Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, ҚХА хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаев Жамбыл облысының Қордай ауданындағы проблемаларды атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінгі таңда Қордай оқиғалары мемлекеттік органдардың, ҚХА, сарапшылар мен жұртшылықтың назарында тұр. Кордай оқиғаларын түсіндіру үшін «Egemen Qazaqstan», «Казахстанская правда» газеттеріне мақалалар дайындадық. Одан бөлек, күн тәртібінде ұлтаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты реформалау мәселесі көтерілді», - деді Жансейіт Түймебаев елордада этносаясаттың өзекті мәселелері туралы дөңгелек үстел отырысында.Оның айтуынша, 11-14 ақпан күндері ҚХА Ғылыми-сараптамалық кеңесінің сарапшылар тобы Қордай ауданына барып қайтты.
«2016 жылы жүргізілген бұрынғы зерттеулер бірқатар проблемаларды анықтады. Биылғы сапар сол мәселелердің әлі бар екенін көрсетті. Олардың қатарына әлеуметтік-мәдени оқшаулану, дүнген тұрғындарының тұйықталуы, жастардың жалпықазақстандық әлеуметтену бағдарламасынан тыс қалуы, мемлекеттік қызметшілер арасындағы этникалық теңсіздік мәселелері бар. Этникалық белгілері бойынша белгілі бір әлеуметтік-экономикалық жіктелу, жер мен су ресурстарының тапшылығы, контрабанда, құқық қорғау органдарындағы жемқорлық бар. Дүнген халқының едәуір бөлігі Қырғызстан мен Қытайдағы оқу орындарын құп көреді, қырғыз ұялы байланыс операторлары мен орыс, қырғыз және қытай телеарналарын көрсететін жерсеріктік спутникті пайдаланады», - деп атап өтті Ж. Түймебаев.ҚХА өкілінің айтуынша, білім беру, денсаулық сақтау, әлеумет, жер пайдалану және еңбек қатынастары саласындағы шешілмеген проблемалар мемлекеттік шекара маңында жабық этникалық қауымдастықтың құрылуына әкеп соққан.
«Бұл өңірде көрші елдердің ықпалы сезіледі. Жалпы, Қордай қақтығысы ықшам отырықшы немесе жабық этникалық топтар мәселесін ашық көрсетті. Жанжалдың себептері туралы нақты түсінік бар. Этникалық жағынан жабық қауымдастықтарда әлеуметтік, тұрмыстық, еңбек және қылмыстық қақтығыстар көбінесе этносаралық сипатқа ие болады. Көптеген жағдайларда құқық қорғау органдарының күдіктілерді жедел ұстауы жанжалдың алдын алады. Әйтпесе, жиналған этноәлеуметтік шиеленіс сыртқа шығады», - деді ол.Сонымен бірге, этносаралық қатынастар мәселелері бойынша жұмыстарға көп өңірлерде жеткілікті көңіл бөлінбейді. «Елімізде этносаралық қатынастар саласын реттейтін заң жоқ.
«Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заң оның қызметін реттейтін негіздік нормаларды ғана қамтиды. Мемлекеттік және ұлттық саясат саласындағы уәкілетті орган – Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Этносаралық қатынастарды дамыту департаменті әлі де тиімді жұмыс істеп отырған жоқ. Ассамблеяның хатшылығы және «Қоғамдық келісім» РММ мемлекеттік орган болып саналмайды. Әзірге жеткілікті өкілеттік жоқ», - деді Ж. Түймебаев.Еске салайық, 7 ақпан күні Жамбыл облысының Қордай ауданындағы Масанчи ауылының тұрғындары арасында жаппай төбелес болды. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұзақылық сипаттағы жаппай төбелесті айыптап, арандатушылар бұны одан сайын өршіткенін мәлімдеді. Қордай оқиғасы бойынша 120 қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде.