Шавкат Рахмоновқа Спортты қолдау қорынан қаржы бөлінеді
Шавкат Рахмоновқа Спортты қолдау қорынан қаржы бөлінеді
644
оқылды
Ережесіз жекпе-жек шебері Шавкат Рахмоновқа Спортты қолдау қорынан қаржыландыру бөлінеді. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов мәлімдеді.
«Бүгін Қазақстан спортының жарқын жұлдыздарының бірі – Шавкат Рахмоновпен жеке кездестім. Біздің жаужүрек спортшымыз бірінен соң бірі жеңіске жетіп, UFC-ді батыл қадамдарымен бағындырып, отандастарының жүрегіне мақтаныш сезімін сыйлап келеді. Мен Шавкатты жақында америкалық Джефф Нилмен болған жекпе-жекте жеңісімен тағы да құттықтадым және оған алғыс хат табыстадым. Сондай-ақ ол келесі жекпе-жектерге дайындалу үшін Спортты қолдау қорынан қаржыландырылатын болады. Шавкат бүкіл әлемге Қазақстанды паш етті және осы қадамы үшін біз оған айрықша алғысымызды жеткіземіз. Оның UFC чемпиондық белбеуін жеңіп алуына тілектеспін, толағай табыс тілеймін», - деп жазды министр Facebook-тегі жеке парақшасында.