Жаңару мен жаңғыру жолындағы алғашқы қадам
Жаңару мен жаңғыру жолындағы алғашқы қадам
598
оқылды
Былтырғы елдің қоғамдық-саяси өмі­рін­дегі алуан түрлі оқиғалар мемлекет да­муы­ның жаңа бағыт, жаңа арнаға қарай бет түзуіне се­беп болды. Қаңтардағы қатерлі күндер енді бә­рін бұрынғыдай қалдыруға болмайтынын ай­ғақтады. Әсіресе, саяси жүйеде түбегейлі бет­­бұрыс жасау мәселесі күн тәртібіне қойыл­ды. Президент дәл бір жыл бұрын «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан хал­­қына арнаған кезекті Жол­дауын­да саяси жүйе мен елдің әкімшілік-аумақтық құры­лы­мына ауқымды өзгеріс енгізудің кезек­ті па­ке­тін ұсынды. Арада өткен бір жыл ішінде бұл өз­герістерді әрбір қазақстандық сезіне алды. Жаңаның басы Мемлекет басшысының былтыр наурыз айындағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында саяси жүйе мен мемлекеттің әкімшілік-аумақтық құрылысындағы ау­қымды өзгерістер енгізудің алгоритмін және олар мән-маңызын тайға таңба басқандай етіп түсіндіріп берді. Бұл өзгерістердің алғышарты ретінде еліміздің басты құқықтық құжаты Конституцияға түзетулер енгізуді атауға болады. Ата Заңға енгізілетін өзгертулер мен толықтырулар жалпыхалықтық референдумда қазақстандықтардың талқысына салынды. 5 маусымда 8 миллионға жуық отандасымыз мемлекет үшін тағ­дыршешті таңдауын жасады. Олардың 77 пайыздан астамы Конституцияға енгізілген түзетулерді қолдаған. Осылайша, Конституцияның үштен бір бөлігіне өз­геріс енгізілді. 2022 жылдың соңына дейін Пар­ла­ментте 20-дан астам заң қабылданды. Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар ен­гізу жөніндегі республикалық референдумнан кейін қа­былданған бірқатар маңызды заңға Президент 2022 жыл­дың 5 қарашасында жария түрде қол қойды.  Ықпалды Парламент – дамудың алғышарты Өз кезегінде Президент қолға алған саяси ре­фор­ма­ларды кезең-кезеңімен табысты жүзеге асыруды «Күш­ті Президент – ықпалды Пар­ламент – есеп бере­тін Үкімет» қа­ғи­даты аясында қолға алуды ұсын­ды. Бұл қағидат заң шығарушы ор­ган ретіндегі Парла­мент­тің рөлін одан әрі нығайта түсері анық. Заң шы­ғарушы органның ықпалын арттыруды Мемлекет басшысы Президенттің өкілеттігін біртіндеп қысқарта отырып қолға алуды дұрыс деп тапты. Сондықтан жоғары палатаның барынша дербестігіне ден қойып, Пре­зи­дент­тің Сенаттағы квотасын 15 де­путаттан 10 де­путатқа дейін азайт­ты. Мұндағы 5 сенатордың кан­дидатурасын Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсынады. Бұған дейін Ассамблеяның Мәжіліс депутат­тарын ұсынуда арнайы квотасы болған. Ендігі кезекте ол квота Сенатқа ауысты. Әрі Ассамблеяның депутаттарды бұрынғыдай сайлау құқығы шектеліп, тек ұсынатын болды. Сенаттың өкілет­тігі Кон­сти­туциялық Кеңес пен Жоғарғы Сот Кеңесінің төрағасы лауа­зы­мына ұсы­нылатын канди­дат­тарға келісім беру құқығымен то­лықтырылды. Бұл өзгерістер жалпыхалықтық ре­ферендумнан кейінгі Консти­туцияның жаңа мәтінінде көрініс тапты. Бұрынғы сайлаудан өзгерек Мәжілістегі пікір әралуан­дығын қалыптастыруды Президент сайлау жүйесін жетілдіруден бастады. Сәйкесінше, азаматта­рдың мемлекетті басқару ісін­дегі рөлін арттыруға мән беріледі. Санаулы күндерден кейін өз мін­детіне қайта кірісетін Мәжілістің жаңа құрамы аралас сайлау жүйесі арқылы жасақталады. Яғни, депутаттық корпустың 70 пайызы пропорционал­дық, 30 пайызы мажоритарлық тәсіл арқылы мандатқа ие болады. Сайлаушылар осы жолғы сай­лаудың бұрынғы сайлаулардан өзге­рек екенін естіп, біліп отыр. Бай­қағанымыздай, бәс бұрынғы­дай санаулы партияның арасында ғана жүріп жатқан жоқ. Бұл жолы Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттардан депу­тат­тық мандатты көбірек иелену үшін 7 партия бақ сынауда. Оның ішінде 2 партия сайлаудан аз ғана уақыт бұрын тіркелді. Президент былтырғы наурыз айындағы Жол­дауында Жаңа Қазақстанды құру ісі әділетті әрі еркін саяси бәсеке­ден басталатындығына назар ауда­рып, партиялық жүйені дамыту мүмкін­діктерін кеңейтуге ден қойғаны мәлім. Президент тапсыр­масымен жаңа партияларды тіркеу ресімі жеңілдеп, тіркеу шегі 20 мыңнан 5 мың адамға дейін азайды. Өңірлердегі өкілдер саны 600-ден 200 адамға төмендетілді. Партия құру үшін азаматтардың баста­ма­шыл тобының ең төменгі саны да 1000-нан 700 адам­ға дейін кеміді. Ақорда02 Президент осыдан дәл 1 жыл бұрынғы Жолдауында сайлау про­цесін жетілдіруде де бірқатар батыл баста­малардың қолға алынатынын атап өтті. Біріншіден, сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын онлайн плат­формада жүргізуге рұқсат берілді. Cондай-ақ сайлау заң­нама­сына да өзгертулер мен то­лық­тырулар енгізілді. Заңнамадағы жаңа өзгерістер сайлау про­цесін жетілдіруде сайлаушылардың бірың­ғай элект­рондық базасын құрудың қадамдарын анықтауды көз­дейді. Бұл ресім сайлаушы­лардың екі рет дауыс беру ықтимал­дығының алдын алып, азаматтар­дың кез келген учаскеде дауыс беру мүмкіндігі қарастырады. Парламент Мәжілісі мен бірге жергілікті мәсли­хат­тардың ықпа­лын арттыру – басты назарда. Мә­­с­ли­хаттар облыс әкімдерін таға­йын­дауда соңғы ше­шімді шығара­тын ықпалды институтқа айналды. Бұған дейін мәслихат депутаттары облыс немесе республикалық маңызға ие қала әкімдерін таға­йын­дауда Мемлекет басшысы ұсынатын бір ғана канди­датураны дауысқа салып келді. Президент пәрменімен тиісті заңнамаға өзгерістер енгізілген соң әкім лауа­зымына кемінде екі канди­датура ұсынылды. Олардың ара­сынан лайықты кандидатты таңдау міндеті мәслихат депутаттарына жүктеледі. Құқықтық тетік күшінде Елімізде 2023 жылдың 1 қаңта­рына дейін құқық нормаларының Ата Заңға сай келуін Конституция­лық Кеңес түсіндіріп келді. Ал 2023 жылдың 1 қаңтардан бастап Конс­ти­туциялық Кеңесті Конституция­лық Сот алмастырды. Жаңа құқық­тық институт қызметіне қарапайым азаматтар, Бас прокурор мен Адам құқығы жөніндегі уәкіл заң талаптарының Конституцияға сай келетінін нақтылау үшін жүгіне алады. Жыл басынан бергі 2 айдың өзінде Конституциялық Сотқа 1,5 мыңға жуық өтініш түскен. Өтініштерге сараптама жасау барысын 1 мыңнан аса өтінішке түсіндірме берілді. Қалған 400-дей өтініш қарастырылып жатқаны анықталды. Құқықтық мемлекет құру жо­лын­дағы келесі маңызды қадам ретінде алқабилер сот төрелігін жүзеге асыруға қоғам өкілдерінің қатыса бастауын айтуға болады. Және де алқабилердің қарауына берілетін істердің санатын кеңейіп, сот жүйесін демократия­лан­дыруға және оған қоғамның сенімін арттыруға мүмкіндік берілді. Биліктің негізгі тармақтарын қамтыған өзгерістерді іске асыру үшін азаматтық қоғамның да белсенділігі маңызды. Бұл орайда 2019 жылы құрылған Ұлттық қо­­ғам­­дық сенім кеңесі 2022 жылдың наурыз айына дейін өзіне жүктел­ген міндетті мүлтіксіз атқара білді. Президент тапсырмасымен бұл кеңестің орнына құра­мы жағынан әлдеқайда ауқымды Ұлттық құрыл­тай құрылды. Ұлттық құрылтайға елдің барлық аймағынан өкілдер кірді. Жаңа облыстар – жаңа тыныс Президенттің 2022 жылдың наурызындағы Жол­дауының басты жаңалығы – мемлекеттің әкім­шілік-аумақтық құрылымына ауқымды өзгерістер енгізу бол­ға­нын жоғарыда атап өттік. Әлеумет­тік-эконо­микалық факторлар мен демографиялық ахуалды жан-жақты ескере отырып жасалған бұл ұсыныстың өміршеңдігі күмән келтірмейді. Әрі Алматы, Шығыс Қа­зақстан, Қарағанды облыстарын екіге бөлу арқылы Же­тісу, Абай, Ұлытау облыстарын құру жергілікті тұр­ғындардың қордаланған мәсе­ле­лерін шешудің құралы ретінде де өзін-өзі сөзсіз ақтады. Әрі жаңа облыстарға исі қазақ үшін қасиетті саналатын атаулардың берілуі де тегін емес. Алматы қаласының жаңа орталығы Қап­шағай қаласына Қонаевтың атын беру туралы Пре­зиденттің ұсынысын да көпші­лік қуана қабылдап, келі­сімін берді.  
Дәл қазіргі сәтте ауқымды өзге­ріс­тердің мемлекеттен бұрын қара­пайым азаматтарға керек екені анық. Пре­зидент атап өткендей, реформалардың ауқымын ескер­сек, олардан бір ғана жылдың ішінде толайым нәтиже күту бекершілік. Десе де, осы уақыт аралығында бұл ре­формалардың заңдық негізі қалыптасып, іске асырыла баста­ғанын ескерсек, олардың нәтижесі халықтың бақуатты өмірі мен тұр­мыс сапасын арттырудың алғы­шартына айналды.
 

Шынболат АТЫХАНҰЛЫ