Саусақпен сезініп, жүрекпен емдейтін дәрігер
Саусақпен сезініп, жүрекпен емдейтін дәрігер
2,212
оқылды
Қазір ауырған жерді дәрімен емес, сау­сақтың күшімен емдеуге болады. Остеопатия аутизм, ДЦП, эпилепсия, сколиоз, омыртқа, бас немесе ішкі органдарға қатысты ша­ғым­данған адамдарға көмек береді. Жас шама­сы­на шектеу жоғы тағы бар. Жаңа туған нә­ресте мен сай-сүйегі сыр­қы­раған қартқа да қол ұшын созуға дайын. Қызығы, Ұлыбритания мен АҚШ-та остеопатия меди­циналық сақтан­дырумен қамтылған қызметтер тізіміне кіреді. Ал Ұлыбританияда болашақ аналар міндетті түрде­ остеопат қызметіне жүгінеді. Осы орай­да остеопат Сари Ниязұлымен альтернатив медицинаның жай-күйі туралы сұхбаттастық. – Сари Ниязұлы, кейінгі кезде остеопатия жайлы жиі естиміз. Жалпы, остеопатия қандай ғылым? Остеопат ғалымдар қалай емдейді? – Иә, остеопатия қазір меди­цинаның ажырамас бөлігіне ай­налды. Остеопатия анотомиямен тікелей байланысты. Сондықтан емдеу кезінде анатомиялық-функ­ционалды қызметті түгелдей қа­растырамыз. Екі қолмен денедегі зардап шеккен аймақтарды анықтап, арнайы техника көмегімен қалыпқа келтіреміз. Артықшылығы – тек саусақ күшін ғана пайдаланады. Ос­теопатия – дәрі-дәрмексіз альтер­натив емдеу әдісі. Көбінесе, остео­патияны мануалды терапиямен шатастырып жатады. Екеуі екі түрлі әдіс. Менің емдеу әдісіме келсек, пациент бір курс ая­сында бес күн қатарынан қабылдауға келуі керек. Егер тексеруден кейінгі көрсеткіш терапияны ары қарай жалғастыруды нұсқаса, 1,5-2 айдан кейін қайта бастаймыз. Осы аралықта пациент демалады. Ем арқылы ми жұмысын реттеп, ынта­ландырамыз. Остео­патия неге және қалай көмектеседі? Остеопатия эндогендік және жүйке ритмін, ағза­дағы әртүрлі сұйық­тықтың микро­циркуляциясын рет­теу арқылы дененің арнайы ана­томиялық нүк­телеріне әсер етеді. Мәселен, ско­лиоз, жүрек-қан та­мырлары ауру­лары, психикалық және эмоцио­налды бұзылулар, гор­моналды фон­ның бұзылуы, артық салмақ, артрит және артроз, жоғары және төмен қан қысымы, дамудың кешігуі, CNS мәселесі және аутизм, жарық (гры­жа) және басқа да диагнозды емдейді. Ем жүргізбес бұрын науқасты толық тексереміз. Остеопат саусақ күшімен денедегі артық-кем тұсты сезіп, анық­тайды. Қимыл-қозғалысты ба­қылайды әрі ағзадағы сұйықтық мөлшерін ша­малайды. Сондай-ақ тексеру ба­рысында науқас шағымына қарай­мыз. Көпшілік толық емдеу үшін қанша сеанс қажет деп сұрап жатады. Ең алдымен, әр ағза остео­патия әсе­ріне әртүрлі жауап береді. Соған қарай емдеу уақыты да әртүрлі. Оған қоса, аурудың себебі мен ауыр­лығына, сипатына байланысты. Айта кетерлігі, ісік, жұқпалы және ауто­им­мунды ауруға шалдыққан нау­қасқа остеопатқа баруға болмайды. – Білуімізше, елімізде нақты білімі бар 50 шақты остеопат бар. Сіз қайдан білім алдыңыз? – Иә, менің медициналық білі­мім бар әрі Израильде оқыдым. Жалпы, остеопатия, ғылым ретінде шамамен 130 жыл бұрын АҚШ-та пайда болды. Оның медицина ре­тін-де пайда болуына және танылуына америкалық хирург Эндрю Тейлор Стилл көп еңбек етті. Ол 1874 жылы мысыр және грек медицинасының ең жақсысын синтездеу арқылы жаңа медициналық бағыттың тұ­жырымдамасын жасады. Грек тілінен аударғанда остеопатия «сүйек» дегенді білдіреді. Алайда остеопатия пайда болған сәттен бастап адам ағзасына біртұтас жүйе ретінде қа­райды. Сондықтан сүйекті емдейді деп ойлау қате. Мәселен, остеопа­тия­да науқастың ауырсынған жерін ғана емес, толық ем-шара жүргіземіз. Өйткені проблеманың себебі кө­бінесе дененің басқа бөлігінде кез­десіп жатады. Остеопатиядағы не­гізгі қағида – симптомды емес, ау-рудың себебін жою. Ал Ресейде остеопатия тарихы 1991 жылдан басталды. Осылайша, 1994 жылы Санкт-Петербордағы Халықаралық остеопатиялық қоғам­ның белсенді әрекетімен алғашқы орыс остеопатиялық медицина мек­тебі құрылды. 2003 жылдан бастап остеопатиялық емдеу әдісін Ден­сау­лық сақтау министрлігі мақұлдады. Сәйкесінше, Ресейде остеопатия ресми медицина ретінде дами бас­тады. 2013 жылы аталған министрлік бұйрығымен остеопатия медицина қызметкері лауазымы номенклату­расына енгізілді. Мұны неге айтып отырмын? Өйткені елімізде остео­патия 2010 жылдан бері танымал бола бастады. Қазір әлеуметтік желінің көмегімен келетін аудитория көп. Кей остеопаттың қабылдауына бір жыл бұрын жазыласыз. Алайда остеопатқа тіркеудегі аурухана ар­қылы жазыла алмайсыз. Қызмет ақы­лы жүргізіледі. Еліміздің кей бө­лігінде остеопатия жайлы біл­мейтіндер де бар. Яғни, министрлік тарапынан остеопатия мойындала қойған жоқ. – Осы орайда бір апталық остео­патия курсын аяқтап, остеопатпын дейтіндерге көзқарасыңыз қандай? – Иә, қазір остеопат дайын­дайтын курс көбейіп кетті. Жалпы, қоғамның остеопатия туралы тү­сінігін қалыптастырып, білімін арттыруға күш салсам деймін. Олар тек медициналық білімі бар остео­патқа өзінің және баласының ден­саулығын сеніп тапсырғанын қа­лаймын. Сол үшін бос уақытымда әлеу­меттік желіде остеопатияға қа­тысты жазбамен бөлісемін. Мысалы, жоғары медициналық білімі бар дәрігер остеопат болу үшін қосымша 3,5 жыл білім алады. Сондай-ақ кли­никалық тәжірибеден өтеді. Жо­ғарыда көрсетілген аралық пен екі апталық курс жайын салыстырып көріңіз. Сондықтан қай дәрігерге бармас бұрын барынша зерттеп, бірыңғай реестрде бар жоғын тексеріп алған жөн. – Остеопат ретінде жұмыс істеп жүргеніңізге қанша уақыт болды? Түрлі диагнозы бар балаларды ем­дейтініңізді білеміз. Сонда остеопатия арқылы кез келген диагнозды жеңуге бола ма? – Остеопат болып жұмыс істеп жүргеніме он жылға жуықтады. Оған қоса, невролог, кинезолог, мануалды терапевтпін. Түрлі диагнозы бар 14 жасқа дейінгі балаларды емдеймін. Аутизм, психо-сөйлеудің кешігуі, сөйлеудің кешігуі, эпилепсия, Даун синдромы, зейін жеткіліксіздігі және гипербелсенділік синдромы, энурез, церебралды сал ауруы, алалия және тағы басқасы бар. Негізінен, орталық Алматы қаласында орналасқан. Уа­қытым болса, өңірлерді аралап, ем-шара жүргіземін. Остеопатия кө­мегімен емделетін нақты диагноздар бар. Салыстырмалы түрде қарасақ, жүрек-қан тамырлары проблемасы бар науқастың офтальмологқа бар­майтыны сияқты остеопаттың да ырқына бағынбайтын ауру түрлері жоқ емес. – Остеопат емдеу барысында ешқандай препарат қолданбайды. Тек қолымен, пациент денесін сипап сезеді. Мұның сыры неде? – Ешқандай құпия жоқ. Бұған дейін айтқанымдай, емдеу әдісі ми­дың жұмысын жақсартумен тікелей байланысты. Мысалы, Эндрю Тей­лор Стилл ізбасарларына «Остео­патия философиясы» кітабында құнды қазына тастап кетті. Аталған 100 жылдан астам уақыт ішінде остео­патияның мүмкіндігі едәуір ке­ңейді. Бірақ бірнеше шарт өзге­­ріс­сіз осы күнге жетіп отыр. Мыса­лы, ағзаны біртұтас жүйе ретінде қа­рау – барлық орган мен құрылым­ның өзара байланысын түсіну. Орга­низмнің күрделі механизм екенін ескерсек те, оны ішкі тепе-теңдік жү­йесін сақтап, өзін-өзі реттеу ар­қылы емдеуге, қорғауға болады. Ана­­томиялық құрылым мен физио­логиялық функция арасында тікелей байланыс бар. Құрылым функцияны басқарады және керісінше жұмыс істейді. Остеопатияның үш негізгі бағыты бар. Құрылымдық әдістер, соның ішінде омыртқаның, бұлшық ет-байлам аппаратының, тірек-қимыл жүйесінің дисфункциясын жою. Висцералды терапия – ішкі ағзаның, асқазан-ішек жолдарының, жүрек-қан тамырлары, өкпе, эндо­криндік, несеп-жыныс жүйесінің функционалды бұзылысын жою. Кранио-сакралды терапия – бас сүйек пен сакрумның анатомиялық құрылымындағы бұзылысты жойып, қалпына келтіріп, интракраниальды қысымды жояды. Мәселен, инсульт алдындағы жағдай және тағы басқа­сының алдын алады. – Осы орайда тәжірибеңізбен бөліссеңіз. Сіз емдеген ең қиын диаг­ноз қандай болды? Емдеу тарихын айтып берсеңіз. – Әрине, тәжірибемде түрлі диагноз кездесті. Мысалы, цере­брал­ды сал ауруы сол жақ гемипарез диагнозы бар бір бала қабылдауыма келді. Емдеу курсын жүргіздік. Ата-анасы да баласының қатарға қосы­латынына сенді. Қазір ол – бес жас­та. Өте белсенді, көңілді. Бас­тысы қалыпқа сай өсіп келеді. Әрі мектепке баруға дайындалып жүр. Айта кетерлігі, көпшілік церебралды сал ауруының себебін сұрап жатады. Мысалы, балада гипоксия, ми жа­рақаты, жүктілік кезіндегі химиялық және улы заттың әсері, гендік му­та­ция, босану кезіндегі асқыну мен ба­ланың шала туылуы да рөл ой­най­ды. Әдетте, қозғалыс пробле­ма­лары, бұлшық еттердің қаттылығы, үйле­сімсіздік, діріл, буындардағы гипо­тония және гиперкинезия пайда бо­лады. Симптомдардың бұл түрлері жал­пылануы немесе аяқ-қолдарда немесе дененің белгілі бір жарты­сын­да көбірек байқалуы мүмкін. Сондай-ақ бірқатар белгісі бала дүниеге келгеннен кейін бірнеше айдан соң анықтауға болады. Мы­салы, алғашқы айларда қатты ды­быс­тарға жауап бермеу, төрт айда бала ойыншыққа қолын созбауы мүмкін. Жеті айда өздігінен отыра алмайды. Сондықтан бір жасқа дейін бала дамуын уақытылы бақылаған дұрыс. Қандай да бір көңіл толмау­шылық болса, бірден дәрігер көме­гіне жү­гі­ніңіз. Әсіресе, бала дүниеге келген соң остеопаттың қабылдауына жа­зыл­ған дұрыс. Анаға да, балаға да ос­теопат көмегі, тексеруі артық болмайды.

Сұхбаттасқан Айзат АЙДАРҚЫЗЫ