Тағдыр төрт баланы ерте есейтуге қанша тырысқанымен, олар қасарысып бағады. Әр кездейсоқ «қамқоршыдан» олар мейірбан ата-ананың образын іздейді. Әр баспанадан өздері сезініп көрмеген туған үйдің жылылығын табуға талпынады. Людвиг, Луиджи, Лука, Люсьен, сондай-ақ оларға жол ортадан қосылған тастанды қыз Люси бір-біріне мүлдем ұқсамағанымен, бірін-бірі толықтырып тұратындай: иә-иә, өйткені Жюль Верн айтпақшы, барлық қасиеті ұқсас адамдар дос бола алмайды ғой.
Олардың өмірінде кезігетін әр кейіпкер кішкентай қаһармандарды ештеңеге қарамастан қорғауға бар күшін салады. Әуелі балақайлар осы аумақта мыстан атымен танымал Луизон есімді келіншектің шапағатын көреді. Одан кейін жолығатын қайырымды неміс сарбазы Ганс та, түрмеден қашып кеткен тұтқын Мусса мен оның жолдасы Гастон да, дәрігер ханым Берраут та жеткіншектердің жүрек түкпіріндегі жалғыз мұраты – Швейцарияға жетуіне жәрдем береді.
Олардың Швейцарияны неліктен армандағанын жоғарыда айтып едік қой. Жолай балалар бар шындықты біліп, бар болғаны, Людвигтің өз анасын көруге асыққанын түсінеді. Сонда әлгі төртеудің ішіндегі үлкені Люсьеннің былай дейтіні бар: «Сенің анаң аман екен... Демек, енді біздің бәрімізде ана бар ғой?!». Сол-ақ екен, басқа балалардың жүзі қуаныштан бал-бұл жанып, құдды бір туған анасы табылғандай мәз бола кетеді. Оларға қосылып, сіз де мәз боласыз...
Әр кішкентай мүмкіндікті сүйеу көріп, тіреу көріп, ешқашан үмітін үзбейтін, болмашыға шын шаттана білетін, қандай қиындықта да тауы шағылмайтын балақайлардың бойындағы оптимизмге еріксіз тамсанасыз... Фильмнің де көрерменге жеткізер басты моралі осы сияқты: «Жылт еткен жақсылыққа жармаса біл»...
Азат ҚАЗАҚ