Судьяға екі жақ ұсынатын дәйектемелердің шын әлде жалған екенін өз бетінше тексеру мүмкіндігі берілмек. Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста Мәжіліс «Азаматтық процестік кодекске соттар жұмысының заманауи форматтарын ендіру, артық сот рәсімдері мен шығындарын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Мәжіліс Төрағасы бұл құжат Елбасының және ел Президентінің сот шешімдері сапасын жақсарту тапсырмаларын іске асыруға бағытталғанына назар аудартты.
– Ерекшелігі сол, заң жобасы азаматтық сот процесіндегі судья рөлінің парадигмасын түбегейлі өзгертеді. Осы кезге дейін судьялар іс қарау барысында бейтараптық қағидатын басшылыққа алатын. Ал енді соттың процестегі белсенділігі күшейеді. Бұл тәсіл азаматтық сот өндірісінің үздік әлемдік тәжірибесіне сәйкес келеді, – деді Нұрлан Зайроллаұлы.Атап айтқанда, судьяға тараптар алға тартқан айғақтардың, дәйектемелердің шынайылығы мен негізділігін тексеру бойынша шаралар қабылдау құқығы беріледі. Судьяға тараптардың бірімен істің жағдаяттары туралы ақылдасуына, екі жақтың дәлелдері мен ұстанымын нақтылауына, дәйектемелерді уақытылы және толыққанды жинауға жәрдемдесуіне рұқсат етіледі. Бұдан бөлек, ол тараптарға тапсырма бере алады, заңгерлік көмектің ақысын төлеуден және мүддесін ұсынумен байланысты шығынды өтеуден босата алады. Жұмыстың жаңа форматына судьялар сот өндірісінің оңтайландырылуына орай көшуде. Мысалға, жеңілдетілген өндіріс тәртібін қолдану аясы кеңейтілді: бұған дейін осы тәртіпте қарауға жеке тұлғалардың 200 АЕК ауқымындағы істері жатса, жаңа заң жобасы оны 1 000 АЕК-ке (2 млн 651 мың теңгеге) дейін арттырды. Заңды тұлғалар үшін 700 АЕК көлемінде шектеу болса, алда ол 2 000 АЕК-ке (5 млн 302 мың теңгеге) ұлғаймақ. Оның үстіне, бітімге келтіру рәсімдері, төрелік-арбитраж секілді дауды шешудің баламалы түрлері өрістеп, судьялардың жүктемесі жеңілдеді. Дегенмен судьялар корпусының жаңа белсенді рөлге дайындығына депутаттар күмәнданды. Іс жағдаяттарын өз бетінше анықтаумен, айғақ жинаумен айналысуға біліктілігі, еңбекқорлығы жете ме? Тараптардың бірімен дәлелдерді жеке талқылау алдын ала ымыраласуға соқтырмай ма? Осыған байланысты Мәжіліс басшысы судьяларды және азаматтарды өзгерістерге дайындаудың маңызын атап өтті.
– Қолданыстағы Азаматтық процестік кодекске сәйкес сот бейтарап болуы тиіс. Әрине, соған сай іс қарау кезіндегі мінез-құлықтың белгілі бір стереотипі қалыптасты. Бұл азаматтардың аяққа тапталған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіру және қорғау бойынша сот төрелігінің басты міндетін орындауды қиындатады. Ендеше Жоғарғы сот тек осы стереотипті ғана емес, судьялардың психологиясын да өзгерту шараларын қабылдауы қажет, – деген Нұрлан Нығматулин заманауи билердің жаңа өкілеттігін тиімді және білікті пайдалана білу керегіне екпін түсірді. Бұл үшін Жоғарғы сот төменгі соттарға жаңа сот тәжірибесі мәселелері бойынша жан-жақты түсініктеме таратқаны жөн.Елдос СЕНБАЙ