Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ең төменгі жалақы мөлшерін көтерудің әртүрлі жолдарын іздестіріп жатыр. Сондай-ақ ең төменгі күнкөріс шегі де қайта қаралмақ.
– Елдегі ең төменгі жалақыны көтеру керек. Қазір оны кезең-кезеңмен арттырудың түрлі жолдарын қарастырып жатырмыз. Әзірге, 2023 жылға қарай Қазақстанда ең төменгі жалақы сол кезеңде қалыптасқан орташа жалақының 30 пайызынан кем болмауға тиіс деген нұсқаны есептеудеміз, – деді министр Нұрымбетов.
Біржан Нұрымбетов ең төменгі жалақыны өсіру ел экономикасына оң мультипликативті әсер ететінін ерекше атап өтті.
– Жеке өз басым ең төменгі жалақыны көтеру шарасынан барлығы ұтатынына сенімдімін. Өйткені ол бюджет шығындары мен қосымша шығыстарға қарамастан, бүкіл жалақының өсуіне алып келеді. Ең төменгі жалақыны өсіруден ең алдымен халықтың төлем қабілеттілігі өседі. Бұл жалақы шетелге кетпейді, азаматтар елде жұмыс істеп, тауар сатып алады, осылайша қаражат экономикаға, бизнеске қайта оралады, – деді Нұрымбетов.
Нұрымбетовтің айтуынша, 2016 жылы ғылыми еңбек ұйымы зерттеу жүргізіп, Қазақстанда ең төменгі күнкөріс шегін есептеу әдістемесі халықаралық стандарттарға сай деген қорытынды шығарған. Алайда халық қалаулылары ғалымдармен келіспейді. Жуырда депутат Ирина Смирнова Қазақстандағы ең төменгі жалақы посткеңестік кеңістіктегі ең төменгі деңгейдің бірі екенін ашына жеткізді.
– Бізден кейін тек Қырғыз Республикасы тұр. Ең төменгі жалақыны көтеру мәселесі қашан және қалай түбегейлі шешіледі? Тіпті, ұсынылған кесте бойынша таңертеңнен кешке дейін, түнде, мереке күндері жұмыс істеу лайықты өмір сүруге мүмкіндік бермейді. Көптеген азаматтың жеткілікті зейнетақы қорын жинақтауы мүмкін екендігі күмән тудырады, – деп Үкіметке үндеу жасаған.
Біржан Нұрымбетов бұл мәселеде бірқатар түйткіл бар екенін мойындап, ең төменгі жалақы биылғы шілдеден бастап өсетінін айтқан. Бүгінгі мәлімдеме сол өзгерістің басы сияқты.
Ерсайын БАҒДАТ