«Қаланың балаларында бәрі бар» деп кей кісілер таңғалып отырушы еді, сөйтсек қаланың иттеріне қарап та осылай айтуға болады екен: мәселен, олар... балабақшаға барады. Онда кәдімгідей мезгіл сайын тамағын береді, түскі астан кейін ұйықтатады, қыдыртады, ойнатады... Қысқасы, ауылдағы Ақтөс, Мойнақтардың түсіне кірмеген рахат өмір солардікі. Тәртіпке көніп, түсте ұйықтайды
Астанада жарты жылдан бері иттерге арналған алғашқы және әзірге шаһардағы жалғыз балабақша жұмыс істейді. Оны он жылдық тәжірибесі бар кинолог Серікжан Мұқан ашқан.
«Иттерге арналған балабақша ашу идеясы бір жарым жыл бұрын келді. Қалалық жерде адамдардың көбі ертелі-кеш жұмыста, иттерін уақытылы қыдыртуға мүмкіндігі бола бермейді. Өзім бала кезден бері жануарларды жақсы көретіндіктен әрі кинолог болғандықтан, олардың жайын жақсы түсінемін. Балабақшаны ашу жұмысына бір жылдай уақыт кетті. Ашыла салысымен, орын бірден толды. Келген адамдардың айтуынша, Астанада мұндай жер жоқ екен», – дейді ол.
Балабақшаның бағасы иттердің көлеміне байланысты: дене тұрқы 25 см-ге дейінгі декорациялық тұқымдар үшін – айына 35 мың теңге, 45 см-ге дейінгілер үшін – 43 мың теңге, ал 45 см-ден асатын ірі тұқымдарға – 50 мың теңге.
Мұндағы тәртіп кәдімгі балалар бақшасындағыдай: таңертең 8 бен 10 арасында иттерді иелері алып келеді не оларды балабақша қызметкерлері үйлерінен алып кетеді. Сағат 10 мен 12 арасы – қыдыру уақыты. Бұл кезде кішкентай иттердің етік-күртелерін кигізіп, үлкендеріне тұмылдырық тағып, бір-бірлеп сыртқа алып шығады. Ал 12 мен түскі 2 арасындағы бос уақыттарында өзара доп ойнайды, жарысып, жүгіреді. Әбден шаршап, күш-қуаты таусылып, қалжыраған соң, түскі 2 мен 4 арасында жаппай ұйқыға жатады. «Иттерді ұйықтату үшін не істейсіздер?» десем, қызметкерлер жарықты өшіріп, пердені жауып, залды қараңғылап тастайды екен. Мақұлықтар да оны «түсінеді»: тым-тырыс бола қалып, кейбіреулері бұрышта тіпті төрт аяғы серейіп, тырайған күні ұйқыға кетеді. Түскі ұйқыдан оянған соң, оларды тағы бір мәрте далада серуендетеді. Одан кейін кешкі сағат 6-8 аралығында үйлеріне қайтады.
Нашар тұқым жоқ – нашар тәрбие бар
Балабақшаға келу үшін иттердің ветеринарлық паспорты болуы және барлық екпесі түгел салынуы тиіс. Сондай-ақ олардың ортаға үйрену қабілеті, стреске төзімділігі, агрессияға бейімдігі де тексеріледі.
«Бұлар да балалар сияқты: ерте күшік кезінде келгендері жатырқамай, 2-3 сағаттың ішінде бірден үйренісіп кетеді. Ал есейіп қалғандарына көбірек уақыт керек. Мүлдем үйренісе алмай, иелері қайта алып кететін иттер де болады. Бір-біріне сыйыса алмайтын иттер де бар. Әсіресе піштірілмеген еркек иттер өзара жиі төбелесіп қала береді, ондайда бірден ажыратып алып, тәртіпке саламыз», – дейді балабақшаның әкімшісі Карина Талғатова.
Серікжанның айтуынша, ортаға сіңісе алмайтын иттер – оның қандай тұқымнан екенінен емес, «тәрбиенің» нашарлығынан.
«Адам үш күннен соң көрге де үйренеді» дейміз ғой, сол секілді, иттерді де кез келген тәртіпке үйретуге болады. Бізде, әсіресе қалалық жерде, өкінішке қарай, көп ит үйден шықпайды, өзге иттермен араласпайды. Табиғат заңы бойынша олардың өз қажеттіліктері бар. Адамдар көбіне оны елең қылмайды, соның зардабын ит өскенде көрсетеді. Мысалы, неліктен дене тұрқы шағын декорациялық иттер агрессияға бейім келеді? Өйткені оларды кішкентайынан қолға үйретіп тастайды. Ит мейлі үлкен болсын, кіші болсын, емін-еркін жүгіруі керек, ойнауы керек, іштегі энергиясын шығаруы керек», – дейді кинолог.
Қызғаншақтықтан қорқу керек
Балабақшадағы иттер де өзара дос бола алады екен. Олар серігін темпераменті, қимыл-қозғалысы, исі арқылы табады. Бір иттің шамамен үш «досы» болады. Біз мұндағы екі дос – бишон мен шпицтің екі аяқтап тұрған күйі бір-бірімен құшақтасып, «вальс билейтінін» жиі тамашаладық. Кіп-кішкентай екеуі құдды бір ойыншық тәрізді. Ал үлкен иттер мұндай нәзік түрде емес, бірін-бірі тістелеп, алысып, нағыз балуандар секілді ойнайды. Олар шағын иттерге мән бермейді екен.
Айтпақшы, Серікжанның сөзінше, иттерде сезім жоқ. Тек инстинкт бар.
«Адамдар өздері көргісі келетін нәрсені оларға таңады. Шын мәнінде оларда жауапкершілік, ұялу, өзін кінәлі сезіну деген сияқты сезімдер болмайды. Тек адамға бауыр басуы, өз территориясын қорғауға деген инстинкті болады. Мысалы, кейбір адамдар «итім мені қызғанады» деп мәз болады. Иә, қызғануы мүмкін, бірақ оныкі саналы қызғаныш емес және ол қуанарлық та себепке жатпайды. Өйткені ит иесін қызғанса, демек оны өзінің меншігі көруі және иесіне кімнің жақындау-жақындамау керегін тек мен шешемін деп түсінуі мүмкін», – дейді Серікжан.
Иттердің көңіл күйін, ауырып тұрғанын, не қалайтынын оның қимылынан немесе үруінен де байқауға болады екен.
«Мысалы, мына шпиц іші пысқаннан, ойнағысы келіп үріп жатыр. Екіншісінікі – жай ғана үйіріне ілесіп үру. Қарны ашқанда бұлар басқаша үреді», – дейді балабақша иесі.
Кинолог ретінде көпжылдық тәжірибесі болғандықтан, Серікжаннан ит асырайтындардың жиі жіберетін қателігі туралы сұрадық.
«Көбі ит аларда оның әдемілігіне қарайды. Бұл дұрыс емес. Оның орнына итті өзіңнің өмір сүру салтыңа сай келетіндей етіп таңдау қажет. Мысалы, ертелі-кеш кеңседе жұмыс істейтіндердің хаски асырайтынын көріп қынжыламын. Хаски – өте белсенді ит, оған бой жазып жүгіріп тұру керек. Егер спортшы болсаңыз, жиі жүгіруге, велосипедпен серуендеуге шықсаңыз, хаски асырауға болатын шығар. Сосын адамдар итті өзінің досы санайды, бірақ оған сенбейді: күшік кезінен жіпте ұстап, далаға бос жібермейді, қашып кетеді деп қорқады. Достық бұлай болмаса керек. Екі-үш жыл баудан босамаған ит кездейсоқ бір күні босанып кетсе, әрине, дала безіп кетеді», – деп жауап берді Серікжан.
Бізге бауыр басқан әр тірі жан үшін жауапты екеніміз анық. Демек, асыранды айуанның да ақысы бар. Соны түсінер, сезінер жұрт барда мұндай ерекше орындардың әлі талайын көрерміз.