дей­соқ» жіберілуі. Гүлназ Баринова бұл қауіп­тің мүмкіндігі төмен екенін, жалға алын­ған көлдерді балықтандырудың та­лап­тары заңнамада барынша ескерілгенін атап өтті. «Көлді жалға алар кезде онда био­ло­гиялық негіздеме жүргізіледі. Онда қандай балық түрі, өсімдік түрі бары анықталады. Их­тиолог, гидробиолог балықтың қорек түр­лерін зерттейді. Жалпы биомасса есеп­теледі. Сол зерттеуге сай көлге кәсіптік маңы­зы бар балықтар жіберіледі. Ол түрдің жер­гілікті балықтарға зияны бар ма, жоқ па екені ескеріледі. Көп мөлшерде балық­тандыру жүргізілсе, жергілікті балықтар популяциясына қауіп төндіріп, жойып жіберуі мүмкін», – дейді ол. Александр Линник басқа елдерден әке­лінген кәсіптік балықтың табиғатқа тара­лып кетуі әбден мүмкін екенін атап өтті. «Тоғанда көбіне тұқы немесе ақ амур өсі­ріледі. Алайда осы су қоймасын басқа құн­сыз, жыртқыш балықтардан тазарту қиын. Шабақтары араласып кетуі ық­ти­мал. Сондықтан осындай шара­ларды өт­кіз­ген кезде барынша мұқият болу керек», – дейді ғалым. Оның айтуынша, бө­тен түрлерді әуес­­қойлар әдейі та­ратуы мүм­кін. Мы­салы, әуесқой ба­лық­шылар Балқаш бассейнінде шор­тан аулауды ар­ман­дай­ды. «Яғни, ең жа­қын су қоймасынан шо­­ра­ғай әкеліп жі­бере са­ламын десем, оған тыйым салуға, қа­да­ға­лау жүр­гізуге мүмкіндік аз». Қорды көбейту ғылыми зерттеуден басталса... Қазір еліміздегі өзен-көлдерде балық қо­ры азайып барады. Александр Линник­тің айтуынша, оған еліміздегі ихтофау­на­ның басты проблемалары себепші болып отыр. Оның пікірінше, бұл саладағы ең бірін­ші мәселе – еліміздегі барлық су қой­масында су деңгейінің төмендеп кетуі. Бұл тұста жаһандық климаттың өзгеруінің де салдары бар. Оған қоса, көрші мемлекет­тер­де су пайдалану деңгейінің артуы да оған ықпал етіп отыр. Айталық, Ертіс, Бал­қаш, Кас­пий секілді негізгі ірі су айдын­дары ше­карааралық су қоймаларына жатады. «Екінші мәселе – су қоймаларының түрлі затпен ластануы. Бұл – экологиялық мә­селе. Еліміздегі ірі су қоймаларына су көр­шілес елдерден ағып келеді. Тек Қы­тайдан басталатын Қара Ертіс бізде Ертіске жалғасып Ресейге ағып барады. Ол бастау алатын Қытайда тау-кен өндіру ор­ны көп, солардан ластанады, одан кейін бізде де суды ластайтын түрлі өндіріс бар. Сырдария бассейнінің ластануы Өзбек­стан­ға және өзен ағып өтетін еліміздің ау­ма­ғындағы түрлі өндіріс-өнеркәсіп ор­нына байланысты. Бұдан басқа, Қапшағай су қоймасын ластайтын өзендердің көбі Ал­матыдан ағып келеді», – дейді Алек­сандр Линник. Ихтиофаунаның зерттелуіндегі маңызды мәселенің бірі – маман даяр­лау жайы. Қазір елімізде фундамен­талды ихтиофауна зерттеушісі, өнеркәсіп­тік ихтиолог маманды жоғары оқу орын­дары әзірлемейді. Тек балық шаруашы­лы­ғы, тауар балығын өсіруге бағытталған ауыл шаруашылығы мамандарын әзір­лей­ді. Соңғы мәселе әкімшілік ұйымдастыруға қатысты, ол браконьерлікпен күрес, балық аулауды бақылауды реттеу жайы. Тағы бір қуанышты жайт, балық өнімділігін көбейту саясатының сал­дарынан жойылып бара жатқан, Қызыл кітапқа енгізілген эндемик балықтар по­пуляциясын қалпына келтіру мақсатында зерттеу жұмыстары қолға алынған. «Қазақстандағы сирек кездесетін балық түрлерін зерттеп жатырмыз. Арнайы тізбе бар. Сирек кездесетін балықтардың қазіргі жағдайын анықтап, олардың өсіп-өнуі бәсең болғандықтан қолдан өсіріп, көбейтіп табиғи ортаға жіберуді көздеп отырмыз. Әзірге Арал қаязы, пілмай, Балқаш шармайын зерттеуді қолға алдық. Жұмыс екі жылдан бері жүргізіліп жатыр», – дейді Ербол Сансызбаев. Адамның табиғатқа орынсыз араласып, келтірген шығынның орнын толтырып, кемшілігін түзету жолындағы осы қадамды құптауға тұрарлық. Александр Линник ихтиофаунадағы зерт­теулер соңғы кездері қарқынды жүр­гізіліп жатқанына тоқталды. «Көптеген балық шаруашылығы ма­мандығын бітірген түлектер ихтиолог бол­маса да, ғылыми салаға келіп, биоа­луан­­түрлілікті зерттеуді қолға алды. Ең­бектің нәтижесінде диссертация қорға­ғанына куә болып отырмыз. Тіпті, жаңа түрлерді тауып, зерттеп ғылыми айналымға қосуда. Сондай-ақ Зоология институты Қызыл кітапты шығару үшін биылдан бас­тап бірқатар зерттеу жүр­гізіледі. Институт Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығымен бірлесіп Қызыл кітапқа ен­ген сирек кездесетін балықтарды зерт­тейді», – дейді ғалым. Сөз соңында айтарымыз. Инвазив түр­лер­дің таралуын зерттеу – фунда­мен­талды және қолданбалы зерттеудің маңызды ба­ғыт­тарының бірі. Сондықтан осы ба­ғыттағы жұмыс тоқтамауы тиіс. Қалыптасқан экожүйені жатжерлік балық түрлерінен қорғап, осы бағыттағы шаруашылық жұмыстарын бақылауды назардан тыс қалдырмау қажет. Себебі өзен-көлде өзі көбейіп жатқан балық ресурсы еліміздің таусылмайтын байлығы.

Жәнібек АМАНГЕЛДІ