Қоғамның әлеуметтік даму деңгейі оның аға буын өкілдеріне деген көзқарасымен де өлшенеді. Өмір бойы еңбек етіп, елдің өсіп-өркендеуіне үлес қосқан ардагерлер мен зейнеткерлерге қамқорлық көрсету – әлеуметтік саясаттың маңызды міндетінің бірі. Бұл ретте медициналық және санаторлық-сауықтыру қызметтерінің қолжетімді болуы ерекше мәнге ие. Өйткені егде жаста денсаулықты сақтау, созылмалы аурулардың асқынуының алдын алу, ағзаны қалпына келтіру және өмір сапасын жақсарту мәселелері алдыңғы қатарға шығады.
Шымкент қаласында осы бағыттағы әлеуметтік қолдау шаралары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Қала әкімдігі зейнеткерлердің санаторлық-сауықтыру қызметтеріне қолжетімділігін арттыруды басым бағыттың бірі ретінде қарастырып отыр. Қала әкімінің бастамасы мен мәслихаттың тиісті шешімі негізінде биыл зейнеткерлерге 5 500 шипажайлық жолдама беру жоспарланған.
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында бес шипажаймен келісімшарт жасалып, қызмет көрсету тетігі жолға қойылған. Шымкент қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқамасының мәліметінше, 1 қарашадағы мәліметі бойынша, осы ұйымдарға 3 850 жолдама берілген. Оның ішінде «Ақсу демі» шипажайына – 770, «Күлпаршынға» – 575, Zari шипажайына – 580, «Түлкібас саясына» – 575, ал «Айша бибіге» 1 350 жолдама бөлінген.
Бұл көрсеткіштер қаладағы санаторлық-сауықтыру қызметін ұйымдастыруда бірнеше медициналық-сауықтыру ұйымының әлеуеті пайдаланылып отырғанын аңғартады. Мұндай тәсіл қызмет көрсету мүмкіндіктерін кеңейтіп, зейнеткерлерді әртүрлі шипажайларға бағыттауға мүмкіндік береді.
Қамқорлықтың ауқымы кеңейіп келеді
Зейнеткерлерді сауықтыру жұмысы тек мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясындағы шипажайлармен шектелмейді. Қаладағы басқармаға қарасты «Ізетті зейнеткер» орталығы да осы бағытта қызмет көрсетіп келеді. Бүгінге дейін орталық арқылы 2 880 зейнеткер санаторлық-сауықтыру қызметіне жолданған. Осылайша, жыл басынан бері Шымкент қаласында жалпы 6 730 зейнеткер сауықтыру қызметімен қамтылған. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 9 мың адамға жеткізу жоспарланып отыр.
Мұндағы маңызды жайт – әлеуметтік қолдаудың сандық көрсеткішінде ғана емес, оның нақты қажеттілікке бағытталуында. Егде жастағы адамдар үшін шипажайда ем қабылдау – денсаулық жағдайын жақсартуға, дәрігерлердің бақылауынан өтуге, ағзаны оңалтуға және күнделікті өмірдегі белсенділікті сақтауға мүмкіндік беретін шара. Сондықтан мұндай қызметтерді әлеуметтік көмек жүйесінің маңызды құрамдас бөлігі ретінде қарастыру қажет. Әсіресе зейнетақы табысы шектеулі азаматтар үшін санаторлық-сауықтыру қызметін өз қаражаты есебінен алу әрдайым қолжетімді бола бермейді. Осы тұрғыдан алғанда, жергілікті бюджет пен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс тетіктері арқылы жолдамалар ұсыну әлеуметтік теңсіздікті азайтуға бағытталған нақты қолдау болып саналады.
Электронды кезек – ашықтық пен қолжетімділік тетігі
Шипажайға жолдама беру үдерісінде цифрлық технологияларды пайдалану да маңызды рөл атқарады. Қазір Шымкентте өтінімдерді қабылдау және кезекті жүргізу geo-shym.kz платформасы арқылы автоматтандырылған. Электронды жүйе азаматтардың кезекке тіркелуіне, өтінімдерінің қаралу барысын бақылауына және жолдама беру үдерісін жүйелеуге мүмкіндік береді. Бұл – әлеуметтік қызмет көрсетуде ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам. Дегенмен бұл бағытта шешімін күтетін мәселе де бар. Қазіргі уақытта электронды кезекте 30 мыңнан астам азамат тіркелген. Ал бүгінде 2024 жылға дейін кезекке тұрған зейнеткерлерге жолдамалар кезең-кезеңімен беріліп жатыр.
Бұл дерек санаторлық-сауықтыру қызметіне деген сұраныстың жоғары екенін көрсетеді. Бір жағынан, жыл басынан бері 6 730 адамның қамтылуы атқарылып жатқан жұмыстың нақты нәтижесі. Екінші жағынан, кезекте тұрған азаматтардың саны қызмет көрсету көлемін алдағы уақытта да арттыру қажеттігін аңғартады.
Сондықтан алдағы кезеңде жолдама санын көбейтумен қатар, кезектің жылжу қарқынын жеделдету, қызмет көрсету сапасын бақылау, шипажайлардың қабылдау мүмкіндіктерін кеңейту және азаматтарды күту мерзімі туралы тұрақты хабардар ету маңызды болмақ.
Әлеуметтік саясаттың өзегі – адамға қамқорлық
Шымкент халқының саны мен қаланың әлеуметтік инфрақұрылымына түсетін жүктемені ескерсек, егде жастағы азаматтарға арналған қызметтердің қолжетімділігін арттыру өзектілігін жоғалтпайды. Зейнеткерлерді сауықтыру, медициналық оңалтуға жағдай жасау және олардың қоғамдық өмірге белсенді араласуын қолдау – ұзақмерзімді әлеуметтік саясаттың құрамдас бөлігі.
Егде жастағы адамдардың денсаулығын нығайту шараларын тек шипажайлық еммен шектемей, күнделікті медициналық бақылау, профилактикалық тексерулер, оңалту қызметтері және белсенді ұзақ өмір сүру бағдарламаларымен сабақтастырудың маңызы зор. Шымкентте жыл басынан бері 6 730 зейнеткердің сауықтыру қызметімен қамтылуы – әлеуметтік қолдаудың нақты нәтижесі. Ал жыл соңына дейін 9 мың адамға жеткізу жөніндегі жоспар осы бағыттағы жұмыстың жалғасатынын көрсетеді.
Аға буынға құрмет көрсету – тек ізгі ниет пен жақсы сөздің көрінісі емес, олардың денсаулығы мен лайықты өмір сүруіне жағдай жасайтын нақты істерден көрінуінде.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы
