Бір жылда 1300 қыз-келіншек Құран оқуды үйренді
Бір жылда 1300 қыз-келіншек Құран оқуды үйренді
974
оқылды
Өткен жылдың ішінде еліміз бойынша қасиетті Құран кәрімді оқуға талпынған  2 542 қыз-келіншектің арасынан 1 300-і арабша әріп танып, Құран оқи алатын дәрежеге жетті.  Бұл туралы  Алматы Орталық мешіті мен «Қари» қайырымдылық қоры бірлесе ұйымдастырған қыз-келіншектерге арналған тегін онлайн Құран курсының жылдық есеп беру жиынында айтылды. Бір жылдық Құран курсы 2022 жылдың ақпан айынан басталған еді. Былтыр діни ілім алуға талпынғандардың 212-сі 12 жасқа дейінгі қыздар болса, қалған 2 330-ы – 12 жастан асқан мектеп оқушылары, студенттер, зейнеткерлер, үй шаруасындағы аналар мен әртүрлі салада қызмет істейтін әйелдер. «Сабақ әлеуметтік желілер арқылы жүргізілді. Әрбір дәрісті Қазақстанның кез келген аймағынан, ауылдық жерлерден көруге мүмкіндік жасалды. Өткізілген дәрістер парақшада сақталып, қатысушылар бос уақытында қайта көріп, отыруға мүмкіндік алды. Шәкірттерді  ынталандыру мақсатында жарыстар ұйымдастырылып, «Қари» қайырымдылық қорының демеушілігімен жеңімпаздарға сыйлық табысталды», – делінген Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
– «Қыз – бүкіл ұлттың айнасы». Сондықтан ұлтымыздың болашағы қаракөз қыздарымыз бен бесік тербеткен ана, немересіне ертегі айтып беретін әжелеріміздің аузында Алласы, қолында Құраны бар болса, ұрпағымыз иманды, ғұмырымыз жарқын болмақ, – дейді Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлы.
 width= Ол сондай-ақ ізгі іс-шараға демеуші болғаны үшін «Қари» қайырымдылық қорының президенті Ержан Есенгелдин мырзаға алғысхат табыстады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, тегін онлайн Құран курсын оқыту жалғасын табады.

Алматы