Жақында француз режиссері Янн Самюэльдің La guerre des Lulus («Л» есімді ағайындылар) фильмі көрерменге жол тартты.
1914 жыл. Бірінші дүниежүзілік соғыс басталған шақ. Тостағандай көзілдірігі бар кішкентай Людвигті анасы шіркеуге қалдырып, Швейцарияға кетеді. Ұлына Жюль Верннің кітабын ұстатып, соны оқып бітіргенінде, оралуға уәде етеді. Бірақ кітап түгесілгенде ешқандай ғажайып тумайды – Людвигті алып кетуге ешкім келмейді. Кейін баланы монастырьға ауыстырады. Әліпбилік тізім бойынша оны есімдері «Л» әрпінен басталатын балалармен бір бөлмеге орналастырады: бөлмеде өзінен басқа араларындағы ең ересегі – Люсьен, топ-томпақ Луиджи, аңқау Лука бар еді. Төртеуі дала кезіп, серуенге кеткен бір күні монастырьдағылар неміс әскерінен қашып, ойда-жоқта көшіп кетеді де, біздің кейіпкерлеріміз жұртта қалып қояды. Бар «қызық» осыдан кейін басталады...
Балалардың ең ересегінің өзі небәрі он бес жаста еді, сондықтан соғыс өрті лаулап тұрған елде қалудың қауіпті екенін түсініп, олар шекараға жетуге асығады. Бәрінің мақсаты – Людвигтің аузынан суы құрып отырып айтатын әңгімесіндегі тып-тыныш Швейцарияға жетіп алу болатын. Бірақ жау әскері қоршап алған француз қалаларымен сапарлау олар ойлағандай оңай болмай шықты.
Тағдыр төрт баланы ерте есейтуге қанша тырысқанымен, олар қасарысып бағады. Әр кездейсоқ «қамқоршыдан» олар мейірбан ата-ананың образын іздейді. Әр баспанадан өздері сезініп көрмеген туған үйдің жылылығын табуға талпынады. Людвиг, Луиджи, Лука, Люсьен, сондай-ақ оларға жол ортадан қосылған тастанды қыз Люси бір-біріне мүлдем ұқсамағанымен, бірін-бірі толықтырып тұратындай: иә-иә, өйткені Жюль Верн айтпақшы, барлық қасиеті ұқсас адамдар дос бола алмайды ғой.
Олардың өмірінде кезігетін әр кейіпкер кішкентай қаһармандарды ештеңеге қарамастан қорғауға бар күшін салады. Әуелі балақайлар осы аумақта мыстан атымен танымал Луизон есімді келіншектің шапағатын көреді. Одан кейін жолығатын қайырымды неміс сарбазы Ганс та, түрмеден қашып кеткен тұтқын Мусса мен оның жолдасы Гастон да, дәрігер ханым Берраут та жеткіншектердің жүрек түкпіріндегі жалғыз мұраты – Швейцарияға жетуіне жәрдем береді.
Олардың Швейцарияны неліктен армандағанын жоғарыда айтып едік қой. Жолай балалар бар шындықты біліп, бар болғаны, Людвигтің өз анасын көруге асыққанын түсінеді. Сонда әлгі төртеудің ішіндегі үлкені Люсьеннің былай дейтіні бар: «Сенің анаң аман екен... Демек, енді біздің бәрімізде ана бар ғой?!». Сол-ақ екен, басқа балалардың жүзі қуаныштан бал-бұл жанып, құдды бір туған анасы табылғандай мәз бола кетеді. Оларға қосылып, сіз де мәз боласыз...
Әр кішкентай мүмкіндікті сүйеу көріп, тіреу көріп, ешқашан үмітін үзбейтін, болмашыға шын шаттана білетін, қандай қиындықта да тауы шағылмайтын балақайлардың бойындағы оптимизмге еріксіз тамсанасыз... Фильмнің де көрерменге жеткізер басты моралі осы сияқты: «Жылт еткен жақсылыққа жармаса біл»...
Азат ҚАЗАҚ